Құрақ – түрлі мата қиындыларынан қиюластырып тігілген қолөнер бұйымы. Халық арасында кең тарағаны – тұмарша, сегіз жапырақ, ромб және сан түрлі ою-өрнектерден құралған құрақ көрпе. Құрақ көрпенің арасына мақта және қойдың, түйенің жүнін салып, сырып тіккен. Құрақ құрап көрпе ғана тікпеген. Сондай-ақ қоржын, кеудеше, тақия, қиық сырмақ, жастық, аяққап, қолқапшық, халат және ойыншықтар жасаған.

Құрақтан жасалған бұйымдарда әртүрлі мата, сан алуан түстер жарасым тауып, көзге әдемі көрінеді. Қазақ халқы қыз балаға құрақ құрауды кішкентайынан үйреткен. Құрақ құрау төзімділікке тәрбиелейді, үнемділікке, түстерді үйлестіре білетін әсемдікке үндейді, адамның ой-өрісін кеңейтеді.

Қыздың жасауына "басы құралсын, көбейсін" деген ниетпен құрақ көрпелер қосады. Құрақ тіл-көзден сақтайды, жамандықтан қорғайды деген наным бар. Баласы шетіней берген үй "тіл-көзден аман болсын" деген ырыммен қырық құрақ құрап, жас нәрестені соған ораған. 

Құрақ құрау үшін ең алдымен түрлі-түсті маталар қажет. Маталар түрі мен түсіне, қалыңдығы мен жұқалығына қарай сұрыпталады. Құрақты тікпес бұрын мата қиындыларын бір-біріне сәйкестендіріп алады. Құрақты біртұтас матадан емес, матаның қиындыларынан құрағанын айта кеткен жөн. Мұндағы мақсат – матаның қиындыларын қоқысқа тастамай, кәдеге жарату. Екі түрлі матаны бір-бірімен қиылыстыра тіксе, құрақ шыға келеді.

"Әжелер киім тіккенде,
Тастамапты қиықты.
Әр алуан қиық түскенде,
Дорбаға салып жиыпты.
Көп киім тігіп біткенде,
Қиыққа дорба толыпты.
Қиықты сәндеп тіккенде,
Құрақ көрпе болыпты", – деп өлеңдеткен.


Оқи отырыңыз: Қазақтың құрақ көрпесі Гиннес рекордтар кітабына енді


Құрақтың 200-ден аса түрі бар. Төртбұрыш, сегіз ай, мүйіз құрақ, қиықша құрақ, үшбұрыш, аққу, жұлдызша, гүл құрағы, сегіз жапырақ, тұмарша сияқты түрлері кеңінен тараған. Үшбұрыш құрағының мәні – су, жер, ауаны ұштастыру. Бал арасының ұясына ұқсас "Алты табақ" құрағы тәттілік пен молшылықты білдіреді.   

Құрақ бұйымдарының бояуы сан алуан: көгілдір түс – аспанның, қызыл түс – от, қан, өмірдің, жасыл түс – өсімдіктің, көктемнің, ақ түс – биіктіктің, сары түс даналық пен білімнің белгісі. Бұл түстер құрақта қиысқанда ғарышты, күллі әлемді бейнелеген.

Құрақ маталары

  • Қамқа – алтындатқан немесе күмістеткен зерделі жіптен тоқылған жібек мата.
  • Қатипа – жол-жолы бар, жұқа жібек мата. Барқыт, шыт.
  • Торқа – ең қымбат жібек мата.
  • Батсайы – қалың жібек кездеме.
  • Торғын – қымбат бағалы жібек матаның бір түрі.
  • Мақпал – тығыз тоқылған, жұмсақ, түкті барқыттың бір түрі.
  • Қыжым – сапалы жүнен тоқылған түкті мата, плюш.
  • Пай – жібек мата.
  • Парша – алтын мен күмісті араластыра отырып тығыз тоқылған жылтырақ жібек мата және сол матадан тігілген қымбат бағалы киім.
  • Қазине – жібектен қалыңды-жұқалы етіп тоқитын мата.
  • Шағи – жұқа келген жұмсақ және таза мата.
  • Ләңке – сырткиімдік матаның бір түрі.
  • Насар – жібек кездеме.
  • Ұштап – ақ түсті тығыз мата.
  • Шыт – арзанқол жұқа мата.
  • Сәрпөңке – астарлық жібек мата.
  • Бояқ – кездеменің боялған түрі.
  • Борлат – қызыл түсті жұқа мата.
  • Тібен – түрлі-түсті қалың мата.

Қазақтың салт-дәстүрлеріне қатысты материалдарды оқи отырыңыз: