Белгілі безендірушілер

Қазақстан Cуретшілер одағының бірталай мүшесін танимыз. Шеберханаларын араладық. Көрмелеріне бардық. Сурет салып жатқан сәтін тамашаладық. Еркін сұқбат құрып, мақала немесе сценарий жаздық. Сонда не байқадық? Жасы алпысты алқымдаған, ең болмаса елуді еңсергеннің көбі алғашқы талантын қабырға газеті арқылы танытқан екен.

Тараз өңірінің тумасы, белгілі суретші Рәтбек Сауқынбеков қазақ-орыс аралас мектебінде оқыды. Оның сурет салатынын байқаған оқу ісінің меңгерушісі "Крокодил" деп аталған қабырға газетіне нашар оқитын және бұзақы балаларды әжуалайтын карикатура салғызады. Сурет бүкіл мектептің назарына ілігеді. Келесі жолғысы да көптің көңілінен шыққан.

Одан кейінгі қызықты тыңдаңыз. Карикатураға кейіпкер болған үш оқушы ауыл сыртында Рәтбекті ұстап алады. "Саусақтарыңды шабамыз, сонда қалай сурет салады екенсің" деп қорқытқан. Бұл қорқытудың ар жағында Рәтбектің талантын мойындау жатқаны анық.

Тікелей қабырға газетіне қатысты болмаса да, Рәтбектің бала кезінің және бір сәті бар. Кітапқа қарап отырып Сталиннің суретін айнытпай салып шыққан. Ұлы салған табақтай портретті көрген әкесі "ойбай, балам, құрт мынауыңды, Сталинді саламын деп сотталып кетесің" деп қорыққан.

Жаркент аумағынан үлкен өнерге аттанған Марат Нүсіпов алғашқы талабын қабырға газетіндегі сурет арқылы танытқан. Мектептің газеті мен түрлі плакаттарын шығаратын топқа қосылған. Кәдімгідей редколлегия мүшесі болған. Ай сайын қабырғаға ілінетін газеттің безендіру жұмысын атқарған. Құттықтауларға арналған гүлдің, 8 наурызға арналған нөмірге жүзі шаттыққа толған аналардың, Жеңіс күнгі нөміріне Отан қорғаған атаның суреті дейсің бе – бәрі соның қолынан шыққан. Кейін белгілі портрет шебері болуының бірінші көрігі көкіректі сол кезде қыздырған.

Марат Нүсіпов (алдыңғы планда) табиғат аясында этюд жазуда. Суретті түсірген автор

Марат қабырға газетінен басқа апталық "Ара" деген парақша болғанын еске алады. Онда сабақтан "екі" алғандар мен бұзық болғандарды тікелей директордың айтуымен әжуалап салады. "Ара" шаққан балалар Маратқа тісін қайрағанымен қоқан-лоққы жасамайтын. Өйткені, тапсырыс директордан түсіп тұр. Сөйтіп мұның саусағы Рәтбекке қарағанда "кесіледі" деген үкімге ұшырамады.

Марат үшін саусақ сурет салудан басқа іске де қажет еді. Мектептің көркемөнерпаздар ұжымында баянда ойнайтын. Хорды сүйемелдейтін. Жанашыр ағасы мұның суреттер салған альбомын көріп, "музыканы қайтесің, суретші шығаратын оқуға бар" деп кеңес берген. Оған өкпесі жоқ. Қылқаламға талпынысы қабырға газетінен басталғанын ұмытпайды.

Үшінші мысалды ел астанасынан келтірейік. Атақты зергер Берік Әлібайды біздегілер тұрмақ, бірнеше ондаған елдің тұрғындары таниды. Жолдары түссе, міндетті түрде оның жеке музейін тамашалауға келеді.

Зергер  бәрін мектепте "суретші бала" атанудан бастаған. Қабырға газетін безендіру мұның міндеті еді. Сонымен қатар салған суреттерін "Балдырған" журналы мен "Қазақстан пионері" газетіне жолдап жүрді. Сондықтан аптасына үш рет шығатын газетті, айына бір шығатын журналды асыға күтетін. Үміт ақталып, бірнеше рет суреттері балалар басылымдарында жарияланды.

Айтпақшы, Марат сияқты Беріктің алдында таңдаудың екі түрлі бағыты тұрды. Бұлар бір-бірінен алшақ емес, қайта жақын жолдар болатын. Мерке өңірінен Алматыдағы Орал Таңсықбаев атындағы Сәндік және қолданбалы өнер училищесіне келгенде не көркемсурет, не зергерлік бөліміне түсуі керек. Құжатын "металды көркемдеуші" деген мамандыққа ұсынды.

Себебі, көз алдына Әлімбай атасы елестепті. Ол кісі бүкіл колхоздың кетпен, күрек, айыр, соқасын соғып, арасында сақина, білезік жасауға үлгеретін. Осыны ойлаған Беріктің болашақ өмір жолы түпкілікті айқындалды. Атасының көптеген құрал-сайманына иелік етіп, көздің қарашығындай сақтап келеді. Сонда да алғашқы талабы табақтай болып мектеп қабырғасына ілінетін газеттен басталғанын айтып жүреді.


Оқи отырыңыз: Сағымға айналар Сарыторғай


Күлкілі кейіпкерлер

Енді журналистердің қабырға газеті арқылы шыңдалғаны жөнінде. Оған алыстан мысал іздемейміз. Өзіміздің өміріміз жеткілікті. Есімізде қалғанның ең қызығы – қабырға газетін қалай шығарғанымыз емес, оған кейіпкер болғанымыз.

Университетке оқуға түскенде аудиторияда дәріс тыңдаудан бұрын алқаптан помидор жинауға аттандырды. Жан-жақтан арманына қанат байлап жеткен жастар бір айда толық таныстық. Алғашқы махаббаттардың оты ұшқындады. Бес жыл үздіксіз шыққан қабырға газетінің бірінші саны осы ауыл шаруашылығы жұмысы кезінде пайда болды.

Онда түскі астан кейін бір сағат тынығуға уақыт беретін. Төсегімізге жатып көзіміз ілінгені сол, "мұрнының оң жағында меңі бар" деген сөзден оянып кеттік. Сөйтсек, курстың қабырға газетінің белсенді безендірушісі болған Шархан Қазығұл біздің суретімізді салып, оған бір курстас бетімізді зерттеп, кеңес беріп тұр екен.

Суреттің астына әлбетте, өлең жазылады. Карикатураға орай міндетті түрде уытты болуы керек.  Бізге арналған алғашқы мәтін:

"Жақын жігіт ойын, күлкі, сауыққа,

Екі қолы помидордан босамай

Шоқақтап жүр жем іздеген тауықша".

Журналистика факультетінің қабырғасы әр курстың кезегімен жапсыратын газетінен босамайды. Талантты таныту мен жарыстырудың бірінші полигоны еді. Бізден ілгері-кейін оқыған, беріде аты танымал журналистердің небір мықты туындысы сол жерде тұрды. Керемет өлеңдері де. 

Әрі қарай журналистік жолымызды бастаған "Лениншіл жас" газетінің өз қабырға газеті болды. Жұмысқа тұрғанымызға бір жыл өтер-өтпестен бізді оған жауапты етіп қойды.

Оның қанша данасын шығарғанымыз есте жоқ. Ал бетіндегі жеке өлеңдер мен шымшымалар, тіпті мақалалар мен суреттер есімізде сақталған. Фототілші Алашыбай Есмағамбетов комсомолдың жолдамасымен алты социалистік елге турист болып келген. Соның суреттерін жапсырып "Алты елді аралаған Алашыбай, бәрінде сайран салған нағашыдай" деп жазғанбыз. Ол редакция ішінде мәтелге айналып кеткен.

Спорт бөлімінің меңгерушісі Несіп Жүнісбаевтің шаңырағында сәби дүниеге келгенде жазылған өлең әлі ойымызда:

Көшеде Несіп келеді,

Екпіндеп, желдей есіп келеді.

Бір қолында сөмке,

Бір қолында бесік келеді.

Жолай гастрономға соғып,

Талай шаруаны шешіп келеді.

"Лениншіл жас" редакциясы қызметкерлерінің табиғат аясындағы демалысында Несіп Жүнісбаев балаларды күрестіруде. Фото автордың жеке архивінен алынды

Өлең редакторымыз Сейдахмет Бердіқұловқа ұнады. Несіптің іскерлігі, спорт пен ұлттық қасиеттерді қатар сақтайтыны дәл бейнеленгенін айтты. Сейдахмет ағаның өзі 50 жасқа толғанда өте көлемді, бірнеше ватманнан тұратын қабырға газетін шығардық.

Оған Көпен Әмір Бек:

Тоғызыншы май күні,

Прозаның полкында

Парад болды әйгілі, –

деп басталатын өлең жазған. 9 май (онда ай аттары қазақша аталмайтын) әрі Жеңіс күні, әрі Бердіқұловтың туған күні еді. Сол нөмірге редакторымыздан сұқбат алғанбыз. Қабырға газеті екен демеді, дайындап барған сұрақтарымызға толымды жауап берді. Сонда Сейдахмет ағаның "Алатаудың бауыр жолдарымен велик мініп заулайтын күндер енді қос ат мініп қусаң жеткізбес. Қазір күнде ертемен желіп тұрсақ жетеді" дегені бар. Сұқбаттың тақырыбын соның ішінен алып "Желіп тұрсақ жетеді" деп қойдық. Редакторымыз "Қабырға газетінің тақырыбы "Лениншіл жастың" өзінен кем емес" деп ризалықпен басын шайқаған.

Әр жолғы журналистер жазып беретін өлең, әзіл және басқасы тапқырлықтың жарысындай еді. Жұмысшы жастар бөлімінің аға тілшісі Мұқтар Наушабай бір нөмірге бірнеше жұмбақ әзіл ұсынған. Мәселен:

Жұрт барады ЗАГС-ке,

Біз барамыз РАГС-ке.

РАГС – мәшеңке бюросындағы қыздардың аттарының бас әріптері: Ружан, Аяш, Гүлжәмила және Сарқыт. Оқығанның бәрі Мұқтардың бұл жанрдағы талантына тәнті болды.

Ал редакциядағы темекі таратын қыздарды әлгі әдеттен жиіркендіру үшін "Бақайшық шерткен сыр" атты әзіл әңгіме шықты. Онда он ғасырдан соң археологтар бақайшықтың сүйегін тауып алады. Соған қарап иесі әйел екенін, сұлу және мамандығы журналист болғанын анықтайды. Сонымен қатар оның өз заманында темекі деген пәлені тартқаны белгілі болады. Өте астарлы әзілді қабырға газеті үшін бас редактордың орынбасары Ержұман Смайыл өзі жазып берген.


Оқи отырыңыз: Ғарышқа киім таңдау қиын


Қудаланған қаламгерлер

Гаджеттің өмірге енуінен кейін керексіз болған қабырға газеті ұжымдағы ахуалды жақсарту, онда болып жатқан жаңалықты айтып тұру, көңіл-күйді көтеру мақсаттарымен шығарылса керек. Әрі қызметкерлердің ішкі шығармашылық әлеуетінен хабардар ететін. Көрген, оқыған, шығарған қабырға газеттерімізде саяси салмақ та, астар да болмайтын.

Ал саяси қабырға газеті қазақтың белгілі жазушысы Қабдеш Жұмәділдің өміріне қатер әкелген. Біздің елде емес, шекараның арғы бетінде. Оны қаламгер "Таңғажайып дүние" атты ғұмырнамалық романында жан-жақты жазды. Қабырғаға қас пен көздің арасында пайда болатын, сұраулы не ұранды сөйлемнен тұратын қағаз өзі сияқты тағы қаншама қазақ зиялысының қызметтен кетуі мен түрмеге түсуіне себепкер болғанын баяндаған.

Қытайда 1960-1980 жылдар аралығында қоғамдық және саяси пікірді білдірудің ең көрнекі нұсқасы осы еді. Үлкен ақ, сары немесе қызыл қағазға иероглиф арқылы жазылады. Үйлердің сыртына, дуалдарға, арнайы бекітілген тақтайшаларға, мекемелер мен оқу орындарының ішкі қабырғаларына ілінеді. Бұл қағаз "дацзыбао" деп аталды. "Мәдени төңкеріс" тұсында оның ролі орасан зор болды.

Қытайда дацзыбаомен танысып жатқандар. Фото amp.ww.ru сайтынан алынды. 

Бұл жаңалық қазақтар Маузайдун атаған қытай көсемі Мао Цзе Дун елді басқарған дәуірде жаппай қолданылды. Көсем "дацзыбао – сөз еркіндігінің тамаша тәсілі" деген көрінеді. Бірақ сонымен қатар қудалау құралы екенін айтпаған. Сол тұстағы Қытай Конституциясына "дацзыбао ілу – Қытай азаматтарының хақысы" деп жазылды.

Мао айтқандай, сөз еркіндігі болатыны – өз ойыңды ешкім көрмейтін жерде қағазға жазып, ешкім байқамай тұрғанда іліп кетесің. Ал біздіңше, қудалау құралы болатыны – біреудің қатесін көрсетіп жазсаң, сол адам жалпы жиналыста жауап беруге міндетті. Бірден емес, бірнеше күн дайындалып келеді. Дацзыбао іліне қалған жағдайда не жазылғанын талқылайтын жиналыс белгіленеді.

Сиямин қаласындағы университетке "Бірқатар оқытушылар жиналысты, сынды және күресті көтере алмайды. Ондай жағдайда естері шығып, тіпті көз алдымызда өліп қалуға бар. Мен оларды қара тырнағымды аяғандай аямаймын" деген дацзыбао ілінген соң бүкіл оқытушылар талқыға түскен. Сын көтере алмайтын шыбық тимей шыңқ етерлерді анықтау бірнеше айға созылған. 

Қытай көсемдері оны демократияның көрінісі деп санады. Саяси маңызы ең жоғары дацзыбао Бейжиндегі Чананцзы мен Сидан көшелерінің қиылысына ілінетін. Мұндай жапсырманы шығару үшін миллиондаған адамдар жұмыс, демалыс уақытын бөлетін.

"Дацзыбао арқылы сөз еркіндігі баршаның қолына тие қойған жоқ" деседі сол тұстағы Қытай тарихын зерттеушілер. Қабырғадағы жапсырмалардың кесірінен абақтыға жабылғандарда ондай мүмкіндік әлбетте, болған емес. Ал біреуді қудалау қажет болса, оған түрткі болатын сөздерді жазу үшін қауіпсіздік қызметкерлері белгілі адамдарға құпия материалды ұсынған. Сол арқылы саяси қарсыластарын масқаралап отырған.

Маоның жекелеген ойлары осы тәсілмен ілінді. Кейде қабырғаға жапсырылған қағазда жазылған әлдекімнің сөйлемі радиодан берілетін. Қазіргі тілмен "радио роликке" айналып, жиі қайталанып жатқан. Елдің басты газеттері түрлі қалалардағы дацзыбаоның мәтінін беріп немесе оны суретке түсіріп, фото ретінде жариялаған.

Бүкіл елдегі қозғалысқа айналған дацзыбао ілу қаншалықты саяси пайда әкелгенін ешкім айта алмайды. Ал Қабдеш ағамыз және Қытайда өмірінің бір бөлігін өткізген басқа да қайраткерлер үшін оның зияны орасан болғанын байқаймыз.

Кейін бұл қозғалыс ресми тоқтатылды. Конституциядағы 45-бап өзгеріске ұшырады. 1980 жылы ақпан айында Қытай Коммунистік партиясының пленумы Халық өкілдерінің бүкілқытайлық жиналысына Конституциядан "азаматтардың дацзыбао ілу хақысы бар" дегенді алып тастауды ұсынады. Партияның жоғары басшылығы айтқан соң парламент дереу орындағаны түсінікті.

Міне, қабырға газеттерінің қызығы мен шыжығы осындай.