Даму үшін... дәретхана керек
Қазақ "тоты құс қауырсынын көріп мақтанады, аяғын көріп қорланады" дейді. Отандық туризм саласына қатысты осыны айтуға болады.
Тамыз айындағы еңбек демалысымызда еліміздің бірқатар аймақтарына автокөлікпен сапар шектік. Астанадан Алматыға дейін, Алматыдан Көлсай көлдеріне дейін. Одан әрі Кегенге соқтық. Сосын Алматыдан Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуатқа дейін бардық. Ақсуаттан кері айналып Алакөл жағасында жеттік. Аягөз, Мақаншы және Үржар сынды іргелі қалалар мен ауылдардан өттік. Үшінші сапарда Өскеменнен Зайсан қаласына дейін Қалбатау, Көкпекті сынды үлкен елді мекендердің үстін басып өтетін жолмен әрлі-берлі жүрдік. Осы сапарларда басқа емес-ау, талапқа сай ешбір дәретхана жоқтығына қатты өкіндік.
Көлсайға бара жатқанда шетелдіктерді көп көрдік. Кегенге барар Қайқының асуында мотоцикл мінген итальяндық тыныстап тұрды. Оның алдында велосипед мінген екі шетелдікті басып озып кеткенбіз. Осының бәріне біздің тамаша табиғат ұнағанымен, халқымыздың қонақжай қасиеті риза еткенімен, дені дұрыс дәретхана жоқтығы бүкіл жақсы әсерді жуып-шайып кетері хақ.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында, біз әлі Кеңес Одағының құрамында жүргенде Алматыға әлдеқалай екі шетелдік тілші келді. Бірі жазатын, екіншісі фотоға түсіретін. Олар сол кездегі республика астанасындағы газет-журнал редакцияларына мекені болған 9 қабатты ғимаратта қонақ болды. Енді адам болған соң табиғи қажеттік қысатыны түсінікті. Бізге нанбассыздар, 9 қабаттан осы шетелдіктер өздеріне қолайлы дәретхана таппады. "Ақшасын төлейік, адам отыруға болатын туалетке кіргізіңдерші" дегенін естідік. Бұл туралы кезінде "Огни Алатау" газеті жазып еді. Онда интернет жоқ заман. Сондықтан сілтеме бере алмаймыз-ау.
Кешікпей екінші оқиғаны естідік. Белгілі суретші Ерболат Төлепбаймен кездесіп, арнайы мақала жазғанбыз. Сонда ол жапондық суретшінің қонаққа келгенін, оны ауылға ертіп апарғанын сөз етті. "Сол әріптесіме жол бойынан дені дұрыс дәретхана тауып бере алмай, ұяттан жерге кіріп кете жаздадым" дегені құлақта қалыпты.
Ол оқиғаға да міне жиырма жылға жуықтапты. Бірақ, жол бойындағы дәретхана жыры әлі таусылмапты. Қайта барған сайын асқынып келеді. Өйткені, бізге ол кезде бірен-саран турист келсе, енді жаппай ат басын бұрып жатыр. Турист болған соң қонақ үйде жатып алмайды. Ел аралайды. Жолға шығады. Ал біздің жол бойындағы жағдайды өз көзімізбен сипаттайық.
Алматы – Теміртау автобаны бойында шамалы тоқтап, төңірекке көз салатын, шай-кофе ішіп, бой суытатын осы заманғы стандартқа сай кафе көзге шалынбайды. Бірер жанармай құю стансасының іші таза болғанмен, айналасы лас. Ішкі дәретхана тек қызметкерлеріне арналған, сондықтан есігі кілттеулі.
Біз Израильде Тель-Авивтен Өлі теңізге барар жолда не көрдік? Осындай жанармай құю стансасының кафесі кірсе шыққысыз. Жай кафе емес, тура музей дейсіз. Анау-мынау емес АҚШ-тың атақты әншісі болған Элвис Преслиге арналған. Автокөлікке жанармай құю стансасының иесі Преслидің фанаты болған екен, сондықтан кафеге айтулы әншінің екі қола мүсінін қойған. Қасына тұрып та, отырып та суретке түстік. Бүкіл ыдысында Преслидің бейнесі мен қолтаңбасы. Шағын дүкеніндегі киім мен кәде-сый тегіс осы тақырыпта. Иә, дәретханасы тура сол Преслиге ұнайтын стильмен безендірілген. Риза болдық. Әлі ұмытпаймыз. Мұның бәрі үшін жанармай иесі аз шығынданбаған шығар, бірақ қазір осы жолмен жүргеннің бәрі мұнда міндетті түрде тоқтайды. Жанармаймен бірге тамақты, кәде-сыйды тоқтаусыз сатып алуда. Бір жолғы шығын енді толассыз пайда әкеліп жатыр.
Біздің елімізде авто жолдары бойында мұндай музей-кафе тұрмақ, стандартты кафелер әлі салынбаған. Оның жобасына ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті арқылы енді байқау жарияланып, озық нұсқа таңдалыпты. Бірақ түпкілікті бекітілмеген. Ол бекітіліп, одан техникалық-экономикалық сараптамалары жасалып, әкімшіліктер стандартты кафе салатын жерді заңдастарып бергенше қаншама уақыт керек? Одан құрылысқа тендер, сосын құрылыс. Салынған оның иесін анықтап, қандай қолға тапсыру керек деген сауалдар шығады. Иә, тізе берсең жыры көп.
Әзірге Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ерлан Қожағапанов "шетелдіктердің жолда қажеттілікпен тоқтайтын жері жоқ, тоқтап ішіне кірсе, масқара боламыз" деп қоңырау қағып отыр. Кемінде жиырма жыл бұрын соғылуы керек қоңырау еді. Енді әйтеуір "ештен кеш жақсының" кері.
Иә, шетелдік тұрмақ өзіміз шошыдық. Бірер мысал. Астана – Алматы бағытымен жүрген автобусымыз Қарағандыдан өте сала жолаушыларды тамақтандыру үшін тоқтады. Жол бойына салынған үлкен-ақ кафе. Бірақ дәретханасы сыртта көрінеді. Шайынатын суы кеңес заманының пионер лагеріндегі сияқты. Кеудеңізден келетін тұстағы ұзын құбырда бірнеше шүмек бар. Сабын, қағаз сүлгі атымен жоқ. Жуынған суыңыз сарылдап аяқ астыңызға құйылып жатыр. Бұл санитарлық қызметтің көзінен қалай тыс қалғаны түсініксіз. Дәретхананың өзі ақылы. Біз төлеген ақшаға беретіні – бір жапырақ қағаз ғана. Кафеге бес-он минут сайын кезекті жолаушылар автобусы тоқтап, бизнесі қызып жатыр. Бірақ, дәретханаға көңіл бөлетін түрі көрінбейді.
Келесі сапарда Алматыдан Алакөл ауданының орталығы Үшаралға қарай жол жүргенде тағы осы жағдайға тап болдық. Бәрінің сырттағы дәретханасына кіруге жүрек айниды. Бір жерде іште дәретхана бар екен, бірақ оған кіру үшін тек осы кафеден тамақ алуыңыз керек. Бұл не қорлау? Бірер жыл бұрын Францияда Парижден елдің солтүстігіндегі Руан қаласына туристік автобуспен сапар шектік. Екі қаланың арасы бірқыдыру жер көрінеді. Жолда жасы үлкен кісі аялдауды сұрады. Жүргізуші кешікпей жол шетіндегі кафеге бұрылып тоқтаған. Кафеден ешкім ештеңе ішкен жоқ, ал дәретханасын жақсылап пайдаландық. Қызметкерлері бір ауыз ескерту айтқан жоқ. Міне, біздің бизнеске жетпейтін мәдениет осы болса керек.
Тығырықтан шығар жол қайсы? Біздіңше, мемлекет бойынша "жол бойындағы 1000 дәретхана" жобасы жасалуы керек. Ештеңе жоқ, "әлемнің қазіргі кереметі" деп бағалантын Сингапур оңды өзгерісті осыдан бастаған. Жаппай қоғамдық дәретхана салды. Тегін қағаз мен сабынға толтырып қойды. Сосың дәретке отырған соң суды ағызбай кететіндер үшін 600 доллар айып белгіледі. Қала-мемлекет осылай тұрғындар ғана емес, туристер үшін қолайлы ортаға айналып кетті.
Қазақстан да мемлекеттік-жекеше әріптестік саясаты бойынша енді осы салаға көңіл бөлуі керек. Дәретханасы стандартқа сай жол бойындағы кафелер мен жанармай құю стансаларына салықтан жеңілдік керек. Ал дәретханасы талапқа сай емес тамақтандыру мен демалыс орындары және жанармай құю стансалары айыпқа тартылып, тіпті жабуға дейін шара қолданылсын. Басқа амал жоқ.
Сөз соңында және бір мысалды айта кетелік. Сеул қаласында серуендеп жүргенбіз. Алдымыздағы биік төбе үстінде телемұнара тұр. Біз әлемнің бірқатар қалаларында телемұнараға көтерілгенбіз. Бойда сондай әуестік бар. Әрі мына төбе мен мұнара Алматыдағы Көктөбе мен ондағы мұнараға ұқсайды екен. Аты – "Намсан тауэр". Сол мұнараға барар жолда ерекше сәнді бір үй тұрды. Сыртынан қарағанға мейрамхана сияқты. Ертеңгілік уақыт. Жүгіріп, дене шынықтырып жүрген кісілерден басқа ешкім жоқ. Ал мынаның есігі ашық. Өзі жарқырап тұр. "Енді мейрамхана болмаса да кәде-сый сататын дүкен шығар" деп, ішіне кірдік. Сөйтсек бұл ...дәретхана екен. Тегін. "Ақшаңды төле" деп аттан салатын жан баласы жоқ. Жақсыны көрмек үшін. Ештеңе қыштап тұрмаса да ішін араладық. Таза болғанда керемет. Жарқырап тұр. Ауасы жұпар. Әлдеқайда желдеткіші бар. Әлдебір көңілді әуен ойнайды. Риза болғанбыз. Біз де осыған жетсек дейміз.
Жалпы әлеуметтанушы ғалымдар мемлекеттің даму дәрежесін елді мекендеріндегі қоғамдық дәретхананың жағдайымен бағалайды екен. Міне, нағыз дұрыс, әділ өлшем – осы.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.