Пневмониямен ауырғандар Covid-19 жұқтырғандар есебіне қосылады. Статистиканы жаңаша түзуге не себеп?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіруді міндеттеді. Осы орайда Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 1 тамыздан бастап ПТР-тесті теріс нәтиже көрсетсе де, коронавирустың клиникалық және эпидемиологиялық белгілерімен ұқсас пневмониямен ауырғандар Covid-19 статистикасына қосылатынын мәлімдеді.
"Covid-19 бен пневмония бойынша мәліметтер барынша ашық болуы үшін Денсаулық сақтау министрлігі статистикалық мәліметтерді тіркеу және ақпараттандырудың жаңа амал-әдістерін айқындады. ДДСҰ-ның Еуропалық бюросы жүргізген кеңесті есепке ала отырып, коронавирус жағдайларын кодтау мен тіркеуде халықаралық аурулар квалификациясының жаңа кодына өту туралы шешім қабылдадық", – деді Алексей Цой
Коронавирустың жаңа статистикасы қалай жүргізіледі?
Ендігі кезекте статистикаға зертханалық тұрғыда дәлелденген коронавирус пен ПТР-тесті теріс нәтиже көрсеткен, бірақ коронавирустың клиникалық және эпидемиологиялық белгілерімен ұқсас пневмония біріктіріледі.
"Жинақталған клиникалық тәжірибелерден соң коронавиурс пен пневмонияның ұқсаст екенін көрдік. Сол себепті оларды емдеудің бірыңғай тактикасын қолдану керек. 11 шілдеде Денсаулық сақтау министрлігіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Covid-19 жағдайларын жаңа форматта классификациялау және тіркеу бойынша ресми хабарламасы келді", – деді министр.
Қазақстан осы уақытқа дейін Covid-19 статистикасына зертханалық тұрғыда дәлелденген жағдайларды ғана қосты. Алайда маусым айының үшінші онкүндігінен бастап елде қоздырғышы айқындалмаған вирусты пневмония күрт артты.
Коронавсирус жұқтыру және өлім-жітім статистикасы мәліметтердің екі көзінен құралады:
- зертханалық тұрғыда расталған Covid-19 деректері;
- коронавируспен симптомдары ұқсас айқындалмаған вирусты пневмония деректері.
1 тамызда Қазақстан Халықаралық аурулар квалификациясының жаңа кодын қолдана отырып, Covid-19 кодтауына толық көшуді бастайды. Ол үшін Covid-19 ауруын кодтау тұрғысында медицина қызметкерлерінің құзыретін арттырып, ақпараттық жүйелерді реттеп, басқа да техникалық мәселелерді реттеу керек.
Оқи отырыңыз: Коронавируспен күрестің жаңа шаралары қандай? Денсаулық сақтау министрінің түсіндірмесі
Министрдің сөзінше, есептеу әдісін өзгерту Қазақстанның коронавирус жұқтыру және өлім-жітім бойынша халықаралық рейтингтегі позициясына әсер етеді. Десе де, Алексей Цой есептеудің жаңа әдісі ауру жағдайына дұрыс болжам жасауға, қолдағы ресурсты, оның ішінде медициналық кадрларды, төсек-орынды, құрылғыларды, дәрі-дәрмекті жоспарлауға, статистиканы ашық жүргізуге мүмкіндік береді деп сендірді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұстанымы қандай?
ДДСҰ Еуропалық бюросының төтенше жағдайлар жөніндегі аймақтық директоры Дорит Ницзан Қазақстанның Covid-19 статистикасын әлемдік стандарттарға сәйкес квалификациялауға көшуі науқастың коронавируспен немесе басқа аурумен ауырғанын анықтауда маңызды екенін айтты.
"Қазақстанда жағдай жақсарып келді. Жалпы статистикадағы науқастардың үштен бірі соңғы екі аптада анықталса да, төмендеу байқалады. Мемлекет бірқатар санитарлық шаралар әзірлеп жатыр, сондай-ақ, науқастарды емдеу және ауруханада инфекцияны бақылау жөніндегі шараларды да жақсартып келеді. Әсіресе, Қазақстан пневмониясы жоқ науқастарды Covid-19 бойынша ДДСҰ зертханаларында тестілеуге келісті. Осыған ұқсас жағдайларда барлық елге осы жұмыс әдісін қолдануға кеңес береміз", – деді Дорит Ницзан.
Оның сөзінше, қайта квалификациялау кезінде Covid-19 статистикасы күрт өзгереді, алайда бұл Covid-19 жағдайларының көбеюін білдірмейді. Тек ескі базадағы жағдайлар коронавирустың ықтимал жағдайлары ретінде қайта жіктеледі.
Оқи отырыңыз: "Коронавирусты пневмония". Оның белгілері қандай және қалай емделу керек?
Пневмония статистикасы
2020 жылдың 1 қаңтарынан 15 шілдесіне дейін Қазақстанда 234 187 адам пневмониямен ауырған. Өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 3,3 есе көп (70 926 адам). Бұл мәлімет пневмонияның барлық түрін сиппатайды:
- стафилококк, стрептококк, пневмококк, клебсиела және басқа да қоздырғыштар тудыратын бактериалды пневмония (45 824 жағдай тіркелген, яғни 19,6%);
- аденовирус, риновирус пневмониясы;
- сондай-ақ параинфлюза вирусы, метапневмовирустар және басқа да жақсы зерттелген вирустардан туған пневмония;
- қоздырғышы анықталмаған вирусты пневмония, бірақ клиникалық белгілері коронавирус инфекциясына ұқсайды.
1 қаңтардан 15 шілдеге дейін пневмониядан 3 327 адам көз жұмған. 2019 жылы дәл осы кезеңде 1 896 адам қайтыс болған.