Әйелдердің жүкті болмас бұрын қандай дәрумендер ішкені абзал? Гинекологтан кеңес
Дәрігер жүктіліктің 30-аптасында ағзада темір қоры азаятындықтан, міндетті түрде дәрумендер ішу қажет екенін айтады.Алматы қалалық №2 емхананың гинеколог дәрігері Елмира Елізекова жүктілікті жоспарламас бұрын қандай дәрумен ішіп, қалай күтім жасау қажет екенін айтты. Осы орайда дәрігер жүктілікті алдын ала жоспарлаудың маңыздылығына тоқталды.
"Балалы болуды алдын ала жоспарлайтын отбасылар бар. Бұл – өте дұрыс шешім және жүктіліктің жайлы өтіп, шарананың дұрыс дамуы үшін аса маңызды. Ең алдымен, жүктілікке дейін және кейін әйелдердің құнарлы өнімдермен тамақтанғаны жөн. Күнделікті ас мәзірінде көкөніс, жеміс, ет, балық, сүт өнімдерін көбейткен дұрыс. Алайда аса қажет кейбір дәрумендерді тағамнан сіңіру мүмкін емес. Сондықтан бала көтергеннен 4-6 ай бұрын дәрумендер мен минералды элементтер ішуді бастау қажет. Ол үшін дәрігермен кеңесіп, тапшы элементтерді анықтап, дозасын білеміз", – деді Елмира Елізекова.
Келесі санаттағы жүкті әйелдерге міндетті түрде дәрумен қабылдау қажет:
- салмағы аз (арық);
- бала туа салысымен араға көп уақыт салмай қайта жүкті болған;
- жас кезінде жүкті болған;
- әлеуметтік жағдайы нашар, құнарлы тамақ алуға мүмкіндігі жоқ;
- спиртті ішімдіктерге, темекіге және есірткі тектес заттарға үйір;
- созылмалы ауруы болуына байланысты үнемі дәрі қабылдайтын;
- вегетариан әйелдер.
Оқи отырыңыз: Қант диабеті бар әйелдер жүктілікті қалай жоспарлауы керек? Эндокринолог кеңесі
Гинеколог жүкті әйелдерге фолий қышқылы, темір, кальций, B, C, D дәрумендері, омега-3 ауадай қажет екенін айтып, әрқайсысына тоқталды.
Бала көтеруді жоспарлаған әйелдер фолий қышқылын міндетті түрде ішуі керек. Фолий қышқылы тапшы болса, баланың жүйке және жүрек-қантамырларында ақау болуы мүмкін. Дәрігер күніне 400 мкГр фолий қышқылын ішуге кеңес береді.
"Темірдің жетіспеушілігі ананы да, баланы да қан аздыққа алып келеді. Бұл дегеніңіз мерзімінен бұрын босанып қалу қаупін тудырады. Жүктіліктің екінші жартысында аяғы ауыр әйелдің ағзасындағы темірге деген сұраныс артады: күндік мөлшері – 30 мгр. Бұл 30 мгр темірді тамақтан алу мүмкін емес деуге болады. Сондықтан алғашқы уақытта ағзада жиналған темір қоры пайдаланылады. Ол таусылғанда ғана барып қосымша темір препараттарына деген сұраныс туындайды. Көптеген әйелдегі темір қоры етеккір кезінде және алдыңғы жүктілік кезінде таусылып қалады немесе өте аз мөлшері сақталады. Осындай себептерге байланысты жүктіліктің 30-аптасына қарай әйелдерде жүктілік кезіндегі темір жетіспеушілігі симптомдары байқалады. Темір жетіспеушілігінің салдарынан шаршау мен бозару байқалады, әйел індеттерге жиі шалдығатын болады. Осыдан кейін темір препараттарын қабылдаудың жөні бар", – деп қосты дәрігер.
Елмира Елізекованың айтуынша, ағзада йодтың жетіспеушілігі жүктілікті мезгілсіз үзуге әкеп соғуы мүмкін. D дәрумені мезгілінен ерте босанудан сақтаса, екінші жағынан баланың салмағының өсуіне пайдасы мол. Сондай-ақ Омега-3 майлы қышқылы ананы босанудан кейінгі күйзелістен қорғайды.
"А дәрумені жануарлардың өнімдерінде болады: жұмыртқа, бауыр, сүтте. Сары түсті көкөністер мен кейбір жемістерде бета-каротин болады. Ағзаға жануар өнімінен болатын А дәрумені тиісті мөлшерде түспегенде А провитаминдер А дәруменіне синтезделеді. Сондықтан сәбізді А дәрумені көп болуы үшін жеуіңізге болады. Бірақ шамадан тыс мөлшерде жиналған А дәруменінің пайдасынан зияны көп. Орнымен болғаны дұрыс", – деп қосты маман.
Оқи отырыңыз: "Гендерлік ауру": Неге әйелдердің буындары көбірек ауырады? Ревматолог дәрігермен сұхбат