Мал ұрлығын қайтсек тыямыз?
Азаматтық белсенді Рустем Ашетаев мал ұрлығын ауыр қылмыс түріне жатқызу керек деп есептейді.Атырау облысындағы шаруалардың малдарын түнде ұрылар мылтықпен атып әкетіп жатыр деген хабар тарап жатыр. Бұған қарсы тұрар малшылардың өздерінде мылтығы жоқ. Ал жергілікті полиция қылмысты ашуға қауқарсыз. Тіпті, құлықсыз деуге де болар. Қылмыс көп жағдайда ашылмаған соң және ашылмайтынына ұрылардың сенімі күшейген соң қылмыскерлер еркінсіп, тайраңдап жүр деп ойлаймын. Бұл, негізі, бір Атырау облысы емес, бүкіл Қазақстандағы жағдай.
Көрші Өзбекстанда мал ұрлығы ауыр қылмыс түріне жатқызылып, 8 жылдан 15 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Бәлкім бізге де жазаны осылай күшейту керек шығар? Бұлай ашына жазуымның себебі – біздің елдегі мал ұрлығы ең ашылмайтын қылмыс түріне жатады.
Баспасөз мәліметіне сәйкес, мал ұрлығы жалпы қылмыстың 3,5%-ын құрайды. 2019-2020 жылдары аралығында 11 мың бас мал ұрлығы тіркеліп, оның тек 46%-ы ғана ашылған.
Оқи отырыңыз: Мал ұрлығы үшін жаза күшейеді: айыппұл мөлшері 7,5 млн теңгеге артпақ
Мал ұрлығының орын алуына ең әуелі ұрлаушы қылмыскерлердің бөттеннің малын жымқыру ниеті болса, оған қосымша төмендегідей жанама себептері де бар:
- малды жайылымға қараусыз жіберу белең алған;
- малды жүк көліктерімен ілеспе құжаттарсыз не жалған ветеринарлық төлқұжатпен алып жүру деректері көп (ветеринарлық төлқұжат қатаң есепті құжатқа жатпайды);
- жайылымға қараусыз кеткен малды іздеуге полиция көп күш пен ресурс жұмсайды;
- мал иелері иелігіндегі мал ұрлығы туралы полицияға дер уақытында хабарламайды;
- малды сәйкестендіру және есепке алуда шешілмеген мәселелер бар.
Бұл Қазақстанның барлық өңіріне ортақ жағдай. Мәселені шешу үшін енді не істеуге болады?
Менің ұсынысым: Барлық мал ұрлығы тіркелген жағдайда полиция екі айдың ішінде қылмысты ашып, кінәлілерді тауып сотқа жеткізе алмайтын болса, онда сол ұрланған малдың құнын үкімет малы ұрланған шаруаға төлеп беруі керек. Сонда ғана полицияның жұмысына "қан жүгіре" бастайды. Өйткені, әрбір шаруаға жоғалған малы үшін үкімет ақша төлеген сайын үкіметтің полицияға талабы да күшейе береді.
Оқи отырыңыз: Екінші мәрте ұрлық жасайтындарға кешірім жоқ. Қылмыстық кодекске ұрлыққа қатысты тағы қандай өзгертулер енгізілді?
Неге үкімет төлеуі керек? Өйткені, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үкіметтің тікелей міндеті! Әрі малы мен кәсібінен айрылған шаруа үкіметке қосымша жүк болады. Мемлекеттік табыстың азаюына әсерін береді. Сондықтан үкімет те кәсіпкер шаруаның бір қылмыстың кесірінен кәсібінің тоқырағанына мүдделі емес.
Демек, қандай жағдайда да шаруа өз кәсібін ары қарай жалғастырып кетуіне мүмкіндігі болуы керек деп ойлаймын.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.