Қызғаныштың қызыл иті
Бірінші еске түскен мақал
Негізі, арғы қазақтан сөз қалмаған. Тек бергі қазақ көбін ұмытты немесе мәнін түсінбейді. Әйтпесе, орнымен қолдана алмайды. Орнымен қолданбаудың, бұрмалаудың мысалы жеткілікті. Бүгін оны санамалайтын емес. Тақырыбымыз басқа.
Атадан жеткен сөздің бірі – "қызғанғаны қызыл итке жем болар"! Ешкімге бергің келмей отырған затың анау-мынау емес, қызыл иттің аузында кетеді. Қорқынышты ма, күлкілі ме, қалай десек те оңайға соқпайды.
Табиғатта ит пен оның арғы тұқымдасы қасқырдың мұндай қызыл түстісі бар, бірақ қазақ ауылы мен даласында сирек кездеседі. Қара, қара ала, ақ, тарғыл, сары, шұбар, көк – иттің негізгі түстері осы. Өзіне ие бола алмай сөйлеп кеткендерді "аузына ақ ит кіріп, көк ит шықты" деген қазекем. Иттің үйге кіріп кетуін адалды арамдау, тазаны былғау деп санаған. Сондықтан "ақ ит кіріп, көк иттің шығуы" – ол ауыздың әбден былғанышты екенін байқатпай ма?! Не деген қапысыз теңеу! Мәнді сөз. Әттең, қазіргілер терең байыбына бара бермейді.
Осындай қапысыз аталы сөздің қатарына "қызғанғаны қызыл итке жем болар" дегенді қосамыз. Неге қапысыз айтылған? Сенің басқалардан қызғанып отырғаның иттің аузында кетті. Онда да ауылда шұбап жүрген ақ ит пен қарасы емес, бұл жақта жоқ қызыл итке! Ай, қазағым-ай, айтқан ғой.
Көршілес елдегі Сардоба су қоймасының бөгені бұзылып, ен дала емес, ұйысып отырған халықтың үстіне топан су жайылғанда осы мақал еріксіз еске түскен. Төмендегі көршіден суды қызғанып, ағыстың жоғары жағында отырғанын пайдаланған Өзбекстан сол суға бәрібір иелік ете алмады. Өзіне де, өзгеге де зор шығын келтіріп, жаманатын шығарды.
Оқи отырыңыз: Астық – экономикадағы бастық
Екінші еске түскен мақал
Өзбекстанда су қоймаларын салу 1960 жылдар ортасынан басталды. Республикадағы таулардан басталып, Сырдария мен Әмударияға құятын сансыз салаларда көлденең бөгендер пайда болды. Кейбірі шағын, кейбірі аумақты. Бәрін толтырған су түптеп келгенде төменде жатқан Арал теңізіне тиесілі сыбаға еді. Қайтерсің?!
Бұлардың көпшілігі – жиырма шақты су қоймасы – энергетикаға қатысы жоқ, тек ерте көктемде су жинап, соны жаз бойы ауыл шаруашылығы мақсатына жұмсау үшін салынған. Ал бірнешеуі әрі су жинайды, әрі қуат береді. Әлгі балама энергия көзі саналады. Жалпы, Орта Азияның таулы елдері Өзбекстанда, Тәжікстанда және Қырғыз Республикасында кеңес заманынан бері осы арзан қуат өндіру жақсы дамыды. Бастапқыда ондай СуЭС-тер Мәскеудің ұйғаруымен Орталықтан жобаланды. Кейін республикалардың өздерінде мамандар шоғыры пайда болып, жаңа стансаларды Одақ тарқаған соң да сала берді.
Айталық, Өзбекстанда соның бірі Шарбақ 1970 жылы пайда болды. Тау қойнауларындағы Піскем, Көксу және Шатқал аталатын үш өзеннің қосылған тұсы биіктігі 168 метрлік бөгенмен бөгелді. Әлгі үш өзен қосылғанда арналы дарияға айналып, Шыршық аталатын. Ол Сырдарияға құятын. Сырдарияның Әмудариямен бірге ғасырлар бойы Аралды толтырып келгені баршаға мәлім.
