Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, ведомство емтихан тапсыру мен диплом жұмысын қорғау бойынша әдістемелік ұсыныстар әзірледі. Оның алгоритмі заңнама талаптарына, БҒМ қашықтан оқытуды ұйымдастыру жөніндегі 2020 жылғы 1 сәуірдегі № 123 бұйрығына және ЮНЕСКО ұсыныстарына негізделген.

Оқи отырыңыз: Мектептерде қашықтан білім беру қалай жүргізіледі? Министр түсіндірмесі

Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленовтың айтуынша, емтихандарға қатысты студенттерді екі санатқа бөлу қажет:

  • 1, 2, 3 курс студенттері;
  • биыл оқуын тәмамдайтын түлектер.

Бірінші санатқа жататын студенттер сессияны келесі 3 жолмен тапсырады:

  • Емтиханды қашықтан тапсыру форматы;
  • Пән бойынша бағаны ағымдағы бағаларының негізінде қою;
  • "I" (Incomplete) бағасын қою арқылы емтихан тапсыру мерзімін шегеру. Бұл студенттерге емтиханды кейін тапсыруға мүмкіндік береді және оларды оқудан шығарудан қорғайды.

Әрбір ЖОО академиялық дербестік аясында таңдауды өзі жасайды.

Оқи отырыңыз: Биыл Қазақстанның білім саласында не өзгереді?

Бүгінге дейін студенттердің қашықтан оқыту форматында орындаған жұмыстарына 1,15 млн баға қойылған.

Студенттердің екінші санаты – соңғы курс студенттері.

"Егер карантиндік шектеулер алынбаса, онда диплом жұмыстары қашықтан қорғалады. Студенттер диплом жұмыстарын ақпан-наурыз айларында алдын ала қорғаған болатын, яғни негізгі жұмыс атқарылып қойған", – деді Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.

Кешенді емтихан тапсыру бойынша әрбір ЖОО келесі үш нұсқаның бірін қолданады:

  • Кешенді емтиханды қашықтан тапсыру форматында өткізу;
  • Жиынтық бағаны базалық пәндер бойынша бағаларының негізінде қою;
  • Кешенді емтиханды кешірек мерзімге ауыстыру (жазға немесе күзге).

Осылайша, ЖОО министрлік тарапынан рұқсат алмай-ақ, жиынтық бағаны базалық пәндер бойынша бағаларының негізінде қою арқылы кешенді емтихандарды өткізбеу туралы шешім қабылдай алады.

Оқи отырыңыз: Биыл мектеп түлектері қалай аттестат алады? Білім және ғылым министрінің түсіндірмесі

2018 жылы Қазақстанның жоғары оқу орындары академиялық дербестік алған, соған байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстар заңнамаға толық сәйкес келеді.

"Бүгін біз емтихан тапсыру және диплом жұмыстарын қорғау алгоритмін талқыладық. МЖМБС-на сәйкес, ЖОО емтихан өткізу түрлерін өз бетінше анықтайды. Дегенмен, қашықтан оқыту жағдайында Министрлік тарапынан әдіснамалық қолдау көрсету қажеттілігі туындайды. Ол үшін біз барлық жоғары оқу орындарымен алдын ала талқыланған алгоритмді әзірледік", – деді Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.