Ораза жайлы мифтер. Не шындық, не жалған?
Factcheck.kz редакциясы ораза қатысты Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚМДБ бекіткен ораза ұстау ережелерін еске салды.Factcheck.kz тілшісі Төлепберген Маликов ел ішінде ораза жайлы кеңінен тараған екіұшты пікірлердің ақ-қарасын ажыратты.
№1. "Спутник V" вакцинасы — халал
Үкім: Шындық. Ресей мұсылмандары діни басқармасы "Спутник V" вакцинасын халал әрі зиянсыз деп таныды. Бұл туралы ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров мәлімдеді.
"Спутник V вакцинасының құрамы жайлы Ресейдің мұсылмандары діни басқармасына сауал жібердік. Жауап келді. Вакцина құрамында жануартекті компоненттер жоқ, яғни, харам дегенге нақты дәлел болмаған соң мұны халал вакцина деп айта аламыз", – деді Ершат Оңғаров.
№2. Коронавирусқа қарсы вакцина оразаны бұзбайды
Үкім: Шындық. 12 сәуірде өңірлік коммуникация брифингінде Алматының бас имамы Еркінбек Шоқайдың айтуынша, егер сұйықтық адам ағзасына ауыз немесе мұрынмен асқазанға түссе, ораза бұзылады. Ал вакцина инъекция арқылы енгенде ораза бұзылмайды. Сондықтан COVID-19-ға қарсы екпе салдыру оразаны бұзбайды.
Сонымен бірге, имамның айтуынша, ПТР-тест тапсыру барысында адамның ішіне ешнәрсе түспейді, сондықтан ол да ораза бұзбайды.
Оқи отырыңыз:
- Шаш кесу, тырнақ бояу, тіс жұлдыру, екпе салдыру. Ораза ұстаушыға не рұқсат, неге тыйым салынған?
- Құран оқу, пітір беру, салауат айту, отбасыға көңіл бөлу. Оразада орындайтын 10 амал
- Қазақстан қалалары мен елді мекендері бойынша 2021 жылғы ораза кестесі
- Оразадан кейінгі ораза. Алты күндік Шәууәл оразасы туралы 11 дерек
- Қадір түнін үйде қалай өткізген жөн?
- Ораза айт мерекесін үйде қалай өткізген жөн?
- Коронавирус вакцинасы оразаны бұзбайды. Бірақ ҚМДБ вакцинаның халал екеніне кепілдік бермейді
№3. Бірігіп ауызашар жасауға болмайды
Үкім: Шындық. 5 сәуірде Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қала тұрғындарына рамазан айында жиналып, ауызашар жасауға тыйым салған.
"Былтыр ауызашардан кейін коронавирус жұқтырғандар саны күрт өскенін білесіздер. Әрине, биыл да азаматтарымыз біздің ұсынысымызды ескеріп, ұжымдық кездесулер, оның ішінде, үй жағдайында да жасамаса екен дейміз. Үйде тек жақын адамдар жинала алады", – деді Бекшин.
9 сәуірде астананың бас санитар дәрігерінің орынбасары Жанна Пірәлиева да қалада ауызашар жасауға тыйым салынатынын айтқан.
№4. Адамның иммунитеті әлсіресе инфекцияға бейім келеді
Үкім: Шындық. Қазақстанның экс бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова былтыр рамазан айына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Оның айтуынша, ораза ұстайтын азаматтар қажетті тағамдар арқылы, иммунитеттің әлсіремеуіне аса мән беру қажет.
"Адам ағзасында ақуыз, майлар, дәрумендер жетіспеушілігі иммунитеттің әлсіреуіне алып келеді. Иммунитет әлсіресе адам инфекцияға бейім келеді. Ораза ұстайтын азаматтар ақуыз, көмірсу және майдың ағзаға толықтай жеткілікті баруын қамтамасыз ету керек. Одан бөлек, су мен көкөністен де бас тартпауға шақырамыз" (Айжан Есмағамбетова).
№5. Түкірік жұтса, ораза бұзылады
Үкім: Жалған. Сілекей мен түкірік мәселесі оразаны бұзбайды.
"Әзерет Сұлтан" мешітінің ресми youtube каналында исламтанушы, "Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб имамы Ғазиз Ахмет осы сұраққа арнайы жауап берген болатын: "Сілекей мен түкірік мәселесі оразаны бұзбайды. Өйткені, Әзірет Әлидің айтуы бойынша сырттан кіргеннің барлығы оразаны бұзады. Іштен шыққандар бұзбайды. Адамда сілекей іште болғандықтан, ол үнемі келіп кетіп тұрады. Оның ешқандай зияны жоқ. Көп кісілер бұны қате түсінеді. Тіпті, адамның түкірікті көп жұтынуы мәкрүһ болып есептеледі. Бірақ, ол ешқандай да оразаны бұзбайды. Сырттан ешнәрсе жұтпағандығы үшін".
№6. Намаз оқымасаң, ораза ұстауға болмайды
Үкім: Жалған. Намаз оқымай ораза ұстасаңыз, екі парыздың бірін орындаған боласыз. Ол үшін оразаны бұзудың керегі жоқ.
Fatua.kz сайтында осы сұрақ төңірегінде де жауап берілген болатын: "Намаз оқу, ораза ұстау, әрбір балиғат жасқа толған мұсылманға парыз. Ал енді, намаз оқымай ораза ұстасаңыз екі парыздың бірін орындаған боласыз. Ол үшін оразаңызды бұзудың керегі жоқ. Ал намаз оразадан алдын парыз етілген. Сондықтан екеуінде әрбір балиғатқа толған мұсылманға орындау парыз".
№7. Құлаққа су кірсе, ораза бұзылады
Үкім: Жалған. Muslim.kz сайтында құлаққа судың кіруі немесе бұлықтың ағуы оразаны бұзбайтын амалдардың қатарына жатқызылған.
№8. Система салдыру – оразаны бұзбайды
Үкім: Жартылай шындық. Muslim.kz сайтының сұрақ-жауап бөлімінде Дана есімді ханым осы сұрақтың жауабын сұраған болатын. Оған Абдусамат Қасым былай жауап берген еді: "Дана, кей жағдайларда табиғи жолдармен қоректене алмайтын кісілерге денені азықтандыру үшін инъекция (денеге дәрі жіберу) жасалып жатады. Сондықтан да, қазіргі таңдағы ғалымдарымыз мұндай ине салу немесе система алу оразаны бұзады дейді. Ал, одан өзгелері азық болмағандықтан әрі табиғи жолдармен асқазанға түспегендіктен оразаны бұзбайды деп отыр.* Ендеше, ем үшін салғызатын ине салу мен система алу оразаңызды бұзбайды. Алайда, оразадан әлсіреген денеге қуат беретін дәрі егуге аузы берік кісіге рұқсат жоқ. Ондай дәріні тек ауыз ашқаннан кейін ғана егуге болады".
* Мәжмәғуль Фиқһиль Исләми әд-Дуәли, 1997ж, 28 тамыз – 03 шілде аралығында берілген 91-96 қаулысы.; Din Isleri Yuksek Kurulu, Oruc. 42-s. Ankara. 2010 sene
№9. Ниет тек арабша жасалуы керек
Үкім: Жалған. Ниет негізінде жүрекпен жасалады. Muftyat.kz сайтында ниеттің қалай жасалатындығы жөнінде нақты айтылып кеткен болатын. Сайтта көрсетілген ақпаратқа қарасақ, ниетті арабша жасау шарт емес.
Ниет негізінде жүрекпен жасалады. Яғни түнде, ертең ораза ұстайтыны жайында ойлаған адам ниет еткен болып есептеледі. Ораза ұстау ниетімен сәресіге тұрған адамның бұл ойы да ниет болып есептеледі. Оразаға жүрекпен ниет ету жеткілікті. Бірақ жүрегімен қоса тілмен жеткізсе, одан да жақсы. Сондықтан ораза ұстайтын адам әрі жүрегімен, әрі тілімен ниет етіп: "Ниет еттім Рамазанның ертеңгі оразасын ұстауға" деп айтуы абзал.
№10. Сәресі ішілмей қалса, ораза ұстауға болмайды
Үкім: Жалған. Рамазан айында сәресіне тұрмаған кісі сол күнгі оразасына ниет етіп, ештеңе жеместен ауыз бекітеді.
Muslim.kz сайтында сәресі ішілмей қалған жағдайда не істеу керектігін нақты көрсеткен.
Рамазан айында сәресіне тұрмаған кісі сол күнгі оразасына ниет етіп, ештеңе жеместен ауыз бекітеді. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у) "ашура күні"* жаршыға былай жария етуді бұйырды: "Кім бір нәрсе жеп қойған болса, аузын күннің соңына дейін берік етіп тәмәмдасын. Ал ештеме жемеген адам, сол күйінше жемесін (ораза ұстасын)!"**. Бұл хадистен түсінетіміз, ораза кезінде сәресіге тұрмай таң атырған кісі де сол күнгі оразасын ұстайды.
*Ашура күні – Мұхаррам айының оныншы күні.
** Сахих Бухари, Китабус Сиям, 1824-хадис
№11. Байқамай ішіп-жеп қойса, ораза бұзылады
Үкім: Жалған. Егер аңдаусызда ұмытып ішіп-жеп қойса, онда ораза бұзылмайды. Бірақ, ораза ұстап жүргендері есіне түскен сәттен бастап ішіп-жеуді дереу тоқтатып, ауыздарын шайып, оразаларын ары қарай жалғастырады. Пайғамбарымыз хадисінде: "Кімде-кім ұмытып ішіп-жеп қойса, оразасын қайта жалғастырсын. Өйткені, оған Аллаһ Тағаланың өзі ішкізіп-жегізген", – дейді.
Ораза екендігі есіне түскенде, дереу астан тыйылу керектігін біле тұра "болды, бұзылды" деп тамақ жеуін жалғастырған адам күнәһар болады. Ал, ондайда дереу асты доғару керектігін білмей ішіп-жеп кеш батырған адам ораза айы біткеннен кейін сол күннің қазасын өтейді.
№12. Сағыз шайнау – оразаны бұзады
Үкім: Шындық. Сағыздың дәмінен ауызда тәтті сұйықтық пайда болып, ол асқазанға түсетіндіктен, ораза бұзылады.
Әрі бұл азық қатарына жататындықтан, бұған кәфәрат* қазасын өтеуіңізге тура келеді. Яғни, сағыз шайнап, тәтті сұйықтықты жұтқан адам рамазан айынан кейін екі ай үзбестен ораза ұстайды. Бұл жаңа сағыз үшін. Ал, бұған дейін шайналған, тәтті дәмі қалмаған ескі сағызды шайнауға келетін болсақ, бұл мәкрүһ** болып саналады.
Егер сағызды ораза кезінде ауыздағы жағымсыз иісті кетіру мақсатында шайнағыңыз келсе, бұдан басқа тәсілдерге жүгінуге кеңес береміз. Атап айтсақ, сағыздың орнына мисуак немесе тіс пастасын қолдансаңыз болады. Тек тіс пастасының көбігін жұтып қоймауды қатаң қадағалаңыз. Ал егер байқаусызда ішке кетіп қалған болса, онда сол күнгі орзаның қазасын ғана өтейсіз. Кәфәрат керек емес. Себебі, тіс пастасы азыққа саналмайды.
*Кәфәрәтты ораза арқылы өтеген кісі үзбей екі ай ұстауы тиіс.
