Тікелей эфир

Форекс – табыс мекені ме, әлде алаяқтар тобы ма?

pclaunches.com сайтынан алынды
pclaunches.com сайтынан алынды
Дағдарыстан кейін қазақстандықтардың қаржылық сауаты біршама өсті. Десе де, олардың білімі валюта нарығында сауда жасауға жеткіліксіз.

Қазір интернеттегі "заңды" алыпсатарлардың дәуірі

Кез келген азамат өмірінде бір рет болса да, Форекс туралы естіген болар?! Аталған халықаралық нарық платформасы біреулер үшін табыс көзі ретінде көрінсе, тағы біреулер үшін алаяқтар мекені. Сонымен Форекс туралы шындықты білгіңіз келсе, ары қарай оқыңыз.

Капиталистік қоғамның ілгері дамуы табысқа жетудің сан түрлі жолдарының қалыптасуына алып келіп жатыр. Біреуге қызмет еткенше жеке ісін ашып, табыс табуды ойлайтындар бар

Енді біреулер қаржылық сауаты мен сарапшылық қасиетінің арқасында интернет арқылы ақша табады. Оларды трейдер деп атайды.

Trader сөзін ағылшын тілінен аударсақ "саудагер" ұғымын береді. Айналымдағы валюталарды сату немесе сатып алу арқылы аралық пайызынан өз үлесін алу – Форекстегі трейдердің негізгі миссиясы деуге болады.

Трейдер валюта нарығында болса, брокер қор нарығында еңбек етеді. Интернет дамығанға дейін брокерлердің қызметіне сұраныс болды. Қазіргі таңда қор биржасына қарағанда валюта нарығы белсендірек. Сондықтан трейдерлердің дәуірі жүріп тұр.

Форекс қалай пайда болды?

Форекс (Foreign Exchange Market) халықаралық нарығы сұраныс пен ұсыныс негізінде әлемдегі валюталар бағамын анықтайтын тұжырымдаманы жасау үшін құрылған. Мұндай нарыққа деген қажеттілік АҚШ үкіметінің алтын стандартынан бас тартуынан туындады. 1971 жылға дейін әлемдік деңгейдегі кез келген валюта бағамы алтынның құнымен салыстыру арқылы анықталатын.

Десе де, сол жылға дейін айналымға шығарылған АҚШ доллары номиналдарының көлемі қолда бар алтын құнынан асып түседі. Бұл доллар мен алтын құнының арасындағы тепе-теңдікті жойғандықтан, АҚШ президенті Ричард Никсон алтын стандартынан бас тартуды ұсынады.


Форекста сауда жасауға Иран, Үндістан, Куба, Малайзия, Солтүстік Корея, Нигерия, Вьетнам, Сирия, Судан сынды елдерінде рұқсат жоқ. Олардың біршама бөлігі социалистік елдер

Форекста сауда жасауға Иран, Үндістан, Куба, Малайзия, Солтүстік Корея, Нигерия, Вьетнам, Сирия, Судан сынды елдерге рұқсат жоқ / quora.com сайтынан алынды


Алтыннан тәуелсіз дамуға бағыт алған валютаның бағамын анықтайтын жүйе қажет болды. Осы мәселенің шешімі ретінде Форекс құрылады.

Аталған платформада валюталар жұп құрып, саудаға түседі. Мысалы, EUR/USD валюта жұбы. Бұл еуроны АҚШ долларымен сатып алу приципін негіздейтін жұп.

Ал USD/EUR жұбы керісінше АҚШ долларын еуромен сатып алуды көздейді. Қай валюта жұбын таңдауды білу үшін, алдымен нарыққа болжам жасалады. Талдау жасау арқылы нарықтың қай бағытта жылжуын 70-80 пайызға дейін алдын ала болжай алсаңыз, табысқа жетуге мүмкіндігіңіз артады.

Форекстің орталық басқару пункті бар ма?

Форекс бір орталықтан басқарылмайды. Себебі жоғары лауазымды тұлға ақша бағамын өз мақсатында пайдаланып кетуі мүмкін. Сондықтан барлығы нарықтағы ұсыныс пен сұраныс трейдерлердің тепе теңдігі арқылы анықталады.

Әр елдің қаржы реттеуіші өз территориясындағы валюта нарығына қатысты операцияларды Форекстің стандартты ережелеріне бағына отырып, басқарады.

Мысалы, Қазақстан қаржы нарығын Ұлттық Банк реттейді. Ол валюта нарығындағы алаяқтық алып-сату (спекуляциялық) операциялардың болдырмауын қамтамасыз етеді.

Трейдерлік қызметтерді ұсынатын компанияларға арнайы лицензия беріп отырады. Демек, Ұлттық Банк рұқсат етпеген трейдерлік компаниялар Қазақстан нарығында сауда жасай алмайды.

Форексте кім сауда жасайды?

Валюта нарығында сауда жасайтындардың санына шек қойылмайды. Десе де, Форекс нарығы ірі-ірі ойыншылардан жасақталады. Олардың қатарында халықаралық деңгейдегі банктер мен инвестициялық қорлар бар.

Ал қалтасында қомақты қаржысы жоқ шағын фирмалар нарыққа брокерлік компаниялар немесе дилингтік орталықтар арқылы шығады. Форексте сауда дүйсенбіден жұмаға дейін жүргізіледі. Күнделікті сауда бірнеше сессияға бөлінеді, уақыт белдеулеріне орай сауданың кезекті басталу мерзімі өзгеріп отырады.

Ең үлкен қаржы операциялары Еуропа сессиясына келеді. Ал америкалық және азиялық сессия ең құбылмалы болып саналады. Ал ең тұрақты сипат танытатын сессиялар – Жаңа Зеландия мен Аустралия.

Форекстегі бір күнде төрт-бес триллион АҚШ доллары көлеміндегі қаржыға сауда жасалады. Оның 32 пайызы Лондон нарығына, ал 18 пайызы Нью-Йорк нарығына тиесілі. Германия нарығы небәрі 10 пайызды игереді.

Барлық валюта операцияларының 70 пайызы АҚШ долларымен жасаладыі. Сонымен қатар, Форекс нарығында америкалық доллар ең сұранысқа ие валюта болып саналады.

Форексте табыс табу коэффициенті қандай?

"Форексте табысқа кенелу оңай шаруа емес. Валюта бағамы өте шапшаң өзгеріп отырады. Сондықтан анализ жасап, әрбір операцияға үлгеру тек өзіңіздің алғырлығыңыз бен біліктілігіңізге ғана байланысты.

Қазіргі таңда, валюта саудасы да бағдарламалау тілі арқылы автоматтандырылды. Сондықтан адамның біліктілігі машинадан жылдам болуы өте сирек", – дейді Financial Freedom зерттеу агенттігінің директоры Расул Рысмамбетов.

Қаржы маманының айтуынша, Форексте табысқа жету үшін күнделікті 1-2 сағат айналысу жеткіліксіз. Валюта бағамдарын бақылау мен маңызы бар жаңалықтарды жіберіп алмау үшін кем дегенде 5-8 сағатыңызды жұмсайсыз.

Брокерлік қызметті Қазақстанда кімдер ұсынады?

Елімізде валюта нарығына инвестиция жасау арқылы табысқа жету жолын ұсынатын брокерлік компаниялар баршылық. Олардың басым бөлігі шетелдік.

Мысалы, Alpari, Teletrade, ForexPro, Forex Club т.с.с. Ал Қазақстанда құрылған компаниялар қатарында "Фридом Финанс" АҚ бар.

Одан бөлек Қазақстан валюта нарығында екінші деңгейлі банктердің жанында құрылған Halyk Finance, BCC Invest, Kazkommerts Securities, Eurasian Capital сынды брокерлік компаниялар сауда жасайды.

Инвестор валюта нарығында саудалап табысқа жету үшін брокерлік компанияға ұсыныс білдіреді. Валюта нарығында сауда жасау үшін брокердің Ұлттық банк берген арнайы лицензиясы болуы керек.

Сондықтан кез келген адам нарықта сауда жасай алмайды. Жеке тұлғаға тек брокерлер арқылы нарыққа ену мүмкіндігі қаралған.

Брокерлік компания өз деңгейінде келісім бойынша түскен табыстың біршама пайызын өзіне алып отырады. Бұл инвестор мен трейдердің өзара келісім шарты аясында белгіленеді.

"Әр компания өз шарттарын әр қалай қояды. Мысалы, жалпы табыстан түсетін қаржының пайызы ретінде келісім жасау дәстүрлі брокерлік ұсынысқа жатады.

Ал кейбір брокерлер, валюта нарығындағы трейдерлер өздері дайындаған интернет платформасын қолдануды ұсынып, есесіне тегін сараптамалық ақпаратпен қамтып, консультация жасап отырады", – дейді Teletrade компаниясының қаржы кеңесшісі Дастан Әбдірахман.

