Қытайдың Орта Азиядағы, оның ішінде Қазақстанға қарағандағы саясаты өзгеріп жатыр ма?
Қазір саудамен, емделуге бару үшін визаларды алуға Қытай жақтан арнайы шақырту керек.
Оның үстіне қаржылық жағдайыңызды дәлелдеуді де талап етеді. Кейде сол талаптарды орындағаныңызға қарамай, виза берілмейді. Жалпы қазақ-қытай қатынасы қазір қалай дамуда? Соны бір шолып өтелік.
Оқи отырыңыз: Қытайдың "әлемді жаулау" идеясы қалай жүзеге асырылып жатыр?
Виза ала алмаған азаматтар ҚР Сыртқы істер министрінен көмек сұрап жатыр
– Емделу үшін Қытайға кіруге виза ала алмай отырмын. Қанша тырыссақ та нәтиже болмады. Қытайдың сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарына жеке саяхат визасын беруді 2016 жылдан бастап тоқтатыпты. Топтық визаны алу да ыңғайсыз. Біздің Сыртқы істер министрлігі де осыған сай шаралар қолдануы керек, – деп жазған Марат Әбдурахманов ағамыз өз фейсбук парақшасында.
Тіптен, осы мәселе бойынша ҚР Сыртқы Істер Министрлігіне хат та жолдаған.
Оқи отырыңыз: Қытай қаупі әлемдік тақырыпқа айналды. "Барлық бәле Қытайдан" деу дұрыс па?
Қытай қазақстандықтарға виза берудің жаңа тәртібіне көшті
Бұны Қытайдың Қазақстандағы елшілігі енгізіп отыр. Былтырғы 30 маусымынан басталыпты. Енді бұрынғыдай емін-еркін виза ала алмайсыз.
Осы мәселе бойынша Қытайдың Астанадағы консулдыгына барып, зерттеп қайтқан болатынбыз.
Мысалы, енді жеке мақсатпен виза алу үшін де Қытай тарапынан шақырту керек екен. Сонымен бірге банктен 5000 доллардан кем емес аманат ақшаңыздың барлығын дәлелдейтін анықтама талап етіледі. Ал емделуге баратындар үшін бұл сома 10000 доллардан кем болмауы керек деп көрсетілген.
Оқи отырыңыз: Қытай несиесіне Қазақстанда 1841 шақырым жол жаңартылып жатыр
Тағы бір қосылған жаңа талаптардың бірі – сотталмағаныңыз туралы Бас прокураның анықтамасын сұрайды. Тіптен Халыққа қызмет көрсету орталығынан алған жәй анықтама емес, мемлекеттік елтаңба суреті бар көк қағаз болмаса, қабылданбайды.
"Жеке виза беру тоқтатылған" дейді елшіліктің есігін тоздырғандар
– Елшілік қызметкерлері ішкі бұйрықпен осылай басқарылады. Топтық виза алуға да жаңа шектеулер кіргізіп жатыр. Сол мәселе туралы ҚХР елшігіне хабарласып сұрақ та қойдым. Олар ешқандай мәлімет бере алмаймыз деп айтты. "Саяхатшыларға қызмет көрсету кәсібі осы мәселе тұралы Қытайда ішкі бұйрықпен сәйкес сондай болып кетті" деп жауап берді, – дейді емделу үшін виза ала алмаған Марат Әбдурахманов ағамыз.
Оқи отырыңыз: Ақпараттық соғыста Қытай неге ұтылып жатыр? Қазақстанға одан пайда бар ма?
Қытайға туысшылап баруға да шектеулер енген
– Бұрын туған жеріңіз Қытай екені көрсетіліп тұрса немесе мұһажірлік (Қытайда туған шетел азаматтарына, шет елдегі қытай қандастарға берілетін статус – автор) куәлігіңіз болса, виза аштыру үшін ешқандай шақырту керек етпейтін. Енді бұл тәртіп Қазақстан азаматтарына алынып тасталған, – дейді қоғамдық белсенді Сұлтан Бектұр (аты-жөні өзгертіліп алынды).
