Алматы облысында қытай жұмысшылары мен қазақ жігіттері арасындағы қақтығысқа байланысты қамауға алынғандарды туыстары кепілмен шығара алмай отыр. Заңгерлердің айтуынша, сот әу баста әрқайсысына 5,5 миллион теңге немесе соған пара-пар мүлік кепілге қойылса, 5 азаматты да үй қамаққа шығаруға мүмкіндік барын айтқан. "Бірақ, тергеуші кепілге қойылатын мүліктердің құжаттарын көзге ілмей отыр", – дейді күдіктілердің туыстары. Сондай-ақ, олар тағылған айыптармен де келіспейді. Бұл туралы бүгін Алматыдағы Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның баспасөз орталығында өткен жиында мәлім болды. "Қытайлықтарды сабады" деген күдік тағылғандар – Берікбол Ырысалдинов, ағайынды Салқан мен Еркін Сарқыттар және Бейбіт пен Нұрбол Мұхамедәлиндер.

Бесеудің үстінен Қылмыстық кодекстің төмендегі баптары бойынша іс қозғалған:

  • 293-бап, 3-тармақ (қару қолдану арқылы бұзақылық жасау);
  • 106-бап, 2-тармақ (ауыр дене жарақатын салу);
  • 107-бап, 2-бөлім (орташа ауыр дене жарақатын салу)

Күдікке ілінгендердің құқықтарын екі адвокат қорғап жатыр. Олар бір жарым айдай тергелген іс алдағы аптада сотқа жіберілуі мүмкін екенін айтты.


Адвокат Төлеген Берліқожанов / іnformburo.kz фотосы

"Бұл негізінен орта дәрежеге жататын қылмыс. Сондықтан сот күдіктілердің жеке басына, мінез-құлқына және істің болу себебіне байланысты қарап, қамаумен ұстамау шарасын қолдануға болар еді. Оқиға 8 қазан күні болды, 10 қазанда Ақсу аудандық соты оларды екі айға қамау туралы үкім шығарды. Бесеуін де «бұзақылық» бабының үшінші бөлігімен, яғни қолына қару алып бұзақылық жасады деп айыптап отыр. Олардың қару ұстап төбелескеніне еш дәлел жоқ. Негізінен бұл жердегі іс-әрекетті екінші бөлікпен саралау керек еді. Әрине, келіспейміз, қарсы арыз хаттар жазып жатырмыз. Істе қарама-қайшылықтар көп", – деді адвокат Төлеген Берліқожанов.

Қорғаушының сөзінше, жәбірленушілердің үшеуі орта дене жарақатын алса, қалған 11-і жеңіл жараланған. Олардың барлығы осыдан бір ай бұрын өз отандарына қайтарылған. Сотқа тек осындағы өкілдері қатысуы мүмкін. Адвокат жәбірленушілердің Қытайға кетіп қалуына байланысты істің әділ қаралуы күрделенеді деп күдіктенеді.

Оқи отырыңыз: Қытайдан қашқан қазақтар: Қастер мен Мұрагердің жайы қалай?

Қоғам белсенділері не дейді? Ал қоғам белсенділері қытайлардың төбелесті өздері бастағандарын айтып, қамауға алынған қазақтар бұл әрекетке ұлтжандылық пен намыс үшін барғанын жеткізді. Әрі олар төбелесті бірінші болып бастап, қазақ жігітін соққыға жыққан 3 қытай азаматының тек әкімшілік кодекстегі "бұзақылық" бабы бойынша жеңіл жазамен құтылғанына ашынды. Ал 5 отандасымыздың ауыр баптармен қамауға алынғаны жиналғандарды қынжылтты.

"Қазақ жігітін ұрған үш Қытай азаматы Ескелді ауданының тергеу изоляторында 10 тәулік жатты. Кейін оларды Қазақстан аумағынан шығарып жіберді. Біздің бес азаматымызға 3 бап бойынша тағылған айыптарды сол үш азаматқа да тағуға болатын еді. Бұзақылық дерегі мен дене жарақаты бар", – деді Тәуелсіз бақылаушылар қозғалысының белсендісі Әсет Оңалбаев.

Оқиға неден басталды? 7 қазан күні Алматы облысында жол салып жатқан қытайлық "Citic Construction" компаниясының базасында қазақ-қытай жұмысшылары жанжалдасқан болатын. Салдарынан Қытай азаматы – этникалық қазақ жапа шегеді. Келесі күні мұны естіген бес жергілікті тұрғын Қытай азаматтарын соққыға жығады. Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазақстандық азаматтар соққыға жыққандардың арасында бірінші қақтығысқа қатысушылар болған жоқ. Адвокат Төлеген Берліқожанов болса, аталған оқиғадан саяси астар іздеудің қажеті жоқ деп санайды. Бұл оқиғадан соң "Citic Construction" ЖШС-не тексеру жүргізіліп, нәтижесінде Қытай Халық Республикасының 70 азаматының заңсыз жұмыс істеп жүргендігі анықталды. Олар көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстаннан шығарылды.

Оқи отырыңыз: Этникалық қазақтар елге оралады. Қытайдың бұл шешіміне не түрткі болды?

Жиында көтерілген басты мәселеге орай іnformburo.kz тілшісінің қойған сауалына Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сүйеніп, сотқа дейінгі тергеу мәліметтерін жариялаудан бас тартты.