Қағынған қағидалар қоғамы
Бір оқиға бүкіл елдегі ақиқаттың айнасындайДауасыз даңғазаның дәлелі
Былай қарағанда елеусіз оқиға сияқты. Ел шу етті де басылды. Рас, көлікті айып тұрағына қойғызыпты. Желіккен жүргізушіге Әкімшілік құқық кодексінің екі бабын бұзғаны үшін хаттама толтырыпты. Заңның бүкіл істей алмағы – осы.
Тиесілі айыбын төлеп, былапыт сөздердің иісі мүңкіп тұратын автомобильді иесі көлік тұрағынан алып, тақымын қайта тигізер. Көкелері мен бейнекөріністегі бажасының арқасында айыпсыз-ақ шығарып алар. Тіпті, "айып тұрағына қойылды" деген мәлімет жібертіп, оған қойғызбауы мүмкін. Қазақстанда адал адамның адал өмір сүре алуынан басқаның бәрі мүмкін ахуал орнаған ғой.
Жүргізушінің өзіне Әкімшілік құқық кодексінің екі бабына орай сот болар. Біздегі сот белгілі. Әділет таразысының тілін оқиғаның ақиқаты емес, жоғарыдағы біреудің әмірі қисайта салады. Желеу жеткілікті, бірақ онда әмір етіп, ықпал жасаушылардың ешбірі көрінбейді. Желеуге ата-анасының кәрілігі, бала-шағасының жастығы, әйелінің ауру екені, өзінің алғаш көзге түсіп қалуы, тағысын тағылары жатады.
Ал мұндай ереже бұзған, заңға қайшы әркекет еткен жігітті тәрбиелеген кім деген сұрақ сотта қойылмайды. Ол – мораль, моральге заң жүрмейді.
Автокөлік ішінде соншалық былапыт сөздерді бұрқыратып отырғандардың бала-шағасы бары, әлбетте, жазаны жеңілдету үшін ескерілмек. Мынандай сөздермен бала-шағаны қалай дұрыс өсіреді деген сұраққа сот басын ауырта қоймас. Ол да – мораль мәселесі.
Әңгіме Түркістан облысының Шәуілдір өңіріндегі оқиға туралы екені түсінікті шығар. Өйткені, асқан мақтаншақтықпен түсірілген бейнекөрініс автокөліктегі жігіттің бірінің "Шәуілдір біздікі" деген сөзімен аяқталыпты.
Басында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, көлік ағысына қарсы жүріп келе жатқаны үшін полиция қызметкерлері тоқтатқанда жүргізушінің "Жұмабектің бажасымын" дейтін сөзі мен аяғында серігінің "Шәуілдір біздікі" дейтін сөзі Қазақстанның қаншалықты құрдымға батқанын аңғартады.
Оқи отырыңыз: Әйелдің төрт мезгілі
Қадірсіз сөздердің "қадірі"
Қазақ қоғамында саналы ұрпақ өсіруге қажет сөздер аяқ асты қалып, оның орнына теріс-қағыс, қалай болса солай айтылған, мағынасыз сөздер алға шығып кеткеніне көп болды. Білгір ғалым Асқар Жұмаділдаевтың озық технологияны меңгеру мен жасауға шақырған небір ойларын сайттар қайта-қайта жариялаудың орнына "сені қарғайтын адамдарымның тізіміне қостым", "дұғада болайық", "екі аяғымды көтеріп қолдаймын" деген сияқты мағынасы жоқ, ойланбай айтыла салған қадірсіз сөздерді жаппай қайталауда.
Сол қатарға "Жұмабектің бажасымын" деген тіркес қосылды. Мысқылдап айтсын, күліп жазсын, тіпті соған сеніп қайталасын, қалайда бұл сөзді мың мәрте оқып, еститінің даусыз. Қоғамның қазіргі деңгейі осындай.
