"Жаңа түскен келінге көрімдігін беріңіз". Беташардың мәні неде?
Беташар – жаңа түскен келіннің бетін ашып, көпшілікке таныстыру үшін жасалатын салт. Беташарға дейін шымылдық ішінде ақ орамал тағып отырған келіннің бетін жақын қыз-келіншектерден өзге ешкім көрмейді.
Беташар күні келіннің басына үлкен ақ орамал жауып, бет-жүзін көрсетпей екі жағынан екі абысыны қолтықтап ортаға әкеледі. Келіннің орамалының ұшына теңге түйіп, орамалды қамшының не домбыраның, оқтаудың ұшына жалғайды да, кішкентай ер балаға ұстатып қояды. Келіннің бетін ашуға арнайы келген ақын келінге ата-енесін, күйеуінің туыстарын, жолдас-жораларын жырға қосып таныстырып шығады. Аты аталған адамдар ортаға шығып, көрімдігін береді. Ал оларға келін иіліп сәлем салады.
Этнограф Сейіт Кенжеахметұлы "Жеті қазына" кітабында беташарға мынадай анықтама берген:
"Жаңа түскен келінді беташар дәстүрі жасалмай ешкім көре алмайды. Оны көру үшін әдейі беташар жасалады. Оған тойға жиналған туыс-туғандар тегіс қатысады. Мұнда "Беташар" жыры айтыла отырып, келінге оның атасы, енесі, басқа туыстары таныстырылып, келін оларға сәлем жасайды. Сәлем жасаған адамдар көрімдік береді. Бет ашатын жігіт ән-жырды желдірте, көңілді жыр төгуі керек. "Келін келді, көріңіз, Көрімдігін беріңіз" – деп бастаған әнші жігіт жас келіннің аталған жақындарына лайық әзіл-қалжыңдарын араластыра көрімдік сұрап, жұртты көңілді күлкіге қарық қылады. Беташар – тойдың басы әрі сәні, жас келіннің жаңа өмірге бет алғанын білдіретін қызықты, салтанатты жақсы дәстүрлердің бірі", – деп жазған.
Оқи отырыңыз: Беташардың мәні неге бұзылды? Тойды тәртіпке келтіруге бес кеңес
Беташар жырын жыршы-жыраулар мен ақындар, өлеңшілер айтқан. Беташардың мәні – әрі келіннің бетін ашып елге таныстыру, әрі келінге келген жерін таныстыру. Беташар әдетте былай басталады:
– Айт, келін-ау, айт, келін,
Атыңның басын тарт келін.
Сауысқаннан сақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін,
Атаң менен анаңның,
Айтқызбай көңілін тап келін...
Ақын Ілияс Жансүгіров "Беташар" өлеңінде былай деп жырлаған:
– Құтты болсын босағаң,
Құт келін бол еліңе.
Құтты болсын қосағың,
Қосылыпсың теңіңе.
Құт-береке оралсын
Желегіне, жеңіңе, – деп келінге тілек тілеген.
Адамдардың бәрін таныстырып шыққан соң, беташар соңы келінге ақ тілек тілеумен аяқталады. Беташар соңында қамшымен не домбыраның сабымен келіннің бетін ашады. Келіннің енесі келіп маңдайынан иіскеп, шашу шашылады. "Келіннің бетін кім ашса – сол ыстық" деген сөз де содан қалған.
Қазақтың салт-дәстүрлеріне қатысты материалдарды оқи отырыңыз:
- Құрақ көрпе. Қазақ халқы мата қиындыларын қалай кәдеге жаратқан?
- Ел көгертетін ерекше дәстүр. Батаның қандай түрлерін білесіз?
- Қазақ халқы баланы бесікке бөлеген. Бесіктің жасау-жабдықтарын білесіз бе?
- Бәсіре, тілашар, айдар мен танабау тағу. Қазақтың бала тәрбиесіне қатысты 10 салт-дәстүрі
- Қазақтың қандай салт-дәстүрлері сақталмай қалған?
- Тұсаукесер: Баланың аяғына неге ала жіп байлайды?
- Жеті ата – шежіре бастауы. Оның ұрпақ саулығы үшін маңызы қандай?
- Көрімдік. Оны қазақ халқы қандай жағдайда сұраған?
- Иткөйлек. Нәрестеге киімін неге "теріс" кигізген?