Украиналық лоукостер SkyUp Алматыға әуе рейстерін ашады
Киев-Алматы-Киев рейсі 19 наурыздан бастап сенбі күндері жүзеге асырылады.19 наурыздан бастап Киев пен Алматы арасында жаңа әуе рейсі ашылады. Украиналық SkyUp әуекомпаниясы бұдан былай қос қала арасында жолаушы тасымалдауға ниеттеніп отыр. Лоукостер осы бағыт бойынша ұшуларды аптасына бір рет орындамақ. Яғни, жұма күндері Киевтен, сенбі күндері Алматыдан.
Жоспар бойынша, SkyUp ұшағы Киевтен жұмада сағат 19:20-да ұшып, Алматыға келесі күні таңғы 05:15-те қонады. Ал, Алматыдан Киевке рейстер сенбі күні таңертең 06:15-ке жоспарланған. Жолаушылар діттеген жеріне келесі күні 09:00-де жетеді.
Бұған дейін қос қала арасында тек Air Astana әуе компаниясының ұшақтары ғана жолаушы тасымалдайтын. Сондай-ақ, 2019 жылдың соңына дейін МАУ әуе компаниясы да қызмет көрсеткен болатын. Алайда, аталмыш компания бұл бағыт тиімсіз болғандықтан, Қазақстанға ұшудан бас тартты. Себебі, қазақстандық авиатасымалдаушы Ресей аумағы арқылы тікелей қысқа маршрут бойынша ұшса да, украиндық компаниялар үшін ресейлік аспан транзитке 2014 жылдан бастап жабық. Осыған байланысты Қазақстанға ұшу кезінде жол жүру уақыты 2 сағатқа дейін өсті. Бұл қосымша шығындарға әкеліп соқты.
Оқи отырыңыз: Ұшақ билетін қалай тегін алуға болады? Керек кеңес
Дегенмен, SkyUp компаниясы тәуекелге бел буып, екі қала арасындағы әуе рейсін жандандырмақ. Аталмыш компания өзін төмен бағамен, бірақ ақысыз қызметтердің шектеулі жиынтығымен ұшуды ұсынатын "лоукостер" ретінде көрсетеді. Қазірдің өзінде қазақстандықтарға келесі бағыттар қолжетімді:
- Алматы-Киев – 42 000 теңгеден бастап;
- Алматы-Киев-Батуми – 96 500 теңгеден бастап;
- Алматы-Киев-Тбилиси – 86 000 теңгеден бастап.
Айта кетсек, Украинаға бару үшін қазақстандықтарға ПТР-тест жасау талап етілмейді. Алайда сақтандыру полисінің болуы міндетті. Оны елде болу мерзіміне сай рәсімдеу керек. Үш күн үшін сақтандыру бағасы – 3,30 еуро және әрбір келесі күн үшін 0,80 eуро.
SkyUp әуе компаниясы 2016 жылы құрылды. 2018 жылғы мамырдан бастап ұша бастады.Ол Борисполь халықаралық әуежайында (Киев) орналасқан. Қазіргі уақытта SkyUp Украина мен шетелге тұрақты және чартерлік жолаушылар тасымалын жүзеге асыруда. Авиакомпания паркінде Boeing-737 заманауи лайнерлері бар.