**Мәкруһ – жағымсыз әрекет, айыптылық. Оны істеген адам күнәға батады, мәкруһты дұрыс деген адам күнәһар болады. Мәкруһ амалдары: құмар ойындарын ойнап, уақытты пайдасыз сарп ету, әдепсіз өлең-жыр айту, жаман қылық көрсету, тәртіпсіздік жасау.
№13. Аузы берік адам темекі тартса ораза бұзылады
Үкім: Шындық. Темекі шегіп жүрген кісіге "ораза ұстама" деп айта алмаймыз. Алайда, аузы берік бола тұра темекі тартқан кісінің оразасы бұзылады.* Ол кісі рамазан айын темекі тастауға тамаша мүмкіндік деп біліп, бұл әдетінен арылтуға тырысуы керек. Осы тұрғыда кей қандастарымыз "темекі қанымызға сініп кетті, оны тастай алмаймыз" дегенді алға тартып жатады. Бірақ шын ниет етіп, шылымға жоламауға бел буған адам оңай тастап кететіні күмәнсіз. Өйткені, Алла тағала Құранда "Шынында бір қауым өзін өзгерпейінше Алла оларды өзгертпейді…"** – дейді. Яғни, біз боймыздағы жаман әдеттерден арылуға ұмтылмасақ, оның өз-өзінен кетуі екіталай. Ендеше, темекі тартуды әдетке айналдырған кісілер осы рамазанда тақуалыққа бет бұрып, темекіні тастауға ықылас білдірсе, тастау оп-оңай. Себебі, "Кім Алладан корқып сақтанса, оған шығар бір жол пайда болады"*** дейді Алла.
*Хашияту Ибни Ғабидин, Китабус Сиям.
**Рағд сүресі, 11 – аят.
***Талақ сүресі, 2-аят
№14. Жүкті немесе бала емізетін әйелдерге рамазан айында ораза ұстамауына рұқсат
Үкім: Шындық. Аяғы ауыр немесе бала емізетін әйел кісі ораза ұстаған жағдайда өзіне және балаға зиян келуінен қорықса, ораза ұстамаса болады. Осы жағдайлар аяқталғаннан кейін ұстай алмаған күндерінің қазасын өтейді.
№15. Балаларға ораза 12 және 15 жас аралығынан бастап парыз етілген
Үкім: Шындық. Sunna.kz сайтының ресми youtube каналында "Садуақас қажы Ғылмани" мешітінің наиб имамы Бағзат Ақжол, арнайы жауап берген болатын:
Мейлі ұл немесе қыз болсын балиғат жасына толып, ақыл есі орнында болғаннан кейін, Алла тағала тарапынан құлшылықтар жүктеледі. Сол парыз етілген құлшылықтардың арасына Рамазан айының бір ай оразасы да кіреді. Яғни, балиғат жасына толған ұл немесе қыз болсын ораза ұстаулары парыз болып бекітілген.
Ал балиғат жасын шариғат ғұламалары 12 мен 15 жас аралығы деп бекіткен. Балиғат жасы дегеніміз жігіттің де, қыздың да бойынан көрінетін өзіндік бойжетуі мен ержетуін көрсететін арнайы құбылыс болып табылады.
Басқа да қосымша ақпараттар:
- Алматыда танымал қарилар онлайн Құран хатым оқиды. Әлеуметтік желідегі Azan.kz. парақшасы арқылы күнделікті сағат 14.00-де онлайн қатысуға болады.
- Рамазан айында 8 (727) 329 0966, 8 700 719 7622 байланыс телефондары арқылы Алматы Орталық мешітінің Пәтуа Call-орталығы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп отырады.
- Биыл пітір садақа бір адамға 420 теңге мөлшерінде белгіленді. Оны әдеттегідей мешітте емес, Kaspi.kz немесе Halyk Bank қосымшасымен төлеуге болады. Сонымен қатар, Алматы мешіттерінде Каспий QR қойылды.