Жайлау емес, жан құлазиды

"Бекзатым" деген ән бар еді. Халық әні. Байқаймыз, беріде көп айтыла қоймайды. Жалпы қазір қай радионы тыңдасаңыз да, еш мағынасы жоқ сөздерден құралған бірдеңелерді беріп жатады. Жиырма бірінші ғасыр басында білгір ағалар "ән құрыды ғой, бүгінгілер ән емес, ырғақ жазып, соны айтатын болды" деп налыған. Енді әнді былай қойғанда ырғақтың өзі құрып барады.

Табиғаттағы теңеумен айтсақ, бастапқыда өзен еді, кейін ол бұлаққа кішірейіп, беріде бұлақ жоқ, батпақ қана қалды дегенге сай келеді. Батпақ та тартылып, ақыры айтақырға айналмақ мына түрімен.

Тілге тиек болған "Бекзатым" әні:

Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң,

Кең жайлау құлазиды ел кеткен соң, – деп басталатын.

Әрі қарай арманда қалған жігіт бала кезден бірге өскен Бекзат деген қыз ұзатылып кеткен соң ешкіммен ойнап-күліп жүре алмасын айтып, аһ ұрады. Қыздың аты Бекзат болмауы да мүмкін. "Бекзатым-ай" деп бойжеткеннің ерекше болмысын сипаттауы ғажап емес. Бекзат – тегі мен тәрбиесі, дене бітімі мен ақыл-парасаты сай адамға айтылатын теңеу.

Бұл әннің шығу тарихын індету мақсатымыз емес еді. Ол – басқа зерттеушілердің бақшасы. Мақаланы "Бекзатыммен" бастауымыздың себебі: оның "Кең жайлау құлазиды ел кеткен соң" деген бір жолында жатыр.

Атамыз қазақ жайлау мен қыстау арасына көшетін. Жаз шыға әрі қарай, күз түсе бері қарай. Жолда көктеу мен күзеу аталатын уақытша қоныстары болған. Сонда кең жайлау жылдың сегіз-тоғыз айында құлазып тұратын. Соның өзі әннің жолына айналып, миллион қазақтың құлағына құйылған, көкірегіне қонған. Ғашық қызы ұзатылып кеткен кездегі жігіттің көңіл күйін дәл білдіретін теңеуге айналған.

Енді айдалада жалғыз тұратын қыстау мен иен жататын жайлауыңызды айтпағанда жүздеген отбасыға мекен болған ауылдар қаңырап жатыр. Баяғы "Бекзаттың" авторы тіріліп келіп мұны көрсе, нағыз хитті шығарар ма еді...


Оқи отырыңыз: Ғарышқа киім таңдау қиын


Анда музей, мұнда қу дала

Өткен ғасырдағы жетпісінші жылдардың ортасында елу бала журналистика факультетіне оқуға түстік. Бір-бірімізден жөн сұрасқанда Қазақстанның картасы аудиториядан табылып еді. Қаншама аудан-ауылдан келген курстастар арқылы сол ауылдардың атын, жергілікті жұрттың немен айналысатынын кәдімгідей біліп алғанбыз. Кейін газет пен телевизия тілшісі ретінде талайына жолымыз түсті. Кейбіріне аяғымыз жете алмаса да, қолымызда қаншама мағұлмат тұрды.

Көкпарда қақ ортасынан сетінеген серкедей болып Қостанай мен Ақмоланың бодауына берілген Торғай облысынан үш жігіт оқыған. Екеуі қазір о дүниелік болды, біреуі ел астанасының іргесінде тұрады. Ұлы танымал журналист.

Бұл курстасымыз – сұрапыл ақын. Жалпы Торғайдың өзі батырлар мен ақындардың елі емес пе! Ақын досымыздың талай өлеңі Жәуке, Кейкі сынды батыр бабаларына арналған. Содан соң тұлпарлар туралы өлеңі көп еді. Өйткені, туған жері – Сарыторғай жылқы зауыты.

Сарыторғай – әу баста өзен аты. Жағасына ежелде билер жиналып, кеңескен. Екінші жаһандық соғыс кезінде зеңбірек сүйреуге ат қажет болғанда, мұнда жылқы зауыты құрылған.