Осы үш өзеннің тоғысқан тұсында Шарбақ су электр стансасы іске қосылды. Ол кезде Ташкентте қызу құрылыс жүріп, электр қуаты жетпей жатты. Қала жаппай жаңадан салыну үстінде еді. Кеңес Одағы аймақтағы электр тапшылығы мәселесін осылай шешті. Әрі мақталы аймақтарға жаздың күні су жеткілікті болмақ. "Бір оқпен екі қоянды атты". Мақаламыздың бұл бөлігіне тиесілі мақал – осы.
Мұндай "бір оқпен екі қоянды ату" Өзбекстандағы бірқатар су қоймаларына тән. Шарбақпен қабаттасып 1970 жылы іске қосылған Әндижан су қоймасында жылына 170 миллион килоВатт/сағат қуат беретін төрт қалақты станса тұр. Қашқадария облысындағы Ғиссар су электр стансасы үшін Ақсу өзені биіктігі 138 метр болатын бөгенмен бөгелді. Мұнда 80 миллион кВтс қуат өндіріледі. Хорезм облысында Әмударияны бөгеп салынған Түйемойын су-электр стансасында 6 қалақ айналып, жылына 1 000 миллион кВтс беріп тұр. Жоғарыда сөз болған Шарбақ болса, Түйемойыннан екі есе қуатты.
Осы тізбектегі соңғысы Сардоба болуы керек еді. Апаттан үш жыл бұрын су қоймасының құрылысына келген ел президенті Шавхат Мирзеев мырза елдің болашағына су электр стансалары зор үлес қосарын айтқан. Сөйтіп Өзбекстанның судан қуат алатын барлық электр стансаларының басын біріктіретін жаңа акционерлік қоғам құру туралы жарлық шығарған.
2020 жылы сәуірде осында шағын СуЭС құрылысы басталып еді. Екі жылда салу жоспарланған. Мердігер болып ресейлік компания белгіленген.
Бірақ, "үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады" демекші, 2020 жылғы 1 мамырда соққан дауыл мен жауған нөсер салдарынан Сардобаның бөгені бұзылды. Екі қоянды бір-ақ құлатуға дайындалған оқ мезгілсіз әрі мүлде басқа жаққа атылып кетті. Зардабы қаншаға түсерін ерінбегеннің бәрі жазып жатыр, біз қайталаймай-ақ қоялық.
Оқи отырыңыз: Қазыққа байланған қанат
Үшінші еске түскен мақал
Негізі сонау Шарбақ пен Әндижан СуЭС-тері салынған кезден Қазақстан мен Өзбекстан арасында іштей бәсекелестік болғанын байқауға болады. Қазақстанның қарап жатпай Бұқтырма СуЭС-ін іске қосқаны, Ілені бөгеп, Алматының іргесінен Қапшағай су қоймасы мен су-электр стансасын салғаны осы кезеңге сәйкес келеді.
Қазақта "ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын" деген мақал бар. Жақсылыққа бәсекелес емес, тілектес болу қажеттігін аңғартады. Бірақ іргелес, бауырлас республикалар талай жыл бойы бірінен бірі өзінің атын оздырту үшін қамшылап-ақ бақты. Бақталастық баршамыздың көз алдымызда өтті.
Бәсекенің қандай болғанын цифрларды салыстыру арқылы көзге елестету керек. Шарбақтың айдынының аумағы 37 шаршы шақырымға жетеді. Қапшағайдың су басып жатқан ауданы 1 847 шаршы шақырым. Жағасын айналып 430 шақырым жүресіз. Шарбақ су қоймасының айналасы 100 шақырым ғана. Біздікінен төрт есе кіші. Бірақ өзбектердікі тереңдігімен ұтып тұр. Мамандардың есебінше онда 2 миллиард текше метр су жиналған. Біздің Қапшағай терең емес, бірақ жайылып жатқандықтан 28 миллиард текше метр мөлшерінде.
Алда-жалда Сардоба емес, Шарбақ су қоймасы бұзылса, апаттың зардабы мен шығыны қазіргіден жүздеген есе ауыр болар еді. Бірақ, Шарбақ пен Қапшағай, Әндижан мен Бұқтырма бөгендері берідегі аттың жалы мен түйенің қомында тұрғызылған Бестөбе мен Сардоба сияқты емес, Кеңес Одағы кезінде терең де мұқият зерттеулер нәтижесінде салынған. Онда бұл аймақта қандай дауыл соғып, қаншалықты нөсер жауары да жобалық қуат бойынша есептелетін. Бәрінің негізінде болашақ техникалық мамандар бесікте жатып білуге тиіс "материалдың төзімділігі" атты ілім жататын. Әрі ол дәуірде коррупция болмаған. Бес жүк машинасы тас төгу керек болса, бесеуі де солай істейтін.
