Бала тәрбиесінде олардың бос уақытын тиімді өткізу мәселесін жиі айтамыз. Расында да, спорттық үйірмелер балалардың бос уақытын үйлестіріп қана қоймай, салауатты өмір салтына дағдыландырады. Биыл мемлекеттік спорттық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жұмысы басталды.

Бұл – мемлекеттік деңгейде бала болашағына жасалған ең үлкен мүмкіндік. Әрбір баланың қалауы бойынша тегін, қолжетімді, спорттық үйірмелердің іске қосылуы ұлт саулығына салынған есепсіз капитал деуге болады.

Мемлекеттік спорттық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесінде жазғы олимпиадалық спорттың 17 спорт түрі, қысқы олимпиадалық спорттың 4 спорт түрі, ұлттық спорттың бір ғана түрі (қазақ күресі), олимпиадалық емес спорттың 4 спорт түрі қосылып отыр. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған үйірмелер де өз қызметін бастап жатыр.


Оқи отырыңыз: Чемпионы көп, спорт мектебі жоқ ауыл


Ұлттық күрестің өкілі ретінде, балаларға арналған тегін үйірмелер қатарында қазақ күресінің болғаны біз үшін үлкен олжа екенін айтамын. Ендігі кезекте ұлттық күресте жүрген сала мамандарының белсенділігі артуы керек. Мемлекеттік деңгейде жасалған мүмкіндікті кеңінен пайдаланып, қазақ күресінің бұқаралық негізде сипат алуына қызмет жасайтын кез келді.

Осыған дейін жергілікті жерлердегі спорт интернаттарында қазақ күресі жоқ, немесе сағаты аз, БЖСМ-де орын жоқ екенін алға тартып келдік, қазір жан басына қаржыландыру бойынша осы олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндіктер туып отыр. Ендеше, ұлттық күрестің мамандарына іздену, осы кеңістіктегі қазақ күресінің орнын толтыру тапсырмасы тұр деп білемін.

Қазіргі таңда елімізде artsport.edu.kz порталының ақпараты бойынша қазақ күресінен 20 үйірме 1 204 балаға есігін ашып отыр:

  • Қызылорда облысы – 6 үйірме (224 орын);
  • Түркістан облысы – 3 үйірме (200 орын);
  • Ақтөбе облысы – 3 үйірме (200 орын);
  • Алматы облысы – 2 үйірме (160 орын);
  • Жамбыл облысы – 2 үйірме (150 орын);
  • Нұр-Сұлтан қаласы – 2 үйірме (170 орын);
  • Қостанай облысы – 1 үйірме (40 орын);
  • Павлодар облысы – 1 үйірме (60 орын).

Бұл еліміздегі бала санына шаққанда теңіздегі тамшымен бірдей. Десе де, алғашқы қадамдар жасалып жатқаны қуантады.


Оқи отырыңыз: Балалардың гаджетке тәуелді болуына ата-ана кінәлі


Бір қынжылтатыны, мемлекеттік деңгейде жүзеге асып жатқан осы жобаның аясында үйірмені заң жүзінде ашып, тәжірибеде іске асырмай жатқан факторлар сирек болса да кездесіп жататыны бар. Балалардың спорттық үйірмеге қатысуына жасалған мүмкіндікті бизнестің жеке мүддесіне пайдалануына жол бермеу керек. Жергілікті жерлердегі спорттың шын жанашырлары мен сала мамандары осындай олқылықтардың алдын алуға атсалысады деп үміттенемін.

Жергілікті жерлерде спорттың қай түріндегі болмасын үйірмелердің тұрақты жұмыс жасауын қадағалау әр ата-ананың қолынан келетін іс. Сондай-ақ, ұлттық спортты қолдап, оның әлемдік аренаға шығуына үлес қосамын десеңіз өз аймағыңызда қазақ күресі секциясының ашылуына сұраныс жасаңыздар.

Әрбіріңіздің балаңыз кәсіби спортшы болуға міндетті емес, десе де ешқандай іс-қимылсыз телефонға телмірген баланы бір мезгіл салауатты өмір салтына бөлу ата-ана үшін бұл – таптырмас мүмкіндік. Ұлт саулығына бәріміз жауаптымыз.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.