Қадыр мен Тұманбай
Төтеп беруге төзім керек
Ақын Қадыр Мырза Әли ауыл туралы өте көп жазған. Тіпті қыза-қыза келгенде:
Қыз алып қашқан жігіттей,
Алып қаш мені, ауылым, – деп толғанған.
Қадекеңнің ауылға арналған өлеңдерінің әрбір жолында ақиқат жатыр. Жалпы, өткірлігі ұстарадай өлеңдерін шыңдықтың көрігінде қыздырып, сезімнің төсі мен балғасының арасында шыңдап шығарғанына ешкімнің таласы жоқ. Сондай жарқын жырларының бірінде:
Жиын-тойын үнемі жыр басқарған,
Әзіл ғана естисің құрдастардан, – деп басталатын жолдар бар.
Құрдастар арасында әзіл ғана айтылатыны туралы өлең жазған ақынның өз құрдастары аз емес еді. Солардың бірі, бірегейі Тұманбай Молдағалиев болғаны даусыз. Екі ақынның өзара жарасымды әзілдерін естігендіктен және оқығандықтан бұл төңіректе қалам тербегенді парыз санадық. Бірақ сөзді әзілдерінен емес, құрдастықтың құнын байқатар ауыр көріністен бастамақпыз.
Қадыр ағамыз қайтыс болғанда азалы қоштасу рәсімі Алматыдағы академиялық драма театры ғимаратында өтті. Қаралы жиын соңынан қаусап қалған Тұманбай аға былай деп тебіренген:
– Қадыр құрдасым барда маған оңай еді. Ештеңеге талпынбайтынмын. Оны шақырған тойдан мені ұмыт қалдырмайтын. Қадыр комсомол сыйлығын алғанда кешікпей маған берді. Қадыр үй алса, маған кешікпей пәтер беретін. Қадыр машина мінсе, кешікпей менің тақымым сол машинаға тиетін. Оның кітабы шықса, ізін ала менің кітабым шығатын. Қадырдан кейін Мемлекеттік сыйлық алдым. Қадыр Жарлық бойынша Халық жазушысы атанатындардың қатарында тұрса, оны көріп мені де сол тізімге қосатын. Енді...
Мұны тыңдау соншалықты ауыр еді. Міне, Қадырды қалың да қаралы ел ақтық сапарға аттандырып жатыр. "Енді..." деп егіліп Тұманбай ағамыз тұр.
Екі ақынды бала кезімізден білеміз. Қадыр ағамыз алғашқыда балалар ақыны болып танылған. Сол кезден өлеңдерін жатқа білеміз. Тұманбай ағаны қыз дегенде жүрегіміз елжірей бастағанда еміне оқыдық қой. Одан Қадыр балалар поэзиясын тастап, өзгеге ұқсамас өлең жолына түсті. Дарыны мен даналығын қатар әйгілеген "Ой орманы", "Бұлбұл бағы" және "Дала дидары" шықты. 1966 жылы осы үштаған кітаптың бірі – "Ой орманы" үшін оған Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. Бірер жылдан кейін осы сыйлық Тұманбайдың да қанжығасына байланған.
Оқи отырыңыз: Шетте жүріп шеп бұзған
Студент кезімізде сан қилы жыр кештеріне тыңдарман болып барып жүрдік. Соның бірнешеуінде екі ақынның қатар отырғанына куә болдық. Ондайда Қадыр ағамыз Тұманбай құрдасын сөзбен түрткілеп, жиі қалжың айтатын. Тұма-ағаң көп ретте еріксіз күліп, мардымды жауап берместен маңқиып отыратынын байқайтынбыз. Ара-тұра ғана орайлы сөз тауып, қарсы әзілдеп қалады. Бірақ, Қадекеңнің қорамсақтағы жебедей көп қалжыңы таусылсын ба? Соған шыдайтын Тұманбайдың төзіміне таң қалмай көріңіз!
Мұндай сөзге әзір, әзілге тапқыштығын басқа тұрмақ Сейдахмет Бердіқұлов мойындап еді. Бірде қазақ жазушыларының делегациясы Балтық республикаларын аралап келген. Сол сапарда біздің жастар газетіндегі редакторымыз Сейдахмет пен Қадыр бірге жүріпті. Келген соң Сейда-ағаң басын шайқаған: "Құдай-ау, соншалықты тапқыр, тауып айтатын адамды көрмеппін". Мұндай мірдің оғындай мықтылыққа иі жуас Тұман ағамыз қалай төпеп берген, ә!
