Қазақстанда сексеуіл құрып барады. Оны сақтап қалу үшін Алматыда "Жасыл мейрамхана" атты байқау өтеді. Шара аясында мұндағы барлық мейрамхана тексеріліп, қай жерде сексеуілмен тағам пісіріп жатқандығы анықталады. Әсіресе кәуапханалар қатаң сүзгіден өтеді.

Комиссия құрамына құзырлы органдардың мамандары кіреді. Бұл туралы бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар Вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді.

"2014 жылы Қазақстанда Үкімет қаулысымен сексеуілді кесуге тыйым салынған болатын. Ал 2017 жылы ағаштың бұл түрін сатуға заңмен тыйым салынды. Мемлекет тарапынан сексеуілді сақтап қалуға қыруар қаражат бөлініп, алқаптарды ұшақтармен бақылап жатырмыз. Алайда сексеуілді кесіп, жасырын сату тыйылмай тұр. Сондықтан қазіргі жағдайды анықтағымыз келеді. Сексеуілді пайдаланып жатқандар табылса айыппұл салынады. Ал байқау жеңімпазына "Жасыл мейрамхана" деген мүсінше мен атақ береміз. Шара бүгіннен басталып, 31 наурызға дейін жалғасады", – деді Ерлан Нысанбаев.

Шөлейтті жерде өсетін өсімдікті сақтап қалу үшін Қазақстанда 21 наурыз "Сексеуіл күні" деп жарияланатын болды. Сексеуілдер елімізде 6 млн га жерді алып жатыр. Ағаштың бұл түрі Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында кездеседі.

Қазақстанда сексеуілдің үш түрі өседі: қара, ақ және зайсан сексеуілі. Өсімдіктің құмдарды бекітуге, жер қыртысын тозудан қорғауға, орманды ортаны қалыптастыруға және жан-жануарларға пайдасы зор. Бір түп сексеуіл ағашы өзінің қуатты тамырларымен төрт тонна құмды ұстап тұруға қабілетті екен. Егер сексеуіл мүлдем жойылса, ауылдарды құм басып, шөлге айналады. Өкініштісі, қолданыстағы заңнамалық тыйымдарға қарамастан қазір сексеуіл отындыққа аяусыз оталып жатыр. Соңғы бес жылда Қазақстанда 400-ден астам сексеуілді заңсыз кесу дерегі тіркелген.