Әуеде ұшқаны

Оразақын Асқар деген ақын бағалануы кем, ескерілуі аз болып өмірден өтті. Ал жыр қуаты, қалам сілтесі Қадыр, Тұманбай, Мұқағали, Сағилармен теңдес. Кеңес заманында атақсыз, орден-медальсіз қалғаны – Қабдеш замандасы сияқты алпысыншы жылдар басында арғы беттен атамекенге оралғанынан.

Ол өлеңдерін жаза жүріп, Мұқағалидың мұрасын жинақтап кетті. Оның бер жағында "Қара өлең" деген атпен қазақтың ауызекі шумақтарын жинастырып кітап етті. Әркім жеке шығармасын күйіттеп, өзінің жазғанын баспадан шығаруды мақсат ететін заманда бұл кісіні қара өлеңнің Тереза анасына теңеуге болар еді.

"Қара өлең" кітап сөремізде тұр. Ара-тұра қолға аламыз. Бізде дауыс жоқ. "Әу" дей алмаймыз. Содан той емес, ой іздегенде парақтаймыз. Әрі Оразақын Асқардың осы кітап жарыққа шыққанда жазған мақаласын сақтап қойғанбыз.

"Қара өлең" кітабы мен Оразақын Асқардың мақаласы. Автордың фотосы

Бірталай қара өлең бірінші жолын ұшқан құстан бастайды. Бабалардың табиғатпен етене өскені содан білінетін. Сайын далада қыбырлағанның, зеңгір аспанда қалықтағанның бәрін қызықтап қоймай, оны кеудедегі көрікте қыздырып отырған. Міне, "Қара өлеңді" парақтап көрелік:

Ұшады көкала үйрек, қазыменен,
Жарасар жасаңдау жер сазыменен.
Жігіттер, жас дәуренде ойна да күл,
Қосылып құрбы-құрдас назыменен.

Беу! Жастық шағы алыста қалған біз де кейінгілерге осылай айтар едік.

Қыран бүркіт ұшады қыр айналып,
Қызыл көрсе шықпайды шыр айналып.

Бүркіттің түлкіге түсердегі түрі ғой. Ал өлеңнің арғы екі жолы әдеттегідей басқа мәнге ауысады. Енді адамның көңіл-күйі мен сезімін білдіру керек:

Қайда жүрсең, жан қалқа, қош-аман бол,
Кім бар, кім жоқ келгенше жыл айналып.

Жайлауда жолығып, енді екі ру екі жақтағы қыстауға көшерде келесі жылы ғана кездесерін сезген жігіттің ғашығына жеткізген сезімі ғой. Бастапқы ұшып жүрген қыран тілге тиек қана.

Әуеде ұшып жүрген ала құр-ды,
Ала құр теріскенді пана қылды.

Бұл қара өлеңді құр деген құс үшін келтіріп, аяққы екі жолын кесе салмақ едік. Жоқ, мұнда сезім емес, насихат жатыр екен. Өткен күннің насихаты емес, тап бүгінге қажеттісі.

Жалықпай жастық шақта алған білім,
Жарлының жалғыз ұлын дана қылды.

Рас. Әлемде жарлыдан өсіп, алған білімінің арқасында зор дәулет, мол идеяның иесі атанғандар бар. Біразын жаздық. Біразы туралы мәлімет жинап қойдық.

Тура осы ойды жалғастырып тағы бір құс ұшып барады. Қара өлеңде:

Қаз ұшар айдын көлден қаңқылдаған,
Су шашып қанатымен салқындаған.
Он бес пен жиырманың арасында
Әрнеге жігіт емес талпынбаған.

Бұл да – бүгінгі уақытқа қажет сөз. Бірыңғай ұлттық тест тапсырып, жоғары оқу орнына таңдайтын, өнер мен білімге талпынатын дәл осы шақ. Бұл кезеңде ештеңеге талпынбаса, одан әрі ешкім де болмасы хақ. Ендеше қара өлеңді тыңдағаннан ешкім қор болмайды.

Әуеде ұшып жүрген ұлар ма екен,
Баласын атып алсам жылар ма екен?

Нағыз экологиялық өлең екен. Бір әкімнің құстарды қынадай қырған фотосын көріп шошығанбыз. Кейін соттатып кеткенін естідік. Құс атқаны үшін емес, экономикалық қылмысы үшін істі болыпты. Бейбіт құстың наласы жібермеген екен деп қойғанбыз. Бала кезінде осы қара өлеңді естісе, бәлкім құс атуға құмарланбас па еді, кім білген?

Бойында қара судың долана екен,
Бұлбұл құс доланаға қона ма екен?

"Әттең" деп қалдық. Былтыр долана ағашы жайында мақала жазып едік. Мына қара өлеңді білмей қалғанымызды қарашы.

Не керек, қазақ қара өлеңінде қолдан қаршыға мен ақ сұңқарды, судан сары ала қаз бен аққуды, жерден қарға мен кептерді, төбеден тырна мен тұйғынды  ұшырған. Бәрін тізу мүмкін емес. Бір тұста дуадаққа қанат қаққызған.

Солар сияқты қазақтың қара өлеңі ұшырған тағы бір құс бар. Бүгінгі тақырып та сол еді.


Оқи отырыңыз: Ауыздағы айна


Адамзаттан алыстамайтыны

Қазақтағы қара өлеңнің бірі түрі ала құсқа арналған. Бірақ неге екенін, оны "ала" емес, "ақ" деп сипаттайды. Байқасақ, ұйқасқа керек екен. Десе де құстың кеуде тұсының мамығы әппақ.

Ұшып жүрген әуеде ақ сауысқан,
Ай он екі болғанда жыл ауысқан.
Тіршіліктің барында ойна да күл,
Бұл жалғанның қызығын кім тауысқан?

Түпкі мазмұны манағы "көкала үйрек" деп басталатын өлеңмен бірдей. Жеке сөздері де ортақ. Тек сол мазмұнға жеткізер алғашқы екі жолы әрқилы.

Міне, 2021 жылғы қараша айының басында байтақ елдің солтүстігіне ғана емес, оңтүстігіне қар түсті. Ауа түнде минус 13-15 градусқа дейін суыды. Бұл кезде табиғатта басқа құбылыстармен қатар сауысқан ауыл-ауыл келе бастады.

Бұл құс жаз бойы адамнан аулақ ұшады. Өзен-көл жағасындағы тоғайды мекендейді. Түрлі құрт пен қоңызды жейді. Өсімдіктердің дәні де оған азыққа жарайды.

Адамнан алыс жүрген көктем мен жаз уақытында жұмыртқа басып, балапан шығарады. Бір айта кетерлік жәйт: сауысқан басқа құстар ұясында жоқ кезде жұмыртқасын ұрлап кетеді. Бөдене, көкек, бозторғай талай зардап шегеді. Ұрланған жұмыртқаны балапан етіп баспайды, дереу жарып уызын ішіп қояды.

Ұясының басқа құстардан ерекшелігі бар. Сауысқан шатыр жасайды. Қарға, ләйлек, бүркіт сияқты ағашқа ұялайтын құстың бәрінде ол шатырсыз. Олардыкі өткен ғасырдың елуінші жылдарындағы қазақ ауылдарындағы тоқал там сияқты да, сауысқандыкі алпысыншы жылдардан бастап шифрланған шатырлы үй секілді.

Қыста күндіз ұясынан ұшып шығып ауылдарға, тіпті шағын қалаларға келеді. Бар мақсаты – азық табу. Бірер жыл бұрын екі сауысқан таңертең итіміздің тамағына таласқан. Иттің ыдыстағы сүйегін бөлек апарып мүжитін. Сонда бір сауысқан сәл алыстау қалған ыдыстағы тамақты шоқып үлгереді. Ит арс етіп ол жаққа ұмтылғанда екіншісі сүйекке қона қалып бір шоқып тастайды.

Иә, оларға қыста азық табу үшін осындай айла керек. Жазда төбесі көрінсе шықылықтап мазасы кететін адамдарға амалсыз жақындайды. Сондықтан ғалымдар сауысқанды синантропты, яғни адамзаттың қасында күн көретін құстарға жатқызады. Жақын емес, алыстау үшінші тобына.

Бірінші топта кәдімгі торғай, көгершін мен қарлығаш тұр. Кейінгі кезде Қазақстанның оңтүстігіне қаптап кеткен майна немесе афганка құсын осы топқа кіргізе беру керек шығар. Бұл құс біртіндеп қарлығашты ысырып бара жатқанын жеке мақала етіп жазғанбыз.

Екіншісіне қараторғай, бәбісек, қарға жатады. Бұлардың ұялары кейде елдімекен ішінде болады. Үшінші топ ұясы басқа жақта, бірақ өзі тамақ табу үшін адамның айналасына келетіндер. Күшіген, құзғын, ұзақ, сауысқан, тағы біраз құс осы топты құрайды.

Қысқа қарай ауыл-аймақты төңіректеуге көшкен кезде құстың қауырсыны біраз өзгереді. Аяғының жоғары жағы жазда сидаң болса, оған мамық шығады.

Аяғы демекші, бұл құстың басқалардан ерекшелігі: жерде қос аяқтап секектейді. Туысқаны қарға екі аяғын кезек басып жүреді ғой. Құс зерттеушілері мұның сырын толық анықтаған жоқ. Біреулері секектеп қозғалған қанды тез таратып, бойды жылытуға себін тигізеді деседі. Енді бір ғалымдар бұлай қозғалу оның жылдамдығын арттырады дейді. "Табаны тым жұқа, тез тоңады, сондықтан амалсыз секектеуге тура келеді" деп түйіндегендер бар екен.