Оқи отырыңыз: Қытайдың құпия лагерлерінің шынайы кеспірі. ВВС тілшісі зерттеуінің ізімен
Енді туысшылау визасын аштыру үшін де шақыртуды талап етеді. Бұрын Қытай азаматы болғаныңызға да қарамайды. Қытайдағы туыстарына хабарласып, "Шақыру" жіберу сұрағандар виза ала алмай отыр. Өйткені туыстары оны ауыл, аудан, сақшы бөлімі секілді 4-5 орынның рұқсатымен ғана жібере алады екен.
Қытайдағы саяси қысымның күшеюіне байланысты кей туыстар "Шақыру" жіберуден де қорқып отыр. Себебі, соны сылтауратып соттап жіберуі мүмкін.
Қытай елшілігі сайтының қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ
Қытайда зат қымбаттап, жұмыссыздық өршіген
2017 жылы Қытайда өткен Компартияның 19 Құрылтайынан кейін саяси тәртіп қатая бастағаны белгілі. Бұған қатысты айтылатын тағы бір себеп, мұнда зат бағасы соңғы 2-3 жылда екі-үш еселеніп өсіп кетті.
Сонымен бірге, еңбеккүш нарығы да тұрақсыз әрі қымбаттаған. Оған миллиондаған түрлі тұрпаттағы компаниялардың жабылғанын қоссаңыз, жұмыссыздық деңгейінің өскенін байқауға болады.
Қытайдағы заңсыз құрылыстарды бұзу мен мигранттарды тазалау шарасы
2017 жылы қаладағы заңсыз салынған құрылыстарды бұзу және заңсыз мигранттарды шығару операциясы да халықтың билікке деген өшпенділігін тудырғаны белгілі. Милиондаған тұрғындар баспаналарынан айырылып, жұмыссыз қалды. Бір Бейжің қаласынан 3 миллионға жуық халық қуып шығарылған.
Бұл шараның соңы үлкен қалаларда он мыңдаған адам қатысқан ереуілдерге ұласты. Тіптен Гонконг тұрғындары да баспанасыздарды қолдап ереуілге шықты.
Бейжің қаласынан басталған аталмыш "Тазалау" шарасын халықаралық ұйымдар да айыптаған болатын.
Қытай Қазақстаннан неге сақтанып отыр?
Орта Азия – орыс, қытай, парсы, түркі және еуропаның түйскен жеріне орналасқан стратегиялық-саяси маңызы өте жоғары өңір.
Оның үстіне мұнай, газ, уран, түсті және қара металдар қоры әлем бойынша алдыңғы орында тұратын бай, алып байтақ.
Ендеше осындай геосаяси маңызды аймақтағы ықпалын сақтау мен күшейту – әлемдік басшылыққа ұмтылған елдердің негізгі мақсаты екені белгілі. АҚШ еліне Трамп бастаған жаңа топтың билікке келуі мен Қытайдың жаңа саяси бағытта өз әуенін көтере бастауы Қазақстан бастаған Орта Азияның рөлін тіптен көтеріп жіберді.
Біріншіден, АҚШ-тың әскери базаларының Ауғанстанда тұруы – Қытайды қатты алаңдатып отыр. Себебі, Ауғанстанмен шекаралас Қытайдың Шынжаң Ұйғұр автономиялы өлкесі – мазасыз аймақ есептеледі. Енді АҚШ Қазақстанмен де байланысты күшейтіп жатыр. Бұл да олардың мазаларын қашыратыны анық.
Екіншіден, Қазақстан – түркі дүниесіндегі мықты елдердің бірі ретінде танылып келеді. Қытайдағы ұйғұр, қазақтарды қолдауы мүмкін деп қарайды. Оның үстіне түркі мемлекеттердің өзара барыс-келісінің күшеюі де Қытайдың Қазақстанға деген сенімін азайтқан секілді.
