Нью-Йорк – Америка емес, Нью-Йорк әлемнің әр жерінің бір бөлігін өзіне жинаған алып мегаполис. Ал қала тұрғындары – космополиттер. Сол себепті де АҚШ-тың алып қаласында тек Америка құрлығының құндылықтары емес, әлемдегі барлық адам баласының, барлық ұлттардың дәстүрі мен мәдениеті тоғысқан. Бір сөзбен айтқанда Нью-Йоркте әлемнің кез келген түкпірінен келген туристті қызықтыра алатын орындары бар.

Біз алып шаһардың танымал Манхэттен округінің оңтүстігінен жоғары жаяу көтеріліп, туристік орталықтарды шолып өттік.

Даунтаун немесе әлемнің қаржы орталығы

Манхэттеннің оңтүстігі Даунтаун, яғни қаржы мен бизнес орталығы деп аталатынын білетін шығарсыз? Мұнда аты әлемге танымал Уолл стрит орналасқан. Расында, Нью-Йоркке келіп көрмеген адам мұндағы барлық қаржы орталықтары мен халықаралық корпорацияларды Уолл стритте орналасқан деп ойлауы мүмкін. Ал, шындығында, Уолл стрит тек қаржы орталығы ретінде танылған. Ал көше небәрі 800 метрге созылып, онда бірнеше банктер мен хедж қорлардың кеңселері жұмыс істейді. Ал қалған алып корпорациялар Манхэттеннің өзге аймақтарында орналасқан.

Даунтаун Манхэттенде Уолл стриттің символына айналған әйгілі бұқа мүсіні бар. Оны Уолл стрит бұқасы немесе ағылшынша "Charging Bull" деп атайды. Бұқа қор биржасындағы бағалы қағаздар құнының үдемелі өсу трендін бұқаға теңейді. Сондықтан мұнда келген әрбір турист байлыққа жетелейтін алып бұқа мүсіні қасында суретке түспей кетпейді.


Уолл стриттің символына айналып үлгерген Charging Bull қасында туристер үнемі кезекте тұрады / Фото іnformburo.kz

Манхэттен округінде даңғылдар тігінен, ал көшелер көлденеңінен орналасқан. Одан бөлек, Манхэттеннің оңтүстік-шығысынан солтүстік-батысына қарай кесіп өтетін жалғыз көше бар. Ол – Бордвей.

Бродвей бойымен көтеріле берсеңіз, әртүрлі кәдесыйлар мен түрлі бұйымдарды сатып ала аласыз.


Бродвейдің бойында тіпті орыстың матрешкасын да сатып алуға болады / Фото іnformburo.kz

Манхэттеннің қаржы орталығы саналып кеткен Уолл стрит те Бродвеймен қиылысады. Ал Уолл стрит бойында АҚШ-тың негізін қалаушылардың бірі, түңғыш президент Джордж Вашингтонның монументі бар. Оның дәл осы Уолл стритте орналасуының да нақты себебі бар. 1789 жылы Джордж Вашингтон АҚШ Президенті атанған кезде, Вашингтон қаласы жоқ болатын. Ол президенттік қызметін бастау алдындағы антын Нью-Йоркте, дәл осы Уолл стрит көшесінде тұрып берген.


Әлемге танымал Уолл стрит ұзындығы небәрі 800 метрді құрайды / Фото іnformburo.kz


Уолл стриттің бойында АҚШ-тың тұңғыш Президенті Джордж Вашингтон ант берген / Фото іnformburo.kz


Бүгінде Вашингтон монументі туристердің ең көп келетін орындарының біріне айналған / Фото іnformburo.kz

Вашингтон ант берген жер

Джордж Вашингтон тәуелсіздік үшін британ әскеріне қарсы қолды басқарған. Ал тәуелсіздік декларациясына қол қойылғаннан кейін америкалықтар оны бір дауыспен сайлаған. Ал екі мерзімнен кейін ол АҚШ Конституциясында жазылғандай қайта сайлауға түспей ел билігін кейінгі үміткерлерге берген.

Нью-Йоркқа келетін туристердің барлығы АҚШ тарихын біле бермесе де, олар Вашингтонның монументін көріп, оның астындағы жазбаны оқығаннан кейін, аз да болса тарихи дерек алады.


Монументтің астында осындай жазба бар. Мұнда Вашингтонның ант бергені жайлы жазылған / Фото іnformburo.kz

Тәулігіне миллиардтаған АҚШ доллары көлемінде сауда операциялары жүргізілетін АҚШ қор биржасы да осы Уолл стритте орналасқан. Ол, әрине, туристерге қызық бола қоймауы мүмкін. Бірақ оның сыртқы сәулетіне назар аудармай өтіп кете алмайсыз.

Бүгінде АҚШ қор биржасында Африка құрлығында дайындалған IT стартап IPO-ға шығарылыпты. Оны төмендегі суреттен көре аласыздар.


Джордж Вашингтон монументіне қарама-қарсы бетте АҚШ-тың Қор биржасы орналасқан / Фото іnformburo.kz

Уолл стрит небәрі 800 метрге созылған. Біз одан жоғары көтеріліп, өзге де туристік нысандарды тамашалауға жүре бердік.


Нью-Йоркте туристерге қызық әртүрлі осындай мүсіндерді жиі кездестіресіз / Фото іnformburo.kz

Oculus – әлемдегі ең қымбат метро бекеті

Уолл стриттен Бродвей бойымен 5 көше жоғары көтерілсеңіз, тамаша сәулет нысанын көресіз. Ол – Oculus (латын тілінен аударғанда көз деген ұғымды береді) деп аталады. Ол қарапайым метро бекеті болса да, туристерді тарта алатындай көркі бар.

Oculus – Манхэттен мен Нью-Джерси штатын байланыстыратын пойыздар мен метро бағыттарының тоқтайтын ортақ транспорттық хаб ретінде құрылған. Ол неоклассикалық сәулет стилінде салынып, 2016 жылдың 3 мамырында ашылды. Метро бекетінің құрылысына қала бюджетінен $4 миллиард қаржы жұмсалыпты. Oculus метро бекеті болып қана қоймай, туристердің шоппинг жасайтын орнына айналды.


Oculus метро бекетінің сыртқы көрінісі. Оның құрылысына $4 миллиард қаржы кеткен / Фото іnformburo.kz


Oculusтің ішкі көрінісі / Фото іnformburo.kz


Oculus бекетінде шоппинг жасауға болады / Фото іnformburo.kz

9/11 Memorial

Америка тарихында XXI ғасыр басында болған террористік шабуыл өшпес есте қалады. Қайғылы оқиға Нью-Йорктің Манхэттен округіндегі World Trade Center ғимараттарында болғаны есіңізде болар. Бүгінде ғимараттардың орнында фонтан құрылған. Ал оның қасында террористік шабуыл кесірінен көз жұмған азаматтарды еске алу музейі де ашылған.

Қазіргі таңда мұндағы барлық қоғамдық нысандарды Нью-Йорк полиция департаменті қызметкерлерінің күзетеді. Бұл америкалықтар мен шетелден келген туристердің қауіпсіздігі үшін жасалған шара десек адаспаймыз.


Oculus метро бекетінің батыс жағында 2001 жылдағы теракт құрбандарын еске алу музейі бар / Фото іnformburo.kz


Музейге кіруге асыққан туристер легі ұзын-сонар / Фото іnformburo.kz

2001 жылға дейін World Trade Center ғимараттары Нью-Йорктегі, тіпті әлемдегі ең биік ғимарат деп саналатын. Бүгінде бұл статус құлаған ғимараттардың жанынан құрылған One World Trade Center ғимаратына берілген. Оның биіктігі 546 метрге жетеді.


