Соңғы кездері Қазақстанда жануарларды аяусыз ұрып-соғып, қатыгездікпен өлтіретіндердің саны көбейді. Мұндай қылмыс жасаған адамдардың жантүршігерлік әрекеті әлеуметтік желілерді де жаулап алды. Бірақ, елімізде жануарларға сес көрсеткендер үшін тағайындалатын жаза тым жеңіл. Осыған орай Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен жануарларды қорғаушылар "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасын әзірледі. Бұл құжат қазір Үкіметтің қарауында. Іnformburo.kz аталмыш заң жобасындағы маңызды ұсыныстарды тізіп шықты.

Жануарларларға зәбір көрсеткен жандар адамға да аяушылық танытпайды

Бүгінде елімізде барлық жануарларға, оның ішінде үй, жабайы және ауыл шаруашылығы жануарларына жауапкершілікпен қарау туралы бірде-бір заң жоқ. Сондықтан оларды қорғау туралы бөлек заң қажеттілігі әлдеқашан туған. Экология министрлігінің мәліметінше, елімізде жануарларға қатыгездік жасау оқиғалары адамдарға қатысты қатыгездік қылмыстардан 5 есе, мүліктік қылмыстардан 4 есе көп екен. Дәл осы жануарларға жауыздық жасап үйренгендер адамға қатыгездік танытудан да тайынбайды дейді министрлік басшылығы.

"Шын мәнінде проблема өте күрделі. Зерттеулерге қарағанда, жануарларға қатысты жасалған қатыгездік салдары кейіннен адамдарға да қатыгездікпен қарау секілді қайғылы жағдайларға алып келеді. Яғни, қоғамда психикасы бұзылған адамдардың пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Осы орайда қоғамда өнегелілік қағидаларын, барлық жануарларға жауапкершілікпен қарау нормаларын кеңінен насихаттау керек", – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Министрлік бірінші кезекте хайуанаттар бағындағы жануарларды ұстауға қойылатын талаптарды қатайтуды, жануарларды қорғаудағы азаматтық бастамаларды қаржыландыруды көздеп отыр. Сонымен бірге зоологиялық волонтерлікті қолдау және мектеп оқушылары мен студенттер арасында жануарларға жауапкершілікпен қарауды үйретуді қолға алмақ.

"Жануарларға қатыгездік көрсеткен адамдар туралы хабарламалар әлеуметтік желілерде жиі кездеседі. Алайда, бүгінде Қазақстандағы жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін тағайындалатын жаза тым жеңіл. Сондықтан, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, бірінші кезекте жануарларды хайуанаттар бағында ұстауға қойылатын талаптарды қатаңдатуды қолға алғалы отырмыз. Сондай-ақ, жануарларды қорғаудағы азаматтық бастамаларды қаржыландыру, зоологиялық волонтерлікті қолдау мен оқушылар, студенттер арасында да жануарларға жауапкершілікпен қарау идеясын ілгерілету шараларын қабылдау жоспарда бар", – деді министр.

Оқи отырыңыз: "Ит етінен ас әзірлейтін дәмханаларды жабуды ұсынбақпыз". Тоқаевқа хат жазған Брижит Бардо қорының өкілімен сұхбат

Зорлықшыларды қатаң жауапқа тарту қазір не үшін мүмкін емес?

Жануарларға қатыгездік жасағандар Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша жаза арқалайды. Ол бапта төмендегі жауапкершілік көрсетілген:

  • Жануарларға олардың өлуiне немесе мертiгуiне әкеп соққан қатыгездiк жасау, егер бұл іс-әрекет бұзақылық ниетпен немесе садистік әдiстерді қолдана отырып немесе жас балалардың көз алдында жасалса – 120 АЕК-ке (333 360 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 120 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады;
  • Адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған немесе бiрнеше мәрте жасалған дәл сол іс-әрекет – 200 АЕК-ке (555 600 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

Дегенмен, жануарларды қорғаушылар қатыгездердің қылмысын тек бұл баппен қарау қате екенін айтады. Себебі, аталмыш бапта қаскөй тек жануар өліп немесе мертіккен жағдайда ғана жауапкершілікке тартылады. Ал оларды азаптағаны және қорқытқаны қылмыс деп қаралмайды, сондықтан заңда осы мәселерді де бөлек жазып, тағайындалатын жазаны қатаңдату керек дейді мамандар.

"Бұл жаза өте тиімсіз, осы бап бойынша жануарларды жапа шектіргендерді жауапкершілікке тарту мүмкін емес. Тіпті жақында Атырауда иттің басын тоңазытқыштың есігіне қысып, азаптаған адамды да жазалай алмады. Себебі, тәртіп сақшылары өз шешімін "итке зиян тигізбеді, ол тірі қалды" деп сендірді. Бірақ, жануар сол сәтте ауырсынып, әбден қорықты ғой. Сондықтан заңда осындай жәйттің барлығын ескере отырып, мейлінше қатаңдату керек", – деді заң жобасын әзірлеуші заңгер, жануарларды қорғаушы Ольга Ченцова.