Үшіншіден, Қазақстандағы салафиттік және уахабилік бағыттағы діни топтардың көбеюі де Қытайдың назарына ілінген.
Қытай – өзінен өзі қорқып отырған ел
Біріншіден, Қытайдағы сыбайлас жемқорлыққа күрес кезінде мыңдаған өте үлкен дәрежедегі саяси тұлғалар да, қаржыгерлер де, кәсіпкерлер де жазаға тартылды. Алайда олардың қолдаушылары әлі де биліктің маңайында. Кез келген уақытта Ши Жинпиң бастаған жаңа басшылықтан кек алуы мүмкін. Міне, бұл партия мен биліктің өз ішіндегі саяси бақталастықты күшейтіп жіберді. Бұл туралы жазған болатынбыз.
Екіншіден, Қытай билігі сақтық пен қауіпсіздікті қорғау үшін экономиканы құрбандыққа шалады. Неше жүз мыңдаған зауыттар жабылып, шел елдермен сауда барыс-келісі қысқара бастады. Жүз мыңдаған қонақ үйлер мен сауда базарлары босап жатыр. Соның кесірінен ондаған милиион адам жұмыссыз қалуда.
Үшіншіден, Қытай демократтарының саны күрт артып келеді. Бейресми мәліметтерге қарағанда 35 пайыздан асып кетті деп есептеледі. Басты себеп шетелде білім алған қытайлар мен шетелмен жұмыс жасайтын кәсіпкерлердің қазіргі биліктің экономикалық және демократиялық үрдісіне көңілі толмауында. Оған шетелде тұратын қытай қандастарының әсері де қатты.
Төртіншіден, Қытайдың ішкі жағында Тибет, Монғол, Ұйғұр мәселесіне енді оңтүстік Қытайдағы Мияу ұлты мәселесі тағы қосылды. Ұлттық азшылыққа қарсы қолданылып отырған ұлттық және діни саясаттың барынша күшеюіне байланысты араздық қатты өршіп отыр.
Бесіншіден, билікке қарсы ереулдер мен қарсылықтың көбеюі де сақтануға мәжбүрлейді. Себебі, қандай да туындаған бір үлкен жағдай шетелдік күштер әсер ететін болса, әлеуметтік жағдайдың тым төмендеуінен халық арасындағы тұрақтылықты ұзақ уақыт ұстап тұра алмауы мүмкін. Халық санының өте үлкен болуы да басқаруға қолайсыздық тудырады. Ал, оларды елдің іші-сыртындағы арандатушылар пайдаланып кетуі де мүмкін.
Қытай Қазақстанмен барынша достық байланыста болуға тырсады, бірақ...
Қытай – Қазақстан үшін шикізат байлығын сататын алып базар. Ал Қазақстан – Қытай үшін батысқа шығатын үлкен қақпа. Қытайдың Еуропа елдеріне, Ресей мен Иранға бағытталған жүк тасымалы Қазақстан арқылы өтеді. Бұл үшін Қытай милииардтаған қаржы салды.
Оның үстіне Қазақстанның көмірсутекті шикізаттарына салған қаржысы да өте көп. Тіптен, Қазақстанға ондаған миллиард АҚШ доллары болатын қарыз да беріп отыр. Басқа салаға да инвестиция салып жатыр.
Жиаң Зымин (Цан Цземин) Қытайға төраға болған кезде Қазақстанмен достық, сауда барыс-келіс қатты дамыды. Алайда қазіргі төраға Ши Жинпиңнің (Си Цзиньпин) екінші кезек міндеті кезінде бұл байланыстың кеміп, кері кете бастағаны да жасырын емес. Үрімжідегі жүздеген қонақүйлер бос қалып, базарлардағы сауда жүрмей қалды. Енді, тіпті, саудагерлердің Қытайға кіріп-шығуы тоқтап жатқанына куә болып отырмыз.
