Дәстүрлі өнерді ру мен жер тарихынан бөлек зерттеуге болмайды
Қазақ руханиятын шартты түрде аймаққа бөліп қараса, өнердің қай түрі болсын, болашақта өз үдесінен шығары сөзсіз.Бір мемлекеттің қалқасында отырған қоғамдасыңа ұнаса да, ұнамаса да, ғылыми қисын талап еткендіктен міндетті түрде айтылуы тиіс ақиқат болады. Соның бірі – дәстүрлі өнердің тегі мен табиғатына қатысты мәселе. Әрине, біздің бұл қисынымыз осы уақытқа дейін қалыптасып қалған қасаң теория, халық санасындағы кейбір дәстүрлі қағида, канондармен қабыса бермеуі әбден мүмкін. Дәстүрлі өнердің тек-тамырына орай қозғалып отырған бұл мәселе өте өзекті болғандықтан, қалай болғанда да, оны әркім іштей сезіне түскені жөн. Өйткені, бұл қисын сіз бен біздің танымымызға жат емес, сол баяғы, рулық ерекшеліктің түп тамырына байлаулы жатқан түйткіл. Бұған бірден келісе кетуге көп адамның санасында ұлт жайында қалыптастырып алған ізгі танымы ерік бере қоймасы анық. Өз басым мұндайға ерекше түсінікпен қараймын. Өйткені, бұл дайындығы әлсіз адам үшін бірден ойға тұрақ таптыра қоймайтын нәрсе.
Қазір дәстүрлі өнер ұғымын "ұлттық өнерге" балама ретінде қолданып жүргендер қатары қалыңдап келеді. Мұндай анықтамаға тізгін берер алдында сәл де болса қазақтың, одан бұрын бүгінгі үш жүздің құрамындағы ру-тайпалардың өткеніне шолу жасалу керек. Қанша жерден қазіргі күн саясатының биігінен қарап, әр аймақтың өзіндік ерекшелігі мен тұмса болмысын сақтаған дәстүрлі өнер түрлерінің тамырына дүрбі салып іздесеңіз де, одан ортақ ұлттық сипат таба қою қиын. Олай болса, тап осы жерден бастап көкейде кептелген сан түрлі сауалды тек өзіңіз үшін іштей сараптай беріңіз. Иә, күні бүгінге дейін біздің "ұлттық сипат, ұлттық ерекшелік, ұлттық бояу" деп жүргеніміз идеологиялық әдіс-тәсілдер күшімен иіп алып келіп, еріксіз үйлестіре салған бірдеңе ғана, басқа ештеңе де емес. Ақиқатына бақсақ, бүгінгі қазақ өнері әуелі белгілі бір рудың, тайпаның, тайпалық одақтың, бірлескен ұлыстың, хандықтың, содан соң ғана ұлттық сипат алған мемлекет еншісіндегі қазына. Ұлт тізгінін ұстаған унитарлық жүйе қазақтың бойында ғасырлар бойы қалыптасқан сөлін сығып алып, орнына ақыры апатқа ұластыратын жат құндылықтарды сіңіріп жіберді. Әрине, күнделікті тіршілікте ол үдеріс белгілері бұйығы тұрғанымен, күндердің күнінде аяқасты бұрқ ете қалуы бек мүмкін.
Оқи отырыңыз: "Тағаймұрат" жырының тағдыры
Ақиқатын айтқанда, дәстүрлі өнер атаулы алдымен белгілі бір руға тән аймақтық ажарға, содан соң ғана ұлттық сипаты айшықталатын ерекше қасиетке ие екенін қаперде ұстамайынша, оның қазақ даласының төрт тарапына тән түрлері, жалпы халықтың ауыз әдебиеті үлгілеріне жататын кәсіби сөз өнерінің тамыры, ілкі шығу тегі, ортақ тұстары мен айырым ерекшелік белгісін бекіту мүмкін емес. Мұның барлығы, яғни әуелде дәнегі болмаған нәрселерді "бар" етіп көрсетіп, айналып келгенде даму дәстүрі көшпелі формацияға негізделген мәдениеттің ілкі тегін түсінбеген болып, ол пиғылын әдейі жасырып, түбінде санадан сызып тастау мақсатынан туындаған құйтырқылық. Өйткені, қазақ өнеріне тән аймақтық ерекшеліктерді көре тұра, ұлттан бұрын белгі берген ұлысқа, одан кейін тұрған тайпаға, руға тән өлкелік қасиет мәселесін ғылым нысанына айналдырмау – түсініксіз жағдай. Иә, біз геноцид көрген, рухани қазынасы барынша тоналған, әбден көзі қорқып қалған халықпыз. Солай екен деп өнердің дамуына кертелі кесірі мен күллі зиянын тигізетін, ұлттың көмейіне кептелген "еламан сүйек" жайында айтпай, адасқан топпен бірге беталды жүріп, қаңғалақтай беру қалай болар екен?
Қазақ руханиятының жайын сөз еткендер қай кезде де оның унитарлық мемлекет жүйесіне тиесілі соңғы – ұлттық кезеңін айтумен шектеліп келе жатқаны өкінішті. Ал шыңырау түбіндегі шындықтың көзі ашылмайынша, қай нәрсенің болсын бетін жеңіл-желпі бүркеп, қымтап жаба бергеннен қай мәселе де оңтайлы шешілмейді. Әкімшілік, аумақтық, саяси құрылым өнерге шекара бола алмайтынын айтпағанда, қазір соның пана болып жарытып жүргені де шамалы. Ал өзінің табиғи бастауы мен заңдылықтарынан ажырап, қаңғырып қалған дәстүрлі өнер бүгінгі қазақ ұлтының рухани сұранысына толық жауап беріп жүр ме? Иә, бір кезде "ерлік дәуірін басынан кешірген" әрідегі сақ, ғұн, үйсін, қият, қаңлы, берідегі оғыз, қыпшақ, қоңырат, хазар, қарлұқ, пешене, найман, абақ, керей, албан (юлбан), суан (сюан), екей (икюй) кердері, дай (адай), арғын, абдалдар тұтынған құрылым құндылықтарын сындырып, оны күштеп иіп алып келіп, бүгінгідей бірыңғай отырықшы қала мәдениетіне немесе көшпенділікке иілдіру арқылы таным-түсінік атаулыны шатыстырып жіберді.
Бұдан қазақ даласын қоныстанған қазіргі ру-тайпалардың арғы ата-бабалары үнемі номадтық мәдениет тұтынды деген қасаң ой туындамауы тиіс, әрине. Тым арыға кетпей-ақ, "Мың шақырым жүгіретін тұлпар тек ғұн елінің қазынасы" деп дәріптелген жұрттың заңды жұрағаты оғыз-қыпшақ дәуірінде сол ру-тайпалар Жетісу, Қаратау, Сырдария, Арал, Жайыққа дейінгі аралықты жайнаған қала құрылысына айналдырып, Азияны тұтас жайлап, бірнеше мәрте Еуропаға жол салып, жартылай қалалық, дәл сондай күйде далалық мәдениет тұтынғанын ұмытып, қазақты бүтіндей "тағы" етіп көрсетуге пейілді қытайлық көзқарасқа иық беріп тұратынымыз қалай? Мейлі, мәселенің ол жағын қанша қымтап, жасырғанмен үңгірден шыққан "жабайы" халық тап бүгінгідей түрде өнер жауһарларын жасай алмасы анық. Сол үшін тарихи таным атаулыны ғылым таразысына салғанға не жетсін.
