Бесік – нәресте жататын ағаш төсек. Көшпенді қазақ халқы кішкентай баланы бесікке бөлеп ұйықтатып, бесікке салып тәрбиелеген. Бесікті қарағай, қайың секілді ағаштардан жасаған. "Тәрбие тал бесіктен басталады" деп бекер айтпаған. Бесік әрі жеңіл, әрі берік болғандықтан көшіп-қонуға ыңғайлы болған. Бесікке бөленген бала таза болған, яғни шүмек пен түбектің арқасында баланың дәреті оның үстін бүлдірмеген, көрпе-төсекті былғамаған. 

Жаңа туған баланы бесікке саларда "бесік той" жасалады. Бесіктің жасауын қыздың анасы даярлайды, яғни баланың нағашы жұрты әкеледі. Баланы бесікке салмас бұрын түбектің тесігінен тәттілерді өткізіп, "тыштыма" деген жоралғы жасайды. Тәттілерді балаларға үлестіреді. 

Бесігін тербеткен ана баласына бесік жырын айтқан. 

– Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем!
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.
Байқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін,

– деп басталатын бесік жырын көп адам естіген болар. Бесік жырының мәні баланы жұбату не ұйықтату ғана емес, анасы мақамды жыр арқылы баласына тәлім-тәрбие берген.


Оқи отырыңыз: Бала тілі неге кеш шығады? Психолог ата-аналардың төрт қателігін атады


Бесіктің жабдықтары

Жас нәрестені бесікке бөлеу үшін төмендегідей жасау-жабдықтар қажет.

  • Ши – бесік жабдықтарының үстінен ұзына бойы жайылатын тоқылған ши төсеніш. Түбек бекітілетін тұсы ойық болады.
  • Жөргек – шидің үстіне төселетін жүннен жұқалап басылған киіз төсеніш. Мұны кейде қаузау деп те атайды.
  • Құс төсек – жөргектің үстіне төселетін жұмсақ төсек. Оның да түбек түсетін тұсында ойығы болады.
  • Жастық – бесіктің еніне сәйкес тігілген, арасына құс жүні толтырылған кішкене жастық.
  • Жаялық – нәрестенің денесін орайтын жұмсақ шүберек.
  • Көрпе – ішіне мақта салынған жазда жабуға арналған жұқа немесе қыста жабатын жылы жамылғы.
  • Жабу – (жамылғы) – бұл бесікті толығымен жауып тұрады және баланы жәндіктерден, жел өтінен және бөтен адамдардың көзінен қорғайды. Жабу жеңіл матадан да, тығыз матадан да болуы мүмкін.
  • Кепіл – сәбидің аяғы мен жамбас тұсында тұратын кішкене жастықшалар. Олар түбек орналасқан ойықтың төңірегіне төселеді.
  • Тартпа бау – сәбиді байлайтын жалпақ баулар. Бауларды кейде таңғыш деп те атай береді, олар құр тәрізді биязы жіптен тоқылады. Немесе екі-үш қабат матаны сырып, бауларды ызып әзірлейді. Тартпаның біреуі нәрестенің көкірек тұсын, екіншісі тізенің үстін орап өтеді. Тартпа баудың ұштары бесіктің екі жағындағы сабау ағаштарға таңылады.
  • Шүмек – бесіктегі баланың кіші дәретін үшін қойдың асық жілігінен басы ойылып жасалған түтікше. Шүмекті ағаштан да, сүйектен де әзірлеуге болады. Шүмектің ұлға және қызға арналған түрі бар.
  • Түбек – шүмек арқылы баланың зәрі ағатын қыштан, көннен, күйдірілген саз балшықтан немесе мыс, жез қаңылтырдан жасалатын ыдыс. Түбектің түбіне сәл күл сеуіп қолданады. Сәбиді бөлегенде жаялығы былғанып қалмас үшін бесіктің ойығына түбекті орнатады
  • Жабу – бесікті толығымен жауып тұратын, матадан арнайы тігілген, кестеленген бұйым. Жабу бесікте жатқан баланы жәндіктерден, желден, шаң-тозаңнан, күн көзінен, суықтан қорғайды.