Енді салыстырып қарайық. Бұдан тура жарты ғасыр бұрын Сыр өңірінің даңғайыр диқаны Ыбырай Жақаев мерейлі жасқа толып, екінші рет Социалистік Еңбек Ері атанды. Сонда Сырдың ғана емес, бүкіл қазақтың ақыны Әбділда Тәжібаев өлең арнады. Бір шумағы әлі жадымызда:
Өзіңмен бірге мерейі асты елдің де,
Қуанттың жұртты "мен қазақпын" деп келдің де.
Мандаттарымның қадірі өтпес жерлерде,
Өте беремін мен Жақаевпын деймін де.
Ақын депуатттық, делегаттық құжаттардың өзі мойындалмайтын жерде Жақаев атымен жүре беремін деп ағасын бүкіл ел білетініне риза. Орынды қошемет. Өйткені, Ыбырай ағасы қазақтың даңқын асырды. Әлемде болмаған күріш өнімін алды, тұқымын шығарды. Жүздеген күрішшілерді еңбекке баулыды. Соғыс жылдарында жетім-жесірге аузынан жырып, нәпақа тауып берді. Әлгі арнау өлеңде ол да сипатталған:
Жалыны күннің жандыра бастап әлемді,
Қақыраған тақыр ұшырған шақта зәремді,
Алақаныңмен алауын жауып аспанның
Қалғансың қорғап аштықтан нәрестелерді.
Даусыз шындық, астарсыз ақиқат. Осындай тұлғалармен мақтану, олардың аттарын қадірлеу ұмытылып барады. Оның орнына бір күндік, әрі кеткенде бірер жылдық "Жұмабектің бажасымын" дегендей заңды бұза беретін, ережелерді тәркі ете салатын ұғым пайда болды.
Қадірлі сөзден қадір кетті. Керісінше, көбінесе ақымақтықпен, кейде білместікпен айтылған желбуаз сөздердің айы оңынан туатын болды.
Ара-тұра жай адамдар емес, депутат, министрлердің ойланбай сөйлеген тіркестері қазақ даласына жер астындағы ядролық жарылыстан бұлқынып, тесік тауып шығатын баяғы улы газ сияқты жылдам тарап жатыр. Ал Асқардай ғалымдардың ойлы сөзі өтпейді. Оны қайталап, жалаулатып жатқандар сирек.
Оқи отырыңыз: Жалындағы жазулар
Түйенің құмалағының құрты
"Жұмабектің бажасымын" – қазіргі қазақ қоғамының айнасы. Сіз ойлағандай қисық емес, ненің не екенін дәл көрсететін түзу айнасы. Елде "күріштің арқасында күрмек су ішетін" ахуал пайда болған. Күрмекті өсірмейтін Ыбырай ақсақалдың кетпені сияқты құрал ұмытылды.
Қоғамның санасын бұрын уақтылы күтіліп, суғарылатын егіс алқабына теңесек, қазір оның орнына пайдасыз, пайда бермегені өз алдына зиянды арамшөп қаулап кетті. Оны отап тастауға суырылып шығар биліктен біреу таппайсың. Өйткені, отайын десе, анау бажасы, мынау күйеу баласы, үшіншісі ежелгі досы, төртіншісі құдасы, бесіншісі және бәленшесі болып жалғаса береді.
Жетістікке, табысқа, байлыққа, ең бастысы қызметке өз еңбегімен жету – әлдеқашан ұмытылған. Біреу сүйреп, тартып, қолдап қызметке отырғызған соң, онда не істейтінін білмейтіндерден көз сүрінеді. Қазақстан әлемдегі бүкіл оңды көрсеткіштер бойынша неге жыл сайын кері шегініп келеді десе, оның сыры – "Жұмабектің бажасымында" жатыр.
Ең жоғары биліктен ең алыстағы ауылға дейін туысқандық, отбасылық, достық байланысты мемлекеттік қызметке араластыру – күнделікті көрініске айналған. Қазақ "көрген – көргенін істейді, көсеу – түрткенін істейді" деп тегін айтты дейсің бе. Жоғарыда қалай, төменде тура солай.
Мұндай туысы, танысы жоқ жандардың шырылдап әділдік іздеуінің, оған жете алмауының мыңдаған мысалы бар. Әлеуметтік желіде жарты күн отырсаңыз, ондайдың талайын оқисыз.