Оқи отырыңыз: Шырғалаң болған шығармашылық өмірбаян
Иә, осыған дейін кеңестік идеологияның жалаң қылышынан қорқып ақиқаттан бастарын ала қашқан қазақ-совет ғалымдары қанша айла-шарғы, қандай амал-әрекет жасағанмен ұлттың атын жамылған бедеу бағыт ешқандай жеміс берген жоқ, орта жолда бедірейді де қалды. Өйткені, біз аралық кезеңде кептеліп тұрған жұртпыз: тұтас ұлт болып ұйыса алмағанымыз өз алдына, рулық сананы да толайым тастап шықпағанымыздың да өкініші өзегімізді өртейді. Қазақ өнері үшін ең ілкі сипат "у ішсең руыңмен" деген қағидаға негізделген болатын. Өнер атаулы әуелі белгілі бір рулы елдің ішінде туып, қалыптасып, белгісі бекитіндіктен де солай еді. Ал "жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін" деген күйдіргі сөздің қай өнердің болсын тегін ажыратуға еш қатысы жоқ, бұл да ұлт болып ұйысуға үндейтін, кейін пайда болған әскери-аумақтық бауырлас бірлестік – фратриядан тамыр тартқан саяси-идеологиялық құралдың бір түрі. Ендігі жерде бұл плакаттық формадағы жалаң ұранға қайрылып қажеті жоқ. Ал жалған әрі жалаң патриотизм негізінде қазақ өнерінің тегі мен табиғатын тани алмасымыз анық. Бұл сөзімізге 70 жыл қолдан құйылған жасанды қалыптың ауданына симай, кемерінен тасып, үнемі төгіліп, рәсуа болып келе жатқан қазақ дәстүрлі өнерінің бүгінгі жайын мысал етуге болады. Дәл қазір осы өнердің қай түрін болсын, қалай насихаттасаң да, өз ұлтымыздың арасында тыңдалмайтын дәрежеге жеткенін қандай жағдаймен түсіндіруге болады?
Алпауыт Одақ құлаған кезде оның қызметші құлдары жасаған әлсіз терориялар да өзінен өзі, біртіндеп сынып түсе бастағаны белгілі. Өкінішке қарай, "қолымыз аузымызға жетті" деп жүрген 30 жыл ішінде иығымызға ұлттың шапанын желең жамылғанымызбен, бұл жайында мандытып ешнәрсе айтпадық. Ру деген сөзден зәре-құтымыз ұшып, әбден жүрек шайылып қалғаны сондай, аталмыш тақырыпты қозғағандарды жыл құсының келуі мен қайтуына орай шалығы ұстайтын әлгі біреулерден кем көрмедік. Әлі солай, әзірге түбегейлі өзгере қалған еш нәрсе жоқ. Бұл да болса отарлық сана езгісінен толық сауығып, азаттық алып, бөлек отау болып кете алмағанымыздың белгісі. Бұл тұрғыда қазіргі мемлекеттік жүйедегі әкімшілік-аумақтық құрылым мен соның негізінде қалыптасқан бөліністің қазақ өнері мен дәстүріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сипатына қатысты талқыға салатын мәселе көп.
Иә, бұл күнде жұрттың дені облыс, қала берді ауданаралық бөлініске әбден құлқын үйретіп алғаны сонша, енді оны балталасаң да, бұзу қиын болып тұр. Бұрын азанды есімінің алдына шыққан руын қосып айтуға машықтанған қазақ ақыры мұндай майда-шүйдеге мойын ұсынады деп кім ойлаған? Кейінгі саяси бөліністің өнер атаулыға еш қатысы жоғын біле тұра, ұлтсыздандыру үдерісін үдету мақсатында осы түсінік ғылыми негізделіп, санаға зорлықпен сіңірілді. Оның 100 жылға жетер-жетпес уақытта ұлт табиғатынан ойып орын алып, сана төріне сайтанның сапалағындай мықшиып отырып алғаны сондай, қазіргі қазақ облыс пен ауданын қимайтын, руын тек рәсім үшін ғана силайтын дәрежеге жетті. Міне, саясаттың шалығы деген осы, кейде адам баласының танымындағы пайдалы рудименттердің өзін қасақана жойып, өз қажетіне қарай артық жерін сылып алып тастап отырады. Әрине, түптің түбінде бұл қазақ рулық рудименттерді қалдырып, ұлттық санаға толайым көшуі міндет! Онсыз мемлекетіңнің шаңырағы шайқалып кетуі бек мүмкін. Ес енген баладан әкесінің өлгенін жасырып жүре беру мүмкін емес. Керісінше, панасының қалай, неге шаһид кешкенін түсіндіру – парыз! Олай болса, қазақ өнерінің ілкі тегін анықтап, тұмса табиғатын түсініп, айырым ерекшелігін қалыптастыру жолында саяси реңкті нәрселерді сәл-пәл кері шегере тұруға тура келеді. Онсыз, бұл саланы зерттейтін ғылым өз бағытынан жаңылып, ақыры адасып тынбақ.
Оқи отырыңыз: Қорқытта күй жоқ па әлде бізде оған деген құрмет-сый жоқ па?
Әңгіме арқауындағы рулық ерекшеліктің дәстүрлі өнердің генезисі – шығу тегін анықтауға қатысты бөлігі ғана маңызды. Алайда, саяси жүйедегі арзан рушылдық пен өнердің тегін танудағы русыз аяқ алып жүру мүмкін емес нәрселерді шатастырып, әрі біздің бұл сөзімізден майда-шүйде астар іздеудің қажеті де шамалы. "Айтылмаса сөздің атасы өледі" деген халық даналығы осы жерге дәл келеді. Өнер тарихының ілкі бастауларын сөз еткен тұста рудан қашып ешқандай опа таппайтынымызды осы бастан біліп, өткеннен тәлім түю үшін санаға сіңіре берген абзал. Шәкерімше айтқанда: "Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек". Мысалы, қазіргі Шығыс Түркістан, Алматы, Жамбыл аймағында өмір сүріп келе жатқан Ұлы жүз бірлестігі құрамындағы албан, суан, дулат, шапырашты арасында дамыған дәстүрлі өнер түрі – ән, күй, жыр сазының сырт қарағанда тамыры бір сияқты болып көрінгенімен, ішінара бөлек, өз алдына оқшау қарастырылуы тиіс мәселе көп. Өйткені, Нарынқол, Кеген, Талдықорғанды жайлаған албан жұрты әуелден әншілік, ақындық, күйшілік, ал Ұзынағаш беткейіндегі шапыраштылар жыраулық, жыршылық дәстүрге басымдық бергені байқалады. Әрине, олардың да өзіне тән әншілік, күйшілік, ақындық дәстүрі бар. Оның өзі бір Алатауды қақ бөліп жайлаған айыр қалпақты ағайынмен арадағы "ақыл – ауыс, ырыс – жұғыс" ұғымын тұрақтандыра түседі. Міне, көрдіңіз бе, былай қарағанда сырт сипаты бір шаңырақ астында дүние жаралғалы бері отырған сияқты көрінгенмен "Жүз" ұғымының саяси сипаты осындайда анық байқалып қала береді. Олай болса, әрбір жүздің құрамындағы ру тарихын, соған сәйкес салт-дәстүр, тілдік ерекшелік, осылардың аясында туып, дамитын өнер мен дәстүрді өз алдына жеке қарастыру зәрулігі аталған жағдаяттарға орай туындайды.
