Балаларды жазғы лагерьге қалай тегін жіберуге болады? Ата-анаға арналған нұсқаулық
Оқу-ағаруту министрлігінің мәліметінше, биыл жазғы демалыста 2,9 млн оқушы демалыс және сауықтырумен қамтылмақ. Кейбір оқушылар жазғы лагерьге мемлекет есебінен тегін бара алады.
Осы орайда Информбюро порталы тегін жолдама кімдерге беріледі және оны алу үшін не істеу қажет деген сұрақтарға жауап береді.
№1. Кімдер лагерьге тегін жолдама ала алады?
Жазғы демалысқа тегін жолдамаларды:
- атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға құқығы бар отбасылардың балалары;
- жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен АӘК алмайтын отбасы балалары;
- жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- төтенше жағдайлар салдарынан жедел көмек қажет ететін отбасы балалары;
- өзге де санаттағы мемлекеттік білім беру мекемелерінің білім алушылары мен тәрбиеленушілері ала алады.
№2. Тегін жолдама алу үшін қайда жүгіну қажет?
Ата-ана не қамқоршылар баласының қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде демалуға жолдама алуы үшін құжаттарды тапсыра алады:
Офлайн:
- облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қаласының білім басқармаларына, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың білім бөлімдеріне, білім беру ұйымдарына;
- ХҚКО-ға.
Онлайн:
- eGov порталы арқылы, ЭЦҚ болуы қажет.
№3. Қандай құжаттар қажет?
Құжаттар пакеті:
- өтініш;
- жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат;
- электронды нысандағы баланың туу туралы куәлігі немесе оның қағаз тасығыштағы көшірмесі;
- неке қию немесе бұзу туралы куәліктің көшірмесі;
- № 071/у нысанына сәйкес медициналық анықтама;
- мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесі.
Оқи отырыңыз: Патриот балалар саны 71 пайызға өсті. "Жас сарбаз" қозғалысының әділетті қоғам құруда маңызы қандай
№4. Мәртебесін растайтын құжаттарға не кіреді?
- АӘК алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар үшін – АӘК алушылар қатарына жататынын растайтын анықтама;
- жан басына шаққанда орташа табысы күн көріс деңгейінен төмен, АӘК алмайтын отбасылардан шыққан балалар үшін – алған табысы туралы құжаттар (жалақы, табысы туралы, алимент төленетіні туралы анықтама);
- жұмыссыз ата-анасы бар отбасылардың балалары үшін – жұмыссыз ретінде тіркеу туралы анықтама;
- жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін – қорғаншылықты (қамқоршылықты), патронаттық тәрбиелеуді бекіту туралы уәкілетті органның шешімі;
- төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл көмекті талап ететін отбасылардан шыққан және білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына жататын балалар үшін – отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайын тексеру негізінде алқалы органның шешімі.
№5. Өтініш қанша уақыт қаралады?
Құжаттар тапсырған сәттен бастап 5 жұмыс күні ішінде қаралады.
eGov порталы арқылы жүгінген жағдайда "жеке кабинетке" өтініштің қабылданғаны туралы мәртебе, сондай-ақ қызмет нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетілген хабарлама жіберіледі.
Уәкілетті орган құжаттарды алған сәттен бастап 1 жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді. Құжаттар толық ұсынылмаса не олардың қолданылу мерзімі өтіп кетсе өтініш қаралмайды. Өтініш иесіне құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.
№6. Қандай жағдайда жолдама берілмеуі мүмкін?
- ұсынған құжаттар мен олардағы деректер анық емес болса;
- мәртебесі сәйкес келмеуі;
- өтініш беруші деректерге қол жеткізуге келісім бермесе.
№7. Балалар қанша жастан бастап лагерьге жіберіледі?
Бірінші сыныптан 10-сыныпқа дейінгі балалар жіберіледі. Мектеп бітіруші 11- сыныпқа көшкен оқушылар ҰБТ-ға дайындалатындықтан жазғы демалысқа жіберілмейді.
№8. Лагердің қандай түрлері бар?
- Тілдік – мектеп мұғалімімен шет тілін үйрену.
- Мектеп жанындағы – спорттық байқаулар, шығармашылық студиялар, мұғалімнің сүйемелдеуімен көрнекі жерлерді тамашалау. Бастауыш сынып оқушыларына арналған;
- Спорттық – жай және спорттық мектептер базасында спорттық үйірмелерге қатысу. Кез келген сыныптың оқушыларына арналған.
- Туристік – көрнекі жерлерге саяхаттау. 5-8 сынып оқушыларына арналған.
- Пәндік – пәндерді тереңдетіп оқыту (физика, химия, биология, математика және т.б.). Барлық мектепте 8-10 сынып оқушыларына арналған.
- Өлкетану – экскурсияларға шығу. 5-сыныптан жоғары сыныпта оқитындарға арналған.
- Экологиялық – ағаш, гүл отырғызу, оларға күтім жасау, өсімдіктер әлемімен танысу. 5-сыныптан жоғары сыныпта оқитындарға арналған.
- Күндізгі лагерьлер – шығармашылық студиялар, спорттық жарыстар мен жаттығуларға қатысу. Барлық оқушылар үйі мен оқушылар сарайында бар.
№9. Лагерьді таңдағанда неге назар аударған жөн?
Ата-аналар ең алдымен қосымша білім беру ұйымдарының толық тізімімен танысуы керек. Тізімді білім басқармаларының сайтынан көруге болады. Онда таңдалған лагерьдің жұмыс кестесімен және толық бағдарламасымен танысуға мүмкіндік бар.
Кез келген лагерьге жазылуға болады: баланың тіркелген мекенжайы мен тұрғылықты жері маңызды емес. Алайда мектеп жанындағы, пәндік, тілдік лагерльдерді баланың өзі оқитын мектепте болғаны дұрыс.
Оған қоса ата-ана лагерьді өзінің және баласының қалауына қарай таңдайды. Бірі баласының күнде бірнәрсе үйренгенін қалайды, енді бірі демалғанын жақсы көреді. Соған қарамастан мынған назар аударған жөн:
- Лагерьде білікті медицина қызметкерінің болуы;
- Үйге жақын болуы;
- Өрт дабыл қаққыш жүйелермен жабдықталуы;
- Бұрын баласын лагерьге жіберген адамдардың пікірі;
- Осы қызметпен айналысуға қажет құжаттарының болуы.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 158 бұйрығымен реттеледі.