Кәсіп бастауға қалай 1,4 млн теңге қайтарымсыз грант алуға болады? Шағын нұсқаулық
Грант сомасы – 400 АЕК, яғни 2023 жылы 1 млн 380 мың теңгеге тең. Информбюро қайтарымсыз гранттарды қалай алуға болатынын түсіндіреді.
№1. Қанша грант беріледі?
2023 жылғы 20 ақпанда business.enbek.kz порталында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға өтінімдер қабылдау басталды. Бірінші лек аясында республика бойынша 2577 грант беру жоспарланып отыр.
Материалдың орыс тіліндегі нұсқасы: Как получить от государства 1,4 млн тенге на развитие бизнеса безвозмездно
№2. Кім грант ала алады?
Грант алу үшін бірқатар шарттарға сай болуы керек.
Жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грантқа үміткер бола алады:
- тіркелген жұмыссыздар;
- жеке кәсіпкерлер (тіркелгеніне үш жылдан аспауы керек).
Бұл жағдайда өтініш беруші келесі әлеуметтік санаттардың біріне жатуға тиіс:
- көпбалалы отбасы мүшелері (күйеуі, әйелі);
- мүгедектігі бар адамдар;
- "қандас" қолданыстағы мәртебесі бар адамдар;
- қоныс аударушылар және олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелері;
- аз қамтылған отбасы мүшелері;
- асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар;
- мүгедек баланы тәрбиелеуші жәрдемақы алатын адамдар.
Үміткерде "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификаты (үш жылдан аспайтын) болуы керек.
№3. Қанша рет грант алуға болады?
Өтеусіз және қайтарымсыз негіздегі грант сомасы – 400 АЕК (1 380 000 теңге). Әр қатысушы оны тек бір рет қана ала алады.
Оқи отырыңыз: 20 ақпанда қайтарымсыз мемлекеттік грант алуға өтінім қабылдау басталады. Сомасы – 1,3 млн теңге
№4. Гранттар не үшін беріледі?
Грант қаражаттары жаңадан бастаған кәсіпкерлерге бизнес әлеуетін іске асыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
№5. Қалай өтініш беруге болады?
Өтініш беру үшін:
- порталда тіркелу;
- грант алу шарттарына сәйкестігін тексеруден өту;
- бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға жүктеу;
- өтініш формасын толтырып, ЭЦҚ кілтімен қол қою керек.
№6. Порталға қалай тіркеледі?
Порталға электронды пошта немесе ұялы телефон нөмірі арқылы тіркелуге болады.
Enbek.kz порталында бұрын тіркелген аккаунтыңыз болса, онда қайта тіркелудің қажеті жоқ.
Пайдаланушыны сәйкестендіріп, тіркеуді аяқтау үшін ЖСН көрсету керек.
Одан кейінгі қызметтерді алу ұшін ЭЦҚ қажет ЭЦҚ болмаса оны eGov порталынан қашықтан алуға болады.
№7. Бизнес-жоспар қалай жасалады?
Бизнес-жоспар – бұл бизнесті құрудан бастап нақты мақсаттарға жетуге дейінгі нұсқаулық. Ол неғұрлым жақсы пысықталған және қазіргі жағдайларға бейімделген болса, оны іске асыру және грант түрінде қаржылық қолдау алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны бизнес-жобаңыз туралы деректермен толтырып, грантқа онлайн өтініш берген кезде пайдалану қажет.
№8. Интернетке кіру мүмкін болмаса не істеу керек?
Интернетке кіру немесе компьютер пайдалану мүмкін болмаса, жұмыспен қамту орталықтары мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында өтініш беруге болады.
№9. Грантты қандай мақсаттарға алуға болады?
Грантты қажетті еңбек құралдарын, мүкәммалды, технологиялық жабдықты, жануарларды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алу және үй-жайларды жалға алу мақсатында алуға болады.