One World Trade Center – Нью-Йорктегі ең биік ғимарат. Оның биіктігі 546 метр / Фото іnformburo.kz

2001 жылдың 11 қыркүйегінде құлаған ғимараттардың орнында төмендегі суреттегідей фонтан құрылған. Ал оның шет жағасынан адамдардың есімдері жазылғанын байқауға болады. Бұлар і теракт кезінде мерт болған құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің есімдері.


2001 жылы болған теракт кезінде құлаған World Trade Center ғимаратының орны / Фото іnformburo.kz


Бұл жерге туристерден бөлек теракт кезінде өмірден озған адамдардың туыстары жиі келеді / Фото іnformburo.kz


Ғимараттың орнындағы артнысанның бойына теракт барысында қайтыс болған құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің есімдері жазылған / Фото іnformburo.kz

Нью-Йорк метросы

Нью-Йорк тұрғындарына ең тиімді транспорт түрі – метро. Одан өзге қоғамдық транспортпен белгіленген мекенжайға уақытында жету қиын. Себебі Нью-Йорк қаласында көлік кептелісі өте жиі. Манхэттенде жұмыс істейтін америкалықтардың көбі көліктерін үйлерінде қалдырып, жұмысына метромен жетеді. Ал таксиге артық шығындалғысы келмейтін туристерге метро – ең қолайлы транспорт. Себебі метромен Нью-Йорктың кез келген нүктесіне жетіп алуға болады.


Нью-Йорк метросы әлемдегі ең біріншілердің қатарында. Оны бекеттердің қалпынан-ақ байқауға болады / Фото іnformburo.kz

Бруклин бридж – Нью-Йорк символы

Бастапқыда Бруклин көпірі Манхэттенде жұмыс істейтін америкалықтардың жаяу өтуі үшін салынған екен. Себебі ол 1875 жылы бой көтерген. Ал ол кезде автокөлік деген атымен жоқ болатын.

Бүгінде көпірге Бруклин атауы берілгенімен, оның алғашында бірнеше өзге атаулары да болыпты. Мысалы, көпір жобасы ұсынылғанда, онда Great East River Bridge деп аталады. Сосын New York and Brooklyn Bridge деп өзгертіледі. Тек 1915 жылдан бастап Бруклин көпірі.


Голливуд фильмдерінен белгілі Бруклин көпірі де туристер жиі серуендейтін орын / Фото іnformburo.kz


Көпір осыдан 1,5 ғасыр бұрын салынған / Фото іnformburo.kz


Бруклин көпірінен тәулігіне 125 мың көлік өтеді / Фото іnformburo.kz

Бүгінде көпір арқылы жылына жарты миллионға дейін адам өтеді. Туристік маусымда олардың саны екі есеге дейін өседі екен.

Бруклин көпіріне өтер жерде Павел есімді орыс текті америкалық жігіт мынадай туындыларын 20-30 АҚШ долларынан сатып отыр. Қызыққан туристер көп, расында.


Нью-Йорк көшелерінде туристерден табыс тапқысы келгендер өздерінің әртүрлі өнімдерін ұсынады / Фото іnformburo.kz

Алып қалаға келген туристер Macy's сауда орталығына кірмей кетпейді. Себебі аталмыш орталық шоппинг жасауға ең қолайлы әрі бағасы да салыстырмалы түрде төмен болып келеді. Әрбір адамның талғамына орай келетін киім брендтерінің дүңгіршектері бар.


Macy's – әлемдегі ең үлкен сауда орыны / Фото іnformburo.kz

Empire State Building

Нью-Йоркті Empire State Building ғимаратынсыз елестету мүмкін емес. Себебі Нью-Йорк – әлемдегі ең алғашқы биік ғимарат салынған қала болып саналса, биіктігі 100 қабаттан асатын алғашқы ғимарат та осы Empire State Building болған. Оның құрылысы 1930 жылы басталып, небәрі 1 жыл 45 күнде қолданысқа берілген. Құрылыстың жылдам бітуіне дағдарыс кезінде елдің өзге штаттарынан жұмыс іздеп келген адамдардың саны күрт өскендігі негіз болған. Тарихи деректерге сүйенсек, құрылысшылар аптасына 4 қабаттан көтеріп отырған.


