Перейти на полную версию

Үйден тыс жерде маска тағу міндеттелді. Тәртіп бұзғандар айыппұл төлейді

Қазақстандықтарды маска тағуға міндеттейтін бұйрық бүгіннен бастап күшіне енді.

Коронавирус жұқтыру көрсеткіші азайған

Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, карантин шараларының ұзартылуы вирус жұқтыру көрсеткішінің төмендеуіне оң әсерін береді.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен осы жылдың 5 шілдесінен бастап Қазақстан бойынша жарияланған қатаң шаралар кезеңі өз нәтижесін берді. Бүгінгі таңда аурудың тәуліктік өсімі 4-тен 1,7 пайызға төмендеді. Аурудан жазылғандар саны 66 пайызға жетті", – деді Ералы Тоғжанов.

Сонымен қатар, республикадағы:

  • 7 өңірде 15 провизорлық стационар жабылды;
  • "Жедел жәрдем" қызметіне жүгінгендер саны 40 пайызға (оның ішінде пневмонияға шағымданғандар 35 пайызға) төмендеді;
  • ауруханалар мен емханаларда бір айлық дәрі-дәрмек қоры құрылды.
Оқи отырыңыз: Карантин екі аптаға ұзартылып, кезең-кезеңімен жеңілдетіледі

Қандай нысандар 17 тамыздан бастап ашылады?

Денсаулық сақтау министрлігі карантин алынғаннан кейін жұмысын бастайтын кәсіпорындарға арналған санитарлық талаптарды 5 тамызға дейін жариялайды.

"Карантин шаралары аяқталған соң бірінші лекте іске қосылатын кәсіпкерлік субъектілерінің алдын-ала тізімі жасалды. Бұл қатарға:
  • ойын-cауық орталықтары;
  • жабық азық-түлік базарлары;
  • сауда орталықтары;
  • балаларды дамыту орталықтары;
  • білім беру орталықтары мен үйірмелер;
  • сұлулық салондары мен шаштараздар;
  • косметологиялық қызмет көрсететін салондар;
  • мектеп жасына дейінге балаларға арналған мекемелер кіреді. Осы орталықтар алдағы екі аптада күшейтілген дайындық жұмыстарын жүргізуі тиіс", – деді Ералы Тоғжанов.

Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, жұмыс кезінде осы мекемелердің барлығы санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс.

"Әрбір нысанды ашылмас бұрын әкімдік қызметкерлері, санитар мамандар, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының өкілдері тексереді. Барлық талаптар орындалған жағдайда ғана кәсіпорындардың жұмысын қайта жалғастыруына рұқсат беріледі", – деді вице-премьер.

Ал карантиннен кейінгі бақылау қызметін күн сайын жедел топтар жүргізеді. Cанитарлық талаптарды сақтамаған мекемелер жауапқа тартылады немесе қайта жабылады.

Оқи отырыңыз: Covid-19: Қазақстандағы жағдай қайтсе тұрақталады? Cараптама

Алексей Цой: маска тақпаған жандарға айыппұл салынады

Денсаулық сақтау министрі қазақстандықтарды маска тағуға міндеттейтін бұйрық жарияланған күннен (бүгін, 30 шілде) бастап күшіне енгенін айтты.

"Біз халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, бірқатар шет мемлекеттерде азаматтардың жабық жерде де, далада да маска тағуға міндеттелгенін білдік. Мысалы, қазір АҚШ-тың 43 штатында, Польша, Австралия, Словакия, Вьетнамда тұрғындардың маска тағуы міндетті", – деді министр.

Оның айтуынша, қоғамдық орындарда азаматтар немен айналысып отырса да, маскасын шешпеуі тиіс. Сондай-ақ, масканы жас та, кәрі де тағуы міндетті. Ал, жазғы кафелерде тамақтанатын жандар тиісті ара қашықтықты сақтауы қажет. Маска тақпаған жандарға айыппұл салынады.

"Біз коронавирус инфекциясын бәріміз біріге отырып жеңе аламыз. Әрбір қазақстандықтан үйден басқа жерде міндетті түрде маска тағып жүруін, көшеде жүргенде өзара ара қашықтық сақтауын сұраймын", – деді Алексей Цой.

Оқи отырыңыз: Covid-19 жеңу үшін қалай тамақтану керек? Төрегелді Шармановтың кеңестері

Қонаққа барғанды қою керек

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов той-томалақтар мен қонаққа баруды шектеу қажет екенін айтты.

"Қазіргі жағдайда қазақстандықтар қонаққа барғанды қоя тұруы керек. Тіпті, біреудің жаназасына барғыңыз келсе де, үйіне бармай-ақ, телефон арқылы көңіл айтуға болады. Бұл жерде біз бір нәрсені түсінгеніміз абзал: елдің әрбір азаматы үлес қоспаған күнде коронавирусты ешқандай ел де, дәрігерлер де, қоғам да жеңе алмайды. Қазақстандықтардың денсаулығы елдің әрбір азаматының жеке жауапкершілігі", – деді вице-премьер.

Тоғжанов той не қаза үстінде вирус жұқтырып, қайтыс болған жандар туралы мәлімет келтірді:

"Қостанай облысындағы Жітіқара қаласында жаназаға келген бір адам өзінің 8 туысына вирус жұқтырған. Елордада ата-анасына қонаққа келген бір жігіт 15 адамға вирус жұқтырып, аз уақыттан соң оның ата-анасы көз жұмды. Ал Қарағандыда мерейтойға барған 16 қонақ коронавирус инфекциясын жұқтырып алған. Сонымен қатар, Қарағандыда 200-ден астам адам сыятын түнгі клубтың заңсыз жұмыс істеп тұрғаны анықталды. Мұндай мысалдар өте көп".

Поделиться:

Новости партнёров