Шашу – сәби дүниеге келгенде, баланың тұсауын кескенде, ұл баланы сүндеттегенде, келін түскенде, күйеу жігіт келгенде, отау көтергенде, құдаларды қарсы алғанда, үй алғанда, су жаңа көлік мінгенде, жарыста жеңіске жеткенде, жүйрік ат бәйгеден озғанда, алыс сапардан жолаушы оралғанда, тағы басқа қуанышты сәттерде жасалатын салт. Құрт, ірімшік, өрік-мейіз, кәмпиттен, күміс теңгеден шашу шашады. Шашылған шашуды баспай, аттамай, жерге тастамай теріп алу қажет. 

Шашуды әдетте жасы үлкен, елге сыйлы әйелдер, әжелер шашады. Ал оны жастар, балалар таласып теріп алады. Кейде үлкендер ырымдап қалталарына салып, балаларына апарып береді. Бұл қуаныш бізге де жұғысты болсын деген ниет, ырым. 

Адамдар тойға әкелген шашуын кейде ысырап болмасын деп шашпайды, той иесіне береді. Шашуды қазақ халқының қуанышта беретін кәдесі, жақсы ниеті деуге болады. 

Этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, қазақ дәстүрінде шашу көктүріктер заманынан бастау алған ғұрыпқа жатады. Жорықтан жауын жеңіп оралған батырлардың алдынан шашу шашып қарсы алатын болған. Кейін барлық қуанышта жасалатын салтқа айналды. Этнограф қазақта шашуды әйел адам ғана шашатынын айтып отыр. Ер адам шашу шашса рухы төмендейді деп ырымдайды. Әйелдер шашу шашса, қуаныш арт-артынан жалғасады деп сенеді.

Көне түркілер қуаныш кезінде құрт, ірімшік сияқты ақ тағамдарды "ақ жолтай", "ақ тағамдай ақ болыңдар", "ақ ниет тілейміз" деп шашқан. Кейіннен тату-тәтті болсын деген ниетпен шашуға кәмпит қосылған. Дәстүрлі қазақ қоғамында жағдайы жақсы, бай адамдар күміс, алтын теңгелер де шашқан. Қазір де теңге, ақша шашатындар бар.


Қазақтың салт-дәстүрлеріне қатысты материалдарды оқи отырыңыз: