Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауына он күннен аса уақыт қалды. Енді ОСК аккредиттеген ұйымдар ғана сайлауға бақылаушы жібере алады. Дауыс беру күні сайлау учаскесі ашылған сәттен бастап және сайлаушылардың дауыстарын санау кезінде дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін сайлау учаскесінде әрбір саяси партиядан, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйымынан бір-бір бақылаушыдан қатыса алады. Бақылаушы болу үшін не істеу керек? Бақылаушының құқықтары мен міндеттері қандай? Информбюро порталы "Сайлау туралы" Конституциялық заң мен "Еркіндік қанаты" қоғамдық қорының мәліметіне сүйене отырып осы және өзге де сұрақтарға жауап береді.

№1. Кім бақылаушы бола алады?

Қазақстанның 18 жастан асқан азаматы бақылаушы атанып, сайлау мониторингіне қатысуға толық құқығы бар. 

Мемлекет ішінде немесе шетелде тұрып жатқан ҚР азаматтары да бақылаушы бола алады. Шетелде сайлауды сол елдердегі елшілік немесе өкілдіктерінде бақылай алады.

№2. Бақылаушы қалай тіркеледі?

Бақылаушы саяси партиялардан немесе аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерден, коммерциялық емес ұйымдардың атынан тіркеледі. 

Белгілі бір саяси көзқарастары бар, белгілі бір кандидатты немесе партияны қолдайтын адам сол кандидаттың немесе партияның штабынан бақылаушы бола алады. Ал тәуелсіз бақылаушы қоғамдық бірлестіктер не коммерциялық емес ұйымдарда бақылаушы ретінде тіркелу керек. Сайлау учаскесінің нөмірін таңдап, учаскеге алдын ала тіркеледі.

 

№3. Сайлауда бақылаушы болу үшін қандай құжат қажет?

Бақылаушы дайындық курсынан өтіп, бақылаушы куәлігін алады. Оның өкілеттіктері аты-жөні көрсетіле отырып, жазбаша нысанда куәландырылуға тиіс. Бұл құжат бақылаушыны жіберген ұйымның мөрімен куәландырылады және бақылаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды болады. Сайлау күні құжаттар бақылаушы туралы деректерді есепке алу журналына енгізу арқылы оны тіркеу үшін сайлау комиссиясының төрағасына не оны алмастыратын адамға көрсетіледі.

№4. Сайлауды бақылайтын ұйымдар қалай аккредиттеледі?

Осыған дейін дауыс беру күні сайлау учаскесіне бақылаушы куәлігін көрсетсе жеткілікті еді. Сайлауға дейін бақылаушылар тіркелмейтін. Жаңартылған заңнамада қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар алдын ала Орталық сайлау комиссиясында аккредиттеуден өтуі керек. Аккредитация алу үшін ОСК-ға өтініш және сайлауда бақылау құқығын растайтын жарғыдан үзінді көшірмені ұсыну керек. Аккредиттеу өтініші 30 күн қаралады. Құжаттар толық ұсынылмаса, жарғыға сәйкес келмесе, ұйымның қызметі тоқтатыла тұрса не тоқтатылса ОСК аккредиттеуден бас тартады не күшін жояды. Аккредиттация бір жылға беріледі.   

ОСК сайтында аккредиттелген және аккредиттеу тоқтатылған қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың тізімі жарияланады.

№5. Бақылаушының қандай құқықтары бар?

"Сайлау туралы" заңның 20-1-бабы, 2-тармағына сәйкес бақылаушылар:

  • сайлау комиссиясының отырысына қатысуға;
  • дауыс беруге, соның ішінде сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны туралы ақпарат алуға;
  • дауыс беруді өткізу және дауыстарды санау кезінде тиісті сайлау учаскесінде болуға;
  • тасымалданатын сайлау жәшігін бақылап жүруге, тасымалдайтын көлік ішінде болуға;
  • сайлау учаскесінде, дауыс беруге арналған пунктте дауыс беру барысын, дауыстарды санау және дауыс беру нәтижелерін ресімдеу рәсімін барлық аталған рәсімдерді анық көру мүмкіндігін қамтамасыз ететін жағдайларда бақылауға;
  • тиісті сайлау комиссиясының және (немесе) оның мүшелерінің шешімдеріне, іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағымдануға;
  • сайлаушылар сайлау учаскесіне келе алмаса олардың дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруін өткізу кезінде қатысуға;
  • учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің пайдаланылмаған сайлау бюллетеньдерін санауы және жоюы кезінде қатысуға;
  • дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі жасамай, фотожазба, дыбысжазба және бейнежазба жасауға;
  • дауыс беру нәтижелері туралы хаттамаларды жоғары тұрған сайлау комиссияларына беру рәсімін байқауға;
  • дауыс беру өткізілгеннен кейін дауыс беру қорытындылары туралы сайлау комиссиясының хаттамаларымен танысуға, олардың куәландырылған көшірмелерін алуға;
  • сайлау комиссиясы мүшелерінің назарын осы Конституциялық заң талаптарының бұзылуына аударуға, оларға бұзушылықтар туралы тиісті жазбаша мәлімдемелерді, актілерді табыс етуге және табыс еткені туралы белгі соқтыруға құқылы.

№6. Бақылаушылардың міндеті қандай?

Бақылаушылардың міндеттері:

  • жеке басы мен өкілеттігін куәландыратын құжаттарын өздерімен алып жүру;
  • сайлау процесіне, сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешімдерді қабылдау рәсіміне араласпау;
  • сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамау;
  • сайлау учаскесінде сайлау комиссиясы төрағасының тиісті сайлау комиссиясы белгілеген тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындау;
  • өз ескертулерін құжатталған, шынайы және тексеруге болатын фактілермен негіздеу;
  • Сайлау туралы Конституциялық заңының және өзге де заңнамасының талаптарын сақтау;
  • алаламау, нақты кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермеу;
  • фото-, аудио- және бейнежазбаны жүзеге асыру және тарату кезінде ҚР заңдарында көзделген талаптарды сақтау.

№7. Сайлау комиссиясы бақылаушыға дауыстарды санау хаттамасын беруге міндетті ме?

Иә, міндетті. Сайлау комиссиясының төрағасы, оны алмастыратын адам сенім білдірілген адамдардың, бақылаушылардың өтініштері бойынша дауыстарды санау хаттамасына олардың жасаған актілерін қоса беруге міндетті.

Сондай-ақ, учаскелiк сайлау комиссиясының мүшелерi бақылаушыларды сайлаушылардың дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруі туралы хабардар етуге мiндеттi. Олармен бақылаушы ілесіп жүруге құқылы.

№8. Бақылаушы дауыс беру күні не істейді?

Сайлау күні сағат 6.00-де сайлау учаскесіне келіп, бақылаушылар тізімінде белгіленеді. Учаскеде заңнама талаптарының сақталуын тексереді. Сағат 7.00-де дауыс беру басталатындықтан учаскеге тіркелгендер санын біледі. 12.00-де үйден дауыс беретіндердің санын анықтайды. Сайлау учаскесінде тәртіп бұзушылықтар анықталған жағдайда төрағаға жүгінеді, акт толтырады. 20.00-де дауыс беру аяқталады, соған сәйкес дауыстарды санау процесіне қатысып, қол қойылған және мөр басылған хаттама көшірмесін алады. 

Бақылаушы сайлау учаскесінде өзімен бірге жеке куәлігі мен бақылаушы куәлігін, қағаз бен қалам, бақылаушының жадынамасын алуы керек. Күні бойы бір жерде отыратындықтан телефон қуаттағыш пен тағам алу артық етпейді. 

№9. Сайлау учаскесінде дауыс санау тәртібі қандай?

