ДДСҰ мәліметінше, 1980-2014 жылдары арасында қант диабетімен ауыратындар саны 108 миллионнан 422 миллион адамға дейін өсті. Ал 2000-2019 жылдары қант диабетінен көз жұмғандар саны 3 пайызға көбейді. Табысы орташа елдерде бұл көрсеткіш 13% артқан. Аталған аурудың белгісі бірден білінбей асқынатын болса да, отандық дәрігерлер оны толығымен емдеп-жазуға болатынын айтады. Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ №1 терапия бөлімшесінің эндокринолог дәрігері Балнұр Сұлтанова қант диабетімен ауыратын әйелдерге жүктілікке дайындалар кезде нені ескеру керегін түсіндірді.
Маман І немесе ІІ типтегі қант диабеті диагнозы қойылса, нәрестенің денесі ірі болып, босануды қиындататынын айтады. Осының себебінен дәрігерлер көп жағдайда кесарь тілігін жасайды. Мұнымен қатар диабеттік ретинопатия және нефропатия секілді аурулар асқынады.
Дәлірек айтқанда, балаға келесі қауіптер төнеді:
- туғаннан кейін жүрек және тыныс алу проблемалары;
- семіздік, қант диабетіне шалдығу;
- жүйке жүйесі ауытқуларымен туу;
- мерзімнен ерте босану қаупінің 5 есе жоғары болуы.
Дәрігердің айтуынша, жүктілікке дейін және кезінде қант диабетін дұрыс емдеу жоғарыдағы қауіптерді азайтуға көмектеседі.
"Жүктілікті жоспарлауға байланысты эндокринолог дәрігерден кеңес алыңыз. Үш айда 1 рет гликирленген гемоглобинге тест тапсырып, деңгейін 6,5 пайызға дейін түсіріңіз. Егер бұл көрсеткіш 10 пайыздан жоғары болса, қажет мөлшерге жақындағанша жүктілікті жоспарламауға кеңес беремін", – деді Балнұр Сұлтанова.
Сондай-ақ эндокринолог дәрігер жүкті болу үшін фолий қышқылын ішудің маңыздылығына тоқталды. Оны жүктіліктің 12 аптасына дейін ішуге болады.
"Егер сізде қант диабеті болса және жүкті болғыңыз келсе, күніне 5 мг фолий қышқылын ішу керек. Ол бала омыртқасының ыдырауы, диабеттік фетопатия секілді аурулардың дамуын болдырмауға көмектеседі. Қант диабетін бақылау үшін дәрілер ішсеңіз, инсулин инъекциясына ауысқаныңыз жақсы. Бұдан өзге жүректі айнытып, құстыратындықтан, глюкозаны да жиі бақылаған артық болмайды", – деді эндокринолог.
Жүктілік кезінде диабеттік ретинопатия белгілерін анықтау үшін көзді үнемі тексеру қажет. Ерте анықталса, циклоскопиямен емдеуге болады.
Оқи отырыңыз: Аяғы ауыр әйелдер неліктен фолий қышқылын тұтынуы керек?
"Жүктіліктен кейін қандағы глюкозаны бақылау үшін көп инсулин қажет емес. Инсулин дозасын жүктілікке дейінгі дозаға дейін төмендетуіңіз немесе жүктілікке дейін қабылдаған дәрілерге қайтып оралғаныңыз жақсы", – деп қосты маман.
Оқи отырыңыз: