Түрлері тектес, ойлары орайлас

Қазақ пен жапонның түрінде жалпы азиялықтарға тән белгілерден басқа да ұқсастықтар бар. Өмірге келген сәбидің белі мен құймышағы арасындағы көк таңба әлемде осы халықтарда ғана кездеседі.

Тәңір тарту еткен игі нышандардан басқа өктем империялардан көрген қасіретте ортақ. Семей мен Хиросима – атом қасіретіне шалдыққан аймақтағы қалалар. Сондықтан ядролық жарылыс салдарынан болатын дерттердің емін табу жолында екі елдің дәрігерлері ынтымақтасып келеді. Семейдегі ерекше көпір жапон үкіметінің инвестициясына салынды. Жобасын жапондық компания жасаған. Құрылысты жүргізген және бір – жапондық компания.

Екі елдің экономика мен медицинада басқа салалардағы байланысы баршылық. Айталық, мәдениет пен ғылымда. Сонау тоқсаныншы жылдар басында Алматыда жапон суретшісі Икуо Хираяманың Жібек жолы бойымен салып шыққан картиналарының көрмесін тамашалағанбыз. Енді Хоккайдо университетінің профессоры Уяма Томохико риза етіп отыр.

Ол Халықаралық түркі академиясының кітапханасында "Жаһандық саясатта Жапонияның Орталық Азиядағы дипломатиясы: тарихқа шолу және болашаққа бағдар" деген тақырыпта дәріс оқып, соңынан бірқатар сұрақтарға жауап берді. Сөзінің біраз бөлігі ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының жапон жұртын өнеге еткеніне арналды. Оған қатысты деректерді біз де талайдан жинап жүргенбіз. Содан болар, профессор пікірі көп тұста біздің пайыммен қабысып жатты.

Дәріске пайдаланылған көрнекі құралдар айтарлықтай ой салды. Нара қаласындағы мұражайда шекті аспап бар екен. Аспап бетіне түйеге мінген адам бедерленген. Бұл аралдарда түйе өспеген. Жергілікті халық оны көрмеген. Демек, көне бұйымның көшпелі елдің бірінде жасалып, жапон жеріне жеткені талассыз. Ал түйені кейін суретші Икуо Хираяма армансыз салды. Біз тамашалаған көрмесінде түйелі керуенге арналған бірнеше суреті бар еді.

Уяма Томохиконың келесі көрнекі құралы да тылсымға толы. Ол – Жапониядан табылған маска. Бұл маскадағы адамның мұрынды келген, сосын тақияға ұқсас бас киім киген. Оны жапон шебері жасамағаны анық. Орта Азияға тән бұл жәдігер қашан, қалай алыстағы аралға тап болды?

Демек Ұлы дала елі мен Ұлы мұхит шетіндегі халық арасында ежелгі байланыс болғаны анық. Кейінгілер соның тінін қайта тірілтсек дейтін болар.

Тарихтың тіні мен халықтың тілі

Жапон аралдарына байырғы тұрғындар Азия құрлығынан барғаны даусыз. Профессор Уяма Томохиконың пайымдауынша, жапон тілі Азияның қиыр солтүстігіндегі тұңғыс пен шире ұлыстарының тілі мен Оңтүстік-Шығыс Азия мен Тынық мұхит аймағындағы халықтар тілдерінің араласуынан пайда болған.

Жапон жағалауындағы Нара қаласы – Жібек жолының Шығыс бағыттағы ең соңғы нүктесі. Нара қаласын біз бұрын естігенбіз. Мұнда атақты суретші Икуо Хираяма дүниеге келген. Кейін Ұлы Жібек жолын аралап, жүздеген картина салғанын айттық. Нара қаласының аты жапон тілінде "қызыл" деген сөзді білдіреді. Ал, қазақта "нар" сөзі – "қызыл" сөзіне синоним екені белгілі.

Жекелеген бірер сөздің түбірі бірдей десек те, Уяманың айтуына қарағанда жапон мен қазақ тілдерінің лексикасы мүлде екі түрлі. Ал, мына қызыққа назар аудару керек: екі тілдің де сөйлем құрылымы ұқсас. Профессор: "Жер сілкінген кезде менің ағам кітап оқып отырды" деген сөйлемнің құрылымы екі тілде де бірдей екенін көрсетті. Әттең, қазақ тілі заңдарының негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлының қолында сол заманда жапон тілінің құрылымы туралы материалдар болғанда, екі тілдің сөйлем жасаудағы ұқсастығын мысалға келтірер ме еді.

Оның есесіне "Алаш" партиясының айтулы тұлғалары жапон елінің аз жылда жедел дамығанынан хабардар болған. Соны мысалға келтірген. Бұл олардың отызыншы жылдардағы саяси қуғындау кезінде "жапон тыңшысы" деп айыпталуына желеу болған.

Алашорданың көсемі Әлихан Бөкейханов өз мақалаларында Жапонияның дамуын мысалға келтіргені белгілі. Сотта жапон тақырыбы көлденең тартылғанда Әлихан "жапондықтар соғыс ашу-ашпауды сіз бен бізден сұрамас-ау" деп жауап бергені мәлім. Кеңес қызметінде болған, Алашорда үкіметінің құрамына кірмеген Сәкен Сейфуллинге тағылған айыптауда "ағылшын тыңшысы" деген тіркес жүрсе, Бейімбет Майлинге "француздың", ал Ілияс Жансүгіровке "жапонның тыңшысы" деген жала жабылған. "Бақсам – бақа екен" демекші, бұлар басқарған не қызмет еткен басылымдардағы шетелге қысқаша шолуларда Еуропа елдері мен Жапонияның экономикалық және мәдени жаңалықтары жазылған. Кейін үлкен саяси айып тағылуына шағын материалдар себеп болған.

Мейдзи мақсаты мен Алаштың аңсағаны

"1868 жылы Токугава сегунаты құлады. Мейдзи өкіметі жаңа мемлекет құруға кірісті. Бірден түрлі елдермен байланыс жасауға тырысты". Профессор дәрісінің келесі бөлімі осылай басталған.

Иә, Мэйдзи реформасы мемлекетті толық жаңалады. Бұрынғы хандар жойылып, ел префектураларға бөлінді. Сауда толық еркіндікке шықты. Өнеркәсіпті дамытамын дегенге үкімет жеңілдіктер берді. Бүкіл халық сауатты болуға міндеттелді. Білім реформасында "қала мен ауылда бірде бір отбасы біліммен қамтылмай қалмасын, бұл мемлекетті нығайту үшін қажет" деп көрсетілді. Бүкіл әлемнің білімін жинастыру басталып, жастар жан-жаққа аттандырылды. Ел ішінде еркін көшіп-қонуға рұқсат берілді. Қандай әлеуметтік тапқа жатса да, барлығы заң алдында бірдей жауапты.

Мейдзи реформасы 25 жылда өз жемісін берді. Түсінік үшін айта кетсек, Мейдзи – билікке келген адамның аты емес, жапон тілінен аударғанда "ағартып басқару" деген ұғым. Осы тұста тағы бір ортақ жәйтті көрсетелік. "Хан" сөзі. Реформаға дейін жапон аралдары ұсақ-ұсақ ханға бөлінген.

Жапонияның бейнесін ширек ғасырда өзгертіп, әлемдік озық елдердің қатарына шығарған реформа Алаш қайраткерлерінің назарында болды. Олар 1917-18 жылдар арасындағы аласапыранда автономия жариялап, қазақ ұлтын басқаруға ұмтылғанда қазақты жаңа сапаға жеткізуге тырысты. Сондықтан "Мэйдзи жаңғыртуын" және Батыс Еуропа елдерінің даму жолын үлгі етіп ұстанды. Сол тұстағы алғашқы мақаласының бірінде Мұхтар Әуезов "тез жетілген Японияға қазақтың мінезі жанаса ма" деп жазған. "Япония сондай тірі, пысық жігерлі жұрт. Біздің қазақ ше?" деп өткір сауал тастаған. Әрі қарай "іргедегі көршілердің ішінде жарығаны жоқ" екенін, ал "Япония өнерлі болғанмен, жерінің шалғайлығын" ашына айтыпты. Профессор өз дәрісінде Әуезовтің осы сөздерін мысалға келтірген.

Профессор Уяма Томохиконың дәрісінен білгеніміз, жапон арасында сол уақытта Орта Азияға қызығушылық болған. Бірер рет бұл жақтың жағдайын білу мақсатында саяхатшыларын аттандырған. Оның бірі – дипломат Токудзиро Ниси 1880 жылы, екіншісі – полковник Ясумаса Фукусима 1896 жылы қазақ даласы мен одан әргі оңтүстік-батыстағы аймақты аралап шыққан. Бірақ, жапон үкіметінің сол кезде де, қазір де Орта Азияға ықпал ету ниеті болмаған. "Ол тұста, яғни ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылында Қытайдағы мұсылмандарды бауырға тарту әрекеті болған, – дейді профессор. – СССР мұсылмандары темір шымылдық ішінде қалғандықтан олармен байланыс жасай алмаған".

Мүддесі жоқ, мүмкіндігі бар

Алаш партиясын қолдап, "Алашорда" үкіметіне қызмет еткендер тегіс айдалып, атылып кеткен соң қазақ даласы мен жапон аралдары арасын жалғастыру арманын жария етушілер болмады. Профессордың айтуынша, 1945-52 жылдар арасында Жапонияның өзі де жетіскен жоқ, американдықтар бастаған Одақтастар армиясының уысында тұрды. Одан кейін елде АҚШ әсері қатты сақталды. Бірақ Жапония дербес дипломатиясын жүргізуге ұмтылыпты. Мәселен, АҚШ коммунизммен барлық салада аяусыз күрессе, Жапония социалистік елдермен мәдени байланысты дамытты. Туристік барып-келуді шектемеді, түрлі делегациялар алмасты. Бұл орайда Жапонияда Қонаев пен Әуезовтің болғаны дәрісте атап айтылды.

Өз кезегінде қазақ даласында мыңдаған жапондық болды. Бұлар – әлбетте, турист емес, әскери тұтқындар. Профессор олардың бәрі бірдей әскери қызметте болмағанын айтады. Және соғыс кезінде қолға түскендер емес. Демек, алдағы уақытта "жапондық әскери тұтқындар" деген ұғымға басқаша көзқарас керек.

Қазақстан мен Орта Азия республикалары тәуелсіздік алған соң бұл елдерде жапон елшіліктері ашылды. Барынша гуманитарлық көмек көрсетілді. Арал мен Семейді сауықтыруға жапон қаржысы жұмсалғаны есте. 1990-шы жылдар соңында Орта Азияға әлем бойынша ең ірі мөлшерде донор болған мемлекет – Жапония.

Дәрісте "Жапон саясаты Орта Азия аймағындағы энергетика көздеріне ұмтылуды көздемейді" деп атап айтылды. Мұны іштей басқа елдермен салыстыра беріңіз. Жапон үкіметі өзінің Орта Азия бойынша байырғы ұстанымын жалғастыруда. Ол саяси түсіністік, экономикалық ынтымақтастық және мәдени араласу деген тармақтардан тұрады. 2004 жылы "Орта Азия + Жапония" диалогы басталғаны жария етілді. Пікір алмасу түрлі деңгейде. Министрлер, бизнесмендер, сарапшылар өзара кездесіп, қажет тақырыптарды талдайды. Тақырып баршылық: су, ауыл шаруашылығы, туризм, шекара қауіпсіздігі, тағысын тағылар. Техникалық қолдау мен кадр тәрбиелеу қатар жүреді. Профессордың нықтауынша, көмектің бастысы – бірдеңе салып беру мен өндіру емес, адамның дербес дамуына жол ашу. Өркендеу осыдан басталады. Бұл – кезіндегі Мэйдзи реформасының өзегі болған.

Профессордың мына тұжырымы да маңызды: Жапония мен Орта Азия елдері арасында тарихи туындаған мәселе жоқ. Иә, Қытай мен Жапонияны немесе Корей мемлекеттері мен Жапонияны әлі күнге алакөз етіп отырған тарихи жағдайлар болған. Кезінде бұл елдің аймақтық держава ретінде жақын маңға сойылы тиіп кеткен, мыналар соны ұмытпайды. Мұндай жағдайды біз Скандинав түбегінен байқағанбыз. Дания, Норвегия сияқты шағын елдер аймақтық держава Швеция қоқаңдаған дәуірлерді бастан өткізген. Екінші мысал: Ресей мен Жапония арасындағы жер дауы әлі түбегейлі шешімін таппады. Міне, осы тұрғыдан қарағанда Жапонияның Орта Азиямен, оның ішінде Қазақстанмен арада ешқашан жанжалды жағдайы болған емес. Бұған да тәубе.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.