Онлайн дауыс берілмейді. Қазақстандағы Парламенттік сайлаудан соң Қырғызстандағы жағдай қайталана ма?
ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері келер жылдың 10 қаңтарына тағайындалған ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауы қалай өтеті туралы жиын өткізді. Сондай-ақ, олар шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп берді. Жиындағы маңызды мәселелер informburo.kz материалында.
Онлайн дауыс берілмейді, сайлау дәстүрлі түрде өтеді
Белгілі болғандай, коронавирус пандемиясына қарамастан мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау дәстүрлі қағаз форматында – бюллетеньдер арқылы өтеді. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев мәлімдеді. Ол сондай-ақ онлайн дауыс беру болуы мүмкін екен деген болжамдардың барлығын жоққа шығарды.
"Біз сайлауды пандемия жағдайында өткіземіз. Ол жағынан тәжірибеміз де бар. Мысалы, жазда Сенатқа сайлауды пандемия жағдайында атқардық. Бірақ ол жанама сайлау еді, сондықтан оңай болды. Covid-19 қаупі барын әрине түсінеміз, бірақ сайлау процесі "Сайлау туралы" заң бойынша бізде онлайн дауыс беру қарастырылмаған. Онлайн дауыс беру туралы әңгіме қайдан шыққаны белгісіз. Бізде заң бойынша онлайн дауыс беру режимі көрсетілмегендіктен, онлайн дауыс беру бос сөз деп айтқым келеді", – деді Берік Имашев.
Оқи отырыңыз: Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасады
Сайлауда санитарлық талаптар қалай сақталады?
"Сайлау туралы" заңға сай, дауыс беруді онлайн өткізе алмаймыз деген Ортсайлауком мүшелері Covid-19 пандемиясына байланысты Мәжіліс пен мәслихат сайлауын өткізу мерзімін де ауыстыра алмайтынын мәлімдеді. Өйткені, заң бойынша Конституциямызда да, заңдарымызда да карантин енгізілген кезде немесе өзге де жағдайларда сайлауды өткізбеу немесе оны басқа уақытта шегеру көзделмеген. Мамандар 68 елде пандемияға қарамастан сайлау шаралары өткенін айтып отыр. Сондықтан, саяси науқан кезінде дауыс берушілер үшін тазалық шараларын күшейтпек.
"Жұқпалы ауру тарап жатса да, онымен өмір тоқтап қалмайды. Әрі қарай жұмыс істеу керек. Конституция депуттатардың лауазымын ұзартуды көздемейді. Сондықтан сайлау өз мерзіміне сай өтеді. Жазда Сенат депутаттары сайлауында сайлаушылар саны шектеулі болды. Соған қарамастан, белгілі ереже бойынша денсаулық сақтау органдары, аумақтық комиссиялар тиісті жұмыс жүргізді. Алдағы сайлауға Денсаулық сақтау министрлігімен бірге дайындық бастадық. Дауыс беру уақытында індеттің таралмау үшін қажетті шара қабылданады", – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Серік Сыдықов.
Оқи отырыңыз: Праймериз әділ сайлау ма әлде саяси ойын ба? Cараптама
Сайлауға қанша саяси партия қатысуы мүмкін?
Қазан айындағы жағдай бойынша, Қазақстанда Әділет министрлігі ақпаратынша алты саяси партия тіркелген. Олар:
- Nur Otan партиясы;
- Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы;
- Қазақстан халықтық коммунистік партиясы;
- "Ауыл" ұлттық-демократиялық партиясы;
- "Бiрлік" саяси партиясы;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП)
Қазіргі таңда Қазақстан парламентінде саяси партиялардың үш фракциясы бар: "Нұр Отан", "Халықтық коммунистер" және "Ақ жол". Ортсайлауком мүшелері алдағы сайлауға қанша саяси партия қатыса алады және сайлауға дейін қандай да бір партиялар тіркеліп үлгере ме деген сауалға жауап берді:
"Біздің ойымызша бұл сайлауға осы тіркелген алты партия қатысады. Ал сайлауға дейін тағы жаңа партиялар тіркеліп үлгере ме, жоқ па бұл сұраққа Әділет министрлігі жауап береді. Біздің қолымызда жаңдан партия құрып, сайлауға түскелі жатқандар туралы мәлімет жоқ", – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Серік Сыдықов.
Оқи отырыңыз: Партиялық тізім, 30% квота және саяси құлдық
30 пайыздық квота тәртібін сақтамаған саяси партияларға қандай шара қолданылады?
"Сайлау туралы" конституциялық заңда және "Саяси партиялар туралы" заңда қарастырылған ережелер бойынша парламенттік тәжірибемізде тұңғыш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл норма парламентке және жергілікті өкілді органдарға әйелдер мен жастарды тартудың тиімді жолы ретінде олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізеді. Егер саяси партиялар бұл норманы орындамаса, сайлауға жіберілмейді.
"Бұл заң жобасы мәжіліс және мәслихат сайлауына қатысты. Яғни, заңның талабы саяси партиялармен ұсыну сатысында да, тіркелу сатысында да сақталуы тиіс. Егер ұсынудан кейін кандидаттардың бір бөлігі конституциялық талапқа сай келмей, заңда көрсетілген әйелдер мен жастарға қатысты квотаның төмендеуіне алып келсе, ол партиялық тізім тіркелуге жберілмейді", – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов.
Парламенттік сайлау әділ өтпесе, Қырғызстандағы жағдай Қазақстанда қайталауы мүмкін бе?
Отырыс барысында журналистер Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне "Қазақстандағы Парламенттік сайлау әділ өтпесе, Қырғызстандағы жағдай бізде қайталауы мүмкін бе?" деген сұрақ қойды. ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Серік Сыдықов "Сайлау заң аясында тыныш өтеді және заңнан ауытқуға жол бермейміз" деп жауап қатты.
Ол Қазақстан өзін құқықтық мемлекет деп жариялаған, барлық қоғамдық қатынастар тиісті заңдармен реттелгенін айтты. Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясының, басқа да мемлекеттік органдардың негізгі міндеті сол заңдардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету. Қырғызстан мен Беларуссиядағы жағдайды айтып отырсыздар. Бірақ, "балалар асық ойнайтын болса да, тәртіпке бағынуы керек". Егер тәртіп бұзылса, олар төбелесебастайды, деді ол.
"Біздің ең басты мақсатымыз сайлаудың Конституциялық заңда көрсеткен талаптарға сай орындалуын қамтамасыз ету. Құқық қорғау, басқа мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдармен барлығымыз бірігіп заңның орындалуын қамтамасыз етуіміз керек. Өмір болған соң, сайлаудан соң майда құқық бұзушылықтар болуы мүмкін. Бірақ ол жалпы сайлау процесіне үлкендей әсер етеді деп ойламаймын", – деді Серік Сыдықов.
Оқи отырыңыз: Халықтың түрлі-түсті революция жасауына биліктің өзі кінәлі ме? Сараптама
Сайлауға бөлінетін ақша оңтайландырылуы мүмкін бе?
Бұл сайлауды өткізуге мемлекеттік бюджеттен 15 млрд 300 млн теңге жұмсалатыны хабарланды. БАҚ өкілдерін, бұл қаржыны қысқартып, "сайлаудың жалпы шығынын азайтуға болады ма?" деген сұрақ мазалады. Алайда, Орталық сайлау комиссиясы бұл қаражат онсыз да үнемделген қаржы екенін мәлімеді. Айтуларынша, Мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауын бірге өткізу арқылы 10 миллиардтан астам теңге үнемделген.
"Егер біз бұл сайлауды екі кампанияға бөліп өткізбесек, мемлекетке екі есе шығын болар еді. Яғни, Мәжіліс пен мәслихат сайлауының әрқайсына 25 млрд теңгеден жұмсалар еді. Сондықтан, бұл экономикалық тұрғыдан өте дұрыс шешім деп есептейміз", – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина.
Халықаралық бақылаушыларды тіркеу қашан аяқталады?
Ортсайлауком мүшесі Анастасия Щегорцова ҚР көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде халықаралық байқау институтын ашу жөніндегі өзінің халықаралық міндеттемелерін үнемі орындап келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол халықаралық байқаушылардың сайлауға қатысуы өте маңызды екенін алға тартты. Сөзінше, шетелдіктердің Қазақстандағы саяси науқанды таразылауы, бұл сайлаудың беделін арттырады. Оның жария және ашық өтуіне әсер етеді.
"Шетелдер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Қазақстандағы сайлауды бақылауға Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мен Сыртқы істер министрінің шақыруы бойынша қатыса алады. Олар Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша ОСК-да аккредиттеледі. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі, егер оның Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлігі болса, сайлауда бақылай алады. Сайлау туралы конституциялық заң шетелдік бақылаушыларға аудармашының бірге жүруіне болады. Қаулы жобасы аккредиттеу мерзімінің аяқталу күнін белгілейді. Аккредиттеу дауыс беру күніне бес күн қалғанда, яғни 2021 жылғы 4 қаңтарда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады", – деді ол.