Дастанның айтуынша, Форексте тек кәсіби біліктілігі бар азаматтар еңбек етеді. Себебі Форексте табысқа жету үшін нарыққа үнемі фундаменталды әрі техникалық сараптау жасап отыру қажет. Оған антропогендік себептер де әсер етеді.

Мысалы, АҚШ долларын бақылаушы Федералды резервтер жүйесі сынды (Орталық Банк) халықаралық деңгейде беделі бар валюталардың реттеуші ұйымдардың басшылары ресми мәлімдеме жасауы валюта нарығына тікелей әсер етеді.

Одан бөлек, саяси тұлғалардың жасаған мәлімдемелері де айтарлықтай салмаққа ие.


Былтыр АҚШ-та президент сайлауы кезінде Мексикамен шекараға қабырға көтеру идеясы доллар құнын әлдеқайда құлдыратты. Бірақ Трамп президент болғаннан кейін, доллар құны қайта қалпына келді

Былтыр АҚШ-та президент сайлауы кезінде Мексикамен араны бөлетін шекаралық қабырға салу идеясы доллар құнын әлдеқайда құлдыратты. Бірақ Трамп президент болғаннан кейін, доллар құны қайта қалпына келді / Дереккөзі: Bloomberg.com


Валюта нарығына сұраныс бар

Капиталистік принциптерге сүйенсек, ақша бір орында тұрмауы керек. Көбейту үшін ақшаны айналымнан шығармау керек. Сол себепті көптеген алып корпорациялар еншілес брокерлік фирма ашып, капиталын саудалау арқылы, қосымша табыс тауып отырады.

"Кезінде америкалық өнертапқыш Томас Эдисон негізін қалаған General Electric компаниясының бизнес бағыты тұрмыстық техника шығару болған. Бірақ, қазіргі таңда, GE табысының 70 пайызын валюта нарығындағы алып-сатудан (спекуляциядан) пайдасы құрайды.

Алғашында компания үшін қосымша табыс көзі болған. Қазір негізгіге айналып отыр", – дейді "Pro gente" экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі, экономист Мақсат Халық.

Бизнес жасауда тиімді жолдардың барлығы қаралады демекші, кез келген компания табыс көзінің жаңа жолын көріп тұрса, өз бағытын өзгертуге дайын.

Қазақстан қор биржасының (KASE) төреғасының орынбасары Андрей Цалюктың айтуынша, нарықта компанияның негізгі бизнес бағыты маңызды емес. Бастысы ресми түрде брокерлік кеңсесін ашуы тиіс.

Айта кетсек, елімізде брокерлік қызметті Қазпошта да ұсынады. Қарапайым халық үшін Қазпошта кәсіпорны пошта байланысын ұсынатын мекеме ретінде белгілі болса, KASE брокерлері үшін олар "әріптес" болып саналады.

"Кейде KASE платформасын қор биржасы емес, валюта нарығы деп те атайды. Себебі мұнда орындалатын қаржы операцияларының 98 пайызы валюта нарығына тиесілі.

Қазақстандық компаниялардың акцияларына сұраныс аз болғаны үшін KASE валюта нарығының қызметін атқарады", – дейді Цалюк мырза.

Неге валюта нарығы?

Интернет пайда болғаннан бері валюта нарығы да онлайн тәртіпке ауысты. Сол мезеттен бастап, оның сауда көлемі бірнеше дүркін артқан. Себебі қаржы операциялары жылдам жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде брокерлерге таптырмас мүмкіндік беріп отыр.

Әлемде Форекстен басқа қор биржасы, шикізат нарығы да жұмыс істейді. Дегенмен, валюта нарығы ең көп сұранысқа ие. Себебі валюта бағамы белгілі бір компанияның акцияларына қарағанда тез өзгеріп отырады. Өзгеріс жылдамдығы артқан сайын жасалатын операциялар саны артады. Сәйкесінше, табыс көзін арттыру мүмкіндігі де көбірек.

"2015 жылы 16 желтоқсанда АҚШ-тың Федералды резервтер жүйесі (Орталық банк) жиын өткізіп, АҚШ долларын несиеге беру мөлшерлемесін өсірді.

Сәйкесінше америкалық валютаға сұраныс бірден артты. Артынша бағамы да артып, өзге валюталар девальвацияға ұшырады. АҚШ доллары бір түнде 30 теңгеге қымбаттады.

Әдетте Ұлттық банк мұндай кезде интервенция жасап үлгереді. Бірақ сол күні Қазақстан өз тәуелсіздігін тойлап жатқандықтан, нарық жабық болған. Ертеңіне нарық сессиясы ашылған кезде, теңге бірден құлдырап кетті.

