"Олимп" БК ісі: прокурор барлық сотталушыларды 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады
Мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың біреуіне ғана бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында "Олимп" букмекерлік кеңсесінің заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруы бойынша қаралып жатқан қылмыстық істің жарыссөзі басталды.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, барлық сотталушылардың кінәсі толық дәлелденген. Прокурор оларға мынандай жаза тағайындауды сұрады:
- Бағдарламашы-инженер Марат Жандосовқа – үш жыл бойы экономикалық қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, мүлкін тәркілеп, қауіпсіздігі орташа мекемеде алты жыл бас бостандығынан айыру жазасы;
- Руслан Клочковқа (айыптау дерегі бойынша, ол орындаушы болған) – үш жыл бойы экономикалық қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, мүлкін тәркілеп, қауіпсіздігі орташа мекемеде алты жыл бас бостандығынан айыру жазасы;
- Бейресми курьер-менеджер Қанат Сатымовқа – үш жыл бойы экономикалық қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, мүлкін тәркілеп, қауіпсіздігі орташа мекемеде бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы;
- Бейресми курьер-менеджер Асхат Сатымовқа – үш жыл бойы экономикалық қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, мүлкін тәркілеп, қауіпсіздігі орташа мекемеде бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы;
- Есепші Гүлдана Ихсанға – үш жыл бойы экономикалық қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, мүлкін тәркілеп, қауіпсіздігі орташа мекемеде бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы;
- Olimp KZ құрылтайшысы Жәнібек Жауыровқа – үш жыл бойы экономикалық қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, мүлкін тәркілеп, қауіпсіздігі орташа мекемеде бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы;
- Майя Жауыроваға (тергеу мәліметтері бойынша, ол күйеуімен бірге Қазақстан аумағында кассалардың көпшілігін иемденген, сондай-ақ ол "Олимп" БК компанияларының бірінде бухгалтер болған) – үш жыл бойы экономикалық қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, мүлкін тәркілеп, қауіпсіздігі орташа мекемеде бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы;
- Алматыдағы айырбастау пункттерінің иесі Минат Қазанғаповқа – үш жыл бойы экономикалық қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, мүлкін тәркілеп, қауіпсіздігі орташа мекемеде бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы;
- Onlybet аға бухгалтері Жанар Елеусізоваға – үш жыл бойы экономикалық қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, мүлкін тәркілеп, қауіпсіздігі орташа мекемеде бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы;
- Есепші Гүлназ Нүсіпбаеваға – үш жыл бойы экономикалық қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, мүлкін тәркілеп, қауіпсіздігі орташа мекемеде бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы;
- Қазақстан букмекерлері қауымдастығының бұрынғы төрағасы Айтуар Мадинге – үш жыл бойы экономикалық қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, мүлкін тәркілеп, қауіпсіздігі орташа мекемеде бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы;
- Виталий Белининге – пробациялық бақылаумен төрт жылға бас бостандығын шектеу.
Оқи отырыңыз: Қылмыстық кодекстің 4 бабы бойынша айып тағылған. "Олимп" букмекеріне қатысты сот басталды
Виталий Белининнен басқа барлық сотталушылар өз кінәсін мойындамады. Олар сондай-ақ айыптаудың мәнін түсінбегендерін мәлімдеді.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2014 жылы Анарбек Жауыров пен Дмитрий Давыдов ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, букмекерлік кеңсенің атын жамылып заңсыз ойын бизнесін жүргізген және салық төлеуден жалтарған. Мемлекеттік айыптаудың деректері бойынша, "Olimp KZ" букмекерлік кеңсесі" ЖШС, "Alpha-Bet" ЖШС және "Onlybet" ЖШС, сондай-ақ, болжамды ұйымдасқан қылмыстық топ мемлекетке 95,6 млрд теңгеге залал келтірді.
Ақпан айында Алмалы аудандық соты халықаралық іздеу жарияланған "Олимп" букмекерлік кеңсесінің басшыларына қатысты үкім шыққанға дейін мүлкін тәркілеу туралы Алматы қаласы прокурорының өтінішін қанағаттандырды. Сот шешімі бойынша 3,6 миллиард теңге, төрт әуе кемесі және үш автомобиль мемлекет кірісіне берілді.