Табысының 50 пайызынан төлемі асып кеткендерге несие берілмейді. Жаңалықтарға шолу
Биыл мектептерде алғашқы қоңырау жексенбі күні соғылады
ҚР Білім және ғылым министрлігі осылай деп хабарлады. Таратылған ақпаратқа сүйенсек, салтанатты жиыннан кейін оқушыларға сабақ болмайды. Сабақ 2-ші қыркүйектен басталады.
Қазақстандықтардың несиелерінің айыппұлдары мен өсімпұлдары кешірілді
ҚР Ұлттық банкі Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаевтың айтуынша, айыппұлдар мен өсімақылар 30 млрд теңгеден асады. Ұлттық банк олардың 30% жапса, қалғаны екінші деңгейлі банктер есебінен кешірілген.
Бұған дейін 5 млн қазақстандықтың 58,4 млрд теңге айыппұлдары мен өсімпұлдары кешірілетіні туралы хабарланған.
Ұлттық банк 90 күннен асып кеткен кепілсіз қарыздарға айыппұл, өсімақы салуға заң жүзінде тыйым салуды жоспарлап отыр. Тамыздың соңына дейін әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған тұрғындардың 300 мың теңге көлеміндегі кредиттері кешіріледі. Қазір несие беру талаптарына өзгерістер дайындалып жатқаны белгілі болды. Ұлттық банк өкілінің айтуынша, несие болынша төлемі табысының 50 пайызынан асатын азаматтарға несие берілмейді.
Көпбалалы отбасынан шыққан түлектерге тағайындалатын гранттардың көбі Түркістан облысына бөлінді
Елімізде аз қамтылған отбасылардың түлектеріне арналған 5 мың грант өңір-өңірлерге, ЖОО-на, сондай-ақ мамандықтарға бөлініп берілді. Ұлттық тестілеу орталығының сайтында оның кестесі жарияланған. Қосымша гранттардың көбін Түркістан облысының түлектері (1350) иемденгені белгілі болды. Мемлекеттік тапсырыстың басым бөлігі педагогика және ауыл шаруашылығы саласындағы мамандарды оқытуға бағытталған.
Қосымша гранттар саны бойынша екінші орында Алматы облысы (540), үшінші орында Жамбыл облысы (460).
Арыстағы 77 үйді әлі жөндемеген
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіндегілердің айтуынша, жұмыстардың басталмауына үй иелерінің келіспеуі не меншік иелерінің орнында болмауы себеп болып отыр.
Ведомствадан хабарлағандай, 8 тамызға дейін апат болған аймақтағы 6,8 мың үйде негізгі қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. 2100 үйде жеңіл жөндеу жүріп жатыр. Қаладағы қираған үйлердің құрылысын жүргізуге 7 мыңнан астам маман жұмылдырылған.
Үздік медициналық мекемелердің 70%-ы – жеке клиникалар
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры еліміздегі медициналық ұйымдардың рейтингін құрастырды. Мемлекеттік тапсырыспен халыққа 1404 мекеме қызмет көрсетеді.
Нәтижелі, сапалы қызмет ұсынатын мекемелердің тізіміне 98 ұйым кірген. Оның 70 пайызы – жеке клиникалар. Үздіктер қатарында Шымкенттегі көз ауруларының ғылыми-зерттеу институты, Жамбыл қаласындағы теміржол ауруханасы, Түлкібас аудандық орталық ауруханасы, Республикалық балаларды оңалту орталығы мен Ұлттық медиуиналық университет бар.
Депутатқа тиесілі қонақ үй жабылуы мүмкін
Алматы облысы бойынша Экология департаменті Алакөл көліне сарқынды суларды ағызу фактісі бойынша"AlmaTradeGroup" ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, көл жағасында орналасқан екі бассейннен (балалар мен ересектер) заңсыз орнатылған құбырдан су аққан.
Департамент кәсіпорынның құжаттарын тексеріп, судың сынамаларын алыпты. Тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысымен қоршаған ортаға залалы көп сарқын суды рұқсатсыз ағызғандығы анықталған. Экологиялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл салынған. Қазір қоршаған ортаға келтірілген залал сомасы анықталып жатқан көрінеді. "Алматы облысы бойынша Экология департаменті мекеменің қызметін тоқтату туралы сотқа талап-арыз береді" делінген ведомстваның хабарламасында.
Қырғызстандағы жағдай – елдің ішкі шаруасы
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қырғызстандағы жағдайды мұқият бақылап отыр деп хабарлады Президенттің баспасөз хатшысы Б.Уәли.
"Мемлекет басшысы бауырлас көрші елдегі ахуады Қырғыз Республикасының ішкі шаруасы деп есептейді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайдың жуық арада елдің қолданыстағы заңы аясында шешілетініне үміттенеді" деп жазды Берік Уәли.
Кеше 8-ші тамызда Қырғызстанда күш құрылымдары елдің бұрынғы Президенті Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясын жүргізген болатын.
Доллар бағамы алты күннен бері өсіп жатыр
Қазақстан қор биржасының бүгінгі сауда сессиясының қорытындысында АҚШ валютасы 387,73 теңгеге бағаланды.
Доллар кешегіден 0,27 теңгеге қымбаттап, тағы да тарихи рекордын жаңартты.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: Қазақстанда сұраныс төмен мамандықтардың тізімі жарияланды. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы сарапшыларының мәліметінше, биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша еңбек нарығында заңгерлердің 3,6 мыңға жуық түйіндемесі талап етілмеген күйінде қалды. сұраныс төмен мамандықтар бестігіне әлеуметтік қызметкерлер (2,4 мыңнан астам түйіндеме), аспаздар (2 мың), компьютер техниктері (1,5 мың) және кеңсе қызметшілері (шамамен 1,5 мың) кірді. Жоғары сұраныстағы мамандардың қатарында экономистер, шаштараздар, қаржыгерлер, тігіншілер мен техник-технологтар бар.
Baq.kz: Нәрестелерге ең көп және сирек қойылған есімдер. Биылғы жылы балаға ең көп қойылған есімдер Әлихан мен Раяна болып тұр. Ұлт көсемі Әлиханның есімі 320 балаға қойылған. Одан кейін Айсұлтан (222), Нұрислам (190), Әмір (175), Әлинұр (168), Әли (168), Санжар (126), Ислам (125), Ерасыл (125) Алдиярлар (117) көшті жалғап тұр. Ал қыздар арасындағы танымал есім – Раяна 429 нәрестеге қойылыпты. Медина (366), Айлин (332), Айзере (324), Аяла (305), Айша (274), Асылым (263), Айару (224), Әмина (223), Кәусар (184). Биыл бір ғана балаға қойылған есімдер. Теңіз, Байқазақ, Құдірет, Нұрәлем, Бейбарыс-Сұлтан, Мұхаммед-Раджаб, Ерлер, Ақиқат, Елтұлға, Нұршашқан, Ақпатша, Тұмарсұлы, Рәбиям, Нұршаһ, Ақ-Ниет, Айдайсұлу, Ай Күнім, Ақбиік, Нұр Ханшайым, Шаттық.
24.kz Енді заң жобалардың орындалу барысын арнайы сайт арқылы бақылауға болады. "Е-заңнама" жобасы осыған арналған. Әділет министрлігі онлайн жүйенің интерфейсін таныстырды. Ведомство өкілдерінің айтуынша, аталған бағдарлама 2017 жылы қолға алынған. Бірақ ол биылдан бастап күшіне еніп отыр. 2021 жылға дейін қарастырылған жобаның жалпы құны 105 млн теңгені құрайды. Бүгінде мемлекеттік мекемелердің тізімі толықтырылып жатыр.