Cарапшылар Қазақстан үкіметі, бизнес өкілдері және қарапайым халықтың карантин кезіндегі іс-қимылын сөз етіп, пандемияның даму қарқынына байланысты болжам жасады.

"Үкіметтің пандемия кезінде салықты көбейтуі сауатсыз қадам"

Қазақстандық кәсіпкерлер атынан сөйлеген Kusto Group директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішевтің ойынша, пандемия кезінде салық жүктемесін көбейту - орынсыз қадам.

"Менің әлемнің 10 елінде бизнесім бар. Қазақстанда ауыл шаруашылығы, тау-кен ісі, мұнай мен газ, мал шаруашылығы және сауда-cаттықпен айналысып жүрмін. Қазір адамдар көп ауырып жатыр, олар жұмысқа шықпағандықтан, біз жұмысты тоқтатуға мәжбүр болып отырмыз. Жақында ғана тараған коронадағдарыс туралы баяндамада кәсіпкерлердің 90 пайызы "салық каникулын" сұрағанын байқадым. Себебі, сауда-саттық, клиент сұранысы күрт төмендеген. Ең қызығы, соңғы апталарда біз Үкіметтің салық көлемін көбейту туралы бастама көтеріп жатқанын естідік. Яғни, кәсіпкерлер салықты төмендетуді сұраса, Үкімет соған қарама-қайшы шешім қабылдағалы отыр. Бізге бұл жаңалық өте ауыр соққы болып тиді. Экономика, бизнес салалары өте қиын жағдайға тап болған кезде салықты көбейту туралы әңгіме қозғау өте сауатсыз саясат деп санаймын", – деді Тәтішев.

Кәсіпкер қазіргідей қиын жағдайда бизнес өкілдерінің Үкіметпен, министрліктермен серіктес болуға дайын екенін айтады:

"Үкімет өкілдеріне коронадағдарыс кезінде бизнес саласында қандай нақты қадамдар жасау керектігі жөнінде кеңес беруге, жұмысшыларымыздың мүддесін қорғауға, инвестициялар құюға дайынбыз".

Оқи отырыңыз: Covid-19 кезінде ингаляция жасауға болмайды. Небулайзер деген не және ол не үшін қолданылады?

Экономист, "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рақым Ошақбаев қазіргі жағдайда салық көлемін көбейту емес, керісінше төмендету керектігін айтты:

"Біз салықтың 7 түрін ғана қалдыра аламыз. Мәселен, еңбекақы қорына төленетін бірыңғай салық түріне қазір төлемнің 5 түрі кіріп отыр. Бұл төлемдер көлемін 32 пайыздан 20 пайызға дейін азайта аламыз".

Сонымен қатар, Ошақбаев мемлекеттік басқару ісін сынға алып, денсаулық сақтау саласындағы проблемаларға да тоқталды:

"Қазіргі жағдайда халықтың денсаулық мәселесі бірінші орында тұр. Денсаулық сақтау саласында тұралап тұрған нәрсе көп. Соңғы кездегі мысалдарды айтайын. "СК-Фармация" компаниясының Катардан келген гуманитарлық көмекті қағазбастылықтың кесірінен халыққа тарата алмай отырғанына 50 күн болды. Сондай-ақ, Үкіметтің елдегі жағдай ушығып кеткен кезде ғана мобильді жедел жәрдем бригадасы санын көбейте бастағанын айтуға болады. Соңғы күндері желіде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мобильділігі емес, қор басшысы Айбатыр Жұмағұловтың (экс-басшысы – авт.) жұбайының 12 көлігі қатты талқыланып жатыр. Сондықтан, дәл қазіргі жағдайда біз ең алдымен елдегі коронавирус індетінің одан әрі ушығуына жол бермеуге мән беруіміз керек деп санаймын".

Оқи отырыңыз: Egov.kz, Telegram, Facebook, Vkontakte. Дәрігерді үйге онлайн шақырудың 4 тәсілі

"Мәжбүрлі түрде жұмысын тоқтатқандарға арнайы төлем тағайындалсын"

Ал, экономист, президенттің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов Үкімет карантин кезінде жұмыс істеуіне тыйым салынған азаматтарға арнайы төлемдер тағайындауы қажет деген пікір білдірді.

"Қазақстанда карантин кезіндегі төлемдер 2 ай төленді де, тоқтап қалды. Ал, кейбір елдерде мұндай төлемдер шілдеге, кейбірінде тіпті желтоқсанға дейін сақталып отыр. Менің ойымша, мәжбүрлі түрде жабылған сала өкілдеріне арнайы төлем ұсыну қажет. Себебі, азаматтың табысы да тоқтап, сол уақытта оған әлеуметтік төлем де төленбесе, бұл – өте күрделі жағдай. Әзірше карантин екі аптаға созылады деп белгіленді. Ол ары қарай ұзартылған жағдайда мәжбүрлі түрде жұмыс істей алмай отырған азаматтарға міндетті түрде төлем тағайындалуы керек", – деді экономист.

Сондай-ақ, Құдайбергеновтің пікірінше, қазір жарияланған орта деңгейлі карантин санитарлық талаптарға сай. Алайда, елдегі қағазбастылық мәселесі көп нәрсеге қолбайлау болып отыр.

