Қордайдағы төтенше оқиғадан қайтыс болғандар саны 10-ға жетті
Нұр-Сұлтанда Орталық коммуникациялар қызметінде Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері Жамбыл облысының Қордай ауданындағы жағдай бойынша жаңа мәліметтерді жария етті.
Ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчидидің айтуынша, төтенше оқиғадан қайтыс болғандар саны 10-ға жеткен.
"10 адам қайтыс болып, 43 адам медициналық мекемелерге жеткізілді. Бүгінгі таңда олардың 39-ы әлі ем алып жатыр. Жарақат алғандардың ішінде біздің 5 қызметкер бар, олардың үшеуі оққа ұшқан", – деді Алексей Калайчиди.
Ішкі істер вице-министрінің айтуынша, төтенше оқиғаға себеп болған тұрмыстық қақтығысқа 6 адам қатысқан. Олар – Масаншы ауылының тұрғындары.
"Бұл – жол бойындағы кикілжің болатын. Оған қатысушылар жолға таласып қалған. Кейін әлеуметтік желілерде арандатушылық хабарламалар тарады. Адамдар ойланбасан, өз пікірлерін жазып жатты. Біз кейін арандатушыларды өзге елдер мен өңірлерден де таптық. Біз мұндай ақпаратты таратушыларды анықтап жатырмыз", – деді Алексей Калайчиди.
Вице-министр оқиғаның шағын хронологиясымен таныстырды: 7 ақпанда сағат 19.00-де Масаншы ауылы маңында топтық төбелес болып, оған 70 адам қатысқан. Қақтығыс орнына Қордай полиция бөлімінің қызметкерлері келеді. Алайда бұл уақытта арандатушылар мен куәгерлер оқиғаны бейнеге түсіріп, түрлі пікірлер жазып, таратады.
Қақтығыстың күшеюіне осындай хабарламалар себеп болып, оқиға орнына жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары жиналған. Барлығы 300-дей адам. Осыған орай, Масаншыға тәртіп орнату үшін жақын үш ауданнан қосымша күш тартылды. Алайда жастар полицияның заңды талаптарына бағынудан бас тартып, белсенді қарсылық көрсетті. Олар тас, металл бұйымдар және суық қару қолданған.
"Бірте-бірте қақтығыс Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарына жетті. Оқиға орнына ұлттық гвардия қызметкерлері келіп, қақтығыс түнгі 2 шамасында басылды", – деді Алексей Калайчиди.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады
Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның айтуынша, 30 адам қалыпты ауыр жағдайда болса, сегіз адамның жағдайы – аса ауыр.
"165 адам медициналық көмекке жүгінді. Олардың 25-і Қырғызстанда. 115 адамға амбулаторлық көмек көрсетіліп, 50 адам ауруханаға жатқызылса, олардың 10-ы Қырғызстанда. 30 адам қалыпты ауыр жағдайда болса, сегіз адамның жағдайы – аса ауыр", – деді Ләззат Ақтаева.
Оқи отырыңыз: Қордай ауданындағы төтенше оқиға кезінде 8 адам қайтыс болып, 40 адам жарақат алды
Бүгін таңертең президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының Қордай ауданында жағдайдың тұрақтанғанын хабарлаған болатын.
"Қордай ауданында жағдай тұрақты. Бердібек Сапарбаев басқаратын комиссия жұмысын жалғастыруда. Қайғылы жағдайға жол берген мемлекеттік органдар қызметкерлері мен арандатушылар жауапқа тартылады. Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Отандастарымызға азаматтық жауапкершілік ұстанымдары үшін ризашылық білдіремін", – деп жазды мемлекет басшысы өзінің Twitter желісіндегі парағында.
Оқи отырыңыз: Сапарбаев: Басты мәселе – өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің салғырттығынан арандатушылар қантөгіс жасағанын хабарлап, олар жазаланатынын айтты.
"Мемлекет зардап шеккендерге қолдау көрсетеді. Бейбітшілік пен келісім біздің басты байлығымыз, оны бұзуға ешкімнің құқығы жоқ!" – деп жазды мемлекет басшысы.