Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, Halyk Bank және ECOJER қауымдастығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның аясында тұрғын үйлерді газдандыруға жәрдемдесу бойынша жоба іске қосылды. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жоба бойынша, елордада Halyk Bank-тен алғашқы 100 тұрғын өз үйлерін газбен жабдықтаудың орталық желілеріне қосу үшін пайызсыз кредит ала алады.Нұр-Сұлтан қаласы бойынша пайызсыз несие беру бағдарламасының шарттары бойынша, елорда тұрғындары 750 мың теңгеге дейінгі сомаға, 18 айға дейінгі мерзімге жылдық 0%-бен несие алады. Қарызды ұйымдастырғаны үшін банк комиссиясы небәрі 0,1 пайызды құрайды. Осылайша, жүзден астам отбасы газға көшуге мүмкіндік алады, өз жағдайларын едәуір жақсартады және ең бастысы атмосфераға зиянды шығарындыларды азайтуға ықпал етеді.

"Жоба газға қосу бойынша жұмыстардың барлық көлеміне есептелген. Яғни банк газды тұрғын үйге жеткізуден бастап, барлық қажетті газ коммуникацияларын қосуға және қажетті жабдықты орнатуға пайызсыз қарыз береді. Бұл біздің алғашқы экологиялық бастамамыз емес. Өткен жылы біз Алматы қаласының әкімдігіне оңтүстік астананы газдандыру бойынша қолдау көрсетіп, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 92 тұрғын үйді газға тегін қостық. Бұл аз қамтылған отбасылар, көп балалы және мүгедек балалары бар отбасылар, толық емес отбасылар", – деп атап өтті Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова.

Пайызсыз несие алу үшін бағдарламаға қатысушылар:

  • кеңес алу, өлшеу мен құнын есептеуді жүзеге асыру үшін жақын жердегі ұйымға ("Capital Construction 2020" ЖШС) жүгінуі;
  • газды қосу үшін "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ техникалық шарттар алуы;
  • жеткізушімен шарт жасап, "ECOJER" қауымдастығының "Жасыл сертификатын" алуы;
  • шартпен және сертификатпен Halyk Bank-тің екі бөлімшесінің біріне пайызсыз кредит алу үшін жүгінуі (Жеңіс даңғылы, № 72 үй және Бейбітшілік көшесі, № 24 үй, № 4 т.е.ж.) керек.

Оқи отырыңыз: Астана тұрғындары көк түтінге тұншығып жүр


ECOJER қауымдастығы кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова бұл әлеуметтік маңызы бар жоба Мемлекет басшысының елорданы газдандыру жөніндегі тапсырмасын орындауды қолдау мақсатында іске асырылып жатқанын атап өтті.

"ECOJER Қазақстан бизнесінің ең ірі экологиялық серіктесі бола отырып, кәсіпорындардың қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуды және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды өз мақсаттарының бірі деп санайды. Ауаның ластануы тек экологиялық проблема ғана емес, сонымен бірге экономикалық проблема болып табылады. Сарапшылардың бағалауы бойынша ауа сапасының нашарлығы экономиканың өсуін баяулатады және ЖІӨ-ден жыл сайын 1,5-2% шығын болуына ықпал етеді", – деді Лаззат Рамазанова.