Арнадағы ағын су
"Жарма" мен "шемен" жайында
2020 жылдың 22 мамырында ақпарат құралдарынан Үлкен Алматы каналына қаншама жылдан соң қайта су жіберілгені жайында ақпаратты оқыдық. Жылдар бойы бетон табанын батпақ басып, бақалар ансамблінің концерт беретін сахнасына айналып кетіп еді. Ойымызға Қадыр Мырза Әлидің "Орта Азия отаулары" топтамасындағы бір шумақ оралды:
Болшы, досым, болшы, тез-тез киінші,
Ұлы достық құдайына сыйыншы.
Қарақұмға қуанышпен қоса ағып
Су келеді, су келеді, сүйінші!
Ақынның Түркіменстандағы атақты Ленин атындағы Қарақұм жармасын, соны салған халықтардың достығын жырлаған өлеңі ғой. Қазір Ленин қайда, халықтар достығы қайда дейсің. Бәрібір арна тарту мен су жеткізу – үлкен іс. Айтулы қуаныш. Демек, Дінмұхамед Қонаевтың кезінде салынып, сол ұлы тұлғаның аты беріліп, бірақ беріде қырсыздықтың салдарынан қаңсып қалған Үлкен Алматы каналымен су келгені де талайларға сондай әсер сыйласа керек.
Екі шеті бетонмен шегенделген жарма бүкіл республиканың ауыл шаруашылығына серпіліс әкелген. Оны дер кезінде баспасөзде жазғанның бірі едік.
Оқи отырыңыз: Түнгі аспандағы ақ тиін
Қазақта канал бойлаған қаламгер санаулы. Оның айтулысы – Қалмұқан Исабаев. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Ертіс – Қарағанды каналы салынғанда өн-бойын аралап шыққан. Өзінің айтуынша, жарықтық 500 шақырым жаяу жүріпті.
Құрылыстың көп бөлігі Қалмұқанға көзтаныс, туып-өскен жері арқылы өткен. Сондықтан жазушылар арасынан суырылып шығып, жарманың құрылысы жайында бірнеше мақала жазған. Соңынан "Арман арнасымен" атты кітап шығарды.
Қалмұқан аға Алматыдағы Фурманов көшесінің бойында үш қабатты, кезінде "Наркомдар үйі" аталатын сұрғылт үйде тұрғанда шағын пәтеріне барып, бірнеше рет телевизияға түсірдік. Сонда жұмыс үстелінің тұсынан каналдың картасын көретінбіз. Бұл – полиграфиялық өнім емес, жазушы өз қолымен сызған карта. Бірақ, жер бедері, масштабы дәл сақталған. Жағырапияны жақсы білумен қатар ағамыздың әскери адам болуы осыдан-ақ аңғарылатын.
Негізі, Ертістің суын Қарағанды мен Жезқазғанға дейін жеткізу – Қаныш Сәтбаевтың арманы мен жобасы еді. Академик әу баста жарма тартуды еңістегі Ақсудан емес, Семейден жоғары тұстан көздеген. Онда өзен өрде тұрғандықтан Сарыарқаға қарай су өз ағысымен жетер еді. Қазіргідей қуатты сорғылардың керегі шамалы.
Екіншіден, академиктің есебінше жарма арқылы сол кездегі Семей облысының Жаңасемей мен Абай, Қарағанды облысының Егіндібұлақ аудандарының тусыраған иен даласын суармалы егіске айналдыруға болар еді. Әттең, бұл жобаны кеңестік әскербасылар жүзеге асыртпады. Онда жарма Семей ядролық полигоны аумағы арқылы өтуі керек. Ол тұста жабық аймақта азаматтық құрылыс салуға рұқсат қайда? Тіпті, ертеректе Сәтбаев тауып берген Қаражыра көмірін игеру де Кеңес өкіметі ыдырап, полигон жабылған соң мүмкін болды емес пе?!
Оқи отырыңыз: Қызғаныштың қызыл иті
Айтпақшы, сол кездегі баспасөзде, әдебиетте "канал" емес, тек "жарма" дегенін байқаймыз. Шығыстағы Ертіс – Қарағандыны қойғанда, оңтүстіктегі Бетпақдаланы игеру кезіндегі мақалаларда қазақ басылымдары ұлттық санаға сай "жарма" деп жазыпты. Бетпақдаланы алғаш игерушілер қатарында тұрған, оны Мырзашөлге айналдырып, кейін республикадағы көрнекі басшылардың бірі болған Мұстахим Ықсанов бірнеше мақаласы мен сұқбатында тіпті, "бетон" емес, қазақтың "шемен" сөзін пайдаланғанын сол тұстағы газеттерден өз көзімізбен оқыдық. "Жарма" мен "шеменнен" айырылып, "канал" мен "бетонға" байланып, шерменде болған біздің буын!