Қазақстанның Орталық, Шығыс, Солтүстік аймақтарына қатысты да осы байламды айтуға болады. Әрине, мұндағы Орта жүзге біріккен ру-тайпалар жасаған дәстүрлі өнер түрін айтқанда Алматы мен Шығыс Түркістан аймағына тән ерекшеліктің бір-біріне территориялық тұрғыда тигізген әсері мен өзара ықпалдастығын да айналып өте алмаймыз. Бұл өңірді жайлаған арғын, найман, керей, қыпшақ арасындағы айырмашылық – өнердегі өзіндік бедер әжептәуір байқалады. Сөзіміздің дәлелі ретінде Оңтүстіктегі Ұлы жүз территориясында отырған Орта жүз бірлестігіне кіретін қоңырат арасында дамыған өнер түрлерін салыстырып, сүзгіден өткізгенде бұл айырым ерекше біліне түседі. Мысалы, Сұрқандария мен Қашқадария топырағын қоныстанған қоңыраттар бірыңғай бақшылық өнерді тұтынғандықтан, олар сақтаған рухани мұраны Орта жүз бола тұра, Арқадағы арғынның асқақ әнімен салыстыра алмас едіңіз. Дәл осы сияқты Сыр бойындағы дәстүр өрісін де бір сөзбен күрмеу мүмкін емес. Өйткені, бұл аймақта Үш жүздің баласы аралас тұрады. Сол үшін де сараптама жасау қиын. Оған қоса өзбек, қарақалпақ, тәжік, түркімен, әзірбайжан этносының ауыс-түйіс ықпалы аталмыш аймақтарға қоса Маңғыстау топырағынан да анық байқалып қалып отырады. Десе де, Батыс Қазақстан аймағымен шекаралас қазіргі Қызылорда облысының Арал, Қазалы территориясы мен Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау топырағында дамыған тұтас өнер түрін, бұл аймақты жайлаған кешегі Кіші Орда жұртының құрамында болған рулар тарихын бір-бірінен ажырата қарау дұрыс емес. Әрине, мұнда да өзіндік сойға тән ішкі ерекшеліктер жеткілікті. Міне, қолдан жасалған территориялық-әкімшілік кертенің өнер мен дәстүр үшін шекара болып жатырпайтынына бір айғақ осы.
Оқи отырыңыз: Сандал күй кешкен Сапалайдың "Самалтауы"
Орағытып отырып айтқымыз келген мәселенің түйіні осы. Руханиятқа территориялық-әкімшілік бөлініс жүйесінің шекесінен қарау – танымға жат, дәстүр мен өнердің тамырына балта сілтеуден басқа дым емес. Қазақ руханиятын шартты түрде аймаққа бөліп қараса, өнердің қай түрі болсын, болашақта өз үдесінен шығары сөзсіз. Бөліністің бұл түрі ойдан қиыстырылған тосын нәрсе емес, бұрыннан бар жүйе. Батыстағы алып Ресей Федрациясы өзін-өзі басқаратын өлкеге, әлемге әйгілі Америка өзін құрайтын штаттарға бөлінуі – мәселенің саяси-әлеуметтік жағын айтпағанда, руханият шекарасын белгілеп, дәстүрлі өнердің өрісін кеңейтіп, аяғындағы шалыс өреден босату үшін таптырмайтын тәсіл. Кеңес Одағы тұсындағы идеология ең алдымен қырағылықты осы жағынан танытты. Ақыры, олар құрған тор ғасырға жетер-жетпес уақытта әбден шырмалып, оның ақыры тұйыққа тірегенін ұлт жүріп өткен жолдағы талайсыз тәжірибелердің өзі көрсетіп берді.
Әрине, аймақтық бөлініске көшу айта қаларлықтай оңай іс емес. Ол руханият үшін ауа мен судай қажет болғанымен, ең алдымен саяси жүйенің еншісіндегі шаруа. Иә, бір кезде саяси, рухани кеңістігімізді күшпен біріктіріп жіберу арқылы қазақтың өзін өзі басқару қабілеті шегенделді. Біздің жұрт "Ортақ өгізден жеке бұзау артық!" дегенді бекер айтпаған. Ақиқатында, ортақта олжа болмайды! Сондықтан да қазір біздің қай өңір, қай салада болсын, масылдық психология басым. Егер Қазақстан аймақтық бөлініс жүйесімен дамып, әр аймақ тапқан-таянғанын өз мүддесіне жарататын болса, біздің күніміз де, күйіміз де мүлдем басқаша болар еді. Өңірлер жергілікті ерекшелікті негізге алып даму арқылы тың даңғылға сонда шығады. Сол кезде өнер де байырғы дәстүрлі арнасына қайта құлайды. Қай нәрсені де бір орталықтан басқару арқылы ұлттың қуатын әлсірететін бір жұдырыққа бағындыра басқару жүйесіндегі иткөйлекті тастап, деорталықтандыру бағыты ыңғайына көшпейінше жарық күн жоқ. Дәстүрлі өнер дамудың даңғылына, саясат белесті биігіне, әлеумет өзінің ғасырлар бойы аңсаған кеңістігіне сонда шығады!
Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін