Айдындағы айбынды қазақ
Кезекті кеменің өрті
2019 жылғы шілде айының 1-күні Ресей қорғаныс министрлігінің "Лошарик" тереңге сүңгитін кемесінде өрт шықты. Білетін біреулер оны "кеме емес, станса ғой, оны сүңгуір кеме алып жүзеді" деседі. Не де болса, бұл – құпия жоба, сондықтан анығын пәлен деп кесіп айту қиын. Кеме ме, жоқ станса оны жасырғанмен Ресей өртті, сол өртте 14 адам опат болғанын жасыра алмады. Баяғыда Қадыр Мырза Әли әкесіне арнаған өлең топтамасында:
Қуамын деп арман деген түлкіңді,Қуатыңды жоғалтыпсың мың күндік.
Ауруыңды жасырғанмен, ажалды
Жасыруға болмай қалды мүмкіндік, – деген. Бұл да соның кері де.
"Лошариктің" ресми атауы – "10831 АС-31" көрінеді. Цифрлардың сыры бізге бәймәлім, "АС" дегені – атом стансасы.
Бұл – Ресей атом сүңгіру кемелерінде болған көп апаттың бірі. Ал соның ішінде ең елеулісі Қазақстанға да қатысты. Неден екенні қазір әңгімелейміз.
Өзі осыдан отыз жыл бұрынғы оқиға еді. Кезекті су асты кемесінің өртінен соң қайтадан есімізге түсіп жатыр.
Тізімнің басындағы теңізші
1989 жыл еді. Республиканың бас газетінде қызмет істейміз. Онда ресми ақпаратты Кеңес Одағының Телеграф агенттігінен аламыз. Қысқартып ТАСС дейді. Жол ортадағы ҚазТАГ соны қазақ редакцияларына аударып таратады. Сәуір айының 10-ына қарай ҚазТАГ аударған ТАСС лентасы телетайп арқылы редакциямызға түсті. Мәтіні мынадай:
"КСРО Қорғаныс министрлігінен және Кеңес Армиясы мен Әскери-Теңіз флоты Бас саяси басқармасынан.
КСРО Қорғаныс министрлігі мен Кеңес Армиясы мен Әскери-Теңіз флоты Бас саяси басқармасы 7 сәуірде Новег теңізіндегі бейтарап суда атомдық электр қондрғысы бар торпедолық сүңгуір кемесінен өрт шыққанын хабарлайды. Сүңгуір кеме су бетіне шығарылды. 5 сағаттан астам уақыт жеке құрам корабльдің өмірін сақтау үшін ерлікпен күресті. Алайда экипаж қолданған шаралар нәтиже бермеді. Сүңгуір кеме Медвежий аралының оңтүстік-шығыс ауданында 1500 метр тереңдікке батып кетті. Адам шығыны бар. КСРО Қорғаныс министрлігі мен Кеңес Армиясы мен Әскери-Теңіз флоты Бас саяси басқармасы қайғыра отырып қаза тапқандардың жақын-жуығына көңіл айтады. Отанның адал ұлдарының жарқын бейнесі армия мен флот жауынгерлерінің, барлық кеңес адамдарының жүрегінде мәңгілік сақталады".
Осы Отанның адал ұлдарының ішінде біреуінің аты шынында, әлі санамызда жүр.
Иә, басқа редакциялар осы хабармен шектелсе керек. Біз түртініп жүріп, бірер күннен соң қаза тапқандардың 42 адамнан тұратын тізімін таптық. Не үшін сонша емінгеніміз тегін емес екен, тізімнің бас жағында "Буркулаков Талант Амитжанович" деген фамилия тұрды. Тегіне қарап "қазақ пен татардың бірі" деп, ары қарай ізденгенбіз.
Басқа елде қалған балалар
Не керек, кешікпей қазақ екенін анықтадық. Әкесі тіпті, танымал адам екен. Бүкіл Қазақстан демесек те, Сыр өңірі тегіс білген. Ол – журналист, майдангер Әмитжан Бөріқұлақов. Қызылорда облысында газетте қызмет істеген. Мақала жазумен қатар терме, толғау айтып та танымал болған. Талант ол кісінің соғыс жылдарынан соң орыс әйелдің құрсағында қалдырған ұлы екен. Ресейдің Костромо облысы Судислав ауданы Ландышево деревнясында тұрған ол әйелге мың мәрте рахмет. Баланы аман өсірегенімен бірге аты-жөнін өзгертпей сақтағаны үшін! Әйтпесе, оны Тимофей, әкесін Анисим, сойын Бурков дей салса, мұндай батыр қандасымыз болғанын сезбес едік.
Жалпы Екінші дүниежүзілік соғыстың әлі көп зерттелмеген бір астары – аталарымыздың соғыс өткен аймақтарда қалдырып кеткен перзенттері. Шет жағалап біраз дерек жинағанбыз. Академик Түймебай Әшімбаевтың Ленинградта әскери газетте қызмет етіп жүргенде орыс әйелінен туған қызымен кейін Қазақстанда қазақ әйелінен туған қызының қалай табысқаны туралы "Хабар" агеттігінде арнайы фильм түсіргенбіз.
Мына Әмитжан ағамыздың да соғыстан кейін қазақ топырағындағы өз ұлтынан тапқан жарынан туған баласы бар. Аты-жөні – Талайлы Бөріқұлақов. Қазір білмедік, оншақты жыл байланысқанымызда аудандық деңгейдегі беделді қызметкер еді.
Тура жолдан танбаған
Талант Бөріқұлақов есепке жүйрік, мектепте шахматтан ешкімді шақ келтірмеген атына сай талантты болды. Әскери теңізші болу үшін арнайы учищиеде оқиды. Дизелді сүңгуір кемемен алғашқы сапарға аттанады. Атом кемесімен де жүзді. Ақыры сүңгуір кемелер дивизиясының саяси бөлімінің бастығы қызметіне жетеді. Бұл – адмирал шеніне лайық қызмет. Ал Бөріқұлақовқа бірінші рангалы капитанның өзі мерзімінен төрт жылдан кейін зорға берілген. Себебін ішіміз сезеді.
Оның адалдығы мен адамдығы жөнінде Солтүстік флотта аңыз тараған. Бір мичман ретін тауып Талантты фотоға тамашалап түсіріп, соны сыйлайды. Сосын өзін "Жигули" автомашинасының кезегінде жылжытып жіберуді сұрайды. Сонда фотоның сыртына "Құрметті автор жолдас! Сәтті суретіңіз үшін рахмет! Бірақ автомашинаны бөлетін мен емес, тұрғын үй-тұрмыстық комиссия. Қызметте табыс тілеймін! 1 рангалы капитан Бөріқұлақов" деп жазып, қайтарып жіберіпті.
Өзі дивизияға келген тапшы тауарлардың тізімін көрнекі жерге ілгізіп қоятын. Сосын кімнің нені алғанын соған жазып отыратын. Егер біздегі Теңіз кенішіндегі компанияларда кімнің қанша айлық алатыны көрнекі жерлерге, енді әрине интернетке ілінсе, өткендегі жанжал шықпас па еді деп біз отырмыз.
Жігіттердің жігерін шыңдайтын
Сонымен 1989 жылы өртеніп, 69 теңізшінің 42-сі қаза табатын кеменің аты – "Комсомолец". 1984 жылы суға түсіріліп, Әскери-теңіз флотына берілген. Кодтағы таңбасы – "К-278". Ұзындығы 122 метр, ал ені 11,5 метр. Судағы сыйымдылығы – 9700 тонна. Ең тереңде жүзетін кеме болған. Өйткені, сыртқы сауыты титаннан жасалған.
Бұл – оңай жұмыс емес. Титан басқа металдарды тот– ықтырып тастайды. Сонда да Кеңес Одағы қаншама шығынданса да, қымбат титаннан осы сүңгуір кемені жасапты. Қарсыластардың сүңгуір кемелерін астыңғы жағынан аңдау үшін. Иә, бәрі дұшпанды жоғырыдан күтеді, ал мынау астында жүреді. Тактика.
Осында штурман болған 3 рангалы капитан Александр Бородиннің естелігіне қарағанда, соншама тереңдіктегі қысымнан төсектер пияздың қабығындай бүктеліп қалыпты. Ал оның терең кеткенін су үстінде бақылаған кеменің дыбыс аулаушысы "мынаның сықыры мен сытырынан шашым ағара жаздады" деп еске алған.