Мынау Іленің төменгі ағысындағы Тасмұрын жотасы тұсында Бес қатынның жармасы аталатын жер бар. Екінші жаһандық соғыс жылдары экскаватор тұрмақ, жай трактордың өзі жоқ уақытта түйелі кісінің бойынан биік дөңесті колхозшы әйелдер кетпен және күрекпен қақ жарып, дариядан су шығарған. Содан кең алқапқа астық еккен.Мұқағалидың:
Қайран біздің шешелер арды ойлаған,
Шілік шауып, ши орып, бау байлаған, – дегені сол.
Айтпақшы, осы өлеңде жармаға қатысты жолдар бар еді ғой:
Жылап алып, қайтадан қуаттанып,
Егінжайға келетін бұлақты алып.
Бақанас өңіріндегі "Бес қатынның жармасы" – соның нақты дәлелі. Әрі "жарма" сөзінің шынайы мағынасын бізге жеткізіп тұр. Одан айырылмау керек еді. Әттең, отар болу мен әсірешіл болу кесірі!
Оқи отырыңыз: Астық – экономикадағы бастық
Бартоғай мен Шелек бойында
Хош, Қалмұқан ағамыз канал бойлағаннан арада жиырма жыл өткенде мұндай бақыт бізге бұйырған. Бақыт емес, тапсырма. Редактор тарапынан. Онда республикалық жастар газетінің тілшісі едік. Редакторымыз бір күні "осылай да осылай, ерекше құрылыс басталды, соның барысын жазасың" деді. Ерекше құрылысы – Үлкен Алматы каналы. Ондай іргелі істің басталғанынан хабардармыз. Бірақ, өз көзімізбен көрмеген едік.
Бір ғажабы: материалды Алматы облысының Шелек аудандық газетімен бірлесіп жазуға тиісті екенбіз. Республикалық газеттің аудандық газетпен бірлесіп ортақ мақала жазуы – журналистік тәжірибемізде осылай кездесті. Оның сырын ұққандаймыз. Алдында ғана біздің редакцияның Шаруа жастар бөлімінің меңгерушісі әлгі аудандық газетке басшы болған. Сол кісі осы идеяны қозғап, бұрынғы бастығы – біздің редакторымызды көндірген сияқты.
Не керек, фототілші Рахымбай Ханалиев екеуміз Шелек селосына жеттік. Жаңағы ағамыз редакцияның көлігін беріп, қасымызға өзінің тілшісін қосты. "УАЗ-бен" шаңдатып жарманың ең басындағы Бартоғай су қоймасына кеттік.
Торыайғыр мен Сөгеті аталатын екі таудың арасын қосып тастапты. Ортадағы Шелек өзеніне көлденең түскен бөгеттің биіктігі 60 метр. Бөгеннің ұзындығы 330 метр. Үсті кәдімгі қара жол. Онымен ауыр самосвалдар әрі-бері жүріп, әлі топырақ төгіп жатыр. Алғашқы көктемде қоймаға 320 миллион текшеметр су жиналыпты.
Сол жолы қатты әсер еткені – тамырымен тік көтеріліп кеткен қайың ағаштары. Сөйтсек, ерте көктемде өзен буылғанда түбіндегі мұз еріп үлгерместен су бетіне қалқып шыққан. Жай шықпай жағада өсіп тұрған ағаштарды тамырымен көтеріп кеткен.
Екінші әсер еткені – Бартоғайдан шыққан судың көрінісі. Биік бөгеннің түбіндегі бетон, жоқ, Ықсанов жарықтықша жазсақ, шемен қуыстан ересен қысыммен шыққан су ауаға тамшы болып тарап, ақша бұлтқа айналып кетеді. Алып шар іспетті немесе гүлдеп болған бақ-бақтың әппақ ұлпа басы сияқты. Аумағы шамамен жиырма метрдей болатын ғажап ұлпа. Содан қайтадан Шелектің арнасына су болып құйылады. Екі жағаға кезек шығып, қызықтап қарағанымыз есте. Рахымбай марқұм қайта-қайта суретке тартқан.
Оқи отырыңыз: Қазыққа байланған қанат
Бартоғайдан кейін жарма құрылысын бойлап кеттік. 168 шақырымдық арнамен Шелек, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарының шаруашылықтары су алады. Жаңадан ондаған созхоз құрылады. Оның біреуінде болдық. Ұмытпасақ, қазіргі Нұрлы ауылы болуы керек. Үйлер салынып, мамандар жиналып, жер өңдейтін техника алыныпты. Жалпы, Бартоғайдың басынан Алматының іргесіне дейін бірнеше ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылып жатты. Бірнеше мыңдаған гектар суармалы танаптар игерілді.
Дінмұхамед Қонаевтың жобасы бойынша канал арқылы Алматы қаласын азық-түлікпен жабдықтау мәселесі шешілуі керек. Ол ойы орындалды. Жармадан жақсылап су алған Шелек ауданында астық тапсыру жоспары бұрынғыдан 5 есе асып түскен. Бау-бақша өнімдері тіпті, ондаған есеге артып еді. Мал азығына қажет көпжылдық және біржылдық шөп егу арқылы ет пен сүт өндіру еселеп артты. Шелектен берідегі Еңбекшіқазақ пен Талғар аудандарындағы ауыл шаруашылық өнімдерінің көрсеткіші одан да жоғары еді.
Сол тұстағы есеп бойынша, бүкіл құрылыс 270 миллион кеңес сомына бағаланды. Жармадан түскен бір жылғы жалпы өнімнің бағасы 600 миллион сомға жетіп, шығынды екі есе артығымен жауып кетіпті.
Жарманың қымбаттығы – өн-бойы тегіс шеменнен. Табаны мен ылди жақ қабырғасына шеменнің астына су өткізбейтін пленка төсеп жатқандарын көрсетіп еді құрылыс инженерлері. Кейін бұл технологияны Шығыс Еуропа –Батыс Қытай автожолына пайдаланды ғой.
Жалпы, бұл жарманың құрылысы технологиялық жаңалықтарға толы болды. Бірнеше жерде тау бұлақтары каналдың үстімен ағып өтеді. Тағы бір тұста каналды бірнеше қатар құбыр төсеп, өзеннің астымен өткізіпті. Сөйтіп экологиялық тепе-теңдік бұзылмайды. Бұл тәсілдерді беріде Германия мен Голландиядан байқағанбыз. Ал Қонаев өзі бастаған қазақстандық жобалаушылар мен инженерлер сондай қадамға сексенінші жылдар басында-ақ барып еді. Бағалайтын кім бар?
Оқи отырыңыз: Ұяға оралған ұят емес
Алматының бірер жерінде, оған іргелес Тұздыбастау ауылында канал тоннелге де айналып кетеді. Сөйтіп бетіне жол, ұсақ-түйек құрылыстар мен парктер салынды. Осының бәрі – оның ауыл шаруашылық маңызымен бірге суды жеткізу мен пайдаланудағы үлгілі жақтары. Алматының Баум бағы мен Сейфуллин даңғылы тұстарында демалыс аймағы жобаланған. Бұл тауы болғанмен, айдынға зәру қала екені белгілі. Үлкен Алматы жармасы сол олқылықтың орнын толтыруы тиіс еді.
Бір кездегі мақаламызда осының бәрін қамтысақ керек. Оған "Ырыс арнасы" деп тақырып қойдық. Республикалық жастар газетінің бір бетіне шықты. Шелек аудандық газеті соны екі бетіне көшіріп шығарды.
Демек, бүгінде "сол жармамен қайтадан су келді" деген хабарға диқан қауыммен қатар біз де қуануға хақылы екенбіз.
Ықсанов пен Қарамановтың ынтасы
Осы жарманы салу мен пайдалану бірқатар кейіпкерлеріміздің өміріне ықпал жасады. Алматы жаққа жөңкілген көкшіл мен сұрғылт арасындағы түстес ағын суға қарап ойланып отырып, олардың арасында екі тұлғаны ерекше еске түсірдік.
Үлкен Алматы жармасы республика астанасында жобаланып, техникалық-экономикалық негіздемесі орталық болып отырған Мәскеуде бекітіліп, қаржысы мен материалы КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитеті арқылы бөлінген шақта мұны кім салады деген сұрақ туады. Ол кезде тығып-тығып, туысқандарға үлестірілетін қазіргі тендер жоқ. Бәрі әділетті бөлінеді, қатаң сұралады. Қаржыны алған соң қымқырып кетіп, шекара асып Швейцария шалқақтап немесе Австрияда алаңсыз өмір сүру деген ешкімнің түсіне кірмейді.
Құрылыс Қонаевтың ұйғарымымен теңдей етіп үшке бөлініпті. Шамамен 60 шақырымнан. Бір бөлігін Ауыл шаруашылығы министрлігінің бас құрылыс басқармасы салады. Келесі үлес сол тұста "Главриссовхозстрой" аталатын бас басқармаға тиеді. Үшінші болып тапсырма "Қазақ селден қорғау" бас басқармасына жүктелген.
2000 жылдардың бер жағында тәуелсіз Қазақстанның бірінші үкімет басшысы болған Ұзақбай Қарамановтың өтінішімен сол кісінің өмірі туралы биографиялық кітап жаздық. Алдымен кейіпкердің өмірін жақсылап зерттейтінің белгілі. Өз айтқанын түрлі деректермен негіздеу, байыту керек. Архив, кітапхана және Ұзақбай ағаның үйі арасында жүріп бірталай материал жинадық, көп нәрсеге қанықтық.
Оқи отырыңыз: Супер кептер самғайды
Қараманов тура Үлкен Алматы каналы салынар кезде "Қазақ селден қорғау" бас басқармасын басқарған. Үш жыл құрылыс басында аттан түспеген. Шетел тұрмақ Сарыағаштың курортына бармаған. Жоғарыда сөз болған тың шешімдердің біразын жүзеге асырған. Сол құрылыста керзі етікпен жүргенінде Қонаев аяқ астынан келіп қалады екен. Еш ескертусіз. Айлар бойғы арнайы дайындықсыз. Бір шақырымдық күзетсіз. Он автокөлікке мінген нөкерсіз. Бұл да күтпеген. Бірақ құрылыс басында. Димекең көреді. Артық сөз жоқ. Құрылыспен танысады да, аттанып кетеді. Бір күні ғана шақырту алыпты. Қонаев арнайы жайылған дастарханға келсін депті. Мейрамхана емес, киіз үйге. Міне, осындай заман өткен. Осылай жұмыс істелген.
Ұзақбай аға беріде Үлкен Алматы жармасымен су беру тоқтағанына қатты қынжылып еді. Оның сыры – ауыл шаруашылығын бөлшектеп, жекешелендіргенде жатыр. Ұлтарақтай-ұлтарақтай жерді үлеске алғандарға алып арнаның суын пайдалануға мүмкіндік жоқ. Бітті. Үлеске алғандары әрі кеткенде малға жайылымға ғана жарады. Сөйтіп бұрынғы тәлімі танапты арамшөп басты. Нәтижесі не болды? Бүкіл Алматы көкөністі, жеміс-жидекті Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан және Қытайдан алатын болды. Етті ит арқасы қияңдағы Австралия мен Аргентинадан тасып жүр. Сүттің қалбырынан Ресейдің ешкім бармаған Щадрин қаласының атын оқимыз. Ал осының бәрінің орнын отандық өніммен толтыруға негіз болатын Үлкен Алматы каналынан бақалардың бақылдағаны ғана естіліп келді. Иә, бұл жерде бақа өсіріп, бақайын Францияға сатқаннан басқа амал қалмаған еді.
Сол арнамен қайта су келді дейді. Жиырма жыл күткен жаңалығымыз еді.
Айтпақшы, Қарамановтан кейін бізге Мұстахим Ықсановтың өмірі туралы биографиялық кітап жазуға ұсыныс түскен. Ол кісі тоқсаныншы жылдар басында марқұм болып кеткен. Бірақ, біз кітап жазуға кіріскен кезде әйелі, апайы, Мұрат Қалматаев, Сейдәлім Тәнікеев сынды бірге қызмет еткен бірқатар замандастары тірі еді. Олармен сөйлесіп, Мырзашөлдің, Ташкенттің, Шымкенттің, Қызылорданың, Жамбылдың, Оралдың, Алматының 1950-1990 жылдар арасындағы газет тігінділерін қотарып шықтық. Сол замандағы көп жәйтке қанықтық. Оның бәрі бөлек әңгіменің өзегі.
Оқи отырыңыз: Тілді тірілткен тұлға
Бұл тұста айтпағамыз, Михаил Горбачев республикамыздың басшысы Қонаевты қызметтен аларда алдымен айналасын "тазалаған". Иә, алып дарақты құлату үшін бірінші тамырын қопармай ма?! Сонда Аухадиев, Асқаров сияқты Ықсановты облыс басқарудан шеттетеді. Оған еш айып жоқ. Мемлекетке шынайы берілген адал партия қызметкері. Ақырын ғана зейнеткер етіп жіберген.
Сол Мұстахим Біләлұлы Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінен кеткенде өзін Үлкен Алматы каналын басқаруға жіберуді сұрапты. Республика басшылығы оған келісім бермеген. Егер Ықсановтың қолына осы каналды ұстатқанда біріншіден, ол кісі құсадан өлмес еді деп ойлаймыз. Екіншіден, Алматы қырғыз бен өзбек, қытайдың көкөнісі мен жемісіне тәуелді болмас еді. Үшіншіден, базарда қоларба сүйреген апталдай азаматтарды көрмес пе едік. Кім білген?!
Арнадағы ағын суға қарап тұрғандағы ойлар осындай.