Жомарт Ертаев ісі: судья экс-банкирдің мүлкіне қойылған шектеуді алудан бас тартты
Алматыда аты шулы қазақстандық экс-банкир Жомарт Ертаевтың ісіне қатысты сот басталды. Онымен бірге тағы 36 адам істі болып отыр. Қатарында Bank RBK-ның бұрынғы басқарма басшылары Игорь Мажинов пен Марпу Жакубаева, DSFK басқармасының экс-төрағасы Мәди Мәмбетов, "Bank RBK" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Шарипов, Qazaq banki экс акционері Бақыт Ибрагим бар. Сондай-ақ, тергеу нұсқасы бойынша Жомарт Ертаевтың сенімді тұлғасы болған Татьяна Пак пен Айдос Құсайынов та сотталып жатыр. Бірақ олардың тек тоғызы сотталушы орындығында отырса, қалғандары кепілдікпен босатылған. Процеске отыздан астам адвокат және үш прокурор қатысуда. Қылмыстық іс 800 томға арқау болған, сондықтан, сот процесінің ұзаққа созылатын түрі бар.
Сотталушылардың толық тізімі:
- Жомарт Ертаев;
- Данияр Едигенев;
- Руслан Батурбаев;
- Данияр Туғанбай;
- Бақыт Ибрагим;
- Нұржан Жұмабаев;
- Әділжан Садықов;
- Асылбек Игильман;
- Айдос Құсайынов;
- Нұрлан Жанғазы;
- Игорь Мажинов;
- Марпу Жакубаева;
- Анар Дәулетбекова;
- Евгений Кокорин;
- Гүлдірайхан Барменбекова;
- Мәди Мәмбетов;
- Ерлан Елеусізов;
- Денис Агапов;
- Әбілқасым Мамырбеков;
- Талғат Тойшиев;
- Тимур Шарипов;
- Мирас Әуесханов;
- Әсел Керімбаева;
- Роман Имамбеков;
- Антон Алексиков;
- Арман Шукпаров;
- Ерік Исабеков;
- Әлия Бегайдарова;
- Қаламқас Ибраева;
- Александр Голдобин;
- Тимур Шлекенов;
- Әлия Мәмбетжанова;
- Асхат Бектаев;
- Кристина Шаравина;
- Татьяна Пак;
- Забира Абдраимова;
- Әйгерім Игильманова.
Бүгінгі соттың алдын ала тыңдалымында арыз-шағымдар қаралды. Басты фигурант – Жомарт Ертаевтың қорғаушысы қазіргі кезде оның анасының да мүлкіне шектеу қойылғанын айтып, судьядан бұл шешімді өзгертуді сұрады. Бірақ судья шағымды қанағаттандырмады. Істе жәбірленуші ретінде Bank RBK-ның өкілдері төбе көрсетті. Алайда сотталушылар да, жәбірленуші тарап та сұхбат беруден бас тартты.
Оқи отырыңыз: Алматыда мәслихат депутаты Әділхановқа жасалған шабуыл: сотталушылар нені қолды қылған?
Айта кетейік, Жомарт Ертаев 2011-2017 жылдар аралығында қызмет бабын пайдаланып және басқа тұлғалармен алдын ала сөз байласу арқылы RBK банкінен 144 млрд теңге жымқырды деп айыпталып отыр. Құқық қорғау органдарының мәліметтері бойынша, Жомарт Ертаев "Bank RBK" АҚ директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі болған кезінде, банктен жалған ЖШС-ға 80 млн доллардан астам сомаға қарыз алып берген және оны қайтармау үшін күш салған.
Онымен бірге бұл қылмысқа 54 адамның қатысы бар деген күдік бар. Олар – банктің топ-менеджерлері мен қатардағы қызметкерлері. Бұған дейін Бас прокуратура жымқырылған қаржының 15 млрд теңгесі өтеліп, тағы 48 млрд теңге мүлікке тыйым салынғанын мәлімдеген болатын.
2018 жылдың наурыз айында Жомарт Ертаевқа халықаралық іздеу жарияланды. Екі ай өткенде, 8 мамырда оны Ресейде сол елдің қауіпсіздік органы қызметкерлері ұстаған болатын. Бастапқыда қазақстандық қаржыгер үйқамақта отырған болса, кейіннен тергеу изоляторына қамалды. Тіпті, "босқын" мәртебесін алып, қазан айында Ресейдің Бас прокуратурасы Жомарт Ертаевты Қазақстанға беруден бас тартты. Дегенмен, араға бір ай салып қазақстандық банкир "босқын" мәртебесінен айырылды. Осыдан кейін Ресей Бас прокуратурасы Ертаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарған еді. Сөйтіп, ел ішінде "қашқын банкир" атанған Жомарт Ертаев 2019 жылдың 15 наурызында Қазақстанға экстрадицияланып, қамауға алынды. Содан бері Ертаев тергеу изоляторында отыр.
Жомарт Ертаев бұған дейін Қазақстанда "банк заңын бұзған" деген айыппен қылмыстық жауапқа тартылған болатын. 2009 жылы Қазақстан қаржы полициясы "Альянс Банктің" акционерлері мен менеджерлеріне бір миллиард доллардан көп ақшаны ұрлаған деген айып таққан. Сол кезде ұсталып, тұтқындалған Жомарт Ертаев тоғыз ай қамауда отырған. Кейін оған тағылған айып "бухгалтерлік және қаржы есебі туралы заңды бұзу" және "банк қаржысын заңсыз пайдалану" деген баптарға ауыстырылған. Сот Ертаевқа айыппұл салып, бостандыққа шығарғаннан кейін ол Қазақстандағы екінші деңгейлі басқа банктерде жұмыс істеген. Ал 2014-2016 жылдар аралығында Жомарт Ертаев "Алма ТВ" компаниясында басшылық қызмет атқарды.
Жомарт Ертаев ісіне қатысты соттың басты талқылауы 26 желтоқсанға белгіленді. Сол күні прокурорлар барлық сотталушыларға тағылған айыптарды оқып, қылмыстық істің мән-жайын тарқатады.