Шәууәл 2024: Ораза қай кесте бойынша ұсталады және қалай ниет ету керек
Бүгін Шәууәл айы басталды. Оның алғашқы үш күнінде Ораза айт мерекесі тойланса, қалған уақытта 6 күндік Шәууәл оразасын ұстағандарға бір жылдық ораза сауабы жазылады.
Осы орайда Informburo.kz ҚМДБ жариялаған материалдарға сүйене отырып, бір жылдық ораза сауабын алу үшін не істеу қажет екенін түсіндіреді.
Сауабы бір жылға тең
Мұсылмандар жылдың бес күнінде ораза тұтудан қайтарылған:
- ораза айт күні
- құрбан айт күні және ташриқ күндері, яғни зүл-хижжә айының (қасиетті Құрбан айт мейрамы басталатын ай) 11, 12 және 13 күндері.
Мұсылмандарға мына күндерде ораза тұтуға кеңес береді:
- аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері;
- Арапа күні, яғни зүл-хижжә айының тоғызы;
- жарық күндері, яғни әр айдың 13, 14 және 15 күндері;
- Шәууәл айында 6 күн.
Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.): "Кімде-кім Рамазанды оразамен өткізіп, бұдан кейінгі Шәууәл айында алты күн ораза тұтса, жыл бойы ораза тұтқанмен бірдей" – деп, алты күн оразаның мол сауабын сүйіншілеген. Құран Кәрімде: "Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі" – деп жазылған (Әнғам:160). Ғалымдар шәууәл айындағы алты күн оразаның бір жылдық сауабын осы аятпен байланыстырады.
"Рамазан айындағы 30 күн мен Шәууәл айындағы алты күн қосылғанда, 36 күн болады. Бұл сан он есеге көбейтілсе, 360 күнді құрайды. Бір жылдың қалған бес күні – ораза ұстауға болмайтын Рамазан айтының алғашқы күні мен Құрбан айттың төрт күні. Оразаның әрбір күні он есе молайса, онда 36 күндік оразада бір жыл ауыз бекітудің сауабы бар деген сөз", – делінген ҚМДБ сайтында.
Шәууәл айының оразасын ұстау міндеттелмейді
Шәууәл айының оразасы нәпіл ораза болып есептеледі. Яғни, мұны ұстау, ұстамау әркімнің өз еркінде, оны ұстау ешкімге міндеттелмеген.. Дегенмен, мұны ұстамаған адам бір жылдық оразаның сауабынан құр қалады.
Шәууәл айының нәпіл оразасы тек Шәууал айында ғана ұсталады. Әрі оны айт күнінің екінші күнінен бастап ұстаса болады.
Бұл оразаны Шәууәл айдың басында, ортасында немесе аяғында үздіксіз не күнара ұстауға болады. Бірақ, айттың артынша кезекпен дереу бәрін ұстаған абзал.
Шәууал айының алты күндік оразасын әр аптада екі күнге бөліп, әсіресе, аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері ұстаса, нұр үстіне нұр. Себебі Пайғамбар: "Дүйсенбі күні мен бейсенбі күні істеген істер Аллаға ұсынылады. Менің істерім Аллаға көтерілерде аузымның берік болғанын ұнатамын" – деген.
Оқи отырыңыз: Оразадан кейінгі ораза. Алты күндік Шәууәл оразасы туралы 11 дерек
Рамазан мен Шәууәл оразасының айырмасы
Рамазан айында қаза болған күндер мен Шәууәл айындағы алты күндік оразаны қатар ұстауға бола ма деген сұраққа әркім әрқалай жауап береді. Дегенмен ҚМДБ ораза қазасы мен Шәууәл оразасын бірге ұстауға болмайды дейді. Екеуі екі бөлек ғибадат болғандықтан бөлек ұсталуы керек.
"Рамазан айында түрлі себептермен кей күндерін қаза етіп алған кісілер Шәууәл айында әуелі Рамазанның қазасын өтеуіне де, сонымен бірге Шәууәлдің алты күндік нәпілін ұстаса да болады. Дегенмен Рамазан оразасын толығымен ұстау – Алла Тағаланың бұйрығы, ал Шәууәл айында алты күн ораза ұстау Пайғамбар сүннеті болғандықтан алдымен оразаның қазасын өтеу абзал. Себебі адамның белгіленген ажалы айтпай келетіндіктен, алдымен парыз оразаның қазасын толық өтеп, нәпіл оразаны одан кейін ұстаған дұрыс", – делінген ҚМДБ сайтында.
Осы айда қаза оразасын ұстап, нәпіл ораза ұстауға уақыты жетпей қалған адамдар үшін де Шәууәл айының уәделі сауабы үміт етіледі. Бірақ бұл нәпіл оразаға уақыты жетпей қалғандар үшін. Әр оразаны жеке-жеке ұстау қажет. Бұл жоғарыда келтірілген бір жылдық сауаптың математикалық есебіне де сай келіп тұр.
Рамазан оразасын ұстамаған адамдарға да Шәууал оразасын ұстауына болады. Алайда олар Пайғамбар сүйіншілеген бір жылдық оразаның сауабын ала алмайды. Себебі Рамазан оразасы парыз саналады.
Шәууәл айының оразасына ниет
Шәууал оразасы да басқа оразалар сияқты таң атқаннан бастап күн батқанға дейін жалғасады. Көкейде ниет болса жеткілікті. Ауызша айтамын деуші кісі былай десе болады: "Алла ризалығы үшін Шәууәл айында нәпіл оразаның бірінші күнін (екінші не үшінші күнін) ұстамаққа ниет еттім" деуге болады. Ауыз ашқанда да әдеттегідей сумен не құрмамен ашып, қазақша тілек-дұға жасауға болады. Арнайы ниет-дұға жоқ.
Рамазан айынан кейін қаза ораза мен Шәууәл оразасын ұстайтын кісі күнделікті намаз кестесін негізге алады. Таң намазы кірген уақыт – ауыз бекітетін уақыт. Ақшам намазының кірген уақыты – ауыз ашатын уақыт.