Бұл ретте жұбайынан, жақын туыстарынан сатып ала алмайды, жалға ала алмайды.
№10. Грант ақшасын қандай мақсаттарға жұмсауға болмайды?
Гранттар:
- тұтынушылық мақсаттарға;
- кредиттік қарыздарды өтеуге;
- жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға;
- жер учаскелерін сатып алуға;
- акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
№11. Грант жеңімпаздарын кім және қалай таңдайды?
Гранттарды грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссиялардың шешімдері негізінде жұмыспен қамту орталықтары береді.
Үміткерлер комиссия отырыстарында бизнес-жобаларын таныстырады. Комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды. Олар келесі критерийлер бойынша бағалау парағын толтырады:
- бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі;
- өткізу нарықтарының пысықталуы;
- бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі;
- кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі;
- жаңа жұмыс орындарын құру.
Осылайша, комиссия грант беру туралы шешімді нақты критерийлерге сүйеніп қабылдайды.
№12. Байқау нәтижесін қайдан білуге болады?
Комиссия шешімі өтініш берушінің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі.
№13. Грант қаржысын қалай алады?
Мемлекеттік грант беру мақұлданған жағдайда, грант иегері 3 жұмыс күні ішінде жеке кабинетінде 20 таңбалы жеке сәйкестендіру кодын (IBAN) ұсынуы қажет.
Банк деректемелерін көрсетілген мерзімде ұсынбаса комиссияның мақұлдауына қарамастан грант беруден бас тартылады. Олай болса келесі лектерде грантқа қайта өтініш бере алады.
IBAN ұсынғаннан кейін Халықты жұмыспен қамту орталығы электронды шартты дайындап, қол қояды. Үміткерге шартты қол қоюға жібереді. 3 жұмыс күні ішінде ЭЦҚ көмегімен жеке кабинетке келіп түскен мемлекеттік грант беру туралы шартқа қол қою қажет.
Шартқа көрсетілген мерзімде қол қоймаса, үміткер автоматты түрде грант ала алмайды. Сондай-ақ алдағы уақытта ағымдағы қаржы жылында грант алуға үміткер бола алмайды.
Шартқа қол қойылғаннан кейін грант қаражаты 5 жұмыс күні ішінде банк шотына түседі.
№14. Қаражатты мақсатты пайдалану туралы есеп беру қажет пе?
Грант беру туралы шартқа қол қойылған сәттен бастап грант иегері мен жұмыспен қамту орталығы арасында шарттық міндеттемелер басталады. Шартқа сәйкес бір жыл ішінде грант қаражатын мақсатты пайдаланғаны жөнінде тоқсан сайынғы есептерді ұсынып отыру керек. Сонда бір жылда барлығы 4 есеп тапсыру қажет.
Есептерді онлайн форматта, пайдаланушының жеке кабинетінде "Есепті тапсыру" функционалы арқылы тапсыруға болады.
Есеп туралы ақпарат интеграция арқылы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен келіп түседі. Грант иесіне тек жүзеге асыратын бизнестің кейбір көрсеткіштерін көрсетіп, растайтын құжаттарды тіркеп, үш сауалға жауап беруі қажет.
Есеп ұсынылмаса, қосымша растайтын құжаттар берілмесе немесе есепте көрінеу жалған мәліметтердің бары анықталса, Жұмыспен қамту орталығы есептелген грант қаражатын қайтаруды талап етуге құқылы.
№15. Өтініштер қашан қабылданады?
Жыл бойы төрт лек болады:
- Грант саны – 2577. Өтініштер 20 ақпан мен 3 наурыз аралығында қабылданады.
- Грант саны – 2697. Өтініштер 15 мамырдан 26 мамырға дейін қабылданады.
- Грант саны – 1973. Өтініштер 10-21 шілде аралығында қабылданады.
- Грант саны – 1753. Өтініштер 4-15 қыркүйек аралығында қабылданады.