Бұл Қытай мен Қазақстандағы бизнесмендерді де тығырыққа тірееді. Екі ел арасындағы өзара достық, көршілік қатынасқа да салқын леп әкелді.
АҚШ Қытайды жан-жақты құрсаулағысы келеді
Әлемдік аренада көш бастауға талпына бастаған Қытайдың экономика арқылы әлемді жаулау саясатын ұстанғаны да белгілі. Алайда соңғы үш-төрт жылдан бері оның тым "өзімшілдік саяси бағыты" әлем елдерінің іштей болса да қызғанышын, наразылығын тудырып отыр.
АҚШ ең алдымен Тайванды сенімді серіктес ретінде танып, 1,3 млрд АҚШ долларлық қару-жарақ саудасын жасасты. Ашық түрде Қытайға қарата көзір ретінде пайдаланып отыр.
Сонымен қатар Қытай мен Жапон арасындағы "балықшы арал" мәселесінде АҚШ жапондарды қолдады. Бұдан сырт Филиппин, Вьетнам, Малайзия, Индонезия елдерімен де барынша жақсы қарым-қатынас жасады. Тіптен Қытай мен Филиппин елі арасындағы даулы "Қуаңяндау" аралына әскери база орнатуға тікелей көмектесті.
Әрине, АҚШ Қытайдың шығыс және оңтүстік көршілерімен байланысты күшейту арқылы белгілі мақсаттарға жетті. Атап айтқанда Қытайдың теңіз жолы тарылды.
Сонымен бірге Үндістан мен Пәкістан арасындағы дау да саябырсыды. Үндістан мәселесінде Қытайға сүйенгісі келген Пәкістан саясаты да өзгере бастады. Қытайдың Пәкістан арқылы теңізге дейін жол салу жоспары да жүзеге аспауға айналды. Тіптен, Пәкістан Қытай инвестициясын да қорғанымпаздықпен қабылдайды.
Осылайша АҚШ Қытайдың шығыс және оңтүстік теңіз жағалауын құрсаулау мүмкіндігіне ие болды.
Қытай Ресейді АҚШ қысымына бірге қарсы тұруға шақырып отыр
АҚШ пен Қытай әлемнің бірінші және екінші экономикасы ретінде танылған. АҚШ-тың өз орнын сақтап, әлемдік сахнадағы беделін көтеру үшін де жанталасып жатқаны белгілі. Әсіресе, экономикалық салаға барынша назар аударады.
Дональд Трамп Қытайға сапары барысында жүздеген миллиард АҚШ долларына тең экономикалық келісімдерді жасады. Десе де Қытайдың АҚШ-тың өтінішіне қарамай Солтүстік Кореяға көмек қолын қайта-қайта созуы да оның қытығына тиіп отырғаны түсінікті. 2017 жылы Трамп Қытайдың Солтүстік Кореяға мұнай өнімін тасыған Гонконгтың екі кемесін тілге тиек етіп, ренішін білдірген болатын.
АҚШ Ресейге қарата түрлі экономикалық шектеулерді кіргізді. Енді АҚШ базарына кіретін Қытайдың заттарына да түрлі шектеулер қоя бастады. Дональд Трамптың билік басына келуімен бірге АҚШ өз өндірісін қорғау үшін Қытайдың күн энергиясы батереясының, санды техникалық құралдарының ел ішіне кіруіне шектеу қойды.
Оның үстіне АҚШ-тың Қытайға көрші елдермен әскери байланысының дамуы және өз әскери базаларын Қытайды айнала құра бастауы да алаңдатып отыр. Осыған орай Ресейдегі Қытай елшілігіндегі әскери атташесі, генерал-майор Куй Яньвэй 2018 жылы 22 қаңтарда мәлімдеме жасап, Ресейді бірлесе отырып АҚШ қысымына қарсы тұруға шақырған болатын.
Айдос Сарым: "...Мен Қытайдан кемі үш ірі проблеманы көріп отырмын"
– Ал Қытайдың ішкі мәселесіне келетін болсақ, оның өз проблемалары өзіне жетіп жатыр. Мен кемі үш ірі проблеманы көріп отырмын.