Ауыл іргесінде ежелден екі дің тұрған. Дің – тастан қаланған шағын мұнара. Мүмкіндікке қарай бірде шикі кірпіштен өрген, бірде тастан қалаған, бірі биік, бірі аласа мұндай мұнаралар Қаратаудан басталып Бетпақдаланы көктеп, Сарыарқаны кесіп өтіп Тобылдан асып кететін. Бірнеше мақсаттағы құрылыс. Қарауыл қарайды, жау келді деп от жағып белгі береді. Тіпті, Шу бойынан Ібір-Сібірге дейін адаспай жүре алады.

Содан бұл өңірді ары-бері көшкен қазақ Екідің деп таныған. Шаруашылық тараған соң ауылға сол бағзы атау беріліпті.

Екідің ескерткішіне барған студенттер. Фото api.kz сайтынан алынды.

Сарыторғай – Екідіңнен шыққан ақын курстасымыз Мұқағалиды пір тұтатын. Өзінің мінезі мұзбалақ ақынға ұқсайтын. Біз оқуға түсетін жылдың ақпан айында Мұқағали Мақатаев өмірден өтіп, ақынды тірісінде көре алмағанына өкінетін.

Беріде Мұқағалидың туған жерінде музей ашылды. Қарасаздан әрі-бері өткендер оған міндетті түрде соғып кетеді. Ал "біздің курстың Мұқағалиы" атанған ақынның туған ауылына музей салынбақ түгіл, Сарыторғай – Екідің болашағы жоқ ауыл танылып, "қара тізімге" кіріпті. Енді жер бетінен жойылмақ. Картадан өшпек. Өкінішті.  


Оқи отырыңыз: Қарабақ аспанындағы қазақ


Мыңғырған мал, тырбанған тірлік қайда?

Торғай төсінде "болашағы жоқ" деп танылып, мүлде жойылып кеткен ауылды көзіміз көрді. 2019 жылдың күзінде барғанбыз. Державин қаласынан әрі қарай. Айтпақшы, ол да қала мәртебесін қайтып беріп, ауыл атанып жатыр ма өзі?!

Аудан орталығы Амангелдіден өтіп, Торғай қаласына барар күре жолдан қиғаштап шыққан, көнере бастаған көтерме жолға түстік. Көптен ешкім жүрмеген екен. Сол ескерусіз қалған көтерме жол иен далада бітеді. Қазір иен дала болғанымен бұл – ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін жүздеген отбасының мекен еткен қонысы.

Мұнда Торғай облысы Амангелді ауданына қарасты "Шөптікөл" совхозы орналасыпты. Шаруашылық төрт жарым мың бас сиыр өсірген. Жайылымда сегіз жүз жылқы, 16 мың қой жатқан. Мұншама мал еңбектенбесе, бақпаса өздігінен өсер ме?

Механизатор, ұста, малшы, электрик, шофер, құрылысшы, кочегар, сушы, қара жұмысшының өзі екі жүзден асатын. Орта буында механик, техник, энергетик, бригадир, прораб, есепші, гидротехник, экономист, инженер, мал дәрігері, зоотехник сияқты елуден астам маман болған. Әрі қарай шаруашылықтың бас мамандары оннан асады.

Орталықта шаруашылыққа қарамайтын ауылдық кеңес кеңсесі, пошта мен телефон байланысы бөлімшесі, электр желілері бөлімшесі, балалар бақшасы, орта мектеп, оның жанында 45 оқушы жатып оқитын интернат, аурухана, бірнеше дүкен, монша, Мәдениет үйі мен кітапханада істейтін жүзге жуық қызметкерді қосыңыз. "Шөптікөлдің" орталығында жүз елудей тұрғын үй болған. Оның көбі екі пәтерлі еді. Мектеп үш қабатты, балабақша мен шаруашылық кеңсесі мен ауылдың кеңес кеңсесі екі қабатты. Аурухана, МТМ, жұмысшылар асханасы, Мәдениет үйі – бәрі жаңадан салынған ғимараттар.    

Енді соның бәрінен көзге ілінер бұдыр жоқ. Тұрғын үйлер мен ғимараттардың іргетастары қалған екен, оның өзі қау шөптен көрінбейді. Бүкіл "Шөптікөлден" қалған жалғыз белгі – кезінде Лениннің ескерткіші тұрған тұғыр. Оның ешкімге керегі болмаған.

Шөптікөл ауылының орны. Суретті түсірген автор. 

Жиырма-отыз шақырымдық маңайда "Шөптікөлге" қарасты шағын төрт ауыл болған. Бөлімше орталықтары. Ұзынқоға, Баймұрат және бір бөлімшеде бастауыш мектеп болыпты. Мұқырда сегіз жылдық мектеп болған. Соның бірінің ізі жоқ. Совхоз орталығы, үш бөлімше жермен жексен.

Мұқырда бір-біріне селбескен екі-үш шаруа қожалығы отыр. Олардың малы баяғы 4,5 мың сиыр, 800 жылқы, 16 мың қойдың оннан біріне жетпейді. Айпақшы, ол – шаруашылық қарамағындағы мал, оның сыртында сол жылдары әрбір үйдің қорасында кемінде 2-3 жылқы, төрт-бес сиыр, 15-20 қой болғанын ұмытпайық.

Отыз жылда Қазақстанда мал басының қаншалықты шығынға ұшырағанын ешбір мәлімет дәл бере қоймайды. Оны бір "Шөптікөлдің" мысалымен өзіңіз пайымдай аласыз.


Оқи отырыңыз: Атау, атау, атаулар


Тарату оңай, біріктіру қиын

Даладан мал ғана кеткен жоқ. Атамекенді адамдар тастап шықты. Қазақтың ауылдары неге бұлай адыра қалды? Ұзақ әңгіме.

Бүкіл кілтипан ауылды жекешелендіруден басталған. Мемлекет шаруашылықтардың шығынын мойнымен көтере алмайды деген саясат оларды таратуға себеп болған. Бір үкімет осылай бастап берді, келесі үкімет "етті Австралиядан-ақ сатып аламыз" деп бөркін аспанға атты.

Бастапқыда алдымен ыдырап, содан соң қайта бірігеді деген ой басым еді. Жекешелендіруге келгенде жылдам іске қосылған заң қайта біріктіруге келгенде кедергіге айналды. Оны Торғай өңіріндегі ауылдарды қалай сақтап қалуға болады деп шырылдаған журналист Жұма-Назар Сомжүрек бірнеше мақаласында жазды. Біз қайталамай-ақ қоялық. 

Тоқсаныншы жылдардың ортасында шаруашылық ыдыраған соң не балабақшасы, не мәдениет үйі жұмыс істемей басынан бақ қашқан ауылдарды қайтеміз деген сауал туды. Оның жауабын табу үшін Ауылды әлеуметтік-экономикалық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бірақ, не істейміз деген мәселе шешілмеді. "Ауыл жылынан" және пайда болмады.

2003 жылы ауыл шаруашылығын жекешелендіруден кейінгі екінші соққы жасалды. Шағын ауыл, бұрынғы бөлімшелерге қарсы бағытталған.

Бөлімше демекші, сонау сексенінші жылдар басында "Бөлімше" деген мақала жазып, негізінен қазақ жастары тұратын, шаруашылық орталықтарынан шалғай шағын ауылдарда мәдени, рухани шаралар өткізілуі туралы проблема көтергенбіз. Мақалаға өзек болған ауылда атақты жазушы Шерхан Мұртаза туған екен, сол кісінің өзі қолдап еді. Ондағы жағдай айналайын екен.

Беріде үкімет ауылдарды төрт топқа бөлуге кірісті. Қазақы ұғымға сәйкестендірсек: дамыған, дами алатын, дамуы күмәнді және дамуы мүмкін емес ауыл.

Сол кезден бастап қаржы алдыңғы екі топқа тиесілі болды да, соңғы екі топтағылардың күні қараңға айналды. Бір кездегі бөлімше орталықтарын тегіс дамуы мүмкін емес деп, ал көптеген шаруашылық орталықтарын дамуы күмәндіге жатқызған. Триллиондаған теңгеден оларға тамшы тамбауына осы төрт топқа бөліп қарау саясаты себепкер еді. Оны 2013 жылы үкімет басшысының өзі растады. Болашағы жоқ ауылдарға бюджеттен ештеңе бөлінбейді. Әлеуметтік нысанға, инфрақұрылымға мемлекеттен еш қайыр болмайды.

Бұл – "жолдар салынбайды да жөнделмейді, байланыс мұнаралары орнатылмайды, интернет желісі тартылмайды, мектебіне қаржы бөлінбейді" деген сөз. Содан кейін мұнда қаласың ба, әлде көшесің бе? Таңда. Әрине, көшеді. Сөйтіп, қазақ ауылдары бірінен соң бірі қаңырап қалуда.