Алға түскенге ашуланбаған
Біз екі ақынды бір-бірінен бөлмей, қатар жаттап жүрдік. Бәлкім, "қатар" емес, "кезек-кезегімен" деген дұрыс. Өйткені, сол тұстағы "Жұлдыз" бен "Жалын" журналдарына, "Қазақ әдебиеті" мен басқа да газеттерге екеуінің өлең топтамалары кезегімен шығатын. Жаңа кітаптары да солай, кезегімен қолға тиетін.
Өмірде алдымен Тұманбай ағаның алдына тап болғанбыз. 1976 жылдың жазы еді. Онда Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне емтихан тапсырып жүрген кезіміз. Көзі тірі ақын қандай болады деп Жазушылар одағының ғимаратына кіргеніміз сол, бірінші қабаттағы шалқасынан ашулы есіктен бөлменің төрінде отырған Тұманбай ағамызға көзіміз түсті. Онда "Жалын" альманахының редакторы болуы керек. Сәлем беріп алдына кірдік. Сәлемімізді жылы қабылдады. Қарсы алдына отырғызды.
– Ал, қара бала, қайдансың? – деді Тұманбай аға. Расында екі жыл қой бағып, күн күйдіріп, жел қағып келген біздің бет-жүзіміз қап-қара болатын. Келген жағымызды, аты-жөнімізді, мұнда жүрген мақсатымызды айттық.
– Мені қайдан танисың? – деп екінші сұрағын қойды ақын. Қаншама рет газет-журналдан суретін көргенімізді айттық. Өлеңдерін сүйіп оқитынымызды байқаттық. Қызды-қыздымен "оны жатқа білеміз" деп жіберсек керек.
– Менің өлеңдерімді жатқа білемін дейсің бе? – деп таңырқады ақын. Содан кейін: – Онда бір-екеуін айтып жберші, – деп сұрады.
Осы кезде біздің тиегіміз ағытылды. "Студент дәптеріндегі" алғашқы өлеңдерінен бастап тура сол 1976 жылы көктемде шыққан "Махаббат оты сөнбейді" атты кітабындағы беташар өлеңге дейін заулаттық. Ұмытпасақ 14-15 өлеңін жатқа айттық, білем. Өзі тоқтатты. Қатты риза болды. Көзәйнегін сүртті ме, көзін уқалады ма, әйтеуір біраз отырып қалғаны есте. Сәлден соң:
– Тағы қандай ақындарды жатқа білесің? – деп қызықтап сұраған. Біз де кідірмедік.
– Қадыр, Сағи, Мұқағали, Жүмекен, Жүсіп, Фариза, Жарасқан, – деп біраз шұбырта жөнелдік. Әлбетте, олардың бүкіл өлеңдерін жатқа білмесек те, өзімізге ұнағандарын көңілге тоқып алғанбыз.
Осы тұста тосын сұраққа тап болдық. Иә, ол кезде де, тіпті, бағамдап отырсақ, қазірдің өзінде де қиын сұрақ екен.
– Осы ақындарың ішінде ең жақсы көретінің кім? – деп сұрады Тұманбай аға.
Тосылдық па, тосылмадық па, есте жоқ. Бәрібір:
– Қадыр Мырзалиев! – деп сақ еткіздік.
Шамасы, балалық аңқаулық, ауылдан келгендегі ақкөңілдік шығар. Бір ақынның алдында тұрып, басқа ақынды жақсы көремін деуді неге теңеу керектігін әлі білмейміз.
Ең ғажабы, бұған Тұманбай аға ешқандай ашуланбады. Жүзінен сол мейірім төгілген қалпын өзгертпеді.
– Қиын жағдай болса, келіп тұр. Көмектесемін, – деді. Тұманбай аға сөзінде тұрды. Ол – басқа әңгіме.
Оқи отырыңыз: Толағайлардың тосын тағдыры
Таланты мықтысы қайсы?
Қадыр ағамызбен де бірнеше мәрте жүздестік. Сапарлас болдық. Қонақ үйдің бір бөлмесіне қонып жаттық та. Бірде Алматыда Розыбакиев пен Төле би көшесінің қилысынан сәл төмендегі пәтерінен Каменка жақтағы саяжайына апардық. Үйге сыймаған кітаптарын осында әкеліпті. Талайының түптелген тұсында "Т. Молдағалиев" деген жазу тұрған. Ал ақынның өз құрдасы Тұманбай туралы кезекті сөзін Алматыдағы Максим Горький атындағы паркте естіп едік.
Онда біздің республикамызда алғаш рет Наурыз мерекеленіп жатты. Коммунистік билік толық орныққан соң, ислам дінімен бірге қудалауға түсіп, тыйым салынған ұлттық мейрам өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында Кеңес Одағының көсемі Горбачевтің жылымық саясатының арқасында ортамызға оралды. Бұл мерекенің халықпен қайта қауышуын талай ақын-жазушы талап еткен. Сондықтан олардың Наурызды тойлауға шыққан адамдардың ортасында жүруі, тіпті, тойдың төрінде тұруы заңды еді.
Ұлттық киімдегі көпшілік көше мен парктің сәнін келтіріпті. Алтыбақан, асық ату. Түйемен серуендеу. Қазақша күрес. Арқан тартыспақ. Кірдің тасын көтеруден жарысу. Қазақ әндері шырқалып жатқан бірнеше сахна. Қайда барсаң да, шат-шадыман халықты көресің. Алғашқы Наурыз тойы қала мен далаға көктем келуін ғана емес, елдің саясатына жылымық келгенін де аңғартып жатты.
Онда республикалық газеттің тілшісіміз. Әлі "Егемен Қазақстан" болып өзгермеген кезі. Аты баяғы "Социалистік Қазақстан". Партия мен үкіметтің органы. Әлбетте, үкіметке қарағанда партияның ықпалы зор кезі.
Арнаулы тілші ретінде бізді осы Наурызды жазуға жұмсаған. Паркте әрбір жағы партаның бетіндей өте үлкен тоғызқұмалақ ойнап жатқандарды көрдік. Құмалақтардың орнына үстел теннисінің шарын пайдаланыпты. Бірнеше таныс адамды осында жолықтырып, сұхбаттасқанымыз есте. Ал бір тұста қазақ тіліндегі кітаптардың саудасы қызып жатты.
Қазір интернет өмірге енгелі "қағазға басылған кітап өтпейді" дегенді айтып жүр ғой. Онда жұртшылық жаңа кітапты таласа-тармаса алып кететін. Өзіміз Наурызды жазуға барғанымызбен, көпшілік сияқты оқырманбыз ғой. Жаңа кітаптарға қол жеткізуге кезекке тұрдық. Сол жерде Тұманбай Молдағалиевтің енді шыққан кітабын сатып алдық. Шамасы, ақынның "Таудан түскен сәуле" деген жыр жинағы болуы керек-ау.
Кітапты алып, кері бұрылғанбыз. Тура алдымызда Қадыр Мырзалиев келе жатыр екен. Онда бізді танымайды. Біз жақсы танимыз. Дереу сәлем бердік. Ақын қолымыздағы кітапты алып, сыртқы мұқабасына көз жүгіртті. Таңбаланып тұрған "Тұманбай Молдағалиев" деген жазуға қарады да, кітапты өзімізге қайыра ұсынып жатып: "Тұманбайды сатып алуға болады", – деді.
Бұл сөзге қуанып қалдық. Ақшамыздың бекерге кетпегеніне емес, бір ақынның екінші ақынды дұрыс бағалағанына қуанған едік. Сол тұста Мұқағали Мақатаевтан қалған "Ақынды ақын оятпаса болмайды, Ақынды ақын таяқтаса сол қайғы" деге өлең жолдары көкейде жүретін. Әріптесін тәп-тәуір бағалаған ақын парктегі сөзін одан әрі жалғағанда енді тапқырлыққа таң қалдық:
– Ал Қадырды таппайсыңдар ғой! – деп сөзін тұжырған Қадекең.
Тұтастырып, біріктіріп айтқанда: «Тұманбайды сатып алуға болады, ал Қадырды таппайсыңдар ғой!»