Хош, әңгімеміздің арнасынан ауып барады екенбіз, аптығымызды басайық. Екі республика қай салада болсын бәсекелесіп келді. Кеңес Одағы тарқағанша тіпті, Ташкенттің "Пахтакор" мен Алматының "Қайрат" командаларының арасындағы ойынның өзі баршаның қанын қыздыратын. Сол бәсекелестік су қоймаларын салуда байқалғанға ұқсайды.
Кеңес Одағы тарқап, Рашидов пен Қонаев сынды мүйізі қарағайдай қайраткерлер тарих сахнасынан түскен соң өзара іштей бәсеке бәсең тартпады. Қайта асқына түскендей сипат алды. Каримов пен Назарбаев тұсында әлем және түрлі халықаралық ұйымдар үшін екі жаңа мемлекет Орта Азия бойынша тірек болуға тырысты. Бақталастық ашық және астыртын жалғасып келді.
Міне, екі көрші, тарихи тамыры ортақ елдер саяси дамудың кезекті сатысына өтті. Жаңа буын президенттері басшылық тізгінді қолға алды. Енді ежелгі бәсекелестікті ұмытып, "ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын" деп бір-бірінің табысына қуанатын, бірі зардап шегіп жатса, екіншісі дереу көмекке келетін дәуір басталар деген үміттеміз.
Оқи отырыңыз: Ұяға оралған ұят емес
Төртінші еске түскен мақал
Бұл мақал, әлбетте, "Келісіп пішкен тон келте болмас" деген ғой. Иә, аймақтық мәселе болса, алдын ала келісіп алғанның артығы болмайтынын Сардоба апаты тайға таңба басқандай етіп көрсетті.
Бір елдегі құрылыс екінші елге зиянын тигізе ме, жоқ па? Бұл – өте шетін мәселе. Шекарада салынған нысан, істелген іс кенет бүлініп жатса, желмен жетіп, сумен ағып, топырақпен тарап дегендей зардабы көршіге жетуі мүмкін.
Мысалды алыстан іздеп керегі не? Атақты Чернобыльды еске алсаңыз жеткілікті. Иә, ол да 1 мамыр мерекесі алдында болып еді-ау. Бүкіл Скандинав елдері радиациялық ахуалдың кенет өзгеріп кеткенін байқап, халықаралық шу шығарғанша Кеңес Одағы түк болмағандай тым-тырыс жатып алған. Тіпті, Киевтің халқын 1 мамыр мерекесін атап өту үшін демонстрацияға шығарды.
2010 жылы тура іргеден Сардоба су қоймасын салуды бастағанда Ташкенттегі биліктің Қазақстан жағын ескерте салғанының артығы болмас еді деп ойлаймыз. Рас, өз ішіндегі құрылыс. Өзінің қаржысы, өзінің игілігіне керек. Бірақ, оны канал арқылы толтыратын Сырдария екі елге ортақ өзен емес пе?! Арал бүкіл Орта Азияға ортақ мәселе емес пе? Ақыр аяғында, мына 922 миллион текше метр болатын су ғайыптан тайып жайылып кетсе, төмендегі қазақ даласын жайпап өтеді дегенді ескеру керек еді.
Өрдегі елдің өзім білемдігін Өзбекстан да көрген. Бірнеше рет тәжік тауындағы Рогун СуЭС-і құрылысын тоқтату туралы талап қойған. Оның құрылысы Кеңес Одағы кезінде басталған. Онда одақтас республиканың бірі болған Өзбекстан қарсылық білдіре алмайтын. Одақ ыдырап, бірнеше жыл құрылыс басы қаңырап қалғанда мәселе сонымен тынған сияқты еді. Бірақ, ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығы аяқталарда Тәжікстан үкіметі Рогун СуЭС акциясын елдегі әрбір тұрғынға сатып, халықтан жиналған қаржыға құрылысты қайта бастар кезде Ташкент өте түрегелді. Біріншіден, Әмударияны бөгеу Өзбекстанның ауыл шаруашылығына зардабын тигізеді. Екіншіден, сонау төменде Арал онсыз да сусырап жатыр. Үшіншіден, СуЭС салынатын аймақта жер жиі тітірейді. Бөген аумағындағы тауларда көшкін жүріп жатады. Алда-жалда бөген бұзылса, жарты Өзбекстан топан астында қалмақ.
