Смартфоныңызға хакер бұзып кіргенінің бес белгісі қандай?
Телефондағы зиянды бағдарламаларды қалай тануға болады?Көптеген мобильді қосымшалар өмірімізге айтарлықтай жеңілдік әкелді. Олардың көмегімен, мәселен, таксиге тапсырыс беруге, үйге тамақ, дәрі-дәрмек және басқа да тауарларды тапсырыспен алдыртуға, кино мен театрларға билеттер броньдауға, сурет салып үйренуге, мәтіндер аударуға не қаржылық операциялар жүргізуге болады. Алайда, пайдаланушылардың конфиденциалды деректерін оқитын мүмкіндігі бар, олардың банктік шоттарына көз салған алаяқтық қосымшалар болады. Информбюро Fingramota.kz кеңестерін ұсынады.
Шпиондық бағдарлама телефонға қалай енеді?
Пайдаланушылар қауіпті мобильді қосымшаларды байқаусызда не біреудің нұсқауы бойынша білместіктен жүктеп алуы мүмкін. Мәселен, адамдар банк қызметкері болып хабарласқан алаяқтардың кеңесіне сүйеніп немесе электрондық пошта не SMS арқылы келген сілтеме бойынша өтіп, телефонға күмәнді бағдарламаны автоматты түрде жүктеп алады.
Көп жағдайда балалар девайстарға тексерілмеген көздерден ойындар, түрлі модтар, яғни түрлі жаңартылған ойындар жүктеп алып жатады, ал олар шпиондық болуы мүмкін.
Ұтыс ойындарының әуесқойлары сүйікті блогерлерінің гивтеріне қатысу үшін қосымшалар орнатады, ал сенгіш жасөспірімдер шығу көзі беймәлім сәнді виджеттер мен фоторедакторларды жүктеп алады.
Кеңес: Смартфонға қосымша жүктеу үшін Play Market және App Store-ға басымдық беріңіз, олар қауіпсіз. Мобильді қосымшаны жүктер алдында оның рейтінгін зерттеп, сондай-ақ пайдаланушылардың пікірлерімен танысқан жөн. Неғұрлым көбірек жүктелген болса, соғұрлым сенімді.
Оқи отырыңыз: Интернет алаяқтарынан қалай сақтануға болады?
Телефонға хакер қосылғанын қалай білесіз?
Деректерге толық қол жеткізу үшін біреудің телефонын бұзу қажет пе? Хакерлер мұны пайдаланушының өзінің көмегін пайдаланып жасауы мүмкін. Әдетте, телефонға бұзып кіру белгілерінің өзіндік ерекшеліктері болады.
- Сіздің ұялы телефоныңыз өздігінен жұмыс істей бастайды: өз бетімен сөнеді және қайта қосылады. Егер біреу сіздің гаджетіңізге қашықтан қосылған болса, құрылғыңыздың белсенділік танытуына таңырқаудың қажеті жоқ.
- Телефон арқылы сөйлескен кезде сіз бөтен дауыстарды немесе өзге түсініксіз дыбыстарды естисіз. Телефоныңыз жасырын түрде тыңдалған жағдайда бөгде сытырлаған дыбыстардың естілуі әбден мүмкін.
- Сізге қызықты символдар мен сандары бар SMS жиі келеді. Сіз үшін бұл жұмбақ, ал хакер бұл кодты шпиондық бағдарламасының функционалымен байланыс орнату үшін пайдаланады.
- Гаджетті үздіксіз қуаттауға тура келеді, өйткені оның аккумуляторының өнімділігі айтарлықтай төмендеп кетеді. Сіз батареяны ауыстырсаңыз да жағдай өзгерген жоқ па? Оның себебі, шпиондық қосымшалар тынбай жұмыс істеп, сіздің іс-қимылдарыңызды аңдып, камера мен диктофон арқылы жазба жасайды. Тиісінше, бұған батареяның біршама қуаты жұмсалады.
- Сіз телефонды өшіре алмайсыз және ол жиі артта қалады. Бұл, біреу сіздің құрылғыңызды қашықтан басқарып отырғанын білдіруі мүмкін. Егер солай болса, сіздің смартфоныңыздың экраны күту режимінде жанып тұруы мүмкін.
Кеңес: Google және iCloud-ғы өзіңіздің есептік жазбаларыңызға кірулерді қадағалаңыз, өз парольдеріңізді ешкімге айтпаңыз, олар өте сенімді болуы керек. Екі факторлы аутентификация туралы ұмытпаңыз - бұл сіздің аккаунтыңызға кіру үшін телефонға келген кіру коды. Кім және қашан, қандай гаджеттен кіргенін білу үшін хабарландыруларды қосыңыз.
Оқи отырыңыз: Банк шотындағы қаржыңызды алаяқтардан қалай қорғауға болады?
Зиянды бағдарламаларды қалай тануға болады?
Зиян келтіргіштер - бұл ең кең таралған мобильді қосымшалар түрінде жасырылуы мүмкін зиянды бағдарламалар. Көп жағдайда, мұндай қосымшалар орнату кезінде тым көп рұқсаттар сұрайды: камераға, галереяға, микрофонға, байланыс нөмірлеріне, орналасқан жеріңізге және т.б. Смартфоннан белгілі бір функциялар мен ақпаратқа рұқсат беруді қажет етпейтін бірде-бір бағдарлама жоқ шығар. Мысалы, мессенджерлер байланыс телефондарына рұқсат сұрайды, такси қызметі сіздің орналасқан жеріңізді білуі керек. Ал әлдебір софтқа өзіңіздің жеке деректеріңізге тым көп рұқсат берудің қажеті бар ма? Сақ болыңыз!
Кеңес: Гаджетіңізге антивирус орнатып, оны үнемі жаңартып отырыңыз. Гаджетіңізге алаяқтық шабуылдар жасалған жағдайда, антивирус оларды бұғаттайтын болады. Өз гаджеттеріңізге қосымшаларды тек ресми дүкендерден ғана жүктеңіз. Қосымшаларды жүктемес бұрын пайдаланушылардың пікірлерімен мұқият танысып шығыңыз және қосымшаны әзірлеушілердің оны жүйелі түрде жаңартып отыратындығына көз жеткізіңіз (ресми дүкендерде міндетті түрде соңғы жаңартулардың күні көрсетілген). Егер сіз шпиондық және зиянкес қосымшаны жүктеп, іске қосып үлгерсеңіз, онда оны дереу жойыңыз және өзіңіздің барлық есептік жазбаларыңыздағы, аккаунттарыңыз бен пошталық серверлеріңіздегі парольдерді ауыстырыңыз.