1. Коммунистік пен капиталистік формат арасындағы қайшылық. Қытай коммунистері өздері қалағандай коммунистік партияның монополиясын қаншалықты ұзақ ұстай алады? Капиталистік қатынастар бірте-бірте коммунистік идеалдар мен идеяларды шайып жатыр. Ерте ме, кеш пе екі арада бір дүниетанымдық қақтығыс болады.
2. Байлық пен кедейлік мәселесі. Қытайдың дамыған бөлігі негізінен оңтүстік-шығыс аймақтары. Сол жақтағы даму деңгейі –солтүстігі, орталығы, батысы үшін бір жағынан арман болса, екінші жағынан қызғаныш тудырып отырған фактор. Оны Қытай үкіметі жақсы түсініп те отыр. Сол аймақтарға қыруар қаржы да салып әлек. Бірақ олардың тиімділігі ешқашан да оңтүстік-шығыстағыдай бола алмайды. Кедейлік шекарасы Қытайдың дәстүрлі "бидай алқабы" мен "күріш алқабы" арасында өтіп жатыр. Бұл орасан зор аймақтық диспропорцияларды тудырып, жұрттың ашу-ызасын қыздырады. Қытай үкіметінің осының алдын алуға қауқары жете ме, жоқ па? Оны дөп басып айту қиын. Бірақ, мықтап кірісіп, жан бере кірісіп жатыр. Бұл – айналып келгенде, елдің қалу-қалмауының мәселесі.
3. Жемқорлық. Бүгіндері Қытай үкіметі бұл мәселені нөмірі бірінші проблема ретінде қарастырыпта жатыр.Бірақ үлкен мүмкіндіктер үлкен жемқорлықты тудырып отыр. Елдегі миллионерлер мен миллиардерлердің саны күн санап артып жатыр. Нарыққа бір қажетті нәрсені ойлап тауып, бір түйірден сатсаң бір күнде миллиардер болатын мүмкіндігің бар. Бұл, әрине, көрсеқызарлықты да, жеңіл жолмен ақша табуға деген ынтаны да оятады. Бұған төтеп беру аса қиын дүние. Елдегі біраз дүмпулер мен толқулар негізінен осы жемқорлықтың кесірінен туындап жатыр деп білемін.
Қытай экономикалық дамудан қауіпсіздікті басты орынға қойып отыр
– Қытайдың ішінде де, сыртында да "Болашақта Қытай деген біртұтас ел болмайды, түбі ыдырап, конфедерацияға айналады" деген де көзқарастар бүгінде қызу талқыланып жатыр. Қай болжамның іске асатынын алдағы жылдар көрсете жатар. Біздер қай Қытаймен болса да дұрыс қарым-қатынас орнатуға дайын болуымыз керек. Қытайдың ыдырығаны бүгін ешкімге де тиімді емес. Сондықтан да барша батыс елдері Қытайды ұнатпаса да онымен қарым-қатынас орнатуға мүдделі болып отыр. Және де Қытайдың Батыс елдерімен экономикалық қарым-қатынастары деген фактор бар. Оның қасында Ресей де, Орта Азия да ойнап қалады, – дейді Айдос Сарым.
Мысалы, Шынжаңдағы сауда сарайлары мен қонақ үйлер бос қалуда. Оның үстіне көптеген зауаттар жабылды. Енді шет елден келетін саудагерлерге виза беру мәселесін де қатайтып отыр. Тіптен шет елмен сауда-экономикалық, туыстық байланысы бар азаматтарға сенімсіздікпен қарауда.
Міне, бұдан Қытайдың экономикалық өсімге қарағанда сақтыққа, қауіпсіздікке баса мән беріп отырғанын аңаруға болады.
С5+1 байланысы арадағы байланысқа әсер ете ме?
– Бәрі де өзімізге байланысты. Біздің біріккеніміз ең алдымен біреуді мұқату үшін емес, біреуді қирату үшін емес. Біздікі амал жоқтық, жан сауғалау жолы. Біздің біріккеніміз – аман қалуымыздың, жұтылмауымыздың кепілі. Егер орта азиялық форматта біріге алар болсақ, біздің өз-өзімізге деген сеніміміз артады, жанымыз тынышталады. Жан-жағынан өлермендей қорқып-үріккен елмен серіктес болған дұрыс па, әлде аяғынан тік тұрған тұрақты елмен серіктес болған дұрыс па? Мәселе осы екеуінің қайсысының Қытайға тиімді болғанында. Мен білсем, Қытайға екіншісі тиімді болуы керек, – дейді Айдос Сарым.
Қытай билігінің Шынжаңдағы саясаты алаңдатады
Мұндағы қазақтарға қарата дін, тіл және діни шектеу, Қазақстанға шығуына түрлі дәрежеде кедергі жасалынып жатыр. Бұл мәселе біздің Парламентте де көтеріліп, Қазақстан азаматтары Қытай төрағасына хат та жолдаған болатын.
Елбасы да бұл мәселені бақылауда ұстауды Сыртқы істер министрлігіне бірнеше рет тапсырған-ды. Қоғамдағы белсенді азаматтар да атсалысып, қоғам, халықаралық құқық қорғау ұйымдарының назарын аударуға тырысып келеді.
Оның үстіне, Қытайдың Қазақстан экономикасы мен инфрақұрылым саласына салған қаржысы өте үлкен. Әсіресе, еліміздің ауыл-шаруашылық жеріне ие болуға тырысып жатқаны да бар. Міне бұл Қытай тарапынан экономикалық экспансияға ұшыраймыз ба деген күдікті де күшейтіп отыр.
Қытай ШЫҰ арқылы өзі ролін көрсетіп бағады
Шаңхай Ынтымақтастық Ұйымы – Қазақстан, Ресей, Қытай қатарлы елдердің геосаяси мүддесі негізінде құрылған. Штаб пәтері Қытайдың Шаңхай қаласында орналасқан ұйымның әлемдік саясатта да рөлі маңызды.
Ресей мен Қытай сынды екі державаның бір ұйымда бастарының қосылуы – АҚШ, ЕуроОдақ, Еуропа Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы қатарлы халықаралық ұйымға теңдесу үшін жасалған геосаяси одақтасу.
Қытай осы ұйым арқылы Шынжаңдағы, Тибеттегі мазасыздықты террористік іс-қимылдарға жатқызды. Және ұйым мүшелерімен өзара түсіністік-ынтымақтастық келісімге қол жеткізді.
Тіптен, бұл ұйымның маңыздылығының артқаны сондай, енді оған Пәкістан, Ауғанстан, Үндістан елдері де қосылуға ниет етіп отыр.
Айдос Сарым: "Біз Қытаймен достық барыс-келісті сақтауға тиіспіз"
– Мәселеге басқаша қарасақ. Біздің басты міндет – өз мүддемізді түсініп, соған сай қолдан келетін саясатты жүзеге асыру. Басты міндет барша елдермен орнықты қарым-қатынас орната отырып, ешкімнің де, ешбір алпауыттың да жекеменшік қолшоқпарына я құлына айналмау.
Егер қытайлықтармен дұрыс қарым-қатынас орнатып, көңілдегімізді жеткізе алатын болсақ, Қазақстанның аймақтағы жетекшілігі, көшбасшылығы Қытайға да тиімді бола алады. Айналып келгенде Қытай үшін де нарық керек, Қытай үшін де батыс аймақтарын дамытуға қажетті шикізат, азық-түлік ауадай қажет. Сондықтан да Қытай үшін Орта Азия елдерінің пәле-жалаға ұрынбай, тұрақты дамығаны пайдалы. Бұны мүмкіндік деп ұғынған дұрыс, – дейді Айдос Сарым.