Интернеті болмаса, жаңа тұрғын үй кешендері пайдалануға берілмейді. Цифрландыру мәселесі қашан шешіледі?
Пандемия Қазақстандағы білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту саласындағы цифрландыруда көп проблема барын көрсетті. Әсіресе, интернет сапасының төмендігі, тіпті, кей елді мекендерде мүлде жоқтығы көп салаға кедергісін келтірді. Сондықтан, алдағы уақытта елді жаппай ғаламтормен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінбек. Бұдан былай халықты сапасыз интернетпен қамтыған телекоммуникация операторлары қызметіне қомақты айыппұл салу көзделуде. Әрі жаңа тұрғын үй кешендерін интернетсіз пайлануға беруге тыйым салынады. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында өткен үкімет сағатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді. Оның айтуынша, интернеттің төмен сапасының бірқатар себебі бар:
- Интернет сапасына қатаң заңнамалық талаптардың болмауы.
- Телекоммуникация желісінің 90%-ы радиожиілік желіде, әуе байланыс арналары бойынша салынған.
"Телекоммуникация операторлары қызметі дұрыс болмағанда төмен айыппұл салынады. Яғни, қазір тек 100 АЕК көлемінде ғана айыппұл сала аламыз. Президентпен кездесуде тапсырылған сұрақ, радиожиіліктердің латифундизмі. Ол дегеніміз, кіші телеком операторлар өздеріне радиожиіліктерді алып, оларды қызмет көрсету үшін қолданбауда. Радиожиіліктерді табиғи ресурс болғандықтан, тиімді қолдану маңызды мәселе. Біз арнайы аудит жасап, қолданбайтын жиіліктерді мемлекетке қайтарып алуды жоспарлаудамыз", – деді Бағдат Мусин.
Оқи отырыңыз: Мыңға жуық ауылда интернет жоқ. Шалғай елді мекендер қашан цифрланады?
Қазақстанда интернет сапасы қалай жақсарады?
Көрсетілген проблемаларды ескере отырып, Бағдат Мусин елдегі интернет байланысын жақсарту үшін, тиісті заңнамаларға келесі өзгерістерді ұсынбақ:
- Сапалы шешім және бақылау міндеттерін атқару үшін, телекоммуникация желілерінің басты схемасы әзірленеді. Бұл ақпаратты операторлар автоматты түрде беруі керек;
- Интернет сапасына қойылатын талаптар белгіленеді және көрсетілген қызметтердің сапасына бақылау күшейтіледі;
- Радиожиіліктерді бөлудің жаңа стандарттары бекітіледі;
- Тұрғын үй кешендерін интернетсіз пайлануға беруге тыйым салынады;
- Ұялы байланыс ұйымдары үшін бөлінген радиожиіліктер үшін төлемақының жылдық мөлшерлемесін 90%-ға қысқарту арқылы ауылдық елді мекендерде кең жолақты ұтқыр байланыс желілерін салуға арналған қаражатты қайта инвестициялау мақсатында салықтық преференциялар беріледі;
- Салалық заңнама талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдар сомасы ұлғайтылады.
"Интернет сапасына халықтық бақылау жүргізу үшін 10 қыркүйектен бастап Bailanys bar сервисі іске қосылды. Кез-келген азамат смартфоны арқылы интернеттің нақты кемшіліктерін оңай түрде бізге жолдап отыруға мүмкіндік алды. Қазіргі уақытта 50 мыңнан астам адам бұл сервиспен қолданды. Мемлекеттік бақылау мақсатында жылдың соңына дейін 17 жылжымалы өлшеу кешендерін сатып аламыз. Нәтижесінде, халықтық және мемлекеттік бақылаудың деректері бір жүйеге жиналып, ары қарай операторлармен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие боламыз", – деді Бағдат Мусин.
Оқи отырыңыз: Қашықтан оқудың кемшілігі не? Қазақстандықтардың жартысына жуығы бұл форматқа қарсы
Халық интернетпен қалай қамтамасыз етіледі?
Қазір Қазақстанда 6 459 елді мекен ішінде 118 қала мен 4 558 ауылы ADSL, FTTx, 3G және 4G технологиялары бойынша интернетпен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін 5 331 елді мекенді ғаламторға қосу жоспарлануда. Телеком операторларымен бірігіп интернет желісін дамыту үшін екі ауқымды жоба іске асырылуда.
"Бірінші жоба – Мемлекеттік жекеменшік серіктестік механизмі арқылы оптикалық интернетті шалғайдағы ауылды жерлерге тарту. Жоба бойынша 2,4 млн адам тұратын 1260-қа жуық ауылға интернет желісі тартылуда. Егер 2018 жылы 56 ауылға оптикалық линия тартылса, биылғы жылы 944 ауыл қосылатын болады. Бұл жобаға шамамен 75 млрд тенгеге жуық инвестиция тартылған. Жоба аясында 3 700 мемлекеттік орган мен бюджеттік мекемелерге байланыс жеткізілді. Мысалы, ауылдарға су мен газ тартылғанда бірінші магистральді үлкен құбырларды жеткізеді. Ал ауыл ішінде тұрғындарға тарату ол бөлек жұмыс. Дәл осы принциппен интернет те тартылады", – деді Бағдат Мусин.
Ал, екінші жоба 250 адамнан көп тұрғыны бар 928 ауылды 3G, 4G және басқа технологиялар бойынша мобильді интернетпен қамтуды көздейді.
"Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендерде сымды телефония қызметі және пошта қызметтері жыл сайын 8 млрд теңгеге субсидия алуда. Біз енді интернеттің ауыл үйлеріне дейін жеткізу үшін телеком операторларға мотивация ретінде оптикалық байланыс және басқа да технологиялар арқылы қосылған интернетті үйлеріне дейін жеткізуді субсидияландыратын боламыз. Нәтижесінде, бұл ауыл адамдарына қазіргі заманғы көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді", – деді Бағдат Мусин.
Оқи отырыңыз: "Заңнама жүйесін жетілдіру қажет". Төтенше жағдай сабақтары туралы сарапшылар пікірі
Мемлекеттік органдардағы цифрландыру мәселесі қалай шешіледі?
Министрдің айтуынша, бүгінде мемлекеттік органдарды цифрландыруда да бірқатар проблемалар бар. Бұл бірінші кезекте IT мамандарының әлсіздігі. Талдау көрсеткендей, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың IT құрылымдық бөлімшелерінде 500-ден астам қызметкер бар. Олардың 50%-дан астамы ІТ саласында мамандандырылмаған. Бұл мемлекеттік органдардағы аз жалақыға байланысты дейді Мусин. Екіншіден, талдау мен IT-архитектурада жүйелі тәсілдың жоқтығы да өзекті мәселе болып отыр.
"Мемлекеттік органдарды цифрландыру проблемаларын жүйелі шешу үшін бірінші, кадрлрлік біліктілік мәселесін шешу керек. Сегіз мемлекеттік органда қазір цифрлық вице-министрлер бекітілді. Бірақ олармен жұмыс атқаратын 500-ден астам адамның орташа жалақысы 150 мың теңгені құрайды. Олардың деңгейін де көтеру керек. Сондықтан біз 1 млрд теңге қоры бар цифрлық құзыреттер орталығын ашамыз. Онда жүйелік талдау, процестердің реинжинирингі, деректерді басқару және басқа бағыттарда осы қызметкерлердің біліктілігін арттырамыз. Қызметкерлер цифрлық KPI орындаған кезде, арнайы қордан жалақысына бонус алатын етіп, мотивация енгіземіз", – деді Бағдат Мусин.
ІТ саласында еңбек ететін мамандарға қандай жағдай жасалады?
Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы ІТ мамандықтары бойынша білім алған мамандардың көпшілігі бұл салада қалмайтындығын айтты. Білім министрлігінің мәліметі бойынша Жоғары оқу орындарында жаңа оқу жылына Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандықтарына 8,5 мыңнан аса білім гранты бөлінген. Сенатор 4 жылдан соң оқу орнын бітіретін осы кадрлардың ертеңгі күні өңірлерді де, оның ішінде облыс орталықтарында цифрландыру саласында жұмыс істеуі үшін жағдай жасау керек дейді.
"Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, Цифрландыру саласында алдыңғы қатардағы мемлекеттер - АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея жаңа перспективті технологиялар бойынша сапалы маман даярлау міндетіне ерекше ден қойып отыр. Бізде "Педагог мәртебесі туралы" заңды қабылдай отырып, мұғалімдердің жағдайы көтерілді. Ал енді, мемлекетіміздің экономика саласы ғана емес, барлық саласын дамытуда ерекше роль атқаратын, цифрландыру заманының мамандарына да, заңдық тұрғыдан арнайы қолдау қарастыру қажет деп ойлаймыз", – деді Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы.
Оқи отырыңыз: Асхат Аймағамбетов: Оқушыларға 80 мыңға жуық компьютер мен планшет сатып алынады
Компьютерлік техникалар бағасын шарықтатқан монополистерді тексеру керек
Үкімет сағатына қатысушылар елдегі цифрландырудың қазіргі жағдайын, интернетпен қамтамасыз ету және аймақтардағы ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін талқылады. IT сарапшы Тимур Бектұр цифрландыру деген жай ғана әдемі сөз емес, ол әбден қалыптасқан процестің автоматтануы, сондықтан оны нақты модельмен көрсету қажет деді. Ол облыс әкімдіктері тіпті әкімдер әлі күнге дейін цифрландыру дегеннің не екенін толық, жете түсінбейтінін сынады. Әрі пандемияға байланысты оқушыларды компьютерлік құрылғылармен қамтамасыз етудегі өзекті мәселені шешуді ұсынды.
"Бір ғана Маңғыстау облысының өзіне оқушылар үшін 14 мың компьютер сатып алуға 4 млрд теңге қаражат бөлінген. Соның өзінде отбасында 2-3-4 мектеп оқушысы бар отбасылар өздеріне компьютер жетпегенін алға тартады. Осы жерде компьютер жеткізуші мердігер компания қалай таңдалғаны, компьютерлердің техникалық сипаттары мен параметрлері, олардың таратылу жолдары ашық болса деген сұранысымыз бар. Карантинге байланысты елдің компьютерге, ноутбукке, планшеттерге сұранысы күрт артты. Нәтижесінде компьютерлік техникалар бағасы шарықтап кетті. Әрине, мемлекет жеке бизнес сегменті мен нарық бағасына тікелей бұйрығын жүргізуге қақысы жоқ. Алайда, кризис жағдайын пайдаланып, халықтың қалтасына түсіп жатқан монополист компанияларға регуляция жасалуы немесе бағаны өсірмеу туралы уақытша меморандумға отыруға бола ма екен?", – деді Тимур Бектұр.