Нұр-Сұлтанда жыл соңына дейін 100-ден астам көше салынып, жөнделеді
Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram-дағы парақшасында биыл қалада 100-ден астам көше салу және жөндеу жоспарланғанын хабарлады.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 71%-ы қанағаттанарлық жағдайда
Әкім тұрғындарға қалада қолайлы өмір сүру үшін жағдай жасаудағы басымдықтардың бірі - жолдарды салу және жөндеу, қоғамдық көлікке арналған Bus Lane желісін кеңейту, веложол құру екенін атап өтті. Елордадағы климаттық жағдайға байланысты абаттандыру мен жол жұмыстарын жүргізу маусымы қысқа. Дегенмен қолайлы жағдайлар туындағаннан кейін қалада жолдарды жөндеу және аудандарды абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
"Биыл 100-ден астам көшені салып, жөндейміз. Өткен жылдағыдай, қаланың ескі бөлігі мен елді мекендерге баса назар аударамыз. Бүгін Малахов, Космонавтов, М.Төлебаев, М.Горький және басқа да бірқатар көшедегі жол жұмыстарының барысымен таныстым. Сонымен бірге тағы 37 көшеде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Цирк ғимаратының айналасында жолдың орташа жөндеуі аяқталды", – деді Алтай Көлгінов.
Оқи отырыңыз: Алматыда биыл 250 мың шаршы метр жол жөнделеді
Шаһар басшысының хабарлауынша, сонымен қатар Түркістан көшесінің бойындағы (Ұлы дала даңғылынан Керей, Жәнібек хандар көшесіне дейін) бөлу жолағын қайта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жолды – төрт жолақтан алты жолаққа дейін кеңейтуге мүмкіндік береді. Жазда бқл жерде Bus Lane жолағын іске қосу жоспарланған. Сондай-ақ сол учаскеде қала тұрғындары үшін саябақ пайда болады.
Қалада осындай жұмыс тәжірибесі бар: өткен жылы бөлу жолағы Мәңгілік Ел даңғылы бойында пайда болды. Бұл машиналар ағынын азайтуға мүмкіндік берді.
Елорда әкімі сапасыз жөнделген және салынған жолдарды қабылдамайтындарын жеткізді. Егер мердігер тапсырысты сапасыз орындаса, өз есебінен қалпына келтіреді. Ал жұмысына немқұрайлы қарайтын компаниялармен келісімшарт үзіледі.
Өткен жылы Нұр-Сұлтанда 173-тен астам көше, соның ішінде қаланың елді мекендеріндегі көшелер жөнделді.