Ұстаз мәртебесі артып, жалақысы көбейді. Бұл ер мұғалімдер санына қалай әсер етті?
Оқу-тәрбие мекемелері мен білім беру басқармалары басшыларының арасында да ер-азаматтар сирек кездеседі. Әсіресе, мектеп директорлары мен олардың орынбасары қызметінде де әйел мұғалімдердің қарасы қалың. Тіпті денешынықтыру, әскери тәрбие пәндерінен де қыз-келіншектер сабақ беретініне етіміз үйреніп қалды. Ал бұл азшылықтың мектептегі бала тәрбиесіне әсері қандай?
Білім және ғылым министрлігінің мәліметі:
Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының 2-тармағына сәйкес, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.
"Осылайша заңнама деңгейінде ерлер мен әйелдердің білім алуға тең қолжетімділігі қамтамасыз етілген. Тиісінше жоғары оқу орындарына педагогикалық мамандықтарға түсу үшін ер азаматтарға жоғары білім алу үшін жеңілдік немесе квота беру қыз балалардың жоғары білім алуына қолжетімділікті шектейді", – делінген БҒМ ресми жауабында.
Мамандардың айтуынша, соңғы кезде болмысы болбыр, қимылы сылбыр, қыз мінезді ұлдар көбейіп барады. Ер мұғалімдердің жетіспеуі 60-70-жылдары Түркия мемлекетінде де байқалған еді. Түріктің қоғам белсенділері "ер ұстаздардың аздығынан ер балаларымыз ұсақталып кетті. Жібектей сызылып, қыз мінезді болып барады. Ал қыздарымыз еркекшоралыққа бой алдырған. Намыссыздық, сөзге тұрмау, екі сөйлеу, сатқындық кең етек жайып барады" деп мәселе көтереді. Сонда Түркия билігі тарапынан арнайы бағдарлама қабылданып, ерлерді мектепке тарту мәселесі алдыңғы кезекке қойылған.
Мектеп ұстаздарының тең жартысы ер мұғалімдерден жасақталып, екі-үш жыл ішінде теңсіздік реттелген екен. Мұны мамандар білмей отырған жоқ. Психологтар "бұл беталысымыз ұлтымыздың ертеңі үшін қауіпті" деп дабыл қаққалы біраз болды. Нәзікжанды азаматшалар да саналы тәрбие, сапалы білім бере алатынын жоққа шығармаймыз. Алайда балалар мен жастар тәрбиесі тұрғысынан қарастырсақ, мұның өзі айтарлықтай олқылық екенін аңғаруға болады. Әсіресе балалар үшін әке қандай қажет болса, ер мұғалімдердің де сондай маңызы бар.
Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметіне сәйкес:
- 2017 жылы мұғалімдердің саны – 285 996, оның ішінде ер азаматтар саны 56 442 (19,7%),
- 2018 жылы мұғалімдер саны – 289 851, ер ааматтар – 57 118 (19,7%),
- 2019 жылы мұғалімдер саны – 296 003, ер азаматтар саны – 58 359 (19,7%),
- 2020 жылы мұғалімдер саны – 310 958, ер азаматтар саны – 61 063 (19 %).
Педагогикалық мамандықтарға:
- 2018 жылы – 9 522;
- 2019 жылы – 10 511;
- 2020 жылы – 7 936 грант бөлінген.
Оқи отырыңыз: Жабылған ЖОО, шетелдік сутденттер және оқытушы жалақысы. Жоғары білім беруде қандай өзгерістер бар?
Жоғары оқу орындарына педагогикалық мамандықтар бойынша оқуға түскен ер азаматтардың саны:
- 2018 жылы – 5 314 (55,8%);
- 2019 жылы – 4315 (40 %);
- 2020 жылы – 4596 (48 %).
Оқи отырыңыз: "Алғашқы жұмыс орны" – түлектерді нақты қолдау жобасы
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламалары бойынша сабақ беретін мұғалімдердің лауазымдық жалақысы 30%-ға артты, 2018 жылғы қыркүйектен бастап ұлттық біліктілік тестінің нәтижелері негізінде санат беру және/немесе растау кезінде педагогикалық шеберлік үшін мұғалімдердің лауазымдық жалақысына (30%-дан 50%-ға дейін) үстемақы қосылды. Қазіргі уақытта республиканың 150 мыңнан астам педагогі жоғарыда көрсетілген қосымша ақыны алуда.
Оқи отырыңыз: 2021-2023 жылдары мұғалім жалақысы қалай өседі? Қосымша ақы мөлшері қандай?
2019 жылғы 27 желтоқсанда "Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Заңнамалық деңгейде мұғалімдердің мәртебесін көтеру, мұғалімдерді өздеріне тән емес функциялар мен тексерулерден босату, материалдық және моральдық ынталандыруды бойынша бірқатар мәселелер шешімін тапты.
Қасым-Жомарт Тоқаев 4 жыл ішінде педагогтердің жалақысын 2 есеге арттыру туралы тапсырма берген болатын.
Осы тапсырмаға сәйкес 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап педагогтердің жалақысы 25%-ға өскен болса, 2021 жылғы 1 қаңтардан тағы да 25%-ға өсіру жоспарланып отыр.