Трейдерлер осындай сәттерді жіберіп алмауға тырысады. Салыстырмалы түрде, әр 1$ саудасынан 30 теңге ұту түк еместей көрінеді. Бірақ сіздің инвестицияңыз көлемі үлкен болса, табыс көлемі де әлдеқайда көп болады", – дейді Teletrade кеңесшісі.

Валюта нарығында делдалсыз сауда жасауға бола ма?

Валюта нарығының электронды платформасында тек брокерлік компания трейдері арқылы ғана сауда жасауға болады. Ал кейбір замандастарымыз мұның да өзге жолын тауыпты.

Рабиға Әлжанова есімді Алматы тұрғыны CAIF Investment Group компаниясында қызмет етеді. Оның компаниядағы позициясы инвестицияға байланысты болмаса да, нарықтағы өзгерістерді бақылауды үйренген. Ол валютаны дер кезінде айырбастау арқылы белгілі бір мөлшерде табыс алып тұруға болады дейді.

Рабиға валюта нарығына фундаменталды түрде терең талдау жасайды. Білікті қаржыгерлердің блогтарын қалдырмай оқып, саралап, бар мүмкіндіктерді жібермей пайдалануға тырысады.

Мысалы, ол 2015 жылдың қараша айындағы ауқымды өзгерісті алдын ала болжаған. Қараша айының басында 2300 АҚШ долларын 279 теңгеден сатып алып, 10 желтоқсанда 311 теңгеден сатады. Осылай ол бір ай ішінде 69 мың теңге пайда тапты.

"Сол кезде ақшаны айырбастамай тағы бір апта күтуім керек еді. АҚШ Орталық банкі пайыздық мөлшерлемесін арттырып, теңге бір күнде тағы 30 теңгеге құлдырады. Дәл сол шешімге қатысты көптеген сарапшылардың пікірі теріс болғаннан кейін, оны күтпейін деп шешкен болатынмын", – дейді ол.

Рабиға одан кейін де бірнеше рет үлкен көлемде қаржыны айырбастаумен айналысады. Дегенмен соңғы операциядан аз табыс алыпты. Ол ағымдағы жылдың мамыр айындағы АҚШ долларына қатысты пайыздық мөлшерлеменің өзгеруіне қатысты тәуекелге барған. Өкінішке орай, нарық тренді ойдағыдай өзгеріске ұшырамағаннан кейін, табыс көлемі аз болған.

Алаяқты трейдерден қалай ажыратамыз?

"Алтын көрсе періште де жолдан таяды". Ақша бар жерде адамдарды арбау да бірге жүреді. Сондықтан валюта нарығына қатысты қоғамда әртүрлі пікірлер қалыптасқан. Оның ара жігін ажырату үшін ресми ақпараттарға көбірек көңіл бөлген дұрыс.

"Қарапайым сауданың өзінде алаяқтар бар емес пе?! Сол сынды, валюта нарығында да ондайлар жетеді. Өз ақшаңызды брокерге сеніп тапсыру үшін оның біліктілі мен табыс табудағы жетістігі жайлы біліп алу керек.

Содан кейін әрбір брокерге нарықта сауда жасауға рұқсат беретін брокерлік компанияның қаржы тарихына да үңілген жөн", – дейді Мақсат Халық.

Экономистің айтуынша, инвестиция жасаудан бұрын асықпай ойланып, оң-солын саралап барып, шешім қабылдау керек. Нарық еш қайда қашып кетпейді. Шешімнің дұрыс болғаны маңызды. Себебі сәтсіз шешім құйған қаржыңыздан айырып, бір сәтте ақсирақ қылуы мүмкін.

"Барлық құжаттардың ресми болуын қадағалаңыз. Толығымен брокерге сенім артпай, өзіңіздің де қаржылық сауатыңызды үнемі көтеріп отырғаныңыз жөн. Бұл әрбір қаржы операциясының негізгі себебі мен салдарын көруге мүмкіндік береді", – дейді ол.

Валюта нарығында сауда жасау үшін нені білу қажет?

"Қаржы нарығындағы сауда кәсіби бокстегідей. Көп жыл бойы жіберілген қателіктің салдарын сезініп отырасың. Сондықтан валюта операцияларын жасағанда тәуекелге бас тігу – көзсіз ақымақтық болып саналады. Форекс қор биржасы шикізат нарығына қарағанда әлдеқайда құбылмалы болып келеді", – дейді Financial Freedom агенттігінің басшысы, белгілі қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов.

