Кеңістік үшін күрес
Таразының бірінші жағы: Ең сүйкімді құс
Суығы мен жылуы аралас сәуір бітіп, көктемнің соңғы айы басталарда қазақ даласына қарлығыш келеді. Иә, еш талассыз ең сүйкімді құс. Түрі жағынан. Оның сұлулығын қазақ ежелден әнге қосқан.
Қарлығаш-ау, қарлығаш,
Қызыл тамақ, түйме бас.
Құйрығың тізген маржандай,
Қанатың өткір қанжардай.
Құс атаулының ішінде қылығы жағынан қарлығаштан асқан сүйкімдісі жоқ. Адамға зиян келтірмейтіні былай тұрсын, оны жақын тұтып, қорғаны санайды. Жаңағы халық әнінің қайырмасында мұны дәл жеткізген ғой:
Күнде жақын келесің,
Тимесіме сенесің,
Балаңды қылмен байлайсың,
Үйден ұя саласың.
Қарлығаш мекеніне жыл сайын қайтып оралады. Туған жері түгіл, туған ұясын таниды. Көптеген құстар жылы жаққа келген соң, қандай ұя дайын болса алдымен келіп соны иемденеді, бұл ғана бір салған ұясына айнымай оралады. Оны Мұқағали ақын қапысыз суреттеген:
Қарлығашым, келдің бе, қаршығадан саумысың?
Аман-есен жеттің бе, айыр құйрық нау-құсым?
Оралдың ба, тағы да өзің өскен ұяға,
Оралдың ба, сүйіктім, екеуің де бармысың?
Сөйтсе, ақынды қуандырған құс бұл жолы құс жалғыз келіпті. Неге? Жауабын келесі шумақтан табамыз.
Қарлығашым, бұ қалай, қайда кеткен серігің?
Зияны жоқ зиялым, өкпелетті сені кім?
...Түсінікті, сүйіктім, түсінікті айтпа енді,
Тұмар құсым кеткен-ау тырнағында перінің.
Жаз өтіп, ақынның тілімен "көсеуін қолына алып, жел үрлеген сырдаң күз" келгенде қарлығаш жалғыз қайтады. Ақын ғой, әсірелеген шығар дерсіздер. Жоқ, тіршілікте бір-ақ рет жұп құрады.
Дауысы да сүйкімді. Ауылда электр сымына қаз-қатар қонып, сайрағаны қандай. Ғалымдар қарлығыштың үнін зерттесе, бет-албаты дыбыс емес көрінеді. Жұптар бір-бірімен сөйлеседі. Балаларына ақыл айтады. Көршілерімен тілдеседі. Жаңа таныстарымен жағдай сұрасады. Осы дыбыстары әртүрлі екен.
Бізге бәрі бірдей сияқты. Адам құстармен, жануарлармен, тіпті судағы дельфин, акуламен салыстырғанда дыбысты есту мен айыру қабілеті жағынан ең төменгі сатыда тұр. Оған қазіргі құлаққаптарды ескерсеңіз, біз табиғаттағы саңырау ретінде саналарымыз хақ.
Қарлығаш жерге қонбайды. Сауысқан, қарға, торғай, соңғы кезде көз үйренген майна және басқасы жерде жүрсе, тіпті бүркіт, лашын, ителгі, тазқара, күшіген және өзге қыран құстар жемтігін жерде отырып жесе, қарлығаш олардай емес. Демек, құстың тазасы. Шыбын мен масаны әуеде қақшып жейді.
Шыбын мен маса-шіркейді өзі ғана жемейді. Жұмыртқа басып, балапан шығарғаннан кейінгі бар тіршілігі соларды асыруға кетпек. Бір ұядағы балапандарға күніне 1 келі 200 грамм азық тасиды. Маса-шыбынның грамдық салмағымен 1,2 килограмм жинау сіз бен бізге мүмкін емес. Қос қарлығаш ұяға күніне 400 реттен азық әкеледі.
400 рет келу үшін ұясы бөгетсіз жерде тұрғаны жөн. Бөгетсіз бірақ, қауіпсіз. Биік жарға, төбенің астына ұя салатыны сондықтан. Қазақтың қоржын тамында осы құстың ұясы тұратын. Оны Қадыр Мырза Әли ағамыз өлеңге қосқан:
Құсбегі қарттар көп мұнда,Құмарлығы әлі қанбаған.
Қазақтың үйі жоқ мұнда,
Қарлығаш ұя салмаған.
Қарлығаш әрбір сенені,
Баспанам дейді кіретін.
Бір үй жоқ мұнда себебі
Есігін жауып жүретін.
Бір кезде қазақтың үйі – қарлығаштың да үйі еді. Қазір олай емес. Ауылдың өзінде есігіңді ашық қалдырсаң, ұрылар әп-сәтте үптеп кетеді. Сондықтан енді қазақ есігін қос-қостан құлыптап қояды. Құстың ауылды тастап кетуінің ең басты болмаса да бір сыры осында.
Қарлығаш жыланнан қорғану үшін адамды сағалайды. Ұяны биікке салатыны содан. Бала кезімізде Өтебай Тұманжановтың "Қарлығаш" атты дастаны болған.
...Ал, құлақ салыңыздар, балаларым!
Бой жазып біраз жерді араладым.
Қарлығаш, дәуіт, жылан әңгімесін
Сендерге айтамын деп балағаным.
Қарлығаш қарманып жүр ұя салып,
Биікке жылан жетпес қия салып,
Сазынан саздау жердің балшық илеп,
Өзінше кірпіш етіп құя салып.
Дастанда балапандары бар ұяға жылан өрмелейді. Қарлығаш жан ұшырып шырылдайды. Соңғы сәтте дәуіт шегіртке келіп, жыланды көзінен тебеді. Соқыр жылан жерге домалап, ұя аман қалады.
Қазір мұндай дастан жазбақ түгіл, осы дайынға мультфильм түсірмейді. Бәрі өз қиялдарынан шығарған қисынсыз кейіпкермен әуес. Өтебай ақсақалдың дастанының қисынды болатыны – қарлығаш ешқашан дәуітті ұстамайды.
Осы құс ауылда алдыңды орап қарсы алар еді. Сені айналып ұшып жүрер еді. Ауылдан аттанарыңда да солай. Бізді ғана қарсы алып, шығарып салмаған. Аталарымызды да, әкелерімізді де. Оған ризалықты бәрінің атынан Сырбай Мәуленов білдірген сияқты. Майданға аттанып бара жатқанда жазған өлеңінде былай дейді:
Секілді туған бауырлас,
Аттанып бірге майданға.
Кішкентай ғана қарлығаш
Бір жүрді қиын жайларда.
Үйіріп соғыс қаңбақтай,
Бармады мені қайда алып?
Туған жер құс боп бармақтай
Алдымда жүрді айналып.
Ғажап! Бораған оқ пен лапылдаған оттан қорғап ақынды туған жеріне қарлығаш аман алып келген сияқты. Біздің елден 3-4 мың шақырымда болған майданға барып-келу бұл құсқа түк те емес. Себебі... жылына 75 мың шақырым жерге ұшады. Күз түсе Үндістанның оңтүстігіне қыстау, көктемде туған даласына оралу үшін күніне 200 шақырымнан екі айлап сапарға шығады.
Кейінгі кезде осы аяулы құс азайып кетті. Ғалымдардың есебінше Қазақстан мен Ресей аумағын мекендейтін қарлығаштың саны 1990-2018 жылдар арасында шамамен 40 пайызға азайған. Неге?
Алдымен қала көбейді. Қарлығаш қалаға ұя салмайды. Өйткені, мұнда ұя салатын материал: бос жатқан балшық, су аққан арық, араластыратын малдың жүні жоқ. Екіншіден: егістікті қорғау үшін себілетін химикаттар қарлығашты азықтан айырды. Ол химикаттар шегірткеге қарсы себілгенмен, маса мен шыбын-шіркей де қырылады, сөйтіп қарлығаш тамақ таппайды. Үшіншіден, ғаламдық жылыну қатты әсер етіп тұр. Бұдан бұрын "Екі ғасырдағы екі градус" атты мақаламызда оның қатерін жан-жақты сипаттағанбыз. Байырғы мекендерінде күннің қарашаға дейін жылы болуынан қарлығаш оңтүстікке бұрынғыдан кейінірек ұшады. Сөйтіп аяқ астынан суыққа ұрынып, топ-тобымен үсіп қалып жүр.
Біз қосқан бесінші себеп: қарлығаштың байырғы мекенін басқыншы құстың тартып алуында. Ендігі әңгіме сол құс туралы.
Таразының екінші жағы: Ең сүйкімсіз құс
Ол құстың ғылымдағы аты – майна. Әу-бастағы тарихи отаны – Бирма, Үндістан. Әлгі біздің таң алдында атамекенін аңсап шақыратын тауықпен жерлес. Ол жақта әнші құс саналып, оны торда ұстап сайратқан деседі. Біз күнде көріп жүрген майнаның дауысы сондай сүйкімсіз, үнділіктерге несімен ұнағанына таңбыз.
Кейін беріректегі Ауғанстанға дейін ірге кеңейткен. Ауыз-екі тілде "афганка" делінетіні содан. Қараторғай тұқымдас. Бір патшадан тараған ұрпақтардың бір-бірін ығыстырғаны жайында тарихта көп айтылады, мынау соның құс патшалығындағы көрінісі.
Өзін ғалымдар жәндіктің синантропты түріне жатқызады. Онысы – адамның маңайында өмір сүреді дегенді білдіреді. Тарақаның мен егеуқұйрығың сондай. Құста: көгершін, қараторғай, қарлығаш синантропты.
Ұзақ жыл Ауғанстанды жайлаған соң Әмудариядан ұшып өтіп, өзбек, тәжік тауларына жетіпті. Естеріңізде болса, Темірхан Медетбектің:
Шекараны білмейдіШекарадағы торғайлар, – деген өлеңі болған. Сол өлең үшін кеңестік цензура тұтас кітапты туратқан.
Ақынның айтқанында еш жалғандық жоқ, жетпісінші жылдары майна кеңестік шекараны мойындамай, бергі бетке ұшып келді. Бастапқыда аз-мазы. Ал Совет Одағы өз-өзімен жатқан Ауғанстанға басып кіріп, жойқын соғыс басталғанда бейбіт халық Пәкістан жаққа қарай ауса, мына құстар керісінше солтүстік жаққа ауады.
Осылай келіп қалған майнаны зерттеуге Орталық қаржы бөлгізген. Одақ ыдыраған соң, зерттеу аяқсыз қалды, нәтижесі бізге белгісіз. Ал, Ауғанстанда соғыс тоқтамады. Майна болса, бұл кезде Өзбекстан мен Қырғызстанда өз соғысын жүргізіп жатқан. Басқа құстармен арада.
Тегі торғай болғандықтан майна жыртқыштар қатарына жатпайды. Мұнікі алдап, жасқап жемін бұрын жеп кету, ұясына беймезгіл кіріп, жұмыртқаларын жарып тастау, сол ұяны босатпай қою. Осы қасақана әрекеттері арқылы күші өзімен шамалас, бірақ айласы аз қанаттастарды ығыстыру.
"Афганка" қазақ даласына келмей тұрған кезде Жұмекен ақын:
Заманына сай туса да талабы,
Сайрамаған құстар бізде көп әлі.
Өз ұясын іздемесе – тоңады,
Өз бұтасы қураса да – қонады, – деп жырлаған. Бұл құсқа өзінікі тұрмақ, өзгенің ұясы да мекен бола бермек.
Майнаның Үндістаннан ауа райы сәл де болса салқын Оңтүстік Қазақстанға дейін жетуі – Жер бетінің жылыну үдерісімен байланысты. Британияның Йорк университетінің мамандары жануарлар мен өсімдіктердің екі мың түрін зерттеген. Олардың соңғы қырық жылда ысыған ортаны тастап, солтүстікке қарай көшкені анықталған. Дәл есеппен Жердің жәндігі мен өсімдігі ыстықтан бас сауғалап сағат сайын
2011 жылы Қатонқарағай ұлттық паркінде жапондар зерттеу жүргізді. Онда қылқан жапырақты ағаштардың биікке қарай өрлеп жатқаны анықталған. Ғалымдар "самырсын, балқарағай салқын ауа қуып бара жатыр" деп, жағдайды Жердің жылыну үдерісімен байланыстырған.
Демек, жылыну үдерісі – бәріне бірдей түскен зауал. Біз сұрқияға балап отырған сұрторғай – сол ыстықтан ығысудың нақ көрінісі.
Біртіндеп майна Өзбекстанды жаулады. Ел үкіметі "афганканы" шектеу тәртібін бекітті. Бір аңшылық маусымда 952 мың құс атылуы керек. "Бұл – республиканы жаулап алған 1 миллион 360 мың майнаның жетпіс пайызы" деп көрсетіледі аталмыш құжатта.
Шие, жүзім және басқа жемістерге жаудай тигені аз болғандай, майна Өзбекстандағы жабайы құстар ара салмағын өз пайдасына күрт өзгерткен. Самарқанд мемлекеттік университеті биология факультетінің доценті Сәмен Фундукчиевтің айтуынша , бұдан ондаған жыл бұрын республикада құстың 31 түрі жойылу алдында тұрса, енді ол шекке 48 құс жетіпті. "Бұған адам әрекетімен қатар майнаның қаптап кетуі себеп болды" дейді ғалым. Осы аймақтағы халықтар жұмақ құсы санайтын көкқұсты, жазығы жоқ жапалақты құртып жіберген.
"Афганка" болса, беріде Өзбекстаннан өтіп Қырғыз Республикасы мен Қазақстанды жайлауға көшті. Өйткені, қоныс кеңейту керек. Оған себеп – бір жазда үш рет ұя басып, әр жолы кемі алты-жеті балапан шығарады. Қарлығаш байғұс жылына бір-ақ ұя басып, 4-5 балапан өргізетін. Мынаның өсімі төрт есе артық.
Қарлығаштан басқа жапалақ, бәбісек, көкқұс, қараторғай, көкек және басқалары амал жоқтықтан ығысып жатыр. Табиғатта он есе өсімталдық тарақан мен егеуқұйрыққа тән еді, мынауың сол қатарға қосылды. Демек, адам неғұрлым қырса, олар соғұрлым шығынның орнын толтырады.
"Афганка" қаптағанға қырғыздар да дабыл қағуда. Жалалабад облысында құсты атуға ниеттенген екен, бірақ аймақтағы мылтық дауысы тыныштықты бұзады деп, үкімет рұқсат етпепті. Қырғыз Ұлттық Ғылым академиясы Биология-топырақтану институтының ғылыми қызметкері Анатолий Онищенко Ферғана алқабынан басталған майнаның шабуылы Нарын, Шу мен Ыстықкөлді толық жаулап алумен тынғанын айтады.
Бұл құс таулардың екі жарым мың метр биіктігіне дейін мекендейді. Демек жазықтағы біз санамалаған құстармен бірге таудағы шақшақай, құрқылтай сорлап жатқаны даусыз.
Сонымен таразының бір басында қимас құсымыз қарлығаш тұрса, екінші басында сұмпайы басқыншы майна тұр. Жүректі ауыртатыны – екінші басы жыл санап ауырлап келеді.
Майна мәселесіне басын ауыртпайтын бізде үкіметте жүрегі жоқтар демесек те,бала кезінде Өтебай ақсақал тұрмақ, беріде Сырбай, Мұқағали, Қадыр, Жұмекенді оқымағандар отыр-ау. Ендеше биыл тағы қаншама ауылға қарлығаш келмей қалғанын есептейтін ешкім табылмас!
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.