Бұл жерде құрдастық қалжыңнан бөлек бірдеңе жатты. Шамасы, өздерінің өнердегі орындарын айқындау шығар. Біз Наурыз жайындағы репортажымызға басқа көрген-естігенімізді жазғанмен, осы жәйтті қоспай кеттік. Құрдастар арасына сызат түспесін деген ойда болдық. Бірақ Қадекең құрдасы Тұманбайдың көзінше одан зорғысын айта беретін еді.
Оқи отырыңыз: Малдың тұяғы, құстың тұмсығымен таралған
Қарымта өлеңдегі қалжың
Қадыр аға құрдасы Тұманбай туралы қалжыңдарын айтумен бірге жазып та беріпті. Жай сөз емес, керемет өлеңмен. Мұны әдеби айналымға түсірген – бұл кісілердің үшінші құрдасы, көзі тірі Ғаббас Қабышов ағамыз.
Ғабекеңнің "Қадырия" атты тамаша естелік-эссесі бар. Сонда Қадыр мен Тұманбай қатарласа 60 жасқа толып жатқан 1995 жылы бір-біріне әзіл өлең арнағаны айтылған.
Әлбетте, туған күні қаңтар айында болғандықтан, Қадыр Мыра Әли алпыс жасқа алдымен жетеді. Сонда Тұманбай досы арнайы әзіл өлең жазыпты. Бірақ сақталмаған сияқты. Ғаббас ағаның пайымдауынша, бар болса Тұманбайдың үйіндегі архивінде жатуы мүмкін. Ал он айдай уақыт өткен соң досы алпысқа толғанда Қадыр жазған қарымта әзіл бар. Ғаббас ағамыздың мұқияттығының арқасында оқырмандар қолында жүр.
Құрдастың қалжыңы осындай болуы керек. Қадекең Тұма-ағаңның тұла бойын Винни Пухқа теңеуден бастайды. Болмысын байып алған коммерсантқа ұқсатады. Ал басын қалай бейнелейді шіркін:
Жыр бақтың, өнер бақтың, басқа бақпай.
Келесің тура тартып, босқа лақпай.
Құдайым аямаған сенен түк те:
Басың да бас емес–ау, асқабақтай.
Қалжыңдасаң, осылай қалжыңда! Ары қалай "қалқиған құлақтарыңмен неге Тілендиев бола алмай қалдың" дегенде тағы бір күлесің. Күлкінің нағыз кеніне одан әріде кездесесің ғой:
Оқуға қай уақытта ел ерінді?!
Сыйлайды халық, әсте, өнеріңді.
Құдайым ерінді де берген саған,
Қамтитын бір сүйгенде он ерінді!
Көз алдымызға қазір де Тұмаағаңның ерекше салбыраған ерні елестеп отыр.
«Бұл – қарымта өлең еді» деп ескертеді Ғаббас ағамыз. Алғашқы болып қалжыңды бастаған Тұма-ағаңның Қадекең құрдасын қалай суреттеген өлеңі табылса ғой. Ол жыр табылғанша біз Қадыр ақынның өзін-өзі қалай сипаттағанын еске ала тұрайық:
Кіп-кішкентай жемістің ауырымын,
Жолбарыс пен барыстың бауырымын.
Маған қарап қадалған оқты көзді
Жер түбінен сезеді жауырыным.
Кезінде мысық тұқымдастардың сезімталдығы туралы бірнеше мақала оқып, өзіміз де сол тақырыпқа жазып едік. Бұл орайда да Қадыр ағамыз теңеуді дәл тапқан. Әрбір адамды бір-бір аңға ұқсатсақ, бұл кісінің барыс екені талас тудырмайды.
Ал құрдастық таразысында тұрған Тұманбай аға өзін неге теңеген? Бұл туралы өлеңі бар екен. Өзінің қалай қария болатынына суреткер көзімен қарапты:
Шашым түсіп, көзім ісіп шөмиіп,
Отырам ба от басында мөлиіп?
Бақытымнан жалаңаш қап жүрем бе,
Кәрі ағаштай тұрған күзгі жел иіп.
Сонымен ағашқа теңепті. Жас емес, кәрі ағашқа. Рас, Қадыр Мырза Әлиді халқы жерлеп жатқан күні Тұманбай аға біздің көзімізге жел иіп кеткен кәрі ағаш сияқты елестеген.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.