Ел ішінде қалдықтан қамқа, тозықтан торқа, үзіктен үлде мен бүлде жасайтын шебер көп. Солардың бірі – Төлеген Нұрбаев. Техниканың тілін білетін, жаңалыққа жаны құмар ол үш дөңгелекті мотоциклді әйгілі немістік автокөлік бренді "Gelandewagen"-ге ұқсатып өзгерткен.

Төлеген Тараз қаласынан 100 шақырым жерде, далалықта мал бағады.

– Жаны жайсаң, ісі оңынан оралып тұратын азамат, – дейді Төлеген туралы бастығы Ыдырыс.

Оқи отырыңыз: "Model T"-ден Мустангқа дейін: Генри Форд жетістігінің сыры. Фоторепортаж

Талаптыға талас жоқ

Төлеген Нұрбаевтің жасы 37-де. Жамбыл облысындағы Аса ауылының тумасы. Үш ағасы, төрт әпкесі бар, ата-анасының кенжесі.

– Күннің ыстығына да, суығына да қарамай күні-түні малдың артынан жүреміз. Бір күні жаңбырдың астында қалдым. Жаныма батқаны сонша көлігімді жылылап алайын деген ой туды. Кейін Gelandewagen-ге ұқсап шығады деп ол кезде ойламадым, – деп бастады бізбен әңгімесін Төлеген. – Ұқсастығын артынан байқадым.



– Ең бірінші рулін икемдеп жасадым, кейін ойлана келе газды, тежегішті машинаныкі сияқты етіп орнаттым. Сыртынан қарасаң – машина, астынан қарасаң – үш дөңгелекті мотоцикл, – дейді Төлеген.

Оқи отырыңыз: Өз бизнесімді ашқым келеді. Кәсіпті көк тиынсыз қалай бастауға болады?

"Бастамамды жарым қолдай білді"

– Төлегеннің жары оған жақсы демеу бола білді. Ол үнемі, "Жарайсың, мынауың жайлы көлік болды ғой" деп күйеуінің жетістігі үшін қуанып, жігеріне жігер қосып отырды. Бір күні, "машинаға айналдырып жіберсең қайтеді", деп айтып та қалған екен. Төлегеннің содан "машина болса, машина жасап берейін" деп жасаған дүниесі ғой. Өзіміз Төлегеннің қыз Жібегіне арнап жасағаны деп әзілдейміз, – дейді Ыдырыс.


Төлеген әйелі Сандуғашпен / Фото авторға whatsapр арқылы келіп түсті

Ал Төлеген болса, "әйелім маған тура Gelandewagen жасап бер деп қолқа салған емес" деп күледі.

Оқи отырыңыз: 2020 жылдан бастап жеке кәсіпкерлерге қатысты салық тәртібі өзгереді

– Көргенде қуанғаны рас, әдейі арнап жасағаным жоқ десем ренжір, бірақ қыста жайлы жүріс болсын ниет қой, – дейді ол. – Келіншегім үнемі өз ойын білідіріп отырады, қолдан келген көмегін де аяған жоқ. Бұрын қыстың қақаған желі мен аязында ашық көлікке отырудың өзі қиямет еді, қазір көрші-қолаңға бару керек болса, шалқайып отырып алады. Оған да зияны тиіп жатқан жоқ, – деп ағынан жарылды.

Бірінші тапсырыс түсті

Төлеген мақтануды білмейді. Сондықтан қолымнан келгенше жасадымнан асып көсіле сөйлемеді. Тіпті жасағаным осылай жалпақ елге жайылып кетеді-ау деп те ойламағанын айтады.

– Желіде осылай таралып кетеді деп кім ойлаған. Қалаға барғанда ел арасынан сыртымнан танып, келіп қолымды алып жататын болды. Тіпті, бір кісі келіп ұсынысын да айтып үлгерді. Екі мотоцикл берсем, біреуінен Gelandewagen жасап берсең дейді. Қиын ештеңесі жоқ. Әкеліп берсе істеп беремін ғой, – дейді Төлеген.

Оқи отырыңыз: Көлік салығын қалай төлеуге болады?

Бір тиын да жұмсағам жоқ

Төлегеннің "Gelandewagen"-ін желідегі жұрт "Qazaqwagen" деп атап кетті.

– Қолымда не болды, содан жасадым. Қаладағы үйді жөндегенде ауылға әкеліп тастаған қалған-құтқан құрылыс материалдарын пайдаландым. Қолымдағы бардан құрастырдым, – дейді Төлеген.

– Шанағын жеңіл материал болған соң пеноплэкстен жасадым. Көлік мотор қызғанда бөлінетін жылуды ішке үрлейтін қылып, пешін істеп алдым. Әрі қарай магнитофонды орналастырдым. Еденін ағаштан жасап, үстіне линолеум төседім. Бензин құятын бакты алдында таман, қозғалтқыштың жанына орнаттым. Көліктің төбесінде күннен қуат алатын батарея бар. Сол арқылы жарықтарын жанатын қылып жасадым.

Оқи отырыңыз: Көлік жүргізушілері білуі жөн ым белгілері қандай?



Былайша айтқанда бәрі өз орнында тұр. Тек, мотоциклді сыртынан қоршап ғана қойдым. Рулін ішке кіргіздім. Газ, тежегіш, ажыратқышын (сцепление) аяқпен басып, басқаратын қылып ішіне орналастырдым. Жылдамдықтың беріліс қорабын да қолмен тура машинаныкі сияқты алға қарай бір, артқа екі деп жасап қойдым, – дейді Төлеген.

Малды осы "Gelandewagen"-мен жаямын

– Бірақ өзім жайылымдағы малды қарауға арнап істеген соң, сол үшін мінемін. Әйтпесе қайда барсаң да болады. Бастысы іші жылы, төбеден су өтпейді, маған керегі де сол. Өзіме жайлы, – дейді Төлеген.


Төлеген туындысын әлі де жетілдірмек ойы бар / Фото авторға whatsapp арқылы келіп түсті

Төлегеннің арнайы техникалық білімі жоқ. Тек 20 жасынан бастап машина жүргізе бастаған. Сол кезден бастап сынған ұсақ-түйек жерін өзі жөндеп, техниканың тілін таба бастаған екен.

Басындағы үйін сатып анасын емдеткен

– Осыдан бірнеше жыл бұрын анам қатты ауырып қалды, сол кезде бар мүлкімді сатып анамның еміне жұмсадым, – дейді Төлеген.

– Емдетемін деп бармаған жерім, кірмеген есігім жоқ. Ақырында Бішкекке апардым. Ол жерде аман алып қаламын десең 45 мың теңге тұратын дәріні алып тұруың керек деді. Анамның жаны үшін мал-мүлкімді түгел саттым.

Айтуынша, бүгінде анасының денсаулығы жақсы, беті бері қараған.

– Мал мен дүниенің орны тез толады екен. Бүгінде Тараздың қақ ортасында пәтерім бар. Қазір аздап мал да жиналып келеді. Анама ауылда қиын болар деп, қалада қызы қарап отыр, – дейді Төлеген.