Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметтеріне сәйкес, "Гарант24 Ломбард" ұйымына адамдардың салған ақшасының көлемі 5 млрд теңгеден асып жығылады. Жалған ұйым 42 мыңнан астам адаммен шарт жасаған. Осыған орай, Қылмыстық кодекстің алаяқтық және қаржы пирамидасына қатысты 190 және 217-баптары бойынша 22 қылмыстық іс қозғалды.

Шыны керек, бұл Қазақстандағы бірінші қаржылық алаяқтық оқиғасы емес. Ірілі-ұсақты қаржы пирамидалары жыл сайын халықты алдап, ақшасынан айырып жатыр. Өкініштісі, бұдан сабақ алып отырған адам аз.

Оқи отырыңыз: Қаржы пирамидалары әлеуметтік желіге көшті. Оларды қалай анықтауға болады?

Келер жылы да жаңа "пирамидалар" пайда болып, олардан халқымыз тағы зардап шегіп жатса, таң қалуға болмайды. Өйткені, қаржылық сауаты төмен адамдар көп. Бұған "Қазақстан" арнасының "Ниет" бағдарламасының тікелей эфиріне (25.02.2020) қоңырау шалушылардың әңгімесін тыңдағанда, тағы бір көз жеткіздім.

Осыған орай, "Ел тұрғындары неге тез байып кетуге құмар?" және "Жалған қаржылық ұйымдарға алданбау үшін ақша салымы туралы ұсыныс түскенде, неге көңіл аудару керек?" деген екі сұраққа жауап берейік.

Бүгінде қаржы салу туралы таныс, туыстарынан немесе жеке қоңырау шалу арқылы ұсыныс алмаған адам жоқ шығар. Мұндайда бірден бас тартатындар бар. Дегенмен, қызығып, кірісі қанша екенін сұрайтындар да жеткілікті. Өкініштісі, компанияның қаржылық жағдайы, қызметі, табыс көзінен гөрі адамдарды қаржы салу жолдары, одан қандай табыс табатыны және табыс тапқан адамдар туралы ақпарат көбірек қызықтырады. Адамдарға ұсыныс жасаушының қоғамдағы бедел-абыройы мен танымалдылығы да ерекше ықпал етеді. Сөйтіп, өз ақылынан гөрі өзгенің ақылына жүгініп жатады. Бұл дұрыс емес!

Оқи отырыңыз: Questra деген жік шықты, екі құлағы тік шықты

Әрбір адам өз ақылына сеніп, қаржы пирамидаларының келесі белгілерін үнемі есте ұстағаны жөн:

  • Қатысушыларға аз уақыт ішінде немесе жүйелі түрде түсіп отыратын ақылға қонымсыз көп мөлшердегі кірісті уәде етеді. Мысалы, "салған ақшаңды екі есе етіп қайтарасың", "айына 30-40-50 пайыз кіріс кіреді" сынды жалған уәделер;
  • Алғашқы жарна ретінде мол қаражатты сұрайды (кейде аз болуы да мүмкін). Ақша салу барысында нақты өнім, тауар болмайды немесе ұсынылып отырған тауар бағасы оның өзіндік құнынан бірнеше есе қымбат болады;
  • Негізгі түсім жаңа салымшылардың салған ақшасынан түседі және төлемдер де адам тартуына қарай төленеді;
  • Ұйымның нақты қызметі түсініксіз, бірақ, қаржы, инвестиция саласымен байланысты болады. Көп ретте қызметін "Алтынға, қаржылық қорға ақша саламыз" деп түсіндіреді.
  • Жарнама тым белсенді жасалады, үгіт-насихат үшін маркетингтік көптеген тәсілдер қолданылады;
  • Төмен пайызбен кредит, қарыз береді немесе жоғары пайызбен депозит ашуға мүмкіндік береді. "Банктегі кредитіңіздің 30-40 пайызын ұйымға құйсаңыз, қалған бөлігін жауып береміз" деген секілді ұсыныстар да айтылады;
  • Ұйым атауында, символикасы мен жарнамасында нарықта бар танымал банктер, микроқаржылық ұйымдар, ломбардтармен ұқсастық болады;
  • Ұйым сайты кәсіби емес, жарнамалық мақсаттағы арзанқол деңгейде болады. Сайтта жарғылық құжаттар, басшылық туралы ақпарат толық берілмейді.

Оқи отырыңыз: Форекс – табыс мекені ме, әлде алаяқтар тобы ма?

Осылайша, тек қаражат салу арқылы ашық не желілік маркетингтің атын жамылған "пирамида-ұйымдар" салымшыларды барынша көбірек тартады да, ең жоғарысында тұрғандар кірісі еселеп өсіп, кейін жаңа салымшылар саны азайғанда пирамида құлайды. Табысқа жетпеген, бірақ, қаражат салған пирамиданың ортасы мен төменгі қабаттарындағы салымшылар пайдасыз қалады.

Осы тұста шынайы желілік марктетинг жаңа клиенттерге байланбайтынын айтып өткен жөн. Оларда ұйым табысының 95 пайызы жеке клиенттерден, тек 5 пайызы ғана әріптестік орнату арқылы түсіп отырады. Яғни, ұсынылған тауардың нарықта өз бренді, тұтынушылары болады.

Оқи отырыңыз: Қазақстан қолма-қол ақшадан бас тартуға дайын ба?

Ал "Қаржылық пирамида ұйымдар салымшыларын қалай арбайды және адамдар оларға қалай алданады?" деген сұраққа келсек, келесі ортақ белгілерді байқауға болады:

  • Ресми органнан алған құжатпен сендіреді. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) ретінде заңды тіркелген ұйымының құжатын көрсетеді. Бұл құжат, әдетте, ұйым кеңсесінде ілулі тұрады. Алайда, елімізде заңды тұлғаны тіркеудің www.egov.kz сайты арқылы 5-10 минутта жүзеге асатынын көпшілік азаматтар білмейді. Білсе де, оған негізгі құжат ретінде сенеді;
  • Салымнан мол табыс тапқан, шетелге саяхаттаған, қымбат көлік не өзге бұйымдарға қол жеткізген жандардың нақты мысалымен иландырады. Адамдар бейсаналы түрде олардың орнына өзін қойып көріп, көңілі ауады. Психологиялық, материалдық тұрғыда байланады. Өзгенің сынын қабылдамай, керісінше, басқаларды үгіттей бастайды;
  • Адамдардың әлсіз тұстарын дөп басады. Материалдық еркіндік, сұлулық, салмақ тастау, кәсіп ашу, өзіңді жетілдіру, өзіңе сенімді күшейту және осы секілді басқа да бүгінгі заманғы трендтегі құндылықтарды ұсынады. Осылайша, салымшылардың басын айналдырып, қосымша кеңес, тренингтер жүргізеді. Әлеуметтік желі арқылы жарнама жасайды;
  • Ең қымбат капитал – сенімді қолданады. Насихатшылар бейтаныс адамдарды тартпайды, өз ортасынан жаңа мүшелер іздейді. Адамдардың туыстығын, беделін, достығын, сезімін ортаға салады.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың 48 пайызы банк есігін ашып көрмеген екен. Ел экономикасының дамуы үшін жаппай қаржылық сауат керек

Бұл амал-тәсілдер адамның ақылын бейсаналы түрде байлайды. Сондықтан, бірінші ақылды жетекке алып, келесі дүниелерге назар аударған жөн:

  • Ұйымның заңды тіркелгендігі туралы құжаттағы қызмет түрі мен жасап отырған жұмысының бағыты сәйкес келуі тиіс. Егер қаржылық операциялар көрсетілсе, онда мемлекеттік лицензиясы болуы керек;
  • Ұйымның айлық, жылдық табысы, салығы, қызметкерлеріне төлеген жалақы, әлеуметтік, зейнетақы, сақтандыру төлемдері көрсетілген, салық басқармасына тапсырылған есебін, "қабылданды" деген құжатын немесе "салықтар мен төлемдер бойынша ешқандай қарызы жоқ" деген анықтаманы сұрау қажет. Егер ондай құжаттарда аз қаражат көрсетілсе немесе "нөлмен" жабылса, онда бұл ұйым табыстың көп бөлігін заңсыз жолмен тауып отыр деген сөз. Салымшылар есебінен салынған ақшаның ешқандай жолмен рәсімделмейтінін, есепке кірмейтінін көрсетеді;
  • Банктегі депозиттердің сақтандырылуы сияқты салынған қаржаттарды кепілдендіретін қордың болуы міндетті және ол келісім шартта көрсетілуі қажет;
  • Ұйым туралы ғаламтордан пікірлер іздеп көру қажет және мамандардың пікіріне жүгіну керек;
  • Ұйымның табысы салымшылардан не нарықта қалыптасқан тауар мен қызмет түрінен түсетінін ажырату қажет.

Оқи отырыңыз: "Америкадағы қазақша бизнес": АҚШ-тағы отандасымыз 34 қазақтан $441 400 жымқырған

Қаржылық пирамидалардың Қазақстанда өркен жаюына елімізде қаржылық институттар мен құралдардың қажетті деңгейде жетілмеуі және халықтың қаржылық сауатының төмендігі себеп. Алданған адамдардың қаржылық пирамидаларға салған қаражатының көлеміне қарасақ, оларда артық ақша барын аңғаруға болады. Олар қаражатын инвестициялауға дайын. Бірақ, адал инвестициялық ұйымдар мен нақты өндірістік жобалар жоқ.

Елімізде ішкі инвесторлар әлеуетін пайдалану тәжірибесі мүлде дамымаған. Ол түгілі, бар, жиналған ақшаны (мысалы, зейнетақы қорындағы) игерудің, тиімді басқарудың өзі мұң болып отырғанда, халықтық IPO туралы айтудың өзі артық сияқты. Айналып келгенде, бұл мәселе қаржылық институттардың жұмысының әлсіздігі және тиімсіздігінен туындап отыр.

Екінші жағынан, азаматтарымыз қарапайым экономика заңдылықтарын білмейді: шығын мен кірістің ара қатыныасын ажырата алмайды, ауадан ақша жасауға болатынына сенеді. Халықтың қаржылық және құқықтық сауаты мен мәдениетінің тым төмен болуы да әсер етіп отыр. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде айтып өтті.