"Дәл қазіргі жағдайда біз қатаң карантин енгізе алмаймыз. Ал оның жеңіл түрін енгізуге елдегі эпидемиологиялық жағдай кедергі болып отыр. Дағдарыс кезінде тапсырмалардың тез орындалып, халыққа көмектің барынша тез жеткені маңызды. Бірақ, бізде олай емес. Мәселен, бюрократияның кесірінен президенттің 31 наурызда берген бұйрығы кеш орындалып, ауыл шаруашылығы саласына бөлінеді деген қаражат маусымның басында ғана жетті. Өкінішке қарай, Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесі президент бүгін айтқан қаражатты 3 күннен кейін керек жеріне жеткізетіндей жылдамдықпен жұмыс істей алмай отыр", – деді сарапшы.

Оқи отырыңыз: Дәрі тапшылығы мен антибиотиктер зияны. Үйде емделушілерге арналған маңызды 18 сұраққа жауап

"Әлемді тағы бірнеше пандемия күтіп тұр"

Париж саяси ғылымдар мектебінің профессоры Сергей Гуриев Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар мен одан көз жұмғандардың статистикасы дұрыс жүргізілмей отырғанын, қазақстандықтардың ресми деректерге сенбейтінін сөз етті.

"Эпидемиямен күрес кезінде нақты, әділ статистика қажет. Алайда, қазір көріп отырғанымыздай, қазақстандықтардың бірде-бірі ресми деректерге сенбейді. Өйткені, күн сайын айналасында қаншама адам ауырып, қайтыс болып жатқанын көріп отыр. Нақты статистика жүргізіп, оған салмақты түрде қарағанда ғана эпидемиямен саналы түрде күресуге болады. Мұндай мысалдар әлемнің дамушы елдерінен гөрі дамыған елдерінде жақсы жұмыс істейтінін көріп отырмыз. Статистика дұрыс жүргізілмеген жағдайда көптеген дамушы елдерде эпидемияның екінші толқыны басталуы мүмкін".

Сондай-ақ, Сергей Гуриев әлемде тағы бірнеше пандемия болатынын айтып, Қазақстанға цифрландыру саясатын күшейту қажеттігін айтты.

"Бұл дағдарыс эпидемиологиялық тұрғыдан алғанда жарты жыл не бар жылда аяқталуы мүмкін. Алайда, адамзатқа бұдан кейін де жаңа эпидемиялар келуі мүмкін. Cол себепті, шағын қалалар мен елді мекендердегі мектеп оқушыларының карантин кезінде толыққанды білім алуына жағдай жасау қажет. Алматы не Нұр-Cұлтанда туған азаматтардың білім алып, еңбек жолын бастауына жақсы жағдай жасалған. Ал, алыс аймақтағылардың жағдайы қалай болып жатыр? Үкімет Алматы мен Нұр-Cұлтаннан басқа қалалардағы адами капиталды дамыту жолдарын ойластыруы тиіс. Заманауи технологиялар баршаға қолжетімді болуы керек", – дейді Гуриев.

Сарапшы жоғарыда қазақстандық әріптестері айтып өткен салық жүктемесін көбейту мәселесіне қатысты былайша пікір білдірді:

"Қазір салықты көбейтіп, бизнесті өлтірген жағдайда, кейін Үкімет сол салықты мүлдем жинай алмайтын жағдайға жетеді. Себебі, ол кезде салықты ешкім төлемейтін болады".

Оқи отырыңыз: Covid-19 жұқтырып көз жұмғандарды жерлеу рәсімі. Қандай сақтық шаралары сақталуы керек?

Ресейлік экономист Анрей Мовчан әріптесі Сергей Гуриевтің пікірімен келіспейді. Оның айтуынша, коронавирус пандемиясы бүкіл әлемде аяқталуға жақын. Тек Қазақстанда әзірше мұндай өзгеріс сезілмей отыр.

"Қазір Қазақстан эпидемияның шарықтау шегінде тұрғандықтан, ел үкіметіне пандемия қатері әдеттегіден әлдеқайда қорқынышты көрініп отырған сияқты. Менің ойымша, 2-3 айдан кейін карантин мәселесі толықтай шешіледі. Бәлкім, ғалымдар бір жылдан кейін коронавирус инфекциясына қарсы екпе ойлап табатын болар. Сол себепті, келесі жылдың ортасына дейін жағдай жақсарып қалуы мүмкін", – деді Мовчан.

Сергей Гуриев қазіргі сәтте Қазақстан үкіметі ең алдымен адамдардың денсаулығына көңіл бөлу қажет деп санайды:

"Эпидемия көп адамның өмірін жалмаған жағдайда мұның соңы орасан зор экономикалық зардаптарға ұласады. Қазір мұндай проблема Қазақстандағы көптеген салада байқалып отыр".

Гуриевтің айтуынша, Қазақстандағы мұнайдың ұлттық қоры қазіргідей қиын кезеңдерге арнап құрылған. Дәл қазір сол қордағы қаржыны пайдаланатын сәт туып отыр. Сарапшы "қанша жерден қиын болса да, қазақстандықтар сол қаржыны жұмсауы керек" деп есептейді.