Кей ата-аналар өздері де білместен, бала тілінің кеш шығуына жағдай жасайды. Бұл туралы балалар клиникалық психологы, нейропсихолог Айнұр Алдаш жазды

"Бала туған соң әлемді тануға, сезінуге ұмтылады. Алты айдан аса бере қолы жеткен жердің бәрін ұстап, аузына салып, дәмін сезуге, ашып-жауып, басып көруге асығады. Осындайда ересек адамдар баланың тілінің шығуына кедергі жасайды", – дейді нейропсихолог.


Оқи отырыңыз: Нейропсихолог: Ертегі тыңдамаған баланың тілі кеш шығады, өзі жасқаншақ боп өседі


Маманның жазуынша, көп ата-ана келесі төрт қателікке жиі бой алдырады:

  • Ойнап отырған баланың астына қалың көрпе төсеу, әлде арнайы материалмен жабдықтау. Бұл баланың денесін сезінуіне үлкен кедергі. Құлап еш жері ауырмаған бала екінші рет қалай дұрыс құлау керегін түсінбейді. Әрі ми мен бұлшықет арасындағы нейрондық байланыс орнамайды. Бұл – сөйлеудің бірінші кедергісі.
  • Үйде аяқ киім киіп жүру. Бала аяғымен жұмсақ, қатты, суық, ыстықты сезінуі тиіс. Балабақшада аяқ киім киіп жүру де осыған жатады.
  • Қоларба, манеж, жүруге арналған арба. Серуендегенде киімін былғаламауы үшін қоларбадан түсірмеу, үйде кедергі жасайды деп манежге отырғызу, күні бойына жүргуе арналған арбаға таңып қою баланың тілінің кеш шығуына себеп болуы мүмкін.
  • Гаджеттер. Бала доп ойнап жатқан видеоны беті теп-тегіс экраннан көргенше, өзі сол допты ұстап, жерге ұрып, теуіп, артынан қуалап құлап көрсе, бұның бәрі ол үшін үлкен тәжірибе болушы еді. Бірақ қазір балалар көп қимылдамайды, ойнамайды, бос уақытын гаджеттің алдында өткізеді. Сол үшін де тіл кеш дамиды.

"Ата-аналар бәрін ретке келтіру үшін ми мен бұлшықет нейронларының байланысын қайта орнына келтіретін нейрокоррекциялық жаттығулар жасауы қажет. Олар, әсіресе, вестибулярлы аппаратқа, проприоцепцияға бағытталуы тиіс", – дейді нейропсихолог.