Оқи отырыңыз: Ұшақтар мен пойыздарда жануарларды алып жүру тәртібі

Жануарларды ашықтырғандар да жазаланады

Құжатты әзірлегендер жануарларды ұрып-соққандарды, өзге де күш қолдану әрекеттерімен қорғансыздардың денсаулығына зиян келтіргендерді, ұстау ережелері мен шарттарын бұзғандарды, жануарды қамқорлықсыз қалдырғандарды, сондай-ақ зардап шеккен жануарға көмек көрсетпегендерді де жаңа заң аясында жауапкершілікке тартуды ұсынды. Құжат мақұлданса, жануарға уақтылы ветеринарлық көмек көрсетпеген және ұзақ уақыт ас-сусыз ұстағандар да жазадан құтылмайтынын жеткізді.

Қолданыстағы заңнамада жануарларға арналған баспана ұғымы және оларды салу стандарттары, үй жануарларын серуендету және күтіп ұстау ережелері жоқ. Ал қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою ережелері қалалар мен елдімекендерде әртүрлі. Қаңғыбас иттерді ату процесінің өзі көпшіліктің сынына ұшырауда. Жануарлардың құқығын қорғаушылар оның орнына жануарларға арналған баспана құрып, мысықтар мен иттерді зарарсыздандыруды ұсынады.

"Қазір бізде терминология да жетілдірілмеген. Көшеде кездескен иттің барлығын "қаңғыбас" деп аулап алып кетеді. Сосын 3 күннен артық ұстамай, жануарды өлтіреді. Бұл еліміздің көп жерінде кездесетін тәжірибе. Тек Нұр-Сұлтан қаласында ғана ауланған жануарларды 2 ай арнайы орында бағып қағады. Кейін еріктілерге өтізеді, олар әрмен қарай жануарлардың иесін іздеумен айналысады. Осындай бір ізді тәртіпті барлық өңірге енгізу керек. Өйткені, ол жануар жоғалып кеткен болуы мүмкін, ұрылардың қолынан қашып кеткен болуы мүмкін. Иесі іздеп жүргенде жануарды өлтіріп тастау бассыздық", – деді заң жобасын әзірлеуші, "Inucobo" қазақстандық зооқорғаушылар қауымдастығының басшысы Лилия Сәрсенова.

Оқи отырыңыз: Астанада көшеден ит-мысық асырап алуға болмайды. Әкімшілік жазаға тартылуыңыз мүмкін

Заң мақұлданса, жануарларды ұстау кезінде келесі тыйымдар салынады:

  1. ветеринариялық анестетикалық препараттарды қолданбай, жануарларда ауырсынуды тудыратын рәсімдерді жүргізуге;
  2. жануарларды (қызметтік және аңшылық жануарларды қоспағанда) басқа жануарларға араздатуға;
  3. жануарлардың иелеріне жануарларды арнайы орынға орналастырылғанға дейін немесе басқа заңды жолмен иеліктен шығарылғанға дейін оларды күтіп-бағу жөніндегі міндеттемелерін орындаудан бас тартуға;
  4. жануарлардың төбелестерін ұйымдастыруға және өткізуге;
  5. жануарлардың жарақаттануына немесе өліміне әкелетін ойын-сауық шараларын ұйымдастыру және өткізуге;
  6. жануардың жарақаттануына, мертігуіне немесе өлуіне әкеп соғатын құралдарды пайдалануға;
  7. иттер мен мысықтарды өнімдер мен шикізат алу үшін пайдалануға, сондай-ақ осындай өнімдерді сатуға;
  8. қараусыз қалған жануарларды, қоғамдық қауіп төндіретін, оның ішінде құтыру ауруының айқын белгілері бар жағдайларды қоспағанда, кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен аулауға;
  9. жануарға өздігінен эвтаназия жасауға;
  10. жануарларға қатыгездікті насихаттауға тыйым салынады.

Кейбір хайуанаттар бағындағы және цирктердегі жануарларды күтіп-ұстау ережелерінің қаталдығы азаматтардың ашу-ызасын тудыруда. Сондықтан, ззобақтар мен цирктердегі жануарларды мәдени, ойын-сауық, демонстрациялық және қызметтік мақсаттарда пайдалану кезіндегі талаптар да бөлек жазылған. Заң жобасында қызмет көрсететін жануарларды ұстауға қойылатын талаптар, үй жануарларын ұстау және серуендету кезіндегі ережелер де қалыс қалмаған. Әрі жануарларды аулау қызметтерінің жұмысына қатысты талаптар, жануарлардың баспаналарында жануарларды ұстау ерекшеліктері, тасымалдау ережесі бар.

Оқи отырыңыз: Мысықтарға арналған дәмхана мен қонақ үй Астанада ашылды (фоторепортаж)

"Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң қандай оң нәтиже береді?

Заң жобасын ұсынушылар құжат қабылданса жануарларға қастық қылатындар азаятынына сенімді. Сондай-ақ жаңа заң:

  • Қазақстанның прогрессивті, заманауи мемлекет ретіндегі имиджін нығайтады;
  • Азаматтардың құқығына кепілдік береді;
  • Барлық тіршілік иелеріне адамгершілікпен қарауға тәрбиелейді;
  • Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамдағы агрессияның деңгейін төмендетеді;
  • Қоғамдық қауіпсіздікті нығайтады.

Өз кезегінде Экология министрлігі халықтың жаңа заң жобасы бойынша барлық ұсыныстарын қарауға және талқылау кезінде ескеруге дайын екенін жеткізді. Заң Мәжіліске қоғамның мақұлдауынан өткен соң ұсынылады.