  1. Сайлау жəшіктерін ашпас бұрын пайдаланылмаған барлық бюллетеньдер есептеледі жəне өтеледі.
  2. Алдымен портативті сайлау жəшіктері ашылады. Тасымалданатын сайлау жəшігіндегі сайлау бюллетеньдерінің саны сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс беру мүмкіндігі туралы жазбаша өтініштердің санымен сəйкес болуы тиіс.
  3. Дауыстардың нəтижелерін сайлау комиссиясы қарап, хаттамасын жазады, оған сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері қол қояды. Сайлау комиссиясының төрағасы болмаған кезде хаттамаға сайлау комиссиясының төрағасының орынбасары немесе хатшысы қол қояды.
  4. Дауыс беру нəтижелері бойынша хаттамаларды əртүрлі түсті қарындашпен жəне бояулармен толтыруға жол берілмейді, сондай-ақ оларды түзетуге болмаады. Бұл жағдайда дауыс беру нəтижелерінің сандық мəндері жазбаша түрінде қайталануы керек.
  5. Хаттаманың көшірмесі дереу сайлау учаскесіндегі арнайы белгіленген жерде халықтың назарына орналастырылып, екі күн тұрады.
  6. Дауыс санау кезiнде Конституциялық заңға сəйкес ұсынылған адамның өтiнiшi бойынша оған хаттаманың көшiрмесi берiледi, ол комиссия төрағасы мен хатшысының қолдарымен жəне сайлау комиссиясының мөрiмен расталады.

Дауыс беруге арналған үй-жайдағы дауыстарды санау жүргiзiлетiн үстелдер учаскелiк сайлау комиссиялары мүшелерiнiң iс-әрекетiн үй-жайдағы қатысушы барлық адамдардың көрiп отыруы қамтамасыз етiлетіндей етiп орналастырылады. Дауыстарды санау кезiнде қатысатын сенiм бiлдiрiлген адамдар мен байқаушылар дауыстарды санауды бюллетеньдердегi белгілердiң көрiнiп тұруы қамтамасыз етiлетiндей қашықтық пен жағдайда байқап тұрады.

№10. Бақылаушы сайлауда қандай бұзушылықтарды тіркей алады?

Бақылаушы:

  • Сайлау учаскесін мерзімінен бұрын ашу (сағат 06.00-ге дейін);
  • Дауыс беру басталғанға дейін жәшіктерде бюллетеньдердің болуы (жәшіктің ішінде ештеңе болмауы керек);
  • Сайлау жәшіктерінде мөр, пломбаның болмауы;
  • Бюллетеньдер сақталатын бөлменің мөрленбеуі;
  • Дауыс беруге арналған үй-жайларды жабдықтау шарттарын бұзу;
  • Үгіт материалдарының болуы, сондай-ақ учаскеде үшінші тараптың үгіт жүргізуі;
  • Учаскеде сайлаушылар тізімінің болмауы, сайлаушылар тізімін сайлаушыларға, бақылаушыларға бермеу және басқа да заң бұзушылықтарды тіркей алады.
Бақылаушы бұзушылық анықтаған соң оны төрағаға хабарлап, бұзушылық туралы акт жасайды.

№11. Бақылаушы сайлау учаскесінде сайлаушыға көмектесе ала ма?

Жоқ. Дауыс берушiлер сайлау бюллетеньдерiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оларды толтыру кезiнде дауыс берушiден басқа кiмнiң болса да кiрiп тұруына тыйым салынады. Бюллетеньдердi өз бетiнше толтыра алмайтын адам өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға хақылы. Бірақ ол адам тиiстi сайлау комиссиясында тiркелген бақылаушы болмауға тиіс.

№12. Не үшін сайлауда бақылаушы болу керек?

Бақылаушылар сайлауды тек қарап, тыңдап қана қоймайды. Олар заң бұзушылық актілерін жасайды. Сайлау барысы туралы сауалнамалар толтырады. Құқықбұзушылықтарды фото және видеоға түсіріп, "Сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес басқа да рұқсат етілген қызметті жүзеге асырады. Бақылаушы үшін демократиялық процедураның әділ және ашық өтуі маңызды.