Үкімет бірдеңені түсінбеді, әлі түсінбей келеді. Адам – қайда да адам екені.  Сен – ірі ауылда тұрасың ба, шағын ауылда тұрасың ба, бәрібір осы мемлекеттің азаматысың. Ендеше мемлекет сенің тұратын жеріңе қарамай игілікті бірдей жасауы тиіс емес пе?! Адамға алалап қарайтын билік қазақтың сорына бітсе керек. "Адам – қайда тұрса да адам" деген қарапайым қағиданы ұғынатын билік орнағанша қазақ ауылдары қаңырап қалып жатыр.

"Шөптікөл" сияқты жер бетінен мүлде өшкен, Екідің сияқты енді сондай кепке ұшырайтын ауылдардың обалына алдымен Ауыл шаруашылығы министрлігі қалса, кейін оны тепкілеуге Аймақтық даму министрлігі деген құрылым қосылды. Есеп комитетінің мәліметінше, 14 миллиард теңгенің былық-шылығы шыққан бұл министрлік абыройсыз таратылды.  


Оқи отырыңыз: Қамбаш


Мәнсіз магнит, сәнсіз салтанат

Ауылға қатысты "болашағы жоқ" деген экономикалық түсінік жасап, мемлекеттік бағдарламаға еңгізгендер не ойлағаны түсініксіз. Жалпы ауыл не беретін еді? Ет пен сүт. Бау мен бақша өнімдері. Астық пен бұршақ тұқымдас дақылдар. Жүн мен тері. Бала кезімізде тіпті, малдың сүйегін жинап әкететін. Одан кәдімгі сабын жасайтын.

Қазір сүйек тұрмақ, тері мен жүн бей-берекет шашылып жатыр. Шашылмасын деген ауылдықтар оны өртеп жібереді. Көзіміз көрді. Өйткені, ақысын төлеп жинап алатын, әрі қарай өңдеуші кәсіпорынға жеткізетін ешкім жоқ. Ондайлар дереу табылар еді, жалаңдап тұрған өңдеуші кәсіпорын қайда?

Тері мен жүн өңдейтін іргелі кәсіпорындардың орнында базар пайда болған. Сол кәсіпорында жұмыс істеуге жарайтын азаматтар базарда қоларба итеріп жүр. Бұзылған тізбекті қалпына келтіруге ешкім асығар емес.

Осының бәрі себеп болып ауыл адыра қалды. Бұл – жер қаңырады деген сөз. Алыстағы жерді Арқалықта, Қостанай мен ел астанасында тұратын алпауыттар игереді деудің қисынсыздығын "Шөптікөлдің" орнында болғанда көргенбіз. Мұқырда құрылған шаруа қожалықтарына жалданған адамдар ауырса қайтеді? Балалары қайда оқиды?

Баяғы Кеңес үкіметі орнымен шешкен мәселе қайта алдан шығады деп кім ойлаған? Мұндай жағдайда қазақтың бір бөлігі, яғни жалшылар мен олардың ұрпақтары ештеңеден мақұрым, білім мен мәдениеттен жұрдай тобырға айналарын кім ескереді?   

Тағы бір ойланатын мәселе бар. Мәнсіз магнит, сәнсіз салтанат мәселесі. Ел астанасынан небәрі 500 шақырымдағы "Шөптікөл" қирады, Екідің соңын кебін кимек, ал жаңа ресми орталықтан 2 мың шақырымдағы біз туған бөлімшеде неге бір үйдің мұрты бұзылған жоқ? Рас, бұзылғандары бар. Бірақ олардың орнына суы кіргізілген, душы мен дәретханасы іште жаңа үйлер салыпты. Күндердің күнінде қазақ даласының ең ортасындағы көптеген ауылдардың қаңырап қалуының және бір себебі ашылуы ғажап емес. Екідің де соның құрбаны болғаны анықталар.

Арамызда "біздің курстың Мұқағалиы" бар, диплом алып жан-жаққа тарап кеткеннен бір жылдан соң Москвада шығатын журналдан Сарыторғай жылқы зауытының жылқышылары туралы қызықты мақала оқып едік. Мақала басталғанда автор – Москвадан келген ғалым – Арқалықтан Сарыторғайға ұшатын тікұшаққа мінеді. Ауылына тікұшаққа мінген атақты биолог ғалым баратын ақын досымызға сырттай сүйсініп едік. Басқа дәуір, басқа заман екен. Енді ертегі сияқты.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.