Сол "Комсомолец" 1989 жылғы ақпан айының соңында кезекті жорыққа аттанды. Сүңгуір кемелер дивизиясының саяси бөлімін басқаратын Бөріқұлақов үшін бұл сапарға шығу міндетті емес еді. Бірақ бұған дейін осы кемедегі саяси бөлім бастығы экипаждың наразылығын туғызып, қызметтен алынған. Жаңадан тағайындалғаны әлі сүңгуір кемемен жүзіп көрмеген екен. Соны шынықтырып, ширату үшін Бөріқұлақов сұранып, теңіз төріне, анығында төрі емес түбіне аттанған.
Оның теңдессіз саяси жетекші болғаны туралы естелік көп. Бір сапарда сүңгіру кеме экипажына дәптер таратып, барлық теңізшіге Отан туралы тебіреністерін жазғызған. "Отан туралы ойлар" атты қолжазба кітап Североморск қаласындағы Солтүстік флоттың музейінде сақтаулы.
Енді бірде ешкім ойлап таппайтын конкурс өткізген. Оны Бөріқұлақовтың әріптесі болған капитан-лейтенант Александр Верезгов еске алады:
– Талант Әмитжанұлы су астындағы бірсарынды сапарда жүргендерді көңілдендірудің ғажап әдісін тапты. "Жорықтағы сақал" атты конкурс ұйымдастырды. Кімнің сақалы әдемі болып өссе, соған өз қалтасына бәйге тағайындады.
Үміттің жібін қарманғанда
Су астындағы "Комсомолецтегі" отыз тоғызыншы тәулік еді. 157 метр тереңдіктегі кеме базаға оралып келеді. Таңғы сағат 12 00-де механикке "7 бөлікте қызу 70 градустан асып кетті" деген белгі түседі. Экипаж командирі 1 рангалы капитан Евгений Ванин дабыл қаққызды. 11 минут ішінде су бетіне шығады.
Бұл кезде кемені су астындағы локаторларға ұстатпайтын резеңке қаптама іштегі ыстықтан сыпырылып жатты. Жетінші бөліктен соң алтыншы, одан бесінші бөлік өртенді. Жалын жалмаған отсектегі теңізшілер алға қарай ысырыла берді. Арада төртінші бөлік бар. Аман тұрған үш бөлікке түтін келіп жатыр. Реактор сөнген. Бұлар әупірімдеп дизелді іске қосып, үш бөліктегі ауаны тазартады. Соның өзінде бірнеше теңізші иіс тиген.
16 сағат 35 минутта Солтүстік флоттың командалық пунктіне "сүңгуір кемедегі өрт бой бермей барады. Жеке құрамды эвакуция жасауға рұқсат етіңіздер" деген хабарлама түсті. Басшылықтан "қалқып шығатын камераны дайындаңдар" деген кері команда келді.
"Комсомолец" үшін арнайы қалқып шығатын камера жасалған. Апат болғанда бүкіл экипаж соған
отырып, кемені тастап кетпек. Ол қысыммен жоғары серпіліп, су бетіне шығуы керек. Әрі қарай өзі жүзе береді.
Камера кеменің рубкасында тұр. Өзі шар тәрізді, асты мен үстінде қақпағы бар. Капитан оны әзірлеу үшін екі мичман мен тіршілікті сақтау дивизоны командирін жібереді. Басқалары су бетіндегі кеменің жоғары көпіршесіне шығып күтіп тұрады.
Бөріқұлақов ол жерде кеме дәрігері Леонид Зайцевпен бірге иіс тигендерді емдеуге кіріскен. Талай матросқа жасанды тыныс алдыру әдісін жасайды. Адреналин құтыларын ашып береді. Шприц толтырып, ауырғандарды егеді. Біреулерді іштен жылы киімдер алып шығуға жұмсайды. Иә, бәрі тірі қалудың қамы. Анығында өзінің емес, өзгелердің өмірін сақтау қарбаласы. Осы кезде алып кеме құйрық жағынан ақырындап суға шөге бастайды.
Тосын технологияның тәлкегі
"Комсомолец" сүңгуір кемесі үшін арнайы жасалған қалқып шығатын камера сенімді емес екен. Жұмсаған адамдары оны әзірлей алмаған соң кеме капитаны Ванин оған көмекшісімен бірге төменгі қақпақтан кіреді. Сөйтіп экипажды құтқаруы тиіс камераға бес адам отырады.
Үстідегілер екі резеңке салды суға түсіруге тырысады. Бұл соңғы амал болатын. Оған Бөріқұлақов басшылық етіпті. Өйткені, капитан камерада қалған.
Камера кемемен бірге су түбіне құлдилай бастайды. Ішіндегілер жеке тыныс алу тұмылдырығын киеді. Бірақ құтқарады деген технология оларды тәлкекке ұшыратты.
Екі минуттан соң камера әйтеуір кемеден атылып шығады. Су бетіне шыққан сәтте іштегі қысым өте жоғары болғандықтан үстіңгі қақпағы сарт ашылып, мичмандар Слюсаренко мен Черниковты тығын сияқты атып жібереді. Оның бірі тірі қалып, өлген екіншісінің денесі су бетінде қалқып тұрады. Капитан бастаған іштегі үшеу қайта суға толған камерамен бірге теңіз түбіне мәңгілікке кетіпті.
Әуеден жеткен жәрдем
Апат кеңестік жағалаудан шамамен 1 мың шақырым жерде болып жатыр. 12 сағат 19 минутта кеменің тұрған нүктесі анықталған. Североморск қаласынан құтқарушы "Қарабах" кемесі мен буксир суыт аттанады. Балық аулап жүрген барлық кемелерге апат аймағына дереу жету жүктелді. Ең жақыны "Комсомолецтен" 51 мильде тұр екен.
Мұндайда құтқару қызметіне тікұшақ қолайлы еді. Бірақ барып-қатуға олардың жанармайы жетпейді. Ал су бетіне қона алатын ұшақтан пайда шамалы. Олар да жарты сағаттан артық ұша алмайды екен. Әрі таудай толқын төңкеріп тастайды. Сонымен "Ил-38" көп мотоорлы ұшағы жіберілген. Ол 14 сағат 38 минутта кеме мен флот басшылығы арасында ультра қысқа толқындағы байланыс орнатады. Осы байланыс үшін Мурманск қаласы мен Медвежий аралы арасында тағы осындай екі ұшақ ұшып жүрді. Себебі ашық байланысуға болмайды. "Комсомолец" – қарсыластардан жасырын жасалған құпия кеме, оның апаты тіптен, құпия.
"Ил-38" бұлт арасынан төмендеп, оның командирі Петроградский жанталасып жатқан сүңгуір кемені көргенін хабарлайды. Тұмсығы ғана шошайып тұрыпты. 80 градусқа көлбеулепті. Ұшақ асқан дәлдікпен сал тастайды. Оған адамдардың жармасып жатқанын көреді. Айналып ұшып келгенде салды көре алмағанын хабарлайды.
17 сағат 08 минутта нүктеге жеткен екінші ұшақ су бетінде не кеме, не сал күткен теңізшілер жоқ деп хабарлайды. Бәрібір олар да сал тастайды. Осымен әуеден жеткен жәрдем тәмам. Енді кеменің өз салына мінген теңізшілердің тағдырына келейік.
Сал үстіндегі сағаттар
Кеме суға бата бастағанда шошайған тұмсықта тұрғандар салдарды ағытып, соған мінбекке әрекеттенді. Бірінші салға ешкім мініп үлгермей, жел айтап кетеді. Екінші сал суға төңкеріліп түседі. Сол теріс жағымен тұрғанның өзі талайларға пана болған.
Оған Бөріқұлақов бірінші болып мичман Анисимовты міңгізген. Өйткені, кеменің бүкіл құпия құжаттары бар жәшікті оның арқасына артып берген. Одан кейін Талант Әмитжанұлы салға шыға алмай жатқандарды қолынан, киімінен тартып жоғары көтереді. Солардың бірі – Юрий Козлов өз өмірін тікелей Бөріқұлақов сақтап қалғанын айтады.
Теріс түскен салдың іші суға толы. Су мұздай суық. Азынаған қатты жел одан бетер суық. Салдың түбіндегі судан-ақ кейбіреулер тұншығып жатыр. Алакөлеңкеде әлгі ешкім міне алмаған бірінші салдың сұлбасы көрінеді. Ол құрғақ. Соған ілікпек болып біреулер суға секіреді. Бірақ салға жете алмай теңізге батады.
Кеме апаты туралы хабар алған жүзбелі база бұл аймаққа алты сағаттан соң жетеді. "ИЛ-38" белгі беретін ракеталарды атып, оның бағытын түзеп отырған. Ұшақтан атылып жатқан белгілерді көрген салдағылар құтқару үшін кеме келе жатқанын сезеді. Бірақ сол көмекке дейін шыдау мүмкін емес еді.
Әлгі құпия құжаттарды арқалаған мичман Анисимов соңғы күшін салып тізерлеп отырғанын еске алады.
– Қасымда Талант Әмитжанұлы жатты. Анда-санда халін сұрап отырдым. "Жақсы, жақсы" дей берді. Ол бізге кеме келгенше шыдады. Тура баркастың үстіне көтеріп шыққанда қол-аяғы тартылып, жүрегі тоқтады.
Салдағы тірі теңізшілер мен су бетінде жүрген мүрделерді осы "Алексей Хлобыстов" кемесі жинап алды. Құрбандар мұнымен бітпейді. Бірнеше теңізшінің жүрегі Бөріқұлақов сияқты құтқарушы кемеге шыққан соң тоқтайды. Суық суда ұзақ болғандықтан.
Құпия саясаттың құрбандары
Бұл апатты бажайлап қарағанда шығынды әлдеқайда азайтуға мүмкіндіктер болған. Әттең, кемеге апатты жағдайда халықаралық "SOS" белгісін беруге рұқсат жоқ екен. Өйткені, бұл – Кеңес Одағының құпия жобасы. Егер ондай белгі берілсе,Норвегияның жағалау күзет кемесі жақын айдында жүзген екен. Олардың Буде портында Бас құтқару қызметі тұр. Ол да тікұшақпен келіп-қайтуға болатын жер көрінеді. Тікұшақтары сатымен жабдықталған. Бірақ "құпия" деген бір белгі қаншама тағдырды жалмағанын көріп отырмыз.
Сол Норвегия апаттан соң қатты дабыл қақты. Өйткені, жағалауына жақын тұста апатқа ұшыраған сүңгуір кемеде атом реакторы болды. Оған қоса атом қаруы болуы мүмкін. Кеңес Одағы атом қаруы туралы бастапқыда үзілді-кесілді "жоқ" деді де, артынан екі ядролық оқбасы балғаны туралы ақпаратты мойындады.
Сондықтан Норвегия бұл аймаққа сан рет мониторинг жасап, радиация мөлшерін өлшеп тұрды.
Кеңестік комиссия апаттың неден болғанын тексерді. Жетінші бөліктен шыққан өрттің себебі қатты қысым кезінде титаннан қызу бөлінгендігіне деген қорытынды жасалды.
Кеменің өзін болмаса да ішінде үш теңізші қалған қалқып шығу камерасын судан алуға әрекеттенді. Бірақ су бетіне 200 метр қалғанда тросс үзіліп кетіп, камера екінші рет теңіз түбіне шым батты.
Талант Бөріқұлақовтың мүрдесін сол кездегі Горький қаласына жерледі. Экипаждың төрт мүшесі осы қаланікі. Біреуі – жоғарыда біз айтқан Юрий Козлов қана тірі қалды. Бірінші рангалы капитан Талант Бөріқұлақовтың ерлігін еліне жеткізген – сол.
Қандасымыздың артында бір ұлы мен бір қызы бар. Өзі ерлікпен қаза тапқан соң "Жауынгерлік Қызыл Ту" орденімен наградталды.
Жыл сайын 7 сәуірде енді Нижний Новгород атанған қалада "Комсомолец" атом сүңгуір кемесі құрбандарын еске алу қаралы жиыны өтеді. 2019 жылы апаттың 30 жылдығына арналған митингіде "Таланттың інісі Владимир Буркулаков сөйледі" деген ақпаратты оқығанда Әмитжан ағамыздан сырт елде қалған тұяқ біреу емес, екеу екен-ау деп топшыладық.
Өзі бір рет те көрмеген, ата-бабалары мен әкесінің туған жері Қазалы қаласындағы жергілікті тарихи-өлкетану музейінде Талант Әмитжанұлы Бөріқұлақовтың суреті тұр.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.