Оның есесіне таныс пен білістің арқасында қылмыстыны қайткенде аман алып қалу, жазықтыны жазықсыз етіп көрсету – жаппай етек алған.
Отыз жыл бұрын осы келеңсіздікті болдырмайтын үлгі бар еді. Әзілхан Нұршайықов жазып кетсе керек. Бауыржан Момышұлына ел жақтан туысы келеді. Баласы істі болған. "Бауыржан деген атың, полковник деген атағың бар, баламды бірдеңе етіп құтқарып бер" десе керек. Сонда Бауыржан туысынан "балаң қылмыс істерде менімен ақылдасты ма?" деп сұрайды. "Жоқ" дейді туысқаны. "Ендеше қазір менен несіне ақыл сұрап отырсың" депті Бауыржан.
Осы оқиғаны қай оқулықтан табасыз? Қай газет немесе сайт ара-тұра еске салып қояды? Ешқайсы. Есесіне "Бауыржанда мынанша әйел болған" дегенді жарыса жазудан шаршаған емес.
Оқи отырыңыз: Электр арба есіңде бар ма?
Бауыржаннан арыда және үлгі тұрған. Кезінде мектеп оқулығында болған, содан есімізде қалған. Қазір ешбір оқулықтан шаммен іздеп таппайтын шығарсыз.
Бозторғай зорлық көріп тұрымтайдан,
Таяныш таба алмапты қырдан, ойдан.
Болыпты мұңын шақпақ, зарын айтпақ,
Қырғиды жолықтырып көрсе қайдан.
Сөйткен қырғиды тапса, кішкене құсқа "жемсауы ыңқ-ыңқ етіп шығып отыр". Байқұс бозторғай бөдененің бірін жеп, екіншісін аңдып отырған қырғидың үстінен арызданбаққа әрі қарай кетеді.
Деп ойлап, іздеп кетті қаршығаны,
Мұң шағып, ішкі шерін аршығалы.
Көлдегі көп үйректің арасынан
Шулаған "қаршығалап" зар шығады.
Сөйтсе қаршыға – әр жерде бір шүрегейді өлтіріп, нағыз сойқанды салып жүргеннің өзі. Ендігісі одан күшті лашынға арызданған ғой.
Көп іздеп неше түрлі бейнет көріп,
Оны да бір мезгілде тапты келіп,
Түбінде бір теректің бекзадасы
Жеп отыр қаздың етін көкірек керіп.
Лашынның түрі – мынау. Сондағы торғайдың зарын тыңдаңыз.
"Жаным-ау, мынау біздің төреміз бе?!
Шынымен ақтық көрмей өлеміз бе?
Кемтарға бұлар қайтып кек әпермек?
Құдірет көн деген соң, көнеміз де".
Құдасын, күйеу баласын, сыныптасының баласын, жиенін, нағашысын, жерлесін, руласын қандай былықтан болсын таза етіп сүйреп шығатын қазіргі қазақ қоғамының көрінісін бір ғасыр бұрын тура сипаттап кеткен Сәбит Дөнентаевтың көрегендігіне таңданбасқа амал қайсы! Бірақ таңданушы аз. Өйткені, мұндай мысал өлеңдер қазіргі оқулықтарға жолатыла қоймас.
Айтпақшы, "Жұмабектің бажасымын" дегеннің өзі кейбір мысалдарға қарағанда айналайын сияқты. Ел астанасының ауруханасында миына қан құйылған немересін қарап отырған әженің төсегін "Қоянбаевтың әйелінің құрбысымын" деп тартып алған жәйтті білеміз. Қыздың әкесі, әженің күйеу баласы – Рымбек деген азамат әділет сұрап шырылдап, ештеңе шығара алмаған.
Не керек, "Түйенің өзі түйе, құмалағы түйе емес" дейтін Құнанбай заманындағы аталы сөз ұмытылды. Қазір түйенің құмалағының құрты да өзін түйе санайтын дәуірде өмір сүреміз. "Жұмабектің бажасына" жол ашық. Ашпасаңдар, бәрібір ашып алады.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.