Биылға жылғы 1 қыркүйектен бастап сынып жетекшілігі, дәптерлерді тексергені үшін қосымша ақыны екі есеге ұлғайту көзделді, педагогикалық шеберлігі үшін қосымша ақы алушылар шеңбері кеңейтілді. Қосымша ақының жаңа түрлері белгіленді: магистр дәрежесі және тәлімгерлік үшін.
Сондай-ақ, заң аясында педагогтерді көтермелеудің мынадай қосымша түрлері қарастырылған:
- Педагогтің Қазақстан Республикасына сіңірген аса зор жетістіктері мен ерекше еңбегі үшін оған мемлекеттік наградалар, оның ішінде 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлемақы төлей отырып, "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағы беріледі;
- Білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасындағы халықаралық олимпиадалардың, конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпазын дайындаған педагогке үнемдеу есебінен үш лауазымдық жалақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді;
- Жергілікті атқарушы органдар педагогтерге айлық есептік көрсеткіштің кемінде 300 еселенген мөлшерінде сыйақы түрінде қосымша ынталандыру төлемдерін белгілеуге құқылы (2020 жылы Ұстаздар күні мерекесіне республикамызда 100-ден астам ұстазға жерігілікті атқарушы органдар 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы берілді).
Бұл шаралар білім беру ұйымдарына жұмыс істеу үшін педагогтерді тартуға бағытталған.
Сондай-ақ, жыл сайын өткізілетін "Үздік педагог" республикалық конкурсында әйелдермен қатар, ер азаматтар да жеңіске жетіп жүр. 2020 жылғы "Үздік педагог" республикалық конкурсының 64 жеңімпазының 16-сы ер азамат, яғни 25%-ы.
"Сонымен қатар, 2019 жылы қабылданған "Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңы мұғалімінің мәртебесінің артып, білім беру саласына жұмысқа келетін ер азаматтар санының үлесінің көбеюіне ықпал етеді деп сенеміз", – делінген БҒМ ресми жауабында.
Ұлыбританиядағы мұғалімдер арасындағы гендерлік алшақтық бізбен салыстырғанда төмен: бастауыш сыныпта ер мұғалімдердің үлесі шамаме 20% болса, орта мектепте 40% құрайды. Дей тұрғанмен, Ұлыбританиядағы мектептерде ер адамдардың болмауы ер балалардың үлгеріміне кері әсер етеді деген болжам жасалды. Мысалы, UCAS басшысы ұлдар мен қыздар арасындағы оқу үлгерімінің айырмашылығын гендерлік айырмашылық салдары деп болжаған еді.
Демек, мәселе тек біздің елімізде ғана емес, Ресейде, Батыс Еуропа елдерінде шешімі қиын болып келеді. Ресейде мектептерде ер мұғалімдердің азаюының зардабы жөнінде 1960-1970 жылдардан бері педагогтар дабыл қағумен әлек.
1950 жылдары Қазақстанда әйел мұғалімдер мүлде жетіспейтін еді. Соған орай осы кезеңде Алматыда қазақ қыз-келіншектеріне арналған педагогикалық институт – Қазақ қыздар педагогикалық институты ашылғаны белгілі. Сондай-ақ педагогикалық мамандыққа әйелдерді көптеп тарту жөнінде үгіт-насихат күшейіп, қыз-келіншектердің педагогикалық білім алуына қажетті қамқорлықтың бәрі жасалған болатын. Мұның нәтижесі қандай зор болғаны баршаға мәлім.
Оқи отырыңыз: Отыр, екі! Әйел мұғалімнің күйеуіне қоятын бағасы көп жағдайда осындай
Ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарамайтын елдерде ұстаз мәртебесін көтеруге барын салып жатыр. Сингапурда көшесіне мұғалім қыз келін боп түссе, барлық көше тұрғындары түгел барып сәлем береді. Сингапур мен Жапонияда мұғалім төрт жыл сабақ беріп, бір жыл біліктілігін арттырумен айналысады және ол үшін стипендия алады. Онымен қоймай бір жылдан соң не үйренгеніне жұрт алдында есеп береді. Ол жақтарда әкімнің де, басқа шендінің де емес, ұстаздың берген есебі құнды болып саналады. Финляндияда мұғалімнің жалақысы кез келген шенеуніктің жалақысынан артық, сондықтан болар он жылдан астам уақыттан бері білім беруде ең бірінші орында келеді.
Финляндия, Сингапур, Жапонияда мұғалім болатын студенттерді ең үздік оқығандардан іріктеп алады, сондықтан оларда нашар мұғалім деген мүлде жоқ.
Оңтүстік Кореяда мектепті үздік бітірушілердің 5 пайызы, Финляндияда 10 пайызы, Сингапур мен Гонконгта 30 пайызы мұғалімдік мамандықты таңдайды.
Жоғарыда аталған елдерде ер ұстаздар мен әйел ұстаздардың тепе-теңдігін ұдайы қатар ұстап келеді және ол елдердің барлығында білім саласындағы басшылар ер адамдар.
Біріккен Араб әмірлігінде ер балаларға ер мұғалімдер, әйелдерге әйелдер сабақ береді. Түркияның да жүйесі осыған негізделген. Ең бастысы, дамыған елдерде мұғалімдердің жеке бастарында, үйлерінде ешқандай мәселе болмауы керек. Ол үйден, көліктен және де өзге де мұқтаждықтардан ада болып, тек оқушының сабағы әрі тәрбиесімен ғана айналысуы міндетті.