Алматыдағы жылына 2,5 млн тонна көмір жағып, атмосфераға 42 мың тоннадан астам зиянды қалдықтар шығаратын екінші жылу электр орталығы (2-ЖЭО) экологияға орасан қауіп төндіреді. Соған орай, жылу орталығын газға көшіру мәселесі 2008 жылдардан көтеріліп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев нақты тапсырма берсе де, бұған дейін түйткілдің түйіні тарқамай келеді. Биылғы тамыз айында "Самұрық-Энерго" АҚ өкілдері 2-ЖЭО-ндағы қуатты қазандықтарды ауыстыру арқылы станция газға көшірілетінін және оған 98 млрд теңге қаржы қажет екенін хабарлады. Қаржыландыру мәселесі оң шешілген жағдайдың өзінде бұл жобаны жүзеге асыру мерзімі 9 жылға дейін созылуы мүмкін.

Алайда, отандық ғалымдар тобы 2-ЖЭО-н газға көшіру атмосфераға таралатын зиянды қалдықтарды азайтқанымен, толық тежей алмайтынын айтып дабыл қағып отыр. Олардың айтуынша, 2-ЖЭО газға ауыстырылғанымен жылына атмосфераға 1 756 тонна қауіпті қалдық бөледі. Оның:

  • 1 511 тоннасы NO2 азот диоксиді;
  • 245 тоннасы NO азот оксиді.

Оқи отырыңыз: Алматы түтінге тұншығып тұр. 2-ЖЭО-н газға көшіру қала экологиясын жақсарта ма?

Демек, жылу қазандықтарын газға толық көшірген күннің өзінде шамамен бұрынғы мөлшердің 30-40 пайызы көлемінде зиянды қалдықтар атмосфераға бәрібір тарайды. Тиісінше, қаладағы экологиялық және тұрғындардың денсаулық қауіпсіздігі мәселелері толық емес, ішінара ғана шешіледі.

Осыны ескерген Алматыдағы Дмитрий Сокольский атындағы "Жанармай, катализ және электрохимия" ғылыми-зерттеу институты 2-ЖЭО атмосфераға шығаратын қалдықтарды химиялық тәсілмен тазартуға мүмкіндік беретін жоба әзірлеген. Сол арқылы таралатын зиянды заттарды толығымен дерлік бейтараптандырып, пайдаланылған газды тазартуға мүмкіндік туады.

"Жаңадан станция салып, жаңа қазандық қойса да, 2-ЖЭО бәрібір улы газдар шығарады. Қазіргі уақытта 2-ЖЭО-ден қап-қара болып шығып жатқан түтін – көмірдің шаңы. Шаң судың буынан өткен кезде, бу шаңның барлығын ұстап қалуы тиіс, – дейді Дмитрий Сокольский атындағы "Жанармай, катализ және электрохимия" АҚ директорының орынбасары Болатбек Құсайын. – Біз бұл технологиядан тиімділігі әлдеқайда жоғары, көмір шаңын сілтілік ертінді, яғни химиялық NaОН натрий гидрототығы арқылы толық ұстап қалатын кешенді жүйе жасадық. Бұл қазіргі қолданыстағы шаңды тұтып қалу әдісімен бірдей, бірақ, судың орнына сілті жібереміз. Сол кезде 23 мың тонна SO2 күкірт диоксидін ұстап қалуға болады".

Оқи отырыңыз: Алматыда ауа сапасын 5 жылда жақсартатын бағдарлама әзірленді. Қала әкімдігі құжатты қабылдауға неге асығар емес?

Болатбек Құсайынның айтуынша, осындай химиялық тазарту тәсілімен жиналған қалдықтардың өзін кейін қайтара пайдаға жаратуға болады. Мәселен, жұмсартылған сілтілік ерітіндіні әкпен араластырып, қалпына келтіргеннен кейін жылына 160 мың тонна гипс алуға болады. Сондай-ақ, станциядан шыққан күлді жол жөндеу жұмыстарына жұмсауға болады.

"Күл шығару деңгейі 30-40 пайызды құрайтын Екібастұз көмірін жаққан кезде күлдің көп мөлшері түзіледі де, оны төгуге арналған орын (күл үйіндісі) тез толып қалады. Ал оны тау етіп үйіп қойғанша неге пайдаға жаратпасқа? Күлді жол жөндеуге пайдалансақ, оған жұмсалатын цемент шығынын 50 пайыз төмендетуге болады. Жалпы, цементтің орнына күлді пайдалану тәжірибесі бар. Бұл бір жағынан жол жасау және жөндеу құнын төмендетуге мүмкіндік береді және екіншіден күл үйінділері үшін жаңа орын іздеу қажеттілігін жояды. Нәтижесінде біз қаланың экологиялық мәселесін белгілі бір деңгейде шешіп, арзан жол құрылысы мен құрылыс гипсінің өндірісін жолға қоямыз. Жаңа кәсіпорындар құрылып, тиісінше қосымша жұмыс орындары ашылады", – дейді Болатбек Құсайын.

Оқи отырыңыз: "Алматы-2050": алғашқы бес жылдықта қанша қаражат жұмсалады?

Дмитрий Сокольский атындағы "Жанармай, катализ және электрохимия" ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары 2-ЖЭО-н газға көшірудің тиімсіз тұстары ретінде көгілдір отынның алдағы жылдары қаншалықты жеткілікті және оның бағасы қалай өзгеретінін болжаудың қиын екенін алға тартып отыр. Одан бөлек, 2-ЖЭО газға көшсе, тариф те қымбаттайтынын анық. Ал пайдаланылған зиянды газдарды бейтараптандыратын кешенді орнату тарифтің қымбаттауына жол бермейді, сонымен қатар қала ауасын әлдеқайда тазартады.

"Көмір жағуға негізделген 2-ЖЭО бөлетін газды тазарту бағытындағы біз ұсынып отырған жобаны жүзеге асыруға 30 млрд теңге жеткілікті. Оны бір жыл ішінде жүзеге асыруға мүмкіндік те, мамандар да бар. Бұл жобамыздың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеп, "Самұрық-Энерго" АҚ-нан бастап, барлық тиісті органдарға ұсындық. Бірақ, ешкім хабарласпады. Тек Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қолдағандай ыңғай танытып, жобаның шағын үлгісін жасап көрсеткенге қаражат қарастыратынын жеткізді. Өзіміз де жобаны сынақ үлгісінде іске қосуға қаржы іздеп жатырмыз. Шағын үлгісін жасауға 2-3 ай жеткілікті. Алайда, оған 20 млн теңге қаржы керек", – деді институт өкілі.

Мамандардың айтуынша, сынақ түрінде іске қосылған қондырғы кейін де кәдеге жарайды. Оны шағын жылу электр орталығында пайдалануға болады. Ал Алматыда мұндай шағын қазандықтар саны – 48.