Осының бәрін көлденең тартып сол кездегі өзбек басшысы Ислам Каримов Тәжікстан басшылығынан құрылысты тоқтатуды талап етті. Ұмытпасақ, 2010 жылы наурыз айында Өзбекстан мен Қазақстан басшылары Каримов пен Назарбаев бірлесіп мәлімдеме жасаған: Рогун СуЭС-і құрылысына халықаралық сараптама жасалған жағдайда ғана екі мемлекет оны қолдайды.
Душанбені Каримовтің қарсылығынан Жаратушының өзі құтқарды. Кейінгі президент ақырындап Рогунға қатысты көзқарасты жұмсартты. 2018 жылы СуЭС-тің бірінші қалағы, 2019 жылы екінші қалағы айналып, қуат бере бастады. Жобадағы 6 қалақ тегіс салынған соң Тәжікстан өзі тұрмақ іргелес Ауғанстан мен Пәкстанды арзан қуатпен жарылқап тастамақ.
Рогун қоймасын тұрғызбау үшін тайталасқан Өзбекстан Сардобаны артық сыр шығармай сала қойды. Оның үстіне екінші президентінің Қазақстанға бірінші сапары кезінде Арал мәселесін бірлесіп шешетіндері туралы жария етілгенімен, Сырдарияға, демек Аралға тиесілі судың шамамен 1 миллиард текше метрін ұстап қалатын Сардоба су қоймасы тақырыптан тыс қалды.
Қадыр Мырза Әлидің әкесі жайында жазған өлеңінде:
"Қуамын деп арман деген түлкіңді,
Қуатыңды жоғалтыпсың мың күндік.
Ауруыңды жасырғанмен, ажалды
Жасыруға болмай қалды мүмкіндік" деген шумақ бар еді.
Сардоба тура осылай болып шықты.
Оқи отырыңыз: "Тауыңды танисың ба?" Коронавирус сұрақ қоя алатын болса, талайлардан тура осылай сұрар еді
Бесінші еске түскен мақал
Әлбетте, "аузы күйген үріп ішеді" болуы керек. Осыдан отыз жыл бұрын өзіміз "Жиырмасыншы ғасырдың жауырыншысы" деп мақала жазған Бзежинский бастап, бірталай білікті халықаралық сарапшылар Орта Азия мемлекеттері арасында болашақта су мәселесі талас тударады деген. Бұл болжам расқа айналды.
Біріншіден, су жетпейді. Орта Азия – туу көрсеткіші жағынан әлемдегі қарқынды аймақтың бірі. Халық саны көбейіп, ал су мөлшері азайып келеді. Мұндағы өзендердің бәрі биік таулардағы мұздақтан басталады. Ғаламдық жылыну әсерінен Памир, Тянь-Шань мұздақтары жылдан-жылға кішірейіп жатыр.
Екіншіден, алдымен патшалық Ресейге отар болған, одан Кеңес Одағы кезінде сөз жүзінде одақтас, іс жүзінде сол отар қалпында қалған республикалар Орталық күшімен суды көп керек ететін дақылдар өсіруге бейімделді. Үшеуінде мақта, бізде мақтаға қоса күріш. Енді бұл бағытты бұру мүмкін емес.
Үшіншіден, бес мемлекетте су мәселесінде ауызбірлік жоқ. Қағаздағы келісім ортақ болғанымен, әрекетке келгенде олай емес. Әркім көрпені өзіне қарай тартуға, анығында өзен арнасын өзіне қарай бұруға құмар. Сардоба – соның бір мысалы. Оның оқыс оқиғасы енді бес мемлекеттің басшыларын ойландыратын шығар.
Ресми ақпарат көздеріне қарағанда, осы техногенді апаттан кейін Өзбекстан мен Қазақстан СуЭС-терді тексеруді бастапты. СуЭС-тері жоғарыда тұрған тәжік пен қырғыз неге қосылмайды бұл науқанға?
Айтпақшы, қайғылы Қызылағаштан кейін айналадағы республикаларға "бізде осылай болды, енді су қоймаларына сақ болайық" деп хабарлама таратып па еді біздің үкімет? Әй, "бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде" деп отырдық қой дейміз сол жолы. Қой, алтыншы мақалға ауысып барады екенбіз, сөзді осымен доғаралық.