Құйрығының ұзын екені шолақтау қанатына қарағанда көрер көзге байқалады. Оның сыры сауысқанның орман-тоғайда өмір сүретіндігінде. Онда бұтадан бұтаға ұшып-қону кезінде тепе-теңдікті сақтап қалуға құйрықтағы ұзын қауырсындар көмектеседі. Ашық далаға шықпай, сексеуіл, жыңғыл арасында өмір сүретін қырғауыл да тура сондай емес пе?!


Оқи отырыңыз: Тасқа таңбаланбаған аң


Суреткердің сипаттағаны

Тіршілігі адамның мекеніне жақын болғандықтан сауысқан қара өлең ғана емес, басқа да әдебиет үлгілерінен орын алған. Ең бастысы салт-дәстүр жырының бірі – беташарда:

Жұмыртқадан ақ келін,
Сауысқаннан сақ келін.

"Сақ" деу келінге қаншалықты қисынды боларын кейінгі өмірі көрсетеді ғой, ал сауысқанның сақтығына талас жоқ. Ол ұшып жүріп төмендегінің бәрін бақылайды. Қимыл көрсе дереу шықылықтап белгі береді.

Суысқанды ең сақ құс дейді. Фото интернеттегі ашық көздерден алынды

Ғалымдар сауысқанның дыбысы әртүрлі болатынын жазып алған. Маңайда еш қимыл жоқ, тек екі сауысқан отырса олардың бір-біріне деген үні нәзік те сазды болады. Бірақ адамдар оны ести алмайды. Өйткені кісінің төбесі көрінсе сауысқан дереу шықылыққа басады.

"Сақ келінді", "тұр-тұрламайтын, құрт ұрламайтынды" тыңдап жүріп, мектепке барғанда сауысқан тағы алдымыздан шыққан. Ыбырай Алтынсариннің "Кел, балалар оқылық" өлеңінде: 

Сиса көйлек үстіңде
Тоқуменен табылған.
Сауысқанның тамағы
Шоқуменен табылған.

Өте түсінікті. Жалпы балаларға абстракты емес, табиғи дүниелер қажет еді. Біздің кезімізде солай болған. Қазіргі ию да қию әлемге сай ию да қию мультфильм қаптады.

Ыбырайдан кейін балаларға арнап өлең жазғанда ішіне сауысқанды қосқан Қастек Баянбаев еді. Бір қазан сүтке қатысты әдемі өлең-ертекке оқулықтан орын тиді ме екен? Құстар әлемін танытуға таптырмас туынды ғой:

Жапалақ келіп жалп етіп,
Жарымын ішіп ол кетті.
Қарға келіп қарқ етіп,
Қалғанын ішіп ол кетті.
Сауысқан келіп саңқ етіп,
Сарқып ішіп ол кетті.

Қара өлеңнен бергі поэзияны айтпағанда, қара сөз де қарыз болып қалмады. Сауысқанның қыста адамға амалсыз жақын келетінін Мұхтар Мағауин "Сары қазақ" романында тап басқан. Қызыл биліктен қашып Бетпақдаланың иен тұсын мекендеген үш адамға бір жылы қыста сауысқан келеді. Сонда үшеудің ақсақалы қатты қуанған. "Қарашы, бізді де ауыл екен деп келді".

Мұхтар Мағауиннің "Шақан Шері" кітабының мұқабасы. Автордың фотосы

Жалпы, сауысқан қазақ жазушыларынан Мағауинге риза шығар. Қаламгердің "Шақан Шері" романында аңшыға жолбарыстың қайда жүргенін сауысқан білдіріп қояды. Құс атаулы әлденені күткендей тым-тырыс қалғанда, сол тынбай шықылықтайды: "Тек ала қанат сауысқан ғана еркін. Осы өңірдің шын қожасы солар сияқты. Жекелей де, тобымен де ұшып жүр". Қожасы екенін қайдам, өңірдің хабаршылары екені даусыз: "Шақан сауысқандардың ұшып, қонғанынан, әртүрлі үнмен шықылықтаған дауысынан қай тұста жемтік жатқанын ғана емес, жолбарыстардың өздерінің де қай шамада жүргенін анық шамалады". Иә, сауысқан өзіне жемтік тауып берген жолбарыстардың қайда екенін аңшыға білдіртіп, сатқындық жасайды. "Ақыр түбінде өздеріне азық тауып берген иесін аранға жығады" деп түйіндейді бұл тұсты қаламгер. Терең философия!   

Бұл романдағы сауысқанның рөлі мұнымен бітпейді. Бірнеше беттен кейін кейіпкердің өміріне тағы себі тиеді. "Кенет арт жақтан, тым тақау жерден сауысқан шықылықтады. "Келе жатыр! Сақ, сақ бол!"

Кім әлде не келе жатқанын кітаптан оқып аларсыздар. Ал міне қазақ даласына тағы қыс келе жатыр. Тағы да сауысқан ауылдан, ауладан, адамдардың айналасынан тамағын іздейді. Үркітпейік! Бұл құстың келгені – ауылдың бар екенін және амандығын білдіреді ғой, себебі.