Нью-Йорктің символына айналған Empire State Building ғимараты / Фото іnformburo.kz


Empire State Building ғимаратына жылына 4 миллион турист көтеріледі / Фото іnformburo.kz

Empire State Building таңғы 8.00-ден түнгі 2.00-ге дейін демалыссыз туристерді қабылдайды. Ғимараттың 86 қабатына көтерілу құны – $34. Ал балалар билеті $27 тұрады.

Ғимаратқа кіру үшін алдымен қатаң тексеруден өтесіз. Бүгінде Нью- Йорк қаласында туристер көп шоғырланатын орындардың барлығында қауіпсіздік пен бақылау қызметтері ұйымдастырылған.


2001 жылы теракт шабуылынан кейін кез келген биік ғимаратқа не туристер көп шоғырланатын орынға арнайы тексеру пунктері ұйымдастырылған / Фото іnformburo.kz

The Hudson Yards Vessel

Нью-Йоркті аралағысы келген қауымға қызық тағы бір туристік орын The Hudson Yards Vessel деп аталады. Ол осыдан 1 ай бұрын ашылды. Құрылысы екі жыл бұрын басталып, $200 миллион қаржы жұмсалды.

The Hudson Yards Vessel – Манхэттеннің орталық батыс бөлігін жоғарыдан тамашалағысы келгендерге таптырмайтын жер. 16 қабаттан тұрады. Биіктігі – 46 метр.


Нью-Йоркте жақында ашылған туристік орын, Hudson Yards Vessel деп аталады / Фото іnformburo.kz


Hudson Yards Vessel туристік орнының ішкі жағының көрінісі / Фото іnformburo.kz


Hudson Yards Vessel бойымен серуендеп жүріп, Гудзон өзенін тамашалауға болады / Фото іnformburo.kz

Махаббатын іздеген адамдар Флетайронға келеді

Манхэттендегі көрікті ғимараттардың бірі Бродвейдің бойындағы – Флетайрон. Бар жоғы 20 қабаттан тұрса да, 1902 жылдан бар құрылыс кезінде Нью-Йорктегі ең биік ғимарат саналған.

Туристер ғимараттың ерекше, үшбұрыш кейпіне қызығады. Ол XX ғасырда Фюллер ғимараты деп те аталды. Бірақ орналасқан жері Флетайрон ауданы болғандықтан, атауы халық арасында осылай сіңіп кеткен.

Өкінішке қарай, Флетайрон ғимаратының төбесіне шығуға рұқсат жоқ. Сол себепті де үшбұрышты құрылыс нысанының үстінен түсірілген сурет интернете жоқ. Тек Бродвей бойынан алынған фотолар жиі кездеседі.


Манхэттенде креативті ғимаратты жиі кездестіруге болады. Солардың бірі – Флетайрон / Фото іnformburo.kz


Флетайрон ғимараты ғашықтардың символына айналған / Фото іnformburo.kz

Головкин шаршы алаңы

Бродвей көшесімен 32 көшеге дейін көтеріліп, батыс жаққа бұрылсаңыз, алдыңыздан Мэдисон сквер гарден шығады. Алып құрылыс кешені әртүрлі спорттық кездесулер өтетін орын ретінде танымал. Мұнда баскетболдан, хоккейден ел біріншілігі және халықаралық турнирлер жиі ұйымдастырылады. Бокс кештері де.

Танымал қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Мэдисон сквер гарденде осыған дейін 5 рет кәсіби кездесуін өткізді. Маусым айының 8-інде ол Гарденге қайта оралмақ.


Нью-Йорктегі маңызды спорт кештері Мэдисон Сквер Гарденде өтеді / Фото іnformburo.kz

Мұндағы спорт кештеріне әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристер саны өте көп. Арнайы Геннадий Головкинді қолдауға келетін отандастарымыздың саны да аз емес. Мэдисонде өткен соңғы кездесуде қазақстандықтар жалпы көрермендердің 30 пайызынан асты


Геннадий Головкин маусымның 8-інде Мэдисон Сквер Гарденде алтыншы рет бокс кешін өткізбек / Фото іnformburo.kz


Кеш түсе Empire State Building түнгі Нью-Йорктің көркіне айналады / Фото іnformburo.kz

Таймс сквер – дарындылар алаңы

Нью-Йорктің туристер келетін ең танымал орны, осы – Таймс сквер. Бұл жерден жылына орта есеппен 50 миллион турист өтеді. Демек алып қалаға келетін әрбір турист міндетті түрде Таймс скверге келеді. Сонда бұл алаңнан күніне 330 мың адам өтеді деген сөз.

Таймс скверде үнемі туристер көп болғандықтан, жергілікті америкалықтар өз өнерлерін көрсету арқылы табыс табуға тырысады. Бірі билеп, тағы бірі ерекше шоу ұйымдастырса, өзге біреулер туристерді алдап, ақшасын жымқыруы да мүмкін. Мысалы, туристерге бос диск ұсынып, өзін әнші ретінде таныстыратын афро-америкалықтар тәулігіне жоқ альбомының 10-15 көшірмесін сатып үлгереді. Егер Таймс скверге жолыңыз түсіп жатса, сақтанғаныңыз абзал.


Бродвей бойында әйгілі шоулардан бөлек көшеде өнер көрсететін мынадай бишілерді кезіктіруге болады / Фото іnformburo.kz


Таймс-скверде әйгілі Голливуд суперкейіпкерлері сізен суретке түсуге асығады / Фото іnformburo.kz

Одан бөлек, Таймс скверде Азаттық мүсіні немесе Голливуд фильмдеріндегі танымал кейіпкерлермен бірге суретке түсуге болады. Бірақ олардың еңбегі үшін төлеуіңіз қажет. Олар әдетте бір рет суретке түсу үшін 1-5 АҚШ долларын сұрайды.


АҚШ-тың символына айналған Азаттық мүсіні де – туристердің суретке түсуге асық жері/ Фото іnformburo.kz


Метро – туристерге және жергілікті америкалықтарға ең қолайлы қоғамдық транспорт / Фото іnformburo.kz

Таймс скверде тек америкалықтар емес, өзге елден келген азаматтар да өнер көрсетеді. Мысалы, біз серуендеген кезде Оңтүстік Кореядан келген K-pop индустриясы өкілдерінің биін көрдік.


K-POP Нью-Йоркті де бағындыруға жақын / Фото іnformburo.kz


Мына жігіттер де туристер есебінен күн көруге үйренген. Олар сізге өз альбомдарын сатуға тырысады. Ал расында диск бос – ешнарсе жоқ / Фото іnformburo.kz

Таймс скверде ең үлкен табысты жартылай жалаңаш киінген қыздар табады. Себебі Нью-Йорктеа серуендеп жүрген басы бостары ғана емес, тіпті отбасылы азаматтардың өздері сұлу қыздармен суретке түсуге асығады. Сосын олардың қызметінің құны де Marvel кейіпкерлерінен әлдеқайда қымбат.


Туристердің қалтасын қағу үшін кейбір қыздар жартылай жалаңаштанады / Фото іnformburo.kz

Таймс скверде Голлувид фильмдеріндегі кейіпкерлерді жиі кездестіре аласыз. Мысалы, Бродвей мен 45 көшелердің бойында "Болашаққа қайтып" фильміндегі көлікті көруге болады. Бірақ онымен суретке түсу ақылы. Көлікпен қоса, оны құрастырған профессор Док Браунмен де жеке суретке түсе аласыз.


"Болашаққа қайтып" фильмін көрген адам мына көлікті аңғармай өтпесі анық / Фото Informburo.kz


Док Браун фильм сюжетіндегідей көлігін жөндеумен әлек / Фото Informburo.kz

Нью-Йорк – қызыққа толы қала. Алдағы уақытта, оның сіз білмейтін қырларын ашып, арнайы репортаждар дайындауды жоспарладық.