Егер қаржылық сауатыңыз төмен болса, валюта нарығына енуден бұрын біліктілігіңізді арттырып алған дұрыс. Әйтпесе, бар капиталыңыздан бір мезетте айырылып қаласыз.

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, қазақ қоғамының қаржы сауаттылығы соңғы екі жылда әлдеқайда өсті. Басқа түскенді көз көреді демекші, мұнай дағдарысынан кейін қаржы жаңалықтары қоғамдық трендке айналды. Себебі оларға қоғам тарапынан сұраныс бар.

"Бұрын еліміздің қарапайым азаматы девальвация, инфляция сынды терминдермен таныс болмаған. Дағдарыс кезінде валюта бағамы құлдырап, отандастарымыз біршама қаржысынан айырылып қалғаннан кейін ғана қаржылық сауаттың маңызды екенін түсіне бастады", – дейді экономист.

Теңгенің құлдырауына көбіне өзіміз кінәліміз

Дегенмен қоғам әлі күнге дейін әртүрлі пікірге ілесіп, АҚШ долларына деген сұранысты өз қолымен арттыруға көмектесіп отыр. Нәтижесінде теңге құлдырайды.

Ал Ұлттық банк елді даурықтырмау мақсатында сатылымға үлкен көлемде АҚШ долларын құйып, шетелдік валютаға сұранысты төмендетеді.

Мысалы, тек өткен айда Ұлттық банк теңге бағамын тұрақты ұстап тұру үшін 101 миллион АҚШ долларын ішкі нарықта сатуға мүдделі болды.

"Қаржы нарығы жолы болғыштардың ортасы емес. Мұнда терең білім мен аналитикалық зерттеу ақпараты қажет. Егер Форексте табысқа жеткіңіз келсе, кем дегенде 2-3 сағатыңызды нарықты зерттеуге бөліңіз. Сонда белгілі бір нәтиже алуыңыз мүмкін", – дейді Teletrade маманы Дастан Әбдірахман.

Ал Расул Рысмамбетовтың айтуынша, валюта нарығы туралы қоғамда кеңінен таралған аңыздар көп. Олардың бірі – аз уақытта қомақты қаржы табу. Бұл брокерлік компаниялардың сәтті жүргізетін жарнамалық қадамдарының нәтижесі ғана. Ал шындығында, Форексте табысқа жету үшін үлкен тер төгу керек.

Валюта нарығы әлемдегі өзге нарықтармен тікелей байланыста жұмыс істейді. Мысалы, ағымдағы жылдың басында Дональд Трамп АҚШ президенті ретінде журналистермен алғашқы брифинг ұйымдастырған кезде америкалық фармацевтикалық компанияларға қатысты сыни көзқарасын білдірген болатын.

Ол бірнеше компаниялардың атын атап, оларға қатаң талаптар қойып, дәрі-дәрмек бағасын төмендетуін міндеттеу керек екенін айтқан. Сол сәтте, Merck&Co, Pfizer және Johnson&Johnson сынды фармацевтикалық компаниялардың Нью-Йорк қор биржасындағы акциялары құлдырап, 2 сағаттың ішінде 23 миллиард АҚШ долларынан айырылып қалған.

Бұл оқиға өз кезегінде АҚШ экономикасына әсер етіп, доллардың валюта нарығында құнсыздануына әкеп соқты. Сол үшін валюта нарығына келуден бұрын, қаржылық сауатты арттырып қана қоймай, әлемдегі саяси-экономикалық жаңалықтарды мүлт етпей қарап отыруға үйрену керек. KASE төрағасының орынбасары Андрей Цалюк мұндай пікірмен толық келісіп отыр.


АҚШ президенті Трамп ағымдағы жылдың қаңтар айында сыни пікірі арқылы америкалық фармацевтикалық компаниялардың акцияларын құлдыратып жіберді

АҚШ президенті Трамптың ағымдағы жылдың қаңтар айында айтқан сыни пікірі америкалық фармацевтикалық компаниялар акцияларының құнын құлдыратып жіберді / Дереккөзі: businessinsider.com


"Ешкім де ақшасын жоғалтқысы келмейді. Валюта нарығында толық картинаны көрмей тұрып, сараптаманы толықтай жасамай, шешім қабылдаған брокерлер жеңіледі.

Ал олардың ұтылған қаржысы жан-жақты ойланып, дұрыс инвестициялық шешімді қабылдаған брокердің қалтасына кетеді. Сондықтан Форекске келмей тұрып, өз біліктілігіңізді көтеріп алыңыз", – дейді Цалюк